Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Дарынды оқушыларға жан-жақты қолдау көрсетіледі

Дарынды оқушыларға жан-жақты қолдау көрсетіледі
А.Қартабай
ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев облысымызға жұмыс сапарымен келді.

Ғани Бектенұлы алдымен облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов, облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы Рауан Садырқұловпен бірге өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығына барды. Онда орталық тәрбиеленушілерімен кездесіп, олардың қажеттіліктері мен орталықтағы жағдайға көңіл бөлді.

Министр келесі кезекте «Бақытты болашақ» оқушылар сарайына ат басын бұрды. Оқушылармен, оқытушы құраммен және шебер зерттеушілермен жүздесіп, білім беру саласындағы жаңашылдықтар мен жеткіншектерді қолдау шаралары туралы айтты. Ғ.Бейсембаевтың айтуынша, енді білім олимпиадаларына қатысушылар мен жүлдегерлер спортшылар секілді құрметке ие болып, қаржылай сыйақы тағайындалады. Бұл жаңалық білім жарыстарына қызығушылықты арттырып, үздіктерді ынталандыруға бағытталған.

Халықаралық олимпиадаларда жеңіске жеткен оқушыларға біржолғы сыйақы ретінде 5,5 миллион теңгеге дейін қарастырылған. Әлемдік деңгейдегі ең беделді білім бәйгелерінде жеңіске жеткен оқушыларға – 1 500, күміс жүлде үшін – 1 000, қола жүлде иегеріне 500 айлық есептік көрсеткіш көлемінде сыйақы беріледі. Сонымен қатар жеңімпаздарға отандық жоғары оқу орындарының гранттары табысталады. Осылайша дарынды жастарға үлкен қолдау көрсетіліп, олардың білімі мен жетістіктері лайықты деңгейде бағаланады. Жеңімпаздарды дайындаған педагогтардың да еңбегі елеусіз қалмай, оларды марапаттау қарастырылған.

Ғани Бектенұлы жас ұрпақ шетелде білім алып, Отанына оралып, халық игілігі үшін қызмет етуі керек екендігін де баса айтты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев білімді, бәсекеге қабілетті жастарға сенім артып отырғанын жеткізді.

– Мемлекетіміз келешек ұрпақтың бақытты әрі табысты болуы үшін көптеген қолдау көрсетіп жатыр. Соңғы 5 жылда елімізде 1 миллион оқушыға шақталған мыңнан аса мектептің құрылысы жүргізілді. Қазіргі таңда Президенттің тапсырмасымен еліміздегі бүкіл мектепті «Жайлы мектеп» деңгейіне жеткізу бойынша жұмыстар атқарылуда. 2027 2028 жылға дейін еліміздегі барлық мектептің инфрақұрылымы жақсара түседі. Яғни интернеті жоғары жылдамдықта, парталары, орындықтары, пәндік кабинеттері заманауи үлгіде болуын қолға алып жатырмыз, – деген Ғани Бейсенбаев педагог мәртебесін көтеру қажеттігін де атап өтті.

Ғани Бектенұлының айтуынша, педагог 24 сағат бойы өз мамандығына лайық болуы тиіс. Ардагер ұстаздарға да үлкен үміт арта отырып, министр ата-аналарды тәрбиелеу ісіне де атсалысуға шақырды. Бұл қоғамда тәрбие мен білім деңгейін жақсартуға бағытталған маңызды қадамдардың бірі ретінде аталып өтті.

Оқушылар сарайындағы кездесу еркін форматта өтті. Жиынға қатысушылар тарапынан сұрақтар қойылып, ұсыныстар талқыланды. Кездесу соңында Ғани Бейсембаев оқушылармен, ұстаздар қауымымен естелік суретке түсіп, білім шыңын бағындыруда табыс тіледі.

Сонымен қатар Ғани Бектенұлы Сарыкемер ауылындағы «Жайлы мектеп» жобасы аясындағы бой көтерген №7 орта мектепке барып, жаңа оқу орнының жабдықтары мен оқу үрдісінің ұйымдастырылуымен танысты. Сондай-ақ министр Жамбыл инновациялық жоғары колледжіне де барып, білім беру процесінің сапасын арттыру мақсатында қолданылып жатқан әдістермен танысып, оқу орны басшылығымен пікір алмасты.

Министрдің сапары аймақтағы білім беру жүйесін жетілдіруге, мұғалімдер мен оқушыларды ынталандыруға бағытталған нақты шаралармен ерекшеленді.

Айжан ӨЗБЕКОВА

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар