Тони мен Таня мектеп бітіргенде 1990 жылдың көктемі еді. Екеуінің келбеттері де, мінездері де көркем. Оларға қызықпайтын жан болмайтын.
Тонидың азан шақырып қойған аты – Тұрсынкүл. Фамилиясы – Нұрабаева. Құрбы-құрдастары мен туыстары, көршілері Тұрсынкүлді еркелетіп әрі қысқаша Тони деп атап кеткен. Ал Таня болса, Татьяна Шуллер. Бірақ Таняның әкесі – неміс ұлтынан, ал анасы орыс халқының қызы.
Таня Қазақстанда туып өссе де орыс тілімен қатар өз ана тілін, яғни немісше жетік біледі. Жақсы білмесе де қазақша сөйлей алады және түсінеді. Керісінше Тұрсынкүл қазақшаға шорқақ. Есесіне орыс тілінде өте жақсы сөйлеп, сауатты жаза біледі. Орыс тілі ана тіліндей болып кеткен Тони мектеп бітірген соң ұстаздық жолды таңдап, Қарағанды мемлекеттік университетінің «Орыс тілі мен әдебиеті» факультетіне оқуға түсті. Жоғары оқу орнын үздік тәмамдаған соң жас маман ретінде сол қаладағы мектептердің біріне жұмысқа орналасты.
Ал Тонидың Жамбылдан Қарағандыға барып оқыған себебі, біріншіден, ол кезде өзге өңірлерден барған талапкерлерге (абитуриент) жеңілдік қарастырылған. Екіншіден, Тонидың анасы Қарағанды облысының тумасы. Сондықтан Тони еш қиналмай-ақ нағашыларының қолында жүріп білім алып, кейін екі-үш жыл еңбек еткен ол Жамбылға қайтып оралып, осында жұмысын жалғастырды. Және көп ұзамай осында Толымбек есімді жігітпен танысып, отбасын құрды.
«Іздегенге – сұраған» демекші, Толымбек те орыстілді қазақ болып шықты. Оны да достары мен әріптестері Толик деп атайды екен. Осылайша екеуі Тони мен Толик болып, аттары да, заттары да ұқсап шыға келді.
Айтпақшы, Таня болса, сол кездегі астанамыз Алматы қаласындағы медициналық институтты қызыл дипломмен аяқтап, әзірге Гиппократқа берген антын бұзбай, қаламыздағы ауруханалардың бірінде еңбек етуде.
...Өткен жылы Тони 50 жасқа толғанда дүркіретіп той жасады. Тойға екі тілде жүргізетін асаба жалдады. Өкінішке қарай, қазақ тілі ақсады, асаба 80 пайыз орысша қақсады. Дәлірек айтсам, ұят болмасын деді ме екен, әйтеуір, үлкен ата-апалар мен кейбір қазақтілді кісілер үшін үш-ақ тост-тілек қазақша болды. Әншілердің де екі-үш-ақ әні қазақша. Қалғандарының бәрі орысша өтті.
«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, егер Тонидың жақсы қасиеттерін де айтпасақ, әділетсіздік болар. Тонидың ел сүйсінер жақсы жақтары да көп. Сырт келбеті де, ішкі дүниесі де сұлу. Білімді, парасатты. Тірлігі де тиянақты. Иманды, инабатты, адал да кішіпейіл. Достыққа да, уәдеге де берік. Жақындарына жанашыр. Сондай-ақ Тони шәкірттеріне барынша сапалы білім, саналы тәрбие беріп жүрген білікті ұстаз. Сол шәкірттерінің көбі оқушылар арасындағы түрлі байқаулар мен жарыстарда топ жарып, озат оқушылардың қатарын толықтыруда.
Өзге елдерге «мынау – қазақтың қызы» деп ұялмай көрсетуге де, мақтан тұтуға да болатын жан. Бір кемшілігі – өз тілін білмейтіндігі ғана
Тіл демекші, Тони бір жыл бұрын ағылшын тілі курсына жазылған болатын. Қазір оны жүз пайыз болмаса да емін еркін сөйлесе алатындай болып әжептәуір үйреніп алды. Себебі Тони мектептен тыс Қазақстандағы «Golden Life» деген америкалық компанияның белді мүшесі. Аталмыш компанияда бірнеше жыл елеулі еңбек етіп, арнайы жолдамамен Нью-Йорк қаласында бір апта демалыста болып, компания басшыларымен де жүздесіп қайтқан болатын. Сонымен қатар ол жазғы еңбек демалысында және іссапармен бірнеше елге барды. Сол кезде Тони шет тілін білмегендіктен қиналған еді. Өзге мемлекеттерде біздің елдегідей еркелетіп қоймай және әр елден келген қонақтардың ығына жығылып, солардың тілінде сөйлей жөнелмейтіндеріне көзі жеткен соң ағылшын тіліне үйір бола бастаған.
Осы орайда тілге байланысты бір оқиғаны айтып өтуге тура келіп тұр. Осыдан алты ай бұрын Тони жолдасы Толик екеуі Өзбекстан мен Түрікменстанда болып қайтқан еді. Сол кезде олар базар мен дүкен аралап, керек заттарын орыс тілінде сұрай бастаса, оларға сатушылар жауап бермепті. Кейбіреуі теріс қарап, телефонмен сөйлесіп тұра беріпті. Ашуға булыққан Толик пен Тони сатушылардан себебін сұрапты. Сонда олар:
– Ұлттарың кім? Қазақсыңдар-ау деймін, – десе, олар:
– Иә, – деп жауап беріпті. – Онда біздің тілде білмесеңдер, қазақша сөйлесеңдер де түсінеміз ғой бір бірімізді. Бәріміз түркі тектес, түркі тілдес емеспіз бе? Жоқ әлде бодандықтан босай алмай, әлі де Ресейге жалтақтайсыңдар ма? Бізде өзбектер түгіл, өзге ұлт өкілдері де мемлекеттік тілде сөйлейді. Тіпті жаза да біледі. Қызыл империяның қылышынан қан тамып тұрған сонау кеңестер кезінде де солай болған, қазір де сондай. Егер сендердің елдегі билік басында отырғандар қазақ тіліне көбірек көңіл бөліп, алдымен өздері үлгі-өнеге болса, әлі-ақ Қазақстанда да бәрі қазақша сөйлейтін күн туады, – деп, жанашырлықпен әрі ар-намыстарына қамшы басып жауап беріпті.
Осыдан кейін Толик пен Тонидың ана тіліне құрметтері артып, намыстары оянып қайтқан секілді еді. Қазақстанға келген соң қайтадан орыс тілін тірек етті.
Сонымен не керек, күндер жылжып, айлар ағып өте берді.
Бір күні Тони жұмыстан кештеу әрі қатты шаршап келді. Мазасы болмай тұрғандықтан ас ішкен үстелдің үстін жиыстырып, бірден ұйқыға кетті. Күн демалыс болған соң ба, түске жақын бір-ақ тұрды. Түнде басқа адам болып жатқан Тони келесі күні басқа адам болып оянды. Ояна сала аң-таң болған ол айналасына қарап, ойланып біраз жатты. Сөйтсе, ол бұрын-соңды көрмеген түс көріпті.
Енді сол түсін бірге біліп, бірге жориық.
Түсінде Қыдыр бабаға ұқсайтын бір үлкен ақ сақалды, ақ киімді қария Тониға:
– Сен өзің жақсы отбасынан шыққан еліміздің есті қыздарының бірі екенсің. Тіпті Отан үшін отқа түсуге де әзір тұрады екенсің. Жаның да, арың да таза көрінеді. Бір өкініштісі, ана тіліңе деген құрметің құрдымға кеткен секілді, – дейді.
Сол сәтте Тони:
– Ата, менің орыстілді болып кеткенім, кішкентай кезімнен..., – деп себебін түсіндіре бастап еді, әлгі қария:
– Шырағым, менің ойымды да, сөзімді де бөлмей, аяғына дейін тыңда. Сосын айта жатарсың. Бірақ оны сен айтпай-ақ баяғыдан сезіп, біліп жүрмін.
Бауыржан Момышұлы аталарың Кеңес үкіметінің кезінде өмір сүріп, тіпті орыс мектебінде оқыса да қазақ тілінде сөйлеп, шығармаларын қазақ тілінде жазып, халқымыздың әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерін жақсы білген. Ал тіл жанашырлары Шерхан Мұртаза: «Тілі бар ел – халық, тілі жоқ ел – балық» десе, Мұхтар Шаханов: «Орысша сөйлейтіндер орысша ойлап, орысша түс көретіндер» деген жоқ па? Одан қалса, өзге ұлт өкілдерінің зиялы перзенттері Асылы Осман (әзірбайжан) мен Герольд Бельгер (неміс) қазақ тілінің қамын жеп, туын көтеріп өткен жоқ па? Ең болмаса осындай кісілерден ұялмайсыңдар ма?! Шыңғыс Айтматовтың: «Тілі жоғалған елдің өзі де жоғалады», ал дағыстандық ақын Расул Гамзатовтың: «Егер менің ана тілім ертең өлетін болса, онда мен бүгін өлуге дайынмын» деген сөздері қандай түсінген адамға. Халқымыздың әрбір адамы мен биліктің басында отырғандарда осындай патриоттық сезім болса ғой, шіркін! Онда тіліміз әлемдегі ірі тілдердің, ұлтымыз ұлы халықтардың алдыңғы қатарынан көрінетін еді. Мен бұның бәрін саған және сен арқылы бүкіл қазақ халқына шын жаным ашығандықтан әрі болашақтарыңды ойлап айтып отырмын, қарағым. Сен сияқты ана тілін білмейтіндер қаншама.
«Тіл деген – ел деген сөз» деп таластық талантты ақын Нарша Қашағанов айтқандай, тіл мен ел егіз ұғым екенін тереңінен ұғыңдар. Мұқағали да «Үш бақытымның бірі – тілім менің» деп тегін айтқан жоқ. «Тілін білмеген түбін білмейді» деп Ғабит Мүсірепов айтпақшы, тіліңді білмеген соң да дұрыстап жеті атаңды білмейсің. Одан қалса, ата анаң азан шақырып қойған әжептәуір атыңды да бұзып жүрсің. Тони деген не? Сән бе, әлде мақтаныш па?
Ойлан, балам! Тілдеріңнің жоғалуына және мезгілсіз өлуіне үлес қосуды тоқтатыңдар. Егер бұл дерт меңдеп кетсе, емдеу қиынға соғады. Құс екеш құс та өз тілдерінде сөйлеп, өз тілдерінде сайрайды. Аналарыңның сүтін ішкенде ана тілінде сөйлегілерің келмей ме, әлде ұяласыңдар ма? Шашың болса, анау. Қара болып жаратылған шашыңды сары түске бояп алыпсың. Тіліңді де, түріңді де өзгертіп, сонда кімге ұқсағың келіп жүр? – деп ағынан жарылған ақсақал бір күрсініп, маңдайынан шыққан ащы терді беторамалмен сүрте берді. Содан соң ақсақал:
– «Игілікті істің ерте-кеші жоқ» деген. Талпынсаң, талабыңа нұр жауады. Тіл де бір ұлттың айнасы екенін ұмытпаңдар. Айналарың айғыздалмасын десеңдер, тілдеріңді батпаққа батырмаңдар. Тілге құрмет – елге құрмет! – деп аяқтады сөзін.
Тони бірнәрсе айтқысы келді ме, әлде сұрағысы келді ме: «Ата» дей беріп еді, арт жағынан «Тони, сен қайдасың?» деген дауыс естілді де есік қатты сықырлай ашылды. Артына бұрылып қараса, күйеуі Толик екен.
– Мен сені екі-үш мәрте шақырып едім, естімедің бе? Жауап бермедің ғой, – дегенін тыңдамастан Тони:
– Қазір, қоя тұршы. Сосын сөйлесеміз, – деп қайтадан алдына қарап еді, ешкім жоқ. Әлгі абыз ақсақал көзден ғайып болыпты.
Тони есінен айырылған адамдай бір нүктеге қарады да үн-түнсіз тұрып қалды. Ештеңеге түсінбеген Толик Тонидың екі иығынан ұстады да:
– Саған не болды, жаным, тыныштық па? Есіңді жишы, – дей бергенде Тони оянып кетті.
Шамадан тыс көп ұйықтағаннан ба, әлде әсерлі де мағынасы зор түс көргеннен кейін бе, денесін зорға көтеріп, әрең тұрды. Тұрды да есін жиып, сергіп алмақ ниетпен салқын душ қабылдап, ас бөлмеге беттеді. Газға шай қойды да, ол қайнағанша далаға шығып, есік алдында бойды да, ойды да сергітетін жаттығулар жасады. Бірақ көрген түсі ойынан кетпей, әлгі абыз ақсақал көзіне елестей берді. Сосын ол ойын бөлмекке телефонын алып, үлкен ұлы Дәуір мен келіні Зиягүлге хабарласты. Баласы мен келінінен бұрын солардың тұңғыш ұлдары, яғни немересі Бексұлтанды сағынған болуы керек. Дәуір мен Зиягүл екеуімен аз ғана сөйлесіп, телефонды Бексұлтанға бергізді де:
– Бека, жарығым, қалайсың? Мені сағындың ба? – дегені сол еді, Бексұлтан апасының жылы сөзі мен даусынан бірден тани кетіп:
– Тони апа, сіз бе, қайдасыз? Біздің үйге қашан келесіз? – деп жаны жадырай түсті.
Тони оның сұрақтарына жауап берген соң:
– Балам, сен мені бұдан кейін Тони емес, Тұрсынкүл апа де, жарай ма? Мен де сені Бексұлтан деп өзіңнің қазақша атыңды толық атайтын боламын, – деді.
Сонда немересі:
– Апа, сіздің қазақша атыңыз ұзақ әрі қиын. Менің тілім келмейді, кейін дәу болғанда айтармын, – деп тұрғанда қақпаны біреу қақты.
Барып ашса, күйеуі Толик екен. Толик қала шетіндегі бір зауытта ауысыммен жұмыс істейді. Жұмысынан азанда шығатын ол бүгін түсте келді. Жұмыстан кейін шаруаларымен шапқылап, шаршап келді ме, әйтеуір, келе сала:
– Тони, шай қойшы! – деді.
Тони болса:
– Шай дайын тұр. Мен де әлі ішкен жоқпын. Сенің келгеніңді күткенмін, – деп отағасына деген құрметі мен жылылығын сездірген соң екеуі жайдары көңілмен дастарқанға жайғасты.
Сәлден кейін Тони:
– Менің саған айтатын әңгімем бар еді, – деп Толикке өзгеше көзқарас танытып, сағатқа бір қарады.
Толик оған:
– Айта бер, құлағым сенде, – деді.
– Жоқ, қазір мен асығыспын. Бір жерге баруым керек. Оның үстіне сен шаршап келдің. Жатып тынығып ал. Кешке асықпай сөйлесеміз, – деп, шай ішіп болған соң Тони далаға шықты.
Сөйтсе, ол түсін жорыту үшін ата-анасына барғысы келген екен.
Ана шіркіннің қашан да бала десе ет-жүрегі елжіреп тұрады емес пе?! Сағынып қалды ма, қарт анасы Тониды құшағына қысып, аналық мейірімін сездірген ол баладай көңілмен даладай дастарқанын жая бастады.
Анасының ыстық құшағынан кейін Тони өзінің ана екенін ұмытып, еркелеп мойнына асылған сәттері есіне түсіп, аяулы анасын көзімен аялай берді.
Мейірімділігінен бөлек, ана жүрегі сезгіш қой.
– Тонижан, өзің бүгін салмақты, сабырлы болып қалыпсың. Шаршап жүрсің бе? Әлде біреу өкпелетті ме? – деді хал-жағдай сұрасып болған соң Мәрзия апай.
Сол сәтте үйге әкесі кіріп келді. Дәлізде сырт киімін шешіп жатқан Садыхан атаға апамыз келіп:
– Тезірек жуын да дастарқанға отыр. Өзіңе тартқан қызың келді, – деді.
Садыхан ата жуынатын бөлмеге кіріп-шыққан соң бойын қуаныш билеп, бірден ас бөлмеге беттеді. Кіре сала:
– Томпиған Тониым менің, – деп қызын құшақтап, маңдайынан иіскеді де, «Қыз – қонақ» демекші, Тониды төрге шығарды. Қандай қатал әке болса да қызын көргенде жүрегі жұмсарып кететіні бар ғой.
Есендік-саулықтан кейін әкесі:
– Жұмысбасты болып, көптен бері үйге ат басын бұрмап едің. Бүгін алдын ала хабарласпай, ойда-жоқта бірден келгеніңе жол болсын, қызым. Соған қарағанда, түс көрдің ау деймін, – деді.
– Иә, көрдім. Сол түсімді сіздерге жорытып алайын деп келдім, – деді Тони жымиып.
Сонымен не керек, ата-анасының қолынан дәм татқан соң Тони көп ұзатпай келгендегі шаруасына кірісіп, көрген түсін толығымен баяндап берді. Сонда кеудесін намыс кернеген әкесі іштей ашуға булығып, бір күрсініп алған ол өзінің қателігін түсінді ме, сәл ойланып отырып қалды. Анасы болса, өзі де орыстілді әрі солтүстіктің тумасы болғаннан кейін бе, «Мен не дейін?» дегендей үнсіз отырды да:
– Түсінгенге, түсің жақсы екен, – деді. Бар айтқаны сол.
Ата-анасының атына жаман сөз келтіріп көрмеген қызғалдақтай үш қызына аса қатты ұрысып сөйлемей-ақ, ақылын ақырын айтып, өзінің өнегелі іс-әрекеттерімен де тәрбиелей білген әкесі ер-азаматқа тән сабырлық пен парасаттылық танытып, Тонидың түсін білгенінше қысқа да нұсқа түсіндіріп берген соң терезеге ұзақ қарап тұрды да:
– Тіліміз жайында мен де саған әкелік парызым ретінде айтқым келіп жүрген еді. Тәңірім соны сезді ме, менің айтам дегенімді түсің арқылы жеткізіпті. Онысына да шүкіршілік. Мен түсіңдегі қарияның айтқандарын қайталағым келмейді. Себебі ондай аруағы күшті абыздарымыздан асырып айта алмаспын, бірақ бұған дейін де бәріңе бірнеше рет шет жағасын айтып едім, сендер қатты назар аудармадыңдар. Шешең екеумізді қойшы. Қазақ тілін кештеу болса да үйреніп алдық. Біздің кезімізде аюдай ақырған Ресейдің бұйрығы жүріп тұрды. Ол кезде заман да, заң да басқа болатын. Сендерге не жоқ? Не істеймін, нені үйренемін десеңдер де өз қолдарыңда. Бірақ тәуелсіздік еркіндікпен ғана өлшенбейтінін ұмытпаңдар. Қай ұлттың болсын тірегі – тілі. Сондықтан қазақ тілін үйренуді ертеңнен бастап қолға алыңдар, қыздарым. Сендердің есімдеріңді біреулер орысша атап жатса, ұяттан қызарып кетемін де өзімді кінәлі санаймын. Аттарыңды әдемілеп әрі бір-бірлеріңе ұйқастырып-ақ қойып едік... Сен Тұрсынкүл едің – Тони болдың. Сәрсенкүлім – Соня болды. Орынкүлім – Оля болды. Қосымбек – Коля болды. Енді ең болмаса немере-шөберелеріміз қазақша сөйлеп, аттары да толығымен қазақша аталса екен, – деп әкесі әңгімесін аяқтай бергенде Тонидың телефоны шыр ете қалды.
Қараса, Толик екен. Басқа бөлмеге барып, жолдасымен өздерінше орысшалап сөйлесті де ас бөлмеге келіп:
– Звондаған күйеубалаларыңыз ғой. Папа, мама, кеш болып қалды, мен қайтайын. Аман болыңыздар! Я вас очень-очень люблю, – деп беттерінен сүйіп, алғысын айтты да такси шақырып, үйіне кетті.
Үйіне барып, жайланып алған соң Толик оған:
– Бағанағы әңгімеңді енді айтшы, – деді естігенше асығып. Тони көрген түсі жайлы және әке-шешесінің үйіндегі әңгіменің барлығын айтып берді.
Толик болса:
– Қызық түс екен, бірақ қойшы, сен де осы. «Түс түлкінің қиы» деген, – деп миығынан күлген ол теледидардан сүйікті хабарын көре берді.
«Мені қолдап, талпындыра түсетін шығар» деп күткен Тонидың ойы олай болмады. Тони қайтадан әңгімесін жалғап: – Түсінсең, бұл тегін түс емес. Кезінде тілдерімен қара тасты да тілімдеп, басты құндылықтарымыздың бірі – тіл үшін өздерін құрбан еткен ата-бабаларымыздың аруағы риза болмай жатқаны белгілі. «Өлі риза болмай, тірі байымайды» демекші, алдымен солар риза болмаса, тіліміз де, тірілер де байымайтыны анық, – деп жан тебіренісін жеткізгендей болып, сәл үнсіздіктен кейін ол:
– Бұдан былай мен сені Толымбек немесе отағасы деп атаймын. Сен де мені Тұрсынкүл деп өз атымды аташы. Жасымыз елуден асса да Толик пен Тони болып жүргеніміз ел-жұрттан да, ұл-қыздарымыз бен күйеубала, келіндерімізден де, немерелерімізден де, тіпті өзімізден де ұят шығар. Ешқашан ештеңе кеш болмайды, жаным. Әлі-ақ үйреніп кетеміз. Аты толығымен аталған адамның өмір жасы ұзақ болады дегенді естіп едім. Бәлкім, сол рас шығар, – деп ертеңгі жұмыс күніне дайындалып, ертерек жатуға кірісті.
Қыркүйек айы болатын. Таң да атты. Әр таңды аман есен көрудің өзі бір бақыт. Аулада өсіп тұрған әртүрлі гүлдер мен тамылжып пісіп тұрған жеміс-жидектердің мұрын жарып бара жатқан жұпар иісінен оянып кеткен Тұрсынкүл өзін жақсы сезініп, төсектен сергек әрі әдемі әсермен тұрды да бірден далаға шықты. Қалыптасқан әдеті бойынша денені шынықтырып, сергіте түсер жаттығулар жасаған ол үйге көтеріңкі көңілмен кіріп:
– Қайырлы таң, отағасы, – деп еді, Толымбек естімеді ме, үндемеді.
– Тұрсаңшы, Төке. Бүгін күн қандай тамаша. Далаға шығып көрші. Сосын бірге таңғы ас ішеміз, – деп еді Толымбек:
– Рақмет, ішпеймін. Бүгін маған демалыс. Қызымыз келгенше жата тұрайын. Есікті сыртынан жауып кете бер, – деп көрпесімен бетін бүркеді.
Тазалығымен де тамсандыратын Тұрсынкүл айналасын жиыстырып, душ қабылдады да таңғы асын ішіп, жұмысқа кетті.
Бүгіннен бастап тілге деген ойы өзгерген Тұрсынкүл жарқын іске жаңа қадам жасап, әлі киілмеген жаңа көйлегін де ырымдап киіп шығыпты. Жол-жөнекей сән салонынан киіміне сай шаш үлгісін жасатып, жүзі мейірлене мектепке келе жатыр. Ерекше құлпырып келе жатқан Тұрсынкүлге көшеде көңіл аудармаған адам жоқ. Көрікті көйлегі мен келісті келбетін одан сайын әрлей түскен әдемі туфлиінің тықылдаған дауысы әсем әннің әуеніне ұқсап келеді. Бүгін ол мектепке емес, Кремльге кіргендей ерекше шабытпен және құлшыныспен, жақсы жоспармен кірді. Кірісімен ұстаздармен де, оқушылармен де қазақша сәлемдесіп, қазақи болмыс танытты.
Оны көрген әріптестері: «О, Тони, бүгін вообще өзгеріп кетіпсің ғой», – деп Тұрсынкүлдің түр-түсіне де, бүгінгі ісіне де тамсана әрі таңдана қарасты. Жұмыс барысында Тұрсынкүл әр жастағы әріптестерінің бәріне: «Сіздер маған ренжімеңіздер. Сіздерден өтініш. Бүгіннен бастап мені Тони емес, Тұрсынкүл немесе Тұрсынкүл Әлібекқызы деп атасаңыздар екен», – деді сүйкімді көздері күлімдеп. Бұрын-соңды Тұрсынкүлден мұндай сөз естіп көрмеген олар түсінбестен: «Саған не болған, Тони? Түс көрдің бе?» – деп сұраса кетті. «Иә, көрдім» деген ол кейінірек орыстілді қазақ әріптестеріне көрген түсін айтып беріп еді, олардың кейбіреуі әжептәуір ойланып қалды. Бұл орыс мектебі болған соң қазақ ұлтынан мұғалімдер көп емес те еді.
Осы күннен бастап үлкен-кіші, орыс, қазақ, неміс... демей, Тұрсынкүл де бәрін өздерінің азан шақырып қойған аттарымен атай бастады.
Сабақ барысында Тұрсынкүл бүгінгі жоспарларының бірі де бірегейі – қазақ тілі курсына жазылу мақсатында білетіндерден аталмыш курс жайлы толық мағлұмат алып, мекенжайларын да жазып алды. Сосын ол құрбысы Таняға хабарласып, кездесу керектігін айтты. Жұмыстан соң екеуі белгіленген жерде жолығып, біраз әңгімелесті.
Кездескен сәтте Тұрсынкүл құрбысымен:
– Сәлеметсің бе, Татьяна ханым?! – деп әзіл-шыны аралас амандасып, шатты-пұтты қылып қазақша хал жағдай сұрап еді, Таня оған: – Бүгін не, қазақша түс көргенсің бе? Тіліңді сындырып, жаныңды қинамай орысша сөйлей берші, – деп күліп жіберді.
Тұрсынкүл Таняға да көрген түсі туралы айтып беріп еді, ол:
– Жақсы түс екен. Бұл түсті саған баяғыда көру керек еді.
Өз тілдеріңде дұрыстап сөйлей алмай жүрген, өзгелердің де сөйлеулеріне ұйытқы болмай жүрген, ең алдымен, өздерің кінәлі. Он қазақтың арасында орыс немесе орыстілді өзге ұлттың адамы тұрса, бәрің жабылып орысша сөйлей кетесіңдер. Менің білуімше, қай елде болсын ресми мемлекеттік тіл біреу ғана. Ал Қазақстанда мемлекеттік тіл қазақ тілі дегені болмаса, орыс тілі қатар жүреді. Бірақ Құдайға шүкір, қазақ тіліне жанашыр азаматтар жоқ емес. Өкінішке қарай, олардың жанайқайын жоғарыда отырғандар құлақтарына да іліп жатқан жоқ. Қазақша сауатты сөйлеп, қазақ тілінде жазып, қазақ тілінде шығатын кітаптар мен газет-журналдар оқитын қазақтар да баршылық. Жасыратыны жоқ, сондай жандарға сен сияқтылар кір келтіретін, – деп, қашанда шындықты бетке айтатын Татьяна ханым достықпен барлығын айтып салды.
Қай кезде де дұрыс сынды қабылдай білетін адам дұрыс нәтиже де шығара біледі. Тұрсынкүл де сондай.
Бойына қуат берген құрбысының әр сөзін құп алып, мұқият тыңдап болған соң Тұрсынкүл Таняға:
– Рақмет саған, досым! Жүрші, енді екеуміз бірге қазақ тілі курсына жазылып қайтайық, – деп еді, Таня оған:
– Жұмыс уақыты аяқталды. Ертең бар. Бәрібір түске дейін сабағың жоқ қой. Уже кеш болды, үйге қайтайық, – деп, тұшымды әңгімелерімен аялдамаға қарай аяңдай берді. Сөйтіп, екеуі екі бағытқа жүретін автобустарға мініп кетті. Таня көшеге көз жүгіртіп, «Қазақтың қазақ тілін үйрену үшін қазақ тілі курсына жазылғаны біртүрлі күлкілі екен» деген оймен іштей күлімдеген ол бос орынға жайғаса кетті.
«Таңғы нәсіп Тәңірден» демекші, келесі күні Тұрсынкүл таңғы асын ішкен соң ғұсыл дәрет алды да ниет етіп, бірінші мешітке барды. Көптен бері бас сұқпай, мешіттің қай жақта екенін де ұмытыңқырап қалған Тұрсынкүлдің тілге деген құрметі мен ізгі қадамын алдымен мешіттен бастатқан Алланың, сосын қасиетті тіліміздің құдіретін қарасаңыздаршы!
Тұрсынкүл мешіттен шыққан соң жазып алған мекенжай бойынша қазақ тілі курсына барды. Онда адам көп екен. Араларында өзге ұлттардың да өкілдері бар. Бірақ басым көпшілігі қазақтар. Бағана іштей ыңғайсызданып, қазақ бола тұра қазақ тілі курсына жазылғанды ұят санап келе жатқан Тұрсынкүл ханым адамның көптігін көріп, қуанып кетті. Қуанғаны сонша:
– Ой, мама, қазақ тілін дұрыс білмейтін мен ғана ма десем, көп екен ғой, –деп күбірледі.
Тұрсынкүл алдымен сабақ беретін ұстазға жолығып, толық ақпарат алған соң келіп-кетуіне ыңғайлы уақытқа жазылды. Ұстазбен жақынырақ танысып, телефон нөмірін де алды. Ол кісі сабағынан бұрын қабағын беретін жүзі жарқын, жаны жайдарлы жан екен. Филология ғылымдарының докторы, ардагер ұстаз Сейсекүл Исматова. Алдымен бір-екі мектепте шәкірт тәрбиелеп, көп жыл жоғары оқу орнында оқытушы болып жемісті еңбек еткен.
«Ұстаз – мәңгілік ұстаз» демекші, Сейсекүл әпкей зейнетке шықса да өзінің сүйікті, өмірлік мамандығы бойынша қазақ тілі курсында дәріс беруде.
Сейсекүл Әсембекқызымен аз ғана әңгімелессе де әдемі әсерге бөленген Тұрсынкүл Әлібекқызы ол жерден қанаттанып-ақ шығып еді, қабырғадағы «Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін» деген жазуды көзі шалып қалып, жаңа көбінесе орысша сөйлескені есіне түскен ол ар-намыстан артына да қарамай, мектепке қарай аяңдай берді.
Жол үстінде әрі ой үстінде келе жатқан кешегі Тони, бүгінгі Тұрсынкүл ханым: «Енді немерелерімді қазақ мектебіне беремін» деп шешті.
Бақытжан ӘЛІҚҰЛОВ,
ақын, журналист