Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

«Korcem» зауыты клинкер өндіруге кірісті

«Korcem» зауыты клинкер өндіруге кірісті
А.Рысмахан
Қордай ауданында цемент өндіретін ірі кәсіпорынның клинкер өндіру желісі өз жұмысын бастады. Бұл Орталық Азиядағы ең заманауи және қалдықсыз жұмыс істейтін бірегей жобалардың бірі.

Өндіріс ошағын іске қосу рәсіміне облыс әкімі Ербол Қарашөкеев, «Korcem» зауытының басшылық құрамы мен қызметкерлері, құрылыс жұмыстарын жүргізген компания өкілдері және аудан тұрғындары қатысты.

Аймақ басшысы жобаның өңір экономикасы үшін маңыздылығын айрықша атап өтті.

– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес өңірде бірқатар инвестициялық жоба сәтті жүзеге асып, ірі өндіріс ошақтары бой көтеруде. Қордай ауданында құрылысы аяқталған «Korcem» цемент зауыты соның нақты бір дәлелі. Ауқымды жобаның клинкер шикізатын өндіру желісі іске қосылды. Бұл цемент зауыты өңір экономикасын өркендетуге, халықтың әл-ауқатын жақсартуға елеулі үлес қосады. Жергілікті тұрғындардың тұрақты жұмыспен қамтылуына ықпал етеді, – деген аймақ басшысы өндірістің үздіксіз жұмыс істеуі үшін билік тарапынан жан-жақты қолдаулар көрсетілетінін хабарлады.

Айта кетейік, кәсіпорынның құрылысын сингапурлық «Alacem» компаниясы жүргізді. Жобаға 50 миллиард теңге инвестиция салынған.

Өндіріс ошағының жылына 1,5 миллион тонна цемент шығаруға қауқары бар. Бүгінде 400-ден астам тұрақты жұмыс орны құрылып отыр. Алдағы уақытта жұмыс күші екі есеге дейін артады деп күтілуде.

«Korcem» цемент зауыты келесі жылы толық қуатына шығады деп жоспарлануда. Өндірістік желіде тәулігіне 3 500 тонна клинкер (құрамында 90 пайыз цемент бар шикізат) әзірленеді.

– Бүгін зауыттың «жүрегін», яғни негізгі өндірістік бөлігін іске қосып отырмыз. Біз ішкі нарықты отандық өніммен қамти отырып, осы саланың бәсекеге қабілеттілігі мен экспорттық әлеуетін арттыруға күш саламыз, – дейді жоба жетекшісі Станислав Щербаков.

«International Cement Group» ЖШС-ның басқарушы директоры Бенджамин Ченгтің айтуынша, аталған жобаға мемлекет тарапынан жан-жақты қолдаулар көрсетіліп келеді.

– Біздің компания өңірде жаңа жұмыс орындарын ашу үшін басқа да әлеуетті инвесторларды тартуды жоспарлап отыр. Жамбыл облысында өнімді экспорттау мүмкіндігі зор. Ең бастысы, инвесторларға барлық жағдай жасалғанын өз тәжірибемізден көрдік, – деді ол.

Айта кетейік, облыстың инвестициялық қоржынында 3,4 триллион теңгені құрайтын 80 жоба бар. Бұл жобаларды жүзеге асыру қосымша 4,1 мың жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.

2024 жылы 214 миллиард теңгеге 1 453 жұмыс орнын құра отырып, 35 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Бүгінде құны 146,7 миллиард теңгені құрайтын 20 жоба іске қосылды. Нәтижесінде 674 азамат жұмыспен қамтылды.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар