Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Тау тұлға

Тау тұлға
Ашық Дереккөз
Қазақ халқының маңдайына біткен тау тұлға, аса ірі мемлекет қайраткері Тұрар Рысқұловтың шыңдалу, шынығу ортасы Әулиеата уезі болғандығы белгілі. Жетісу облысындағы Шығыс Талғар болысында өмірге келіп, Меркідегі Кузьминка орыс-бұратана бастауыш мектебінде, содан соң Бішкектегі бірінші дәрежелі ауылшаруашылығы мектебінде оқып, бағбан мамандығын алған жас жігіттің қайраткерлік мектебі Әулиеата уезінде болуының өз заңдылықтары бар.

Әкесі Рысқұл Черняев (Шымкент) уезінің Түлкібас болысында туып өссе де тағдыр тауқыметімен Жетісуға барып, сол жерде өзіне зәбір көрсеткен Саймасай болысты 1904 жылы желтоқсан айында атып өлтірген. Істі болған ол он жылға Сахалин жеріне жер аударылғандығы аян. Бұл жайт айтулы жазушымыз Шерхан Мұртазаның әйгілі «Қызыл жебе» кітабында жазылған. Бұрында шешесіз шерлі жетім болған Тұрардың әкесіне еріп, Әулиеата жеріне келу себебі қазіргі Талас ауданы жеріндегі Ойық болысында әкесі Рысқұлдың нағашыларының болуымен байланысты. Саймасай болыстың жақындарының қаһарынан сескенген нағашылары Тұрарды «Қырғызбаев» деген жалған фамилиямен орысша мектепте оқытады.

Бішкектегі ауылшаруашылығы мектебін бітірген соң Самара қаласындағы ауылшаруашылық училищесіне түсуге арнайы жолдама алса да, патша өкіметінің шовинистік саясаты салдарынан ол оқу орнының маңына да жолатылмай, Ташкенттегі мұғалімдер даярлайтын семинарияға Ресей Оқу министріне арызданып жүріп қабылданады. Күнкөріс қамымен осы қаланың маңындағы Красноводск деген жерде бағбан болып жүргенде 1918 жылы маусым жарлығына байланысты бұратана саналатын ұлттарды тыл жұмыстарына шақырған патша жарлығына қарсы Меркі жерінде болған көтеріліске келіп қатысады. Бұл көтеріліс қырғын жазалау әрекеттері салдарынан жеңілген соң Тұрар түрмеге қамалады. Бұл абақтыдан зорға босанған ол саяси қозғалысқа араласа бастайды. Жасынан орыс тіліне жетік Тұрар осылай саясатқа келген.

1917 жылы ақпан айында патша тақтан тайып, уақытша өкімет билік басына келген аласапыран уақытта жас Тұрар Меркіде «Қазақ жастарының революциялық одағын» ұйымдастырады. Бұл кезде болшевиктер уақытша үкіметке қарсы әрекеттер жасап, Ресей империясындағы бодан халықтарға бостандық беру, ұлттардың өзін-өзі билеу туралы сөздеріне Тұрар Рысқұлов әуелде сеніп қалды. Әулиеата уезінде мұсылмандарды ұйымдастырып, әртүрлі революциялық кеңестерді жасақтау жұмысына белсене қатысты.

1917 жылы маусым айында Әулиеата қаласында, Меркіде кеңестік ұйымдар құрылғанда бағдарламасымен, оның саяси бағытымен танысқан Тұрар іш тарта бастады. Алайда большевиктер басқаратын бұл коммунистік партияның мүшелері түгелдей орыстар болып, қазақтарды, қырғыздарды, өзбектерді әуелде мүшелікке де қабылдай қойған жоқ. «Бүкіл өкімет кеңестерге берілсін» деген ұранмен жұмыс істеген бұл партияның әулиеаталық ұйымында тек орыс солдаттары мен жұмысшылары ғана мүше болды. Әулиеата коммунистерін слесарь-механик Н.И.Чернышов пен әскери горнизондағы кіші дәрігер-фельдшер C.Хмелевский басқарды. Тұрар Рысқұлов осы большевиктермен байланыс жасап, олардың ой-пікірлерін білуге ұмтылды.

Соғыс жайлаған Түркістан өлкесінде аштық күшейе түсті. Осындай кезде Әулиеата кеңесі Меркі аймағында 1918 жылғы мамыр-маусым айларында 1200 аш адам тегін тамақтанатын асхана ашты. Мұндай асханалар Тұрар Рысқұловтың кеңесімен Билікөл болысында Керімбай Бұралқыұлы сияқты болыстың ұйымдастыруымен де жұмыс істеді. Революция әрі азаматтық соғыс жағдайында ұлттардың өз тәуелсіздігі жолындағы ұмтылыстары күш ала бастады. Алайда түгелдей дерлік орыстар басқаратын Түркістан өлкелік кеңесінің бесінші съезі 1918 жылғы сәуірдің 30-ы күні Түркістан Федеративтік Республикасын Ресей Кеңес Федерациясының құрамындағы Түркістан Кеңес Республикасы деп жариялап, ол өзінің қызметінде Ресей Федерациясы Үкіметінің билігін мойындайтындығын ашық жазды. Сөйтіп, осыдан кейін коммунистер көсемі В.И.Ленин жариялаған ұлттардың өзін-өзі билеу жөніндегі уәдесі жалған екендігі әшкере де болды.

1918 жылы мамыр айының 11-16-сы күндері Әулиеатада мұсылман шаруалар кеңесінің бірінші уездік съезі болып өтті. Осында Тұрар Рысқұловтың күш салуымен уезде азық-түлік мәселесін жолға қою туралы шешім қабылданып, Әулиеата қаласындағы 52 капиталистен 3 миллион рубль салық жиналды. Бұл қаржы аштарды тойындыруға жұмсалды. Міне, осындай белсенділігі іс жүзінде танылған Тұрар Рысқұлов Әулиеата уездік кеңес атқару комитетінің төрағасы болып сайланды. Бұл кезде ол бүкіл Түркістан өлкесінің қайраткерлері мойындаған тұлғаға айналған еді. Әулиеата уезінің халқын аштықтан аман сақтап қалу үшін комиссия құрып, оның жұмысын ұйымдастырып, қарулы қосынмен ел-елді аралап, 1916 жылы көтерілісшілерден кулактар тартып алған мал-мүлкін қайтарып беруге көп күш салды. Бүкіл Түркістан, тіпті Ресей басшылары мойындаған Т.Рысқұлов 1918 жылы Түркістан автономиялы республикасының денсаулық сақтау халық комиссары, сондай-ақ аштыққа қарсы күресетін ерекше орталық комиссияның төрағасы болып тағайындалды.

Тұрар Рысқұловтың ерен еңбегінің бірі 1917 жылғы Түркістан өлкесінде, оның ішінде Әулиеата жерінде орын алған ашаршылық кезінде халықты аман алып қалуы еді. Жаңадан құрылған Әулиеата атқару комитеті төрағасының орынбасары қызметін атқарып жүрген Тұрар бұл істі басты қауырт жұмысым деп қабылдады.

Аштықтан жүдеген, әлдері құрыған адамдар үшін Әулиеата қаласында тегін тамақтану орындары ашыла бастағаны жөнінде архив құжаттары айғақтайды. Бұндай арнаулы тегін тамақ ішетін орындар Әулиеата қаласында ғана емес, Шымкент, Түркістан, Перовск, Самарқан уездерінде де ұйымдастырылған.

Ашаршылықтың ауқымы зор болды. Тұрар Рысқұловтың 1917 жылғы Сырдария облысының басшыларына жолдаған хатында: «Әулиеата уезінде кейбір ауылдар тұтастай жойылған, кей жерлерде 2-3, тіпті 4 болыстың басын біріктіріп, бір болыс құруға болады. Уездегі қырылып жатқан мал санында есеп жоқ, жүздеген мыңы өлім-жітімге ұшыраған», – делінген.

Одан бөлек Тұрар Рысқұлов уезде эпидемия жайлағанын, жұқпалы аурулардың көбейгенін, халықтың басым көпшілігі дерттен көз жұмып жатқанын, емдеу жұмыстарын жүргізуде дәрігерлердің өзі дәрменсіз екенін айтады. Мәселен, 1918 және 1920 жылдары аралығында Әулиеата халқы 390 мыңнан 151 мыңға дейін кеміген. Одан кейін өңірге сырттан көптеген адам көшіріліп әкелгеніне қарамастан 20 жылда халық саны 1918 жылғы деңгейге жетпеді. Ал соғыс жылдары Жамбыл өңірінде 320 мыңдай халық тұрған. Жантүршігерлік бұл дерек кесапаттың ауқымының үлкен болғандығын аңғартады.

Қазақстанның өзге өңірлеріндегідей Әулиеатада да аштықтың лебі 1915-1917 жылдары сезіле бастайды. Сол жылы жаз айында адам айтқысыз қуаңшылық болады. Астық өнбей қалады. Ашаршылықтың жақындап келе жатқанын Әулиеатадағы басшылар білді. 1917 жылы уезде зиялы қауым өкілдері бас қосып, алда ашаршылықтың болу қаупін айтады. Әулиеата уезі аумағында 17 жерде аш адамдарды тамақтандыру пункттері ашылады. Бастапқыда тамақтандыру орындарының жұмысы жөнді жүрмеді. Кемшіліктер көп болды. Ең бастысы, қаржының жетіспеушілігі салдарынан азық түлік тауарларының қамтамасыз етілмеуі болатын. Облыстық архивтің 50 қорында Әулиеата атқару комитетінің төрағасы Тұрар қол қойған құжатта тамақтандыру орындарына жүргізілген тексеру жөнінде жазылған екен. 1918 жылдың 7 мамыры күні Әулиеата маңындағы Ботамойнақ-Алмалы болысына қарасты 4-ауылында орналасқан аш адамдарды тамақтандыру пунктінің жұмысына тексеру жүргізілгенде пунктте небәрі 600 адам қалғаны анықталған.

Сәуір айының соңы мен 2 мамыр аралығында пунктте тіркелгендер саны 1 850 болған. Мамыр айының 3-інен бастап жүздеген адам жоғалып кеткені баяндалады. Тамақтандыру орындарының жұмысының нашарлауынан аш адамдар пункттен күдер үзіп, халқы көп аумаққа босып кеткен.

Тұрар Рысқұлов тамақтандыру пункттеріне 20 мың адамға азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін 40 миллион рубль бөлгізуді көздеген. Алайда сол қаржының 20 миллионы ғана бөлініп, қалғаны қаржы тапшылығына байланысты берілмеген секілді.

1919 жылдың басында аштыққа қарсы күрес жөніндегі орталық комиссияның төрағасы болып тұрған кезде Тұрар Түркістан Республикасында аш адамдар саны 1 миллионға жеткендігін, ал тіркелмегендер саны одан да көп екендігін айтады. Яғни өлкедегі екі адамның біреуі аштыққа ұшыраған.

Аштықпен күрес жөніндегі орталық комиссияның төрағасы болған Тұрар Рысқұлов аштықпен күресте қажырлы еңбек еткені рас. Сол жылдары 2 миллионға жуық адам аштан өліп, қоныс аударса, Тұрардың қажырлы еңбегінің арқасында миллиондаған адам тірі қалды.

Сағындық ЗЕЙНУЛЛАҰЛЫ,

облыстық мемлекеттік архивтің бөлім

басшысы

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар