Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

«Сүрініп кетіп, бүлініп жүрген тағдырлар...»

«Сүрініп кетіп, бүлініп жүрген тағдырлар...»
Ашық Дереккөз
Қоғамда біз «бомж» деп білетін әлеуметтік топтан тыс қалған адамдар негізінде «маргиналдар» деп аталатыны белгілі. Тұрақты тұратын жері, істейтін жұмысы жоқ, көбінесе көшеде, көпқабатты үйлердің жертөлесіне түнеп, қоқыс ақтару арқылы күн көретін қаңғыбастардың да өз құқығы бар.

АЩЫ СУДЫҢ АЗАБЫ

Олардың мұндай жағдайға түсуіне негізінен тағдыр тәлкегіне түсіп, қиындыққа морт сыну, ішімдікке немесе есірткіге тәуелді болу, психологиялық қиындыққа ұшырау, жұмыссыздық сияқты мәселелер себеп болады. Дегенмен олардың да құқығын қорғап, әлеуметтендіру өзекті мәселенің бірі. Себебі оларды елеусіз қалдыру тек жеке адамның ғана емес, мемлекеттің, қоғамның әлеуметтік болмысына нұқсан келтіреді.

Егде тартқан әйел жол жиегіндегі темір жәшікті қопарып, тапқан 4-5 бөтелкесін құшақтаған күйі дүкен жақты бетке алды. Сырт келбетіне сұқтана көз жүгірттім, сұңғақ бойына етек-жеңі оңып, қысқарып кеткен көнетоз пальто іліпті. Етігінің аузы ырсиып тұр. Көзінің айналасы көгеріп, ісіп кеткен. Сап-сары шаштары ұйпа-тұйпа. Дүкеннен шыққанын тостым.

Осы аймақтан күнде көретіндіктен танып қалғандығын білдіріп, сәлемімді алғанымен ернінің ұшын ғана жыбырлатты. Бес қабатты үй алдында тұратын ескі темір кереуетке барып жайғасты. Күз түскелі жаурамасын деп көршілердің бірі төсеніш, бірі жамылғы берген екен. Көрші-қолаңның ыстық астан да құр қалдырмайтынын білетінмін. Бірақ оның теңіздің түсіндей көгілдір көзінен қуаныш көру екіталай.

Басын салбыратып үнсіз отырады да қояды. Алғысы мен ризалығын басын изеп қана жеткізетін әйелге тиын ұстаттым. Көздері от шашып, қуанып кетті. Сөйлескім келетінін айттым. Ол қарсы болмады. Жыртылып, алба-жұлбасы шыққан төсенішінің шетінде шашылып жатқан киімдерді ығыстырып, «отыр» деп ишара жасады.

– Менің есімім Нарима. Нағашыларым қазақ болған. Содан менің есімімді анам қойған екен. Ата-анадан тараған екі қыз едік. Мен үлкенімін. Тұрмысқа ерте шығып кеттім. Күйеуім нашақор болып шықты. Тоқпақтай бергендіктен бір қыз туған соң ажырасып кеттік. Әке-шешемнің үйін паналадым. Ол уақытта сіңлім де тұрмыста еді. Әке-шешемнің көзі кеткен соң сіңлімнің күйеуі де өмірден озып, ол да қарашаңыраққа қайтып келді. Үй менің атымда еді. Қызым Ресейде оқып, біржолата сол жақта тұрақтап қалды. Сіңлім Соня өзінің жасы кіші бола тұра үй менің атымда екенін алға тартып, жанжал шығара берген соң басыбайлы үйді соның атына аударып бере салдым. Содан кейін ол өзгеріп сала берді. Ақыр соңында мені үйден қуып шықты. Қыстың көзі қырауда далада қалып, әбден қиналдым. Қара жұмыс істеп күнелттім. Бағасы арзан болғандықтан бір суық пәтерді жалдап тұрып көрдім. Бірде қатты жаураған соң көрші келіншек екеуміз арақ алып іштік. Бұрын-соңды ащы суды аузыма татып алмағандықтан ба, маған қатты ұнай кетті. Өйткені бар проблемам сол сәтте шешілгендей күй кешіп, төрт дүнием түгелденіп, көз алдым жайнап сала берді. Сол күннен бері арақ мұңым мен қайғымды бөлісетін жалғыз досыма айналды. Қызым анда-санда ақша салып тұрады. Ол да жырақта жүріп әбден суып кетті ме, әйтеуір, менің жағдайыма алаңдамайды. Үйсіз қалғанымды, далада түнеп жүргенімді уайымдамасын деп айтпаймын да. Міне, мынау әке-шешемнен қалған қарашаңырақ. Мен осы үйді және сол үйдің ішіндегі кішкентай Сонямды күзетіп жатырмын, – деді сықылықтай күліп.

– Соняға ренішің жоқ па? – деп сұрадым әдейі.

– Ол «ішіп кеттің» деп қайта маған ренжиді. Еркетай сіңліме несіне ренжимін?! Бұл өмір ғой, – деді әйел.

– Қыста қайда түнейсің?

– Айтсам, сенбейсің ғой. Жүр, көрсетейін.

Соңынан еріп, домофоны жоқ ағаш есікті үйдің алдына келдік. Жертөледегі жылу құбырының бірін құшақтап жата қалды.

– Үсіп өлесің ғой. Қарттар үйіне апарып орналастырайын, – дегенім сол еді, орнынан ыршып түсті.

– Саумысың?! Олар маған ащы су ішкізбек түгіл, иіскетпейді де ғой, – деді Нарима.

Ел ішінде кең тараған «Негізі өмір сүру оңай, оны қиындататын өзіміз» деген сөз бар. Нариманың басындағы жағдай осы сөзді айғақтай түскендей.

ҚИЫН ЖАҒДАЙДА ҚАЛДЫРМАЙТЫН ОРТАЛЫҚ

Көше кезіп, өмірінің бар мәнін жоғалтқан адамдарға Тараз қаласы әкімдігі жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің өмірлік қиын жағдайда қалған адамдарды қайта әлеуметтендіруге арналған орталық қолдау көрсетіп келеді.

Жуырда тағдырдың тәлкегіне түскендер мекен еткен орталықтың бүгінгі жай-күйімен танысып, көп ой түйіп қайттық. Бұл мекеме тұрақты емдеуді қажет етпейтін азаматтарға әлеуметтік, медициналық және басқа да көмек түрлерін көрсетіп, ас-ауқатпен қамтып, қаңғып қалғандарды қанатының астына алып, құжаттарын түгелдеп, жұмыспен де қамтамасыз етіп отыр.

Орталыққа биыл 9 айда 120 адам қайырылыпты. Бүгінде орталық 93 адамның панасына айналған. Қызмет алушыларға 47 адам қызмет көрсетеді. Орталық тарапынан осында қайырылған азаматтарға барлық әлеуметтік көмек түрлері ұсынылуда. Мекемеде күнделікті жатын бөлмелерге залалсыздандыру жұмыстары жүргізіліп, 3 мезгіл көгілдір шам (кварц) қойылады. Қызмет алушыларға медбикелер тарапынан денсаулықты күту бойынша тұрақты дәрістер оқылып тұрады.

Мемлекет қамқорлығындағы азаматтардың төсек жабдықтары, киімдері уақытылы ауыстырылып, залалсыздандырылады. Сондай-ақ санитарлық нормаларға сәйкес қызмет алушыларға жеке бас гигиенасына қажетті заттар уақытылы беріледі. Науқастанған азаматтардың денсаулық жағдайы тәулік бойы дәрігерлердің бақылауында. Орталықта айына 1 рет жиналыс өткізіліп, қызмет алушыларды техникалық қауіпсіздік ережелерімен таныстырып, тәртіптері туралы ескертулер айтылады. Сонымен қатар мұнда мереке күндеріне орай мерекелік тағам әзірленеді.

Осыдан үш ай бұрын орталыққа бас сұғып, мұндағылардың ой-тілектеріне құлақ түргенім бар еді. Сол кезде қоларбада отырған ақсақал қасыма жақын келіп, әлдене айта алмай, кібіртіктеп тұрғанын байқадым. Өзін Базарбай Алахметов деп таныстырған егде жастағы кісі көрмегеніне 25 жылдың жүзі болған қызы Әйгерімді іздеп жүргенін айтты. Әйгерімнің Меркі ауданындағы балабақшалардың бірінде тәрбиеші болып жұмыс істейтінін ғана біледі. Бірақ Меркі ауданының қай ауылында тұратынынан бейхабар. Әрі денсаулығы сыр беруіне байланысты бір аяғы балтырдан кесілген қарияның қызын іздеуге мұршасы болмаған.

Ақсақалдың айтқандарын бейнетаспаға түсіріп, әлеуметтік желіге жүктедім. Бір аптадан кейін қоңырау шалған қыз өзін «Әйгеріммін» деп таныстырды.

– Кішкентай кезімде әкем мені қыдыртып, балмұздақ әпергеніне дейін көз алдымда. Оның қамқорлық танытып айтқан әрбір ақыл-кеңесі жадымда сақталып қалған. Анам мен әкем ажырасқанда әкемнің кеткеніне налып, әбден қайғырдым. Әкемді көрмеген 25 жыл ішінде ойымнан бір рет те шығарған емеспін. Сол сәтте кішкентай ғана қыз болсам да әкемнің жақсы қасиеттерін ешқашан ұмытпадым. Мені қатты жақсы көрді. Бірақ неге хабарласпағанын білмеймін. Мен Құдай емеспін. Бұл – тағдыр. Бірнеше жыл бұрын анам дүниеден озды. Есейген кезімде «әкең қайтыс болды» деген қайғылы хабар жетті. Сол сөзді естігенде жақсы көретін ең жақын адамымды енді ешқашан көрмейтінімді, оны ешқашан құшақтай алмайтынымды ойлап, жанарымды жас жуған еді. Өткенде әлеуметтік желіден әкемнің мені іздеп жүрген видеосын көріп, қуаныштан жыладым. Әкем кеткенде кішкентай ғана бүлдіршін едім. Енді бөпелері бар анамын. Жиендерін көргенде әкемнің, аталарын көргенде балаларымның қуанатынын білемін. Енді алдағы өмірімде өзіме ең жақын адамым – әкемді жоғалтқым келмейді. Ешкімге жәутеңдетіп қоймаймын, – деді Әйгерім.

Бұл сағынышқа толы кездесудің де куәсі болдық. 25 жылдан кейін табысқан тағдыр иелері енді ешқашан ажырамайтындарын айтып, бір қуанып, бір жылаған болатын. Арада үш ай өткенде орталыққа қайта бас сұғып, ондағы қызмет алушылардың хал-ахуалымен тереңірек танысуды мақсат тұттық.

– Біздің орталыққа 18-ден асқан, өмірлік қиын жағдайға душар болған жандар қабылданады. Бәрінің баспанасы жоқ. Туған-туысынан айырылып қалғандар. Мұның барлығы ішімдіктің салдарынан туындап отырғаны анық. Бірақ олар өздері ащы суға тәуелділігін мойындағысы келмей, көбіне «туыстарым бас тартты, өзімді алдап, баспанамды сатып жіберді» деп налып жатады. Ал негізінен барлығы өздерінің ішкілікке салынғанының кесірі екеніне сенгісі келмейді. Олардан негізі туған-туыстары бас тартқан. Үйлеріне кіргізбейді. Содан көшеде қалған. Жертөледе, түрлі орындарда түнеп жүреді. «Пәлен жерде үй-жайы жоқ адамдар жүр» деп тұрғындар қоңырау шалғанда полиция қызметкерлерінің көмегімен оларды осында алып келеміз. Басым көпшілігі ішімдіктің салдарынан түрлі жағдайға душар болғандар. Олардың арасында кезінде Қырғызстан, Ресей, Өзбекстан секілді шет мемлекеттерде дүниеге келіп, кейін елімізге көшкенде Қазақстанның азаматтығын алмағандар бар. Осы уақытқа дейін біреудің фазендасында мал бағып жүре берген. Кейін жастары алпысты алқымдап, бойынан әл тайып, қартайып, жұмысқа жарамсыз болған соң біздің мекемеге қайырылады. Оларға 7 бағыт бойынша әлеуметтік қызмет көрсетіледі. Тұрмыстық қажетті заттармен қамтамасыз етіледі. Одан кейін құжаттандыру мәселесі қаралады. Еңбек терапиясы іске қосылады. Көрме, концерт сынды түрлі мәдени іс-шараларға қатыстыру және психологииялық тұрғыдан көмек көрсету жұмыстары жүргізіледі, – деді Тараз қаласы әкімдігі жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің өмірлік қиын жағдайда қалған адамдарды қайта әлеуметтендіруге арналған орталық басшысының орынбасары Бекайдар Қырықбаев.

«Бомж» деп жиіркенішпен қараған күнде де олардың адам екенін ұмытпағанымыз жөн. Олар – тағдыр тәлкегіне түскен қорғансыздар. Не десек те олар қоғамның бір бөлігі екені хақ. Тағдыр тәлкегіне түскен қорғансыздарды әлеуметтік дерт деп қарасақ, кез келген ауру сияқты емдеп, жазып, қоғамға бейімдеуіміз керек. Әйтпесе қоғамның жанына түскен бұл жара асқынып, айықпас дертке айналады.

Шынтуайтында, жарық күнде жол таппай, қоқыстан азық теріп жеп күнелткендерді қоғам адам деп қабылдай алмайды. Елемейтіні де рас. Себебі олардың өздерін жоғалтып алуына көпшілік «Бұл кім еді?» деп басын қатырмайды. «Кім боламын?» деп ізденбейді де. Өткен күнге салауаты жоқ. Есесіне өкпесі көп. Ал келер күннен мүлде үмітін үзген. Олардың бар үміті бір жартының түбінде жалт-жұлт етіп тұрғандай...

Неге екенін қайдам, біз көрген маргиналдар өмір сүруге икемсіз, қабілеті де жоқ. Өлмес күннің жетегінде жүрген қаңғыбастар – боямасыз өмірдің мәнін таба алмаған. Сөйтіп, әр таңды көше кезіп қаңғырып, қалтаңдап жүріп атырып, әрнені қарманғандарына дән риза. Ішкеніне, жегеніне, қайыр тілеп тапқанына мәз. Бары сол. Көбінің тағдыры сондай.

ҚАҢҒЫБАСТЫҚ ҚАМЫТЫН КИГЕНДЕР

Орталыққа кіреберісте әңгіме-дүкен құрып отырған бір топ кісіге көзім түсті. Бәрінің жүздері сынық. Еріндері ісініп кеткен. Бірі қоларбаға таңылса, енді бірі таяғына сүйеніп, тағдыры тұңғиыққа сүйретіп бара жатқандай ілбіп басады. Иә, сүрініп алып, еңсесін қайта тіктей алмай, ащы судың жетегіне ергендерді бірден танисың. Олардың бет-жүзі домбығып тұрады. Аяқ-қолдарының саусақтары кейбірінде тып-типыл, жоқ болса, енді бірінде бірен-сараңы ғана тарбияды. Көше кезіп ішіп жүргенде олар саусақтарын үсітіп алған деседі...

Бірін біреу зымияндықпен жарға жығып, барынан айырса, енді бірі өз еркімен тентіреп жүріп, тағдырын талқандап алған. Әлдекімге алданған, әлдекімнен жерінген. Бірі темір торға тоғытылып, ұзақ жыл отырып, қайта шыққанда қарашаңырағының орнын сипап қалған. Барар жер, басар тауы болмағандықтан осы орталықта жүр.

Не дегенмен адам жаны қашанда жылылықты, қамқорлықты аңсап тұрады. Осы орталықты паналап келген жандар да сол асыл қасиеттерге зәру. Олардың әрқайсысының іздемейтін туысы, керек етпейтін бауыры, құшпайтын жары, тартпайтын балалары бар. Осы мекемені паналап жүрген Аслан да бір кездері ана құшағындағы ерке бала, сүйікті жар, мейірбан әке еді. Жиһазға толы өз үйі, көлігі де көз алдында. Бірақ бір кездері ғана…

Бар бақытынан қалай, қайда көз жазып қалғанын есіне де түсіре алмады. Оның бар ғұмыры осыдан он жыл бұрын тоқтап қалыпты. Себебі ол сол жылы бәрін жоғалтқан.

– 47 жастамын. Есімім – Аслан. Тараз қаласында туып-өсіп, балалығым да осы қалада өтті. Әкем болмағандықтан анам көп жұмыс істеді. Бәлкім, мені асыраймын деп жатпай-тұрмай еңбек етіп жүріп, тәрбиеме көңіл бөле алмады ма, білмеймін. Бар білерім, анам мені оқытып, жұмысқа тұрғызып, баспанамен де қамтамасыз еткен. Үйлендім, екі сәби сүйдім. Бірақ мен басқа, көңілді, ессіз өмірді таңдадым. Себебі басында бәрі қызық болатын. Ащы судың буына еліткен сәтте өмір түрлі түске боялып, айналаң ғажап, тамаша көрінеді. Ең сорақысы да сол, мен өзімнің ішімдікке салынып бара жатқанымды мойындамадым. Емделіп, ішкілікті қойып, бұрынғы өміріме қайта оралғым келген сәтте арада көп жылдарымды желге ұшырып алғанымды ұқтым. Қасымда ешкім қалмағанын түсіндім. Бәріне өзім кінәлі екенімді мойындадым. Бірақ бәрі кеш еді. Мен ешкімді таппай, адасып қалдым. Кері қайтуға жол жоқ. Көше кезіп, қаңғып жүрдім. Жұрт тастаған қалдықты қорек еттім. Әлдекім осындай орталықтың бар екенін айтып, жол сілтеді. Енді осында келіп, жұмысқа тұруға ниет етіп жүрмін. Өткен уақытты кері қайтара алмайтынымыз қандай өкінішті. Екі қызымды іздеп тапқым келеді. Бірақ оларға не демекпін? «Осы уақытқа дейін қайда жүрдің, әке?» десе, не деп жауап беремін деп қиналамын, – дейді Аслан.

Иә, бұл орталықта ғұмыр кешіп жатқандар – қарашаңырағы қаңырап, туған жер мен туған үйіне баратын жолда адасып қалғандар. Бірі орта жолда опасыздықтан опық жеп, әділетсіздіктің қамытын киіп, іштегі отын сырттағы уытпен ұштастырып, жүректегі запыранды ащы сумен басып жүріп, бәрінен, барынан айырылған болса, енді бірі басына қонған бақты көтере алмай, ұшырып алған соң ғана қолын кеш сермеп, дүниеден баз кешіп кеткендер.

– Еркелеп өскен елік қыз едім, – деп бастады әңгімесін өзін Айнұр деп атаған әйел. Жоғары оқу орнын «Инженер технолог» мамандығы бойынша бітірген екен. Тұрмыс құрып, ана да атанған. Алайда отағасымен түсінісе алмай, ажырасып кеткен соң бала-шағасын ата анасына беріп, өзі бөлек кеткен. Міне, сол бөлек кеткелі еркіндігін еріккендікке теліп, жолы болмаған ғұмырын арақпен басамын деп жүріп, ащы сусыз жүре алмайтын күйге жеткен. Бүгінде ата-ана, туған-туыс, дос жараны бар болғанымен бәрі күдер үзген. Орталықта ащы су ішкізбейді. Алайда сәті туса, тартынбайтыны көрініп тұр. «Мен солай ішімдегі мұң-зарымды басамын. Кезінде туыстарым емдетпеді, көмектеспеді. Мен туған балама да керек емеспін. Жолым болмады. Енді бәрі кеш, – дейді ол жанарына жас толып.

Ал үстіндегі киімінің сау-тамтығы жоқ, 30-дан енді асқан жігіт көпбалалы отбасыдан шыққанын алға тартты. Ата-анасы өмірден озғаннан кейін бауырлары жан-жаққа босып кеткенге ұқсайды.

– Біз үйде 8 ағайындымыз. Мен 6-сыныпты бітіргенде ата-анам мал бағамыз деп тауға көшті. Содан кейін мектепке бармадым. Әкем ішкілікке салынған кісі еді. Үнемі мас болып жүретіні есімде. Анам бізді асыраймын деп күйбең тіршіліктің соңына түсіп, әкем мас болып жатқанда малды өзі бағатын. 15 жасыма дейін анамның аяулы да сүйікті, ерке ұлы болдым. Анам дүниеден өткенде өмірдің қызығы қалмады. Сөйтіп, 15 жасымда алғаш рет ішімдіктің дәмін таттым. Кейін үйленіп, үйлі-жайлы болдым. Бір жолы ішкіліктің кесірінен төбелес шығып, салдарынан 3 жылға бас бостандығымнан айырылдым. Әйелім күтпей, кетіп қалды. Содан кейінгі өмірім көшеде өтті. Екінші рет тағы да төбелесіп, сотталып шықтым. Әр күнім бір үзім нан таппасам да ашқұрсақ болып жүріп, арақ тауып ішумен өтті. «Шамы жарық, орталық көше» деп жаз айының түндерінде орталық алаңдағы орындықтарда ұйықтап өткіздім. Тек қыс айлары қиындық тудыратыны болмаса, көшенің өміріне үйрендік. Өз ісімнің дұрыс емес екенін білемін. Аяғымның саусақтарын дәрігерлер кесіп тастады. Сонда да арақ ішуді тоқтата алмадым. Ал бұл мекемеде ащы суды татып алдырмайды. Бір апта болды ішпегеніме. Ішкілікке салынған жылдарымның ішіндегі алғаш және ең ұзақ ішпеген кезім осы орталықта өтіп жатыр, – деді жігіт.

Біз одан өміріндегі ең үлкен өкінішті сәт пен қуанышқа толы кезеңдерін есіне түсіруін сұрап едік, есіне түсіре алмады. Ал өзегін өртеген өкінішін есіне алғанда жанарын жас жуды.

– Менің өмірімдегі ең өкінішті кезең – сегіз бауырымның бетіме қарап тұрып: «Сен біз үшін өлген адамсың!» деп айтқан сөзі. Ойыма түссе, өзегім өртенердей күй кешемін. Бір әкенің құшағы мен бір ананың құрсағынан шыққан жандардың осылай екі жаққа кетуі жанға ауыр тиеді екен. Менің бауырларым бүгінде Алматы қаласында тұрады. Бәрінің жағдайы жақсы. Үй-жайы, көліктері, бала-шағасы бар. Олар менің бар екенімді ұмытып та қалған шығар, – деді.

Расында, бұл орталықты бетке алғанның көбі кезінде «бетімен кеткендер». Ащы суды серік етемін деп жүріп ойланудан, ойға алудан қалғандар. Бүгінде қалған ғұмыры сол бір жұтым ащы судың ішінде кеткен…

Алайда жібі түзу, жөні бөлек жандар да жоқ емес. Мәселен, аты-жөні белгісіз, өткен өмірін ұмытып қалған ер адам туыстарын іздеп жүр. Бірақ ол сөйлей алмағандықтан жақындарын тауып беру мүмкін болмапты. Осыдан 3 жыл бұрын Тараз қалалық өмірлік қиын жағдайда қалған адамдарды қайта әлеуметтендіру орталығына аты-жөні белгісіз, жасы алпысты алқымдаған ер адамды бір топ кісі ертіп келген екен. Ол кісіні бейтаныс жандар көшеден тауып, сөйлей алмағандығын байқаған соң орталыққа жеткізіп тастапты.

– Өткені белгісіз, аты-жөнін де айта алмайтын тұрғынды туған-туыстары іздеп жүрген шығар деген ниетпен қанша дәрігерге көрсеттік, емдеттік. Алайда туабітті, әлде аяқ астынан душар болған дерт екенін ешкім дөп басып таба алмады. Бұл орталықта жүргеніне үш жыл болды. Сол жылдардың ішінде біреуді сағынғанын, іздегенін көрмедік. Өйткені бәрін ұмытып қалған сияқты. Осы орталықтағы ең мейірімді, ақкөңіл әрі еңбекқор адам осы. Біреуге ренжімейді және ешкімді ренжітпейді. Бәріне көмектескісі келіп тұратын ақжарқын пейіліне орай жақындары табылса екен деген тілегіміз бар, – дейді орталықтың еңбекке баулу нұсқаушысы Назира Бадышова.

Сол сәт біз де қарап қалмасқа бекініп, ойын қозғауға, әлденені есіне түсіруге ықпал етуге тырысып, қалам мен қағаз ұсындық. Ол ақ қағаз бетіне түсініксіз әлденені иректеп жазып берді де, «Көрдің бе, жаза алмаймын» деген ишара танытып, басын шайқады.

Оның қолында жазулар көп еді. Сол жазулардың ұшар басында, бас бармағына жақын жазылған «Рая» есімі тайға таңба басқандай көрініп тұр. Сол жазуды нұсқап, «Мынау кім?» деуге көштік. Онымыздан дым шықпады. Түк түсіндіре алмаған күйі тарқастық.

Аты-жөні белгісіз жанның лексиконында бар-жоғы екі-үш қана сөз бар. Оның бірі «мама» болса, екіншісі «Жамбыл».

Осы орайда Мұқағали Мақатаевтың «Сүрініп кетпе!» деген өлең жолдары еріксіз ойға оралды.

«Аңдамай кейде, басымыз-дағы кердеңдеп,

Құлап жатамыз, аяқ-қолымыз ербеңдеп.

Сүрініп алып, есіміз қайта келгенде,

Жоғалған сәтті іздейміз тағы жерден кеп.

Таппайсың оны,тартасың азап сан жылдар,

Аттай алмайсың, құлауың мүмкін, алдың – жар.

He істесем екен, нe істесем екен сендерге,

Сүрініп кетіп, бүлініп жүрген тағдырлар!»

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар