Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Жошыбаевтың жарқын жолы

Жошыбаевтың жарқын жолы
Ашық Дереккөз
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Республика күні қарсаңында жерлесіміз, «Медицина маршалы» атанып кеткен атпал азамат Сейтхан Жошыбаев та жоғары наградаға ие болып, «Отан» орденімен марапатталған еді.

Оның басқаруындағы «Кардиохирургия және трансплантология» ғылыми-клиникалық орталығының да халықтың денсаулығын күтіп, өмірді ажалдан арашалауда атқарып келе жатқан жұмыстары ауыз толтырып айтуға тұрарлық.

Ол кісімен алғашқы кездесуіміз 1987 жылдың күз айында болды-ау. Мен ол кезде Алматы медицина институтының 4-курс студентімін. Зита Мәжитова есімді жас ғалым (кейіннен медицина ғылымының докторы, профессор, кафедра меңгерушісі) профессор Сейтхан Жошыбаевтың қолдауымен студенттік «Кардиохирургия» үйірмесі ашылғанын, соған 4-5-курс студенттерін жинап жүргенін айтты. Аптасына екі рет өтетін ғылыми үйірме А.Н.Сызғанов атындағы ғылыми-зерттеу институтында өтетінін, өйткені сол институтта «Кардиохирургиялық орталық» барын және оны Сейтхан Жошыбаев басқаратынын жеткізді.

Қош деп, қуана келіскендер көп болды. Бірақ түпкі тізімде 12 студент, соңырақ 6 бала қалдық. Өйткені сабақ өте күрделі, қиындау және арақашықтық жатақханадан, медициналық институттан өте алыс болатын. Сөйтіп, «қызықты үйірме» өз жұмысын бастап кетті. Бір жарым жылдай қатысқан үйірмені өз басым тоқтатуыма тура келді. Өйткені 6-курста нақты «балалар хирургиясын» таңдағандықтан екеуіне қатысу мүмкін болмай шықты. Өкінішпен қоштастым. Бірақ өмірдегі дәрігерлік-хирургиялық және басшылық қызметтегі жолымда осы дәрістердің, ақыл-кеңестің орасан көмегі тигені анық.

Айтайын дегенім, Сейтхан Жошыбаевтың сол кездің өзіндегі патриоттық тұрғыдағы дайындығы, бізге берген тәлім-тәрбиесі мен адамгершілігі, болашақ туралы ойлары бүгінмен сайма-сай келіп тұр. Ағаның келелі ойлары, білімдарлығы, «алтын қолының» қимылы тәнті ететін. «Саусағының ұшында көзі бар» деуші едік. Болашаққа іліп алар нақылдары көп еді. Қолдан келгенше сақтадық. Сол уақыттан бастап өзімді Сейтхан ағаға шәкірт санаймын, өмірдегі ұстанымымды ұқсас ұстауға тырысамын.

Бірде біз «Қазақстанда жүрек ауыстыру мүмкін бе? Сондай ота жасауға сіз дайынсыз ба?» деп тосын сұрақ қойдық. Дәл сол тұста мұндай ота бірлі-жарым мемлекетте ғана жасалған еді. Мысалы, 1967 жылы Оңтүстік Африка мемлекетінде хирург К.Бернард, сондай-ақ Ленинград қаласында хирург К.Демихов осындай тәуекелге барған болатын.

Сонда ағамыз жымиып тұрып: «Мен ота жасауға дайынмын. Бірақ оны іске асыратын орталық дайын емес», – деген еді. Сәл абдырап қалғанымыз рас. Өйткені біз үшін КСРО құрамындағы Қазақстан Республикасы өте мықты ел, ал оның неге дайын емес екенін толық түсінбей қалдық. Кейіннен ойласақ, ота жасайтын, наркоз беретін, ұйықтататын, оятатын заманауи аппараттар жоқ екен. Мәскеу тек өзіне ғана дайындаған. Оны ағамыз заман ағымына сай айта алмағаны айдан анық.

Ал туабітті жүрек ақауымен бес мың баланың сол кездегі кезекте тұрғаны шындық. Қазақстандағы жалғыз орталықта соның қаншауына ота жасап үлгердік десек, жүрек сыздайтын сан шығады. Мұны да ағамыз ойлы жанарымен жеткізген. Көргеніміз – соны қолдан келгенше азайтуға тырысқан азаматтың күндіз-түні еткен еңбегі. Күнде 2-3 баладан, әрқайсысы 2-3 сағаттан, есептей беріңіз. Осы тұста медицинада қолданатын «балта тәсілді» айтуыма тура келеді. Қырық жылдан кейін көргенімізді есептесек, балтадан басқа теңеу айту мүмкін емес. Сейтхан Жошыбаевқа үлкен марапатты сол кезде беруіміз керек еді. Орыстар Демиховты, Мешалкинді, Бакулевті, Украинада Анохинды, Литва Марцинкявичюсті дәріптеп жатқанда Сейтхан Жошыбаевқа қысастық жасалды, жұмыстан қуылды. Сондай адамдар табылды, билікке жетіп, балалардың қиналуына себеп болып, маманның тағдырына балта шабылды.

Екінші кездесу 1991 жылдың жаз айларында болды. Ол кезде тікелей кездесу болмаса да әңгіме Жошыбаев ағамыздың айналасында еді. Алматы қаласына білімімді жетілдіру бойынша бір айлық курсқа барғанмын. Қазақстандағы балалар хирургиясының атасы Камал Ормантаевтың өзінің бір-екі доцент әріптестерімен Сейтхан Жошыбаевтың жұмыстан шеттетілгеніне разы болмай, қарсылық көрсеткен кезі екен. Камал Сәруарұлымен етене араласып, бір аптадай алаңда жатқан (әрине, тек түнде ғой, күндіз оқудамыз) кездеріміз де болған. Соңында мәселе оңынан шешіліп, бәрі бір арнаға түсті.

Дегенмен «ноқтаға басы сыймаған» ағамызды Қырғыз мемлекеті шақырып, түбі алып тынды. «Алтын қолдың» еңбегін еркін жібертіп, талай жақсылығын сіңдірді. Бірақ өздері де ағамыздың еңбегін жақсы бағалады. Барлық атақ-даңқын толық берді.

Үшінші оқиға тағы да Сейтхан Жошыбаевтың қатысуынсыз өтті. Бұл 1998 жыл болатын. Денсаулық сақтау бөлімін Манат Сейдуманов басқаратын. Облысымызға академик, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің бас хирургі Мұхтар Әлиев келіп, облыс хирургтарымен үлкен жиын өткізді. Хирургияның болашақ жоспарын анықтап, іске асыру жолдарын сөз етті. Әжептәуір өзгерістер айтылды. Соңынан сұрақ-жауап жүріп жатты.

Өз кезегінде мен де сұрақ қойдым. «Қазақстандағы жүрек хирургиясының атасы, академик Сейтхан Жошыбаевтың елімізге қайтып келуі мүмкін бе?» деген сұрағым Мұхтар Әлиевке шаншудай қадалды. Біраз үнсіздік болды. Мұхтар Әлиевтің өңі сұрланып кетті. «Бәрі ойдағыдай, жас хирург ойланбай қойды сұрақты, жауап бермесеңіз де болады» деген қолпаштау сөздерге тоқтамаған Мұхтар аға сұраққа жауап бермеу көргенсіздікке жататынын айтып, жауап беріп бастады. Бұл оқиғаға ешқандай қатысы жоқ екенін айтып ақталды. Ал жүргізушілер тезірек жиналысты тоқтатуға тырысты. Мен де біраз сөз естідім. Кейіннен бас дәрігерім көпке дейін қырын қарап жүрді.

Біраз уақыт өте келе, Қазақстан Республикасы Сейтхан Жошыбаевтың еңбегін қайта бағалап, қолдан келгенше көмектесті, Тараздан орталық ашып берді. Бүгінде орталық майталман маманның өз еңбегімен кеңейген, көркейген. Нәтижесінде ел-жұрт ұтты. Бүгінгі күні орталық күндіз-түні халық денсаулығы күзетін іске асыруда. Осы кардиохирургия орталығынан медициналық академия ашылатын күн де алыс емес. Бұл да Сейтхан Жошыбаевтың көрегендігінің, дүниежүзі медицинасынан ойып тұрып орын алғандығының, беделінің жоғары дәрежеде екенінің дәлелі. «Медицина маршалы» әлі де болса ота жасауда алдыңғы қатарда жүр.

Менің ұстаз ағамен араласуым жалғасын табуда. Тіпті сайлауалды науқанда жетелеп жүріп, жеңіске де жеткізгені бар. Ағамның еңбегіне табыс, жұмысына жеміс тілеймін! Оның болашақта «Еңбек Ері» атанатынына сенімдімін.

Мұрат БЕРДАЛИЕВ,

№2 Арнаулы әлеуметтік

қызметтер ұсыну

орталығының директоры

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Би ансамблінің биігі
Алдыңғы мақала
Би ансамблінің биігі

Ұқсас жаңалықтар