Би нұсқаушысы Айғаным Қанатқызының жетекшілігіндегі «Интрига», «Гармония», «Золотой возраст», «Фиесто», «Галлактика» би ансамбльдері кешті өнерімен көмкеріп, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Биші ардагерлеріміздің ширақ қимылы мен күш-қуаты жиналғандарды еріксіз тәнті етті. Бұған дейін де орталығымыздың ғана емес, қаламыздың да мәдени, қоғамдық өміріне белсене атсалысып, түрлі іс-шаралардың көрігін қыздырып жүрген ардагерлеріміз бұл кеште де түрлі халықтардың биімен көпшілік көзайымына айналды.
Жамбыл облысы ардагерлерінен құралған «Әулиеата» және «Асыл аналар» ансамбльдері іс-шара барысында Н.Тілендиевтің «Құстар қайтып барады», «Жамбыл жастар вальсін» орындап, көпшілікке әннен шашу шашты.
Есте қаларлық салтанатты кешті көрермен қауым орталықтың белсенді ардагері Леонид Необъявляющийдің орындауындағы «Мы желаем счастья вам» әнімен қосыла шырқап, аяқтады.
Кеш соңында қалалық ардагерлер кеңесінің мүшелері Тұрар Жаппаров, Несібелі Ералиева мен Алтынай Молдашевалар әсем би кешінен алған ерекше әсерлерін жеткізе отырып, ерекше өнер көрсеткен би топтарына қалалық ардагерлер кеңесінің Алғыс хатын табыс етті. Орталық директорының әлеуметтік жұмыс жөніндегі орынбасары Баян Шолпанқызы орталықтың мәдени және қоғамдық өміріне белсене атсалысқаны үшін би нұсқаушысы Айғаным Қанатқызы мен би ансамбльдерін марапаттап, жаңа шығармашылық ізденістер тіледі.
Салтанат ӘЛІМҚҰЛОВА,
«Белсенді ұзақ өмір»
орталығының
қазақ тілі нұсқаушысы