Басқосу барысында департамент бастығы Бақытжан Малыбаев Мемлекет басшысы мен ҚР Ішкі істер министрінің «Заң және тәртіп» қағидатын іске асыру жөніндегі тапсырмаларының орындалу барысы туралы бөліністердің есебін тыңдады.
Кездесуде департамент басшысы атқарылған жұмыстың аз емес екенін айта келіп, бірқатар кемшіліктің барын да жасырмады.
Кейбір қылмыстық істер бойынша сараптаманың уақытылы тағайындалғанына қарамастан тергеу әрекеттері ұзақ уақытқа созылады. Сондай-ақ оқиға орнында қызметкерлер қойылған міндеттерді толық көлемде орындамайды.
Б.Малыбаев балалардың құқықтарын қорғау үшін полицияның мемлекеттік органдармен және үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимылын күшейтуді тапсырды. Оның ішінде бопсалау мәселесіне мұқият назар аудару керек. 5-11-сынып оқушылары арасында анонимді сауалнама өзекті мәселелерді уақытында анықтауға көмектеседі.
– Мүлікті ұрлауға қатысты алдын алу жұмыстарын жандандыру қажет. Қызметкерлер әрдайым кінәні жәбірленушілердің өздеріне жүктейді. Бірақ халықпен тығыз жұмыс істеу арқылы қылмыстың алдын алуға болады. Бұл мәселе мал ұрлығына да қатысты. Қазір соғым маусымы жүріп жатыр. Иесіз, қараусыз жүрген малдарды да бақылауда ұстап, қажет болса, мамандандырылған тұраққа жіберіңіздер, олардың иелерін іздеңіздер, бірақ қылмыскерлерге мүмкіндік бермеу керек, – деген департамент бастығы мал мен ет өнімдері сатылатын базарларда, сауда орталықтарында рейдтік іс-шараларды ұйымдастыруды қатаң ескертті.
Жиында қаралған тағы бір маңызды мәселе – алаяқтыққа қарсы іс-қимыл. Жол-көлік оқиғаларының алдын алу да күн тәртібінен түспейді.
– Әр азамат өзін қауіпсіз сезінуі керек. Ол үшін құқық қорғау жүйесі үйлесімді және тиімді жұмыс істеуі тиіс. Заңды бұзған кез келген адам жазалануы керек. Әдемі сандар үшін емес, нақты нәтижелер үшін жұмыс жасаңыздар, – деп сөзін түйіндеді Б.Малыбаев.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ
«Сүрініп кетіп, бүлініп жүрген тағдырлар...»
Ұқсас жаңалықтар
Қазақстанның екі үлкен қаласында бет-әлпетті тану жүйесі іске қосылды.
- авторAR-AY
- 20 қараша, 2024