Мемлекеттік егемендік туралы декларация қабылданған Республика күні – қазақ елінің ұлттық мерекесі. 1995 жылдан бастап ұлттық мереке, 2001 жылдан мемлекеттік мереке ретінде тойланып келген бұл күн 2009 жылдан кейін атаусыз қалғаны белгілі. Ал екі жыл бұрын 29 қыркүйекте Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен «Ұлттық мереке» мәртебесі беріліп, елдің басты мейрамы ретінде қайта жаңғырды.
Мерейлі мерекеге орай орталықта ұйымдастырылған іс-шара балалардың туған жерге деген сүйіспеншілігін, патриоттық сезімін оятуды мақсат етті. Тәрбиешілер Республика күніне байланысты жан-жақты мағлұмат беріп, атаулы күннің маңыздылығын түсіндірді. Балалар музыка ырғағына ілесіп түрлі аспаптарда ойнап, туған жер, Отан туралы ән шырқап, ұлттық құндылықтарды насихаттау бағытында ұйымдастырылған дидактикалық ойындарға белсене қатысты.
Сонымен қатар іс-шара барысында «ЕвроХим» компаниясы демеушілік көмек ретінде 420 мың теңгеге емдік денешынықтыру бөлмесінің 36 шаршы метр еденіне балалардың денсаулық қауіпсіздігін сақтау мақсатында татами (даянг) төсенішін төсеп берді. Сондай-ақ жеткіншектерге арнайы сыйлықтарын тарту етті.
Мұқағали БАЛТАБАЕВ