Балалар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша Жамбылда жүйелі жұмыстар жүргізілуде
- author AR-AY
- 29 қазан, 2024
- 255
Бүгінде осыған орай Жамбыл облысында бірқатар мазмұнды жұмыстар жүргізілуде. Атап айтқанда, құқықтық тәрбие жұмыстарын жетілдіру, қылмыстың алдын алу және болдырмау мақсатында облыста 93мобильдік топтар құрылған. Мобильдік топтардың құрамына білім саласы қызметкерлерінің өкілдері, облыстық, қалалық, аудандық прокуратура мен полиция органдары енгізілген. Облыстың білім беру ұйымдарында 2024 жылы құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша бүгінгі күнге дейін 1244 іс-шара өткізілген екен.
Сондай-ақ, бұл бағытта нақты нәтижелерге қол жеткізу үшін өңірде «Бестерек», «Komek Stop Bullying», «Психологиялық қызмет HR+», АИК (Аналитикалық интернет карта) жобалары мен KiVa, «ДосболLIKE» сынды бағдарламалар даіске асырылуда.
Нақты тоқталсақ, оқушылар мен колледж студенттері арасында буллингтің алдын алу және психологиялық көмекті қажет ететін балаларға дер кезінде көмек көрсетуді ұйымдастыру мақсатында «Komek Stop Bullying» жобасыжүргізіліп жатыр. «Komek Stop Bullying» ақпараттық жүйесінің QR кодтарын облыстағы 434 білім мекемелеріне орнатылған. 2023 жылдың 28 тамызында ашылған «Komek Stop Bullying Jambyl» телеграм каналына 2024 жылдың 9 айында мектеп оқушыларынан 428 хабарлама келіп түскен. Жазбаша түскен 374 хабарламаның 26-сы буллинг, 14-і бопсалау, 9-ы тиісу орын алатыны туралы болса, 3-і тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы, 24-і мұғалімдерге шағымданса, 7-і ата-аналарға шағымданған, 56-ы көңіл-күйлерін білдіру түріндегі жазбалар болса, 235-і ойлары толық жеткізілмеген хабарламалар. Келіп түскен хабарламалар бойынша жедел алдын алу шаралары қабылданған. Буллинг, бопсалау, тиісу, тұрмыстық зорлық-зомбылық, мұғалімдер мен ата-аналарға шағымдану жөніндегі 66 шағым бойынша жедел түрде полиция бөлімдеріне хабарланып, полиция қызметкерлерінің қатысуымен ата-аналар жиналыстарында, комиссияларда қаралды. Нәтижесінде 49 оқушы мектепішілік есепке алынып, ата-аналарына ескертілді, жалпы 115 құқық бұзушылық әрекеттерінің жолы кесілген. Бұл жүргізілген жүйелі жұмыстың нәтижесі болса керек.
Облыста бұдан бөлек құқық бұзушылыққа қарсы іс-әрекеттерді реттеп, бағыт сілтер ҚР Үкіметінің 2023 жылғы 31 тамыздағы №748 қаулысына сәйкес, «Балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау, суицидтің алдын алу және олардың құқықтары мен саламаттығын қамтамасыз ету жөніндегі 2023 – 2025 жылдарға арналған кешенді жоспарды» іске асыру бойынша Жол картасы әзірленген.Аталған жол картасына сәйкес Мойынқұм ауданындағы Т.Рысқұлов атындағы тірек мектебі, Жуалы ауданындағы Әлихан Бөкейханов атындағы №15 мектеп-лицейі, Сарысу ауданындағы Балтабай Адамбаев атындағы тірек орта мектептерінде балаларды жәбірлеудің (буллингтің) профилактикасы жөніндегі финдік KiVa бағдарламасы сынақтан өткізіліп жатыр екен.
Өрімдей өрендердің арасындағы қақтығыстың алдын алады деп сенім артып, сынақтан өткізіліп жатқан бұл бағдарламадан аты да, заты да ерек бірнеше жобалар мен бағдарламалар бар.
Соның бірі, өңірдің 7 мектебінде бастау алған «ДосболLIKE» бағдарламасы. Достық пен оқушылар арасындағы жақсы қарым-қатынасты насихаттайтын бұл бағдарлама Байзақ ауданы Ы.Алтынсарин атындағы орта мектебінде, Қосақ негізгі мектебінде, Жуалы ауданы А.Байтұрсынов атындағы орта мектебінде, Сарысу ауданы Абылай хан атындағы мектеп-лицейінде, Тараз қаласындағы №25, №35, №42 сынды мектептерде жүзеге асырылып жатыр.
Сондай-ақ, өңірде «Кел, дос болайық!» акциясы бастау алған. «Шынайы достық – бақыт бастауы», «Буллингті бірге тоқтатайық» айдарымен өткізіліп жатқан «Кел, дос болайық!» акциясын насихаттау бойынша облыстың барлық елді мекендеріне билбордтар орнатылып, акция шеңберінде облыстағы білім бөлімдері мен білім мекемелерінде мектепішілік және сыныптарда 3565 іс-шара өткізілді.
Кәмелетке толмағандарға қатысты мәселелер жетерлік. Дегенмен, құзырлы мекемелер тарапынан жеткіншектердің әрбір мәселелесіне жіті назар аударылуда десек артық айтқандық болмас. Бұл сөзімізге облыстағы білім басқармасының әлеуметтік тапсырысы шеңберінде «Innovation psychology» республикалық қоғамдық қорының «Бестерек»жобасының облыс мектептерінде іске асырылып жатқандығы дәлел болмақ. Жобаның бірінші кезеңінде өңірде 634 жауапты білім мекемелерінің қызметкерлері біліктілікті арттыру курстарымен қамтылса, екінші кезеңде 638 педагог-психологтар мен 445 мектеп директорларына арналған оқыту курстары ұйымдастырылған. Жоба шеңберінде агрессияға бейім 2256 оқушы, балаларына қатігездікпен қарауға бейім 179 жайсыз отбасылары және сабақтан себепсіз көп қалатын 3080 бала анықталып, олар бойынша білім басқармасы мен полиция бөлімдері бірлесіп, жұмыстар жүргізуде. Сондай-ақ, әлеуметтік желілердегі дабыл белгілері бар 362 баланың және бұрын отбасында суицид орын алған 102 отбасылары бойынша білім басқармасы денсаулық сақтау мекемелерімен бірлескен жұмыстар жүргізіп жатыр. Қоғам болып күрескен мәселелерді оңтайлы шешуге ат салысып жатқан аталмыш жоба аясында өзін жалғыз және оқшау сезінетін 3743 бала спорттық шаралармен қамтылуда. Балаларына қатігездікпен қарауға бейім 179 жайсыз отбасыларының тізімдері бойынша профилактикалық түсіндіру шаралары қолданылды. Бүгінде жоба нәтижесінде анықталған кәмелетке толмағандарды оңалту бойынша 2024-2025 жылдарға арналған облыстық «Қауіпсіз балалық шақ» жобасы әзірленіп, іске асырылып келеді.
ХХІ ғасырды ақпараттық қоғам дәуірі десек, көп кеселдің тап осы шамадан тыс ақпараттан келіп жатарын жасыра алмаймыз. Бұл мәселелені шешу бойынша да Жамбылдағы мектептерге жаңа бағдарлама енгізілген. АИК бағдарламасы облыстағы 5 мектепке пилоттық негізде енгізіліп, жұмыс жүргізіліп жатыр. «ВКонтакте» және «Instagram» әлеуметтік желілеріндегі қауіпті топтарға тіркелкен мектеп оқушыларын анықтап, олармен профилактикалық жұмыстар жүргізуге мүмкіндік береді.
Жамбыл облысындағы білім алушылардың, тәрбиеленушілердің, педагогтардың, ата-аналардың психологиялық әл-ауқатын сақтауғажәне нығайтуға бағытталған психологиялық қызметтің бірыңғай жүйесін құру мақсатында Білім басқармасы жанынан Психологиялық қолдау орталығы ашылып, жұмыстар жасалуда. Өңірдегі білім мекемелерінде қызмет етеін психолог мамандардың біліктілігімен қатар оқушылар мен ата-аналарға да психологиялық көмек ұйымдастыратын орталықта алдағы уақытта 24/7 режимде тегін қызмет көрсететін сенім телефонының жұмысын ұйымдастыру жоспарлануда.
Құқық бұзушылықты жоюдың бірден-бір жолы оқушылардың мектептен тыс уақытын тиімді ұйымдастыру екені белгілі.
Басқарма тарапынан жасалған жалпы жұмыстар бойынша құқықтық кеңестердің шешімдерімен девиантты мінез-құлықты 490 оқушы мектепішілік есепке қойылып, олардың 270-і спорт секцияларына 34-і спорт мектептеріне, 22-і қолөнер, 24-і сурет, 16-ы шығармашылық, 7-і көркем-эстетикалық, 17-і жаратылыстану бағытындағы, 9-ы қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы, 5-і әлеуметтік-педагогикалық бағытағы, 4-і тілдік, 4-і өлкетану, 24-і техникалық, 14-і экологиялық, 17-і патриоттық бағыттағы үйірмелермен қамтылған.
Полиция бөлімдерінің есебінде тұрған 128 оқушының, 67-і спорт секцияларына 8-і спорт мектептеріне, 4-і қолөнер, 5-і сурет, 12-і шығармашылық, 4-і жаратылыстану бағытындағы, 2-і қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы, 1-і әлеуметтік педагогикалық бағыттағы, 3-і өлкетану, 5-і техникалық, 3-і патриоттық бағыттағы үйірмелерге тартылған.
Тұрмысы қолайсыз отбасыларын қолдауға арналған «Өмірлік дағдыларды қалыптастырайық», «Отбасы мен ұстаз бірлігі», «Отбасын бірге нығайтамыз» жобаларын ілгерілету бойынша шаралар қабылдануда.
Облыс көлемінде жүргізілген профилактикалық жұмыстардың нәтижесінде 2024 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша облыста кәмелетке толмағандармен жасалған қылмыстар 14,3% төмендеген.
Жасөспірімдер арасындағы бұл кеселдерді жою бағытында жауапты мекемелер тарапынан атқарылып жатқан жұмыстардың аз емес екендігінжіпке тізгендей жіктеп бердік, дегенмен, жас буындарды жағалай жайлаған мәселелермен қоғам болып күресу қажеттігін естен шығармайық.