Форумға «AMANAT» партиясының хатшысы Ержан Жылқыбаев, облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек, басқарма басшылары және ауылдық округ әкімдері қатысты. Іс-шараның ашылуында «AMANAT» партиясының облыстық филиалының төрағасы Дауыл Бейсенқұлов сөз сөйлеп, форумның мақсаттары мен міндеттеріне кеңірек тоқталды.
– Облыста халық ауыл әкімдерін 2021 жылдан бері тікелей өздері сайлап келеді. Сол уақыттан бері өңірде 165 ауыл әкімі тұрғындардың қалауымен тағайындалды. Халық таңдаған әкімдердің 154-і «AMANAT» партиясының мүшелері. Айта кетерлігі, партия атынан сайланған әкімдердің 13 пайызы бұрын мемлекеттік қызметте жұмыс істемеген. Олардың арасында әртүрлі кәсіп иелері де бар. Сондай-ақ алғаш рет әкім болғандардың үлесі 58 пайызды құраса, 41 пайызы қайта сайланып әкім атанғандар. Орташа жасы – 45 жас. Партия ұсынып, әкім атанғандардың 4,5 пайызы әйел азаматшалар, – деді Дауыл Ынтықбайұлы.
Жиында сөз сөйлеген облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек елді мекендерді дамытуды көздеген жоспарлармен де бөлісті.
– Ауылды дамыту біздің өңір үшін ғана емес, бүкіл ел үшін стратегиялық міндет. Ауыл – біздің экономикамыздың негізі, мәдениетіміз бен рухани мұрамыздың қайнар көзі болып қала бермек. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Ауылдағы жағдайды жақсарта алмасақ – бәрімізге сын», – деп атап өтіп, жаңа президенттік мерзімдегі бірінші Жарлығын ауылды дамытуға арнады. Дәл осы мақсатта елді мекендердің инфрақұрылымын дамыту, тұрғындардың әл ауқатын арттыру, тұрақтылықты қамтамасыз етуде ауыл әкімдерінің іскерлігі маңызды рөл атқаратыны анық. Ауыл әкімдері ретінде жергілікті халықтың мәселесін тыңдап, оның оң шешілуіне ықпал жасау сіздердің міндеттеріңіз. Жұрт сіздердің қызметтеріңізге қарап, бүкіл мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін бағалайды. Әрине, бұл зор жауапкершілік. Мемлекет басшысы атап өткендей, шаруаға ширақ әрі елге жанашыр азаматтардың әкім болғаны дұрыс. Оларға жан-жақты қолдау көрсету керек. Әсіресе мәслихат депутаттары мен әкімдердің бірлесе жұмыс істегені жөн. Өйткені оларды мемлекеттің жергілікті жердегі қос тірегі деуге болады. Өздеріңіз білесіздер, Президенттің саяси реформалары аясында ауыл, аудан әкімдерін халықтың өзі тікелей сайлауда. Былтыр алғаш рет Жуалы және Т.Рысқұлов аудандарының әкімдерін сайладық. Ауыл әкімдерін тікелей сайлау жүйесі үш жыл бұрын енгізілген болатын. Осы уақыт ішінде ауыл әкімдерінің құрамы 60 пайызға жаңарды. Бұл өте жақсы, себебі жаңа көзқарас проблемаларды жаңаша қарауға мүмкіндік береді. Нәтижелерге қарасақ, көпшілігіңіз алғаш рет әкім болып отырсыздар. Халық сеніміне ие болып, жеңіске жеткен ауыл әкімдеріне жауапкершілігі мол жұмыста сәттілік тілеймін, – деді Қанатбек Қайшыбекұлы.
Форум барысында қатысушылар ауылдық аймақтарды дамыту, әлеуметтік инфрақұрылымды жақсарту, жұмыссыздық деңгейін төмендету, білім беру және денсаулық сақтау салаларындағы мәселелерді көтерді. Әрбір ұсыныс назарға алынып, бірқатар нақты шешім қабылданды.
Ержан Жылқыбаевтың айтуынша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауылдық округтер мен аудан әкімдерін тікелей сайлау жөніндегі бастамасы жергілікті жерлерде демократияны нығайтуға бағытталған.
Басқосуда облыстық мәслихаттың депутаты Фарида Жүнісова, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі облыс бойынша департаментінің басшысы Руслан Шариповтың, Т.Рысқұлов ауданының әкімі Ернар Есіркеповтің, Қордай ауданы, Қарасай ауылдық округінің әкімі К.Елемесованың баяндамасы тыңдалды.
Айжан ӨЗБЕКОВА