Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Кәсіподақ – халық қызметшісі

Кәсіподақ – халық қызметшісі
Юрий КИМ
Биыл құрылғанына 100 жыл толған Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері кәсіподағының бастамасымен сәрсенбі күні Тараз қаласында «Жамбыл облыстық кәсіподақ ұйымының жарғылық міндеттерді жүзеге асыру қызметінің тәжірибесі туралы» республикалық семинар-кеңес өтті.

Семинардың ашылу салтанатында Қазақстандық салалық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері кәсіподағының төрағасы Айгүл Мұқашева, Жамбыл облысы кәсіподақтар орталығының төрағасы Бағлан Қарашолақов, облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы Рауан Садырқұлов, білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Мұхит Нысанбаев сөз сөйлеп, іс-шараның мән-маңызына тоқталды.

Семинардың негізгі бөлігінде «Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты Ерұлан Мағзымбеков атқарылған жұмыстар бойынша баяндама жасады.

– Кәсіподақ құрылған білім беру мекемелерінде еңбек заңдылығының орындалуына қоғамдық бақылауды күшейтуге бағытталған жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Мысалы, кәсіподақтық инспекция құрылған 2010 жылдан бері білім беру мекемелерінде ҚР еңбек заңдылығының, Әлеуметтік әріптестік туралы актілердің орындалуын бақылау бойынша 5 974 тексеріс іске асырылды және еңбек заңдылығы талаптарын бұзудың 21 502 жағдайы анықталды. 7 656 жазбаша жауап пен түсіндірме берілді. Ауызша берілген кеңес саны – 77 366. 48 кәсіподақ мүшесі жұмысқа қайта орналастырылды, 132 жағдайда жұмыстан босатуға жол берілмеді. Құқықтық қызмет жұмысын бастаған кезеңнен бастап кәсіподақ мүшелерінің құқығын қорғау мақсатында 95 талап-арыз, кәсіподақ мүшелерінің өтініші негізінде сотқа 149 құжат дайындалып, 165 өкілеттік қамтамасыз етілді. Жалпы құқықтық қызметтің экономикалық тиімділік көрсеткіші 2015 жылдан бастап 2 миллиард 584 миллион теңгені құрады, – деген Ерұлан Мағзымбеков 2019-2023 жылдар аралығында кәсіподақтық жолдамамен 23 592 кәсіподақ мүшесі сауықтырылғанын атап өтті.

Сонымен қатар жиында кәсіподақтың құқықтық қызметі мен әлеуметтік әріптестікті жүзеге асыру тәжірибесі туралы құқықтық қызмет басшысы Ә.Жолшыбекова, кәсіподақтық қаржылық қызметі мен саясатын жүзеге асыру жағдайы туралы бақылау-тексеру комиссиясының мүшесі А.Құрмашева, кәсіподақ филиалдарының жарғылық мақсат-міндеттерді жүзеге асыру қызметі туралы кәсіподақтың Т.Рысқұлов аудандық комитетінің төрағасы А.Баймұратова баяндама жасады. Кәсіподақ ұйымдарының іргетасы саналатын бастауыш ұйымдардың жұмыс тәжірибесімен Тараз қаласындағы №17 балабақшаның бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы В.Василевская бөлісті.

Іс-шарада кәсіподақтың ақпараттық және оқу-әдістемелік саясатының негізгі бағыттары мен міндеттері, көрсеткіштері туралы «Еңбекші» салалық газетінің бас редакторы Б.Бекназаров ақпарат берсе, «Тараз-Профсоюз-Турист» ЖШС директоры Ж.Қойбағаров кәсіподақтық туризм, сала өкілдерін сауықтыру тәжірибесімен бөлісті.

Мұнан бөлек Қазақстандық салалық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері кәсіподағының 100 жылдығына арналған «Ғасыр жасаған ұйым» облыстық мақалалар байқауының жеңімпаздары марапатталды.

Эльмира БАЙНАЗАРОВА

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар