Өңірдің қаңтар-қыркүйек айларындағы әлеуметтік экономикалық даму қорытындылары және бюджеттің атқарылуы қаралған жиында алдымен облыс әкімдігі экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Сандуғаш Абдралиева баяндама жасады. Сандуғаш Ермаханқызының айтуынша, есепті кезеңде негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 1,7 пайызға артып, жұмыссыздық деңгейі 4,8 пайызды құраған. Инфляция деңгейі жыл басынан 104,5 пайызды құрап, орташа республикалық көрсеткіштен 1,2 пайызға төмен қалыптасқан.
– ҚР Үкіметінің бірінші кезектегі іс-қимылдар жоспарына сәйкес экономикалық өсімді 6 пайыздан төмен емес деңгейде қамтамасыз ету мақсатында қаңтар-қыркүйекке белгіленген жоспардағы 6 көрсеткіштің төртеуі төмен. Атап айтқанда, өңдеу өнеркәсібінде, ауылшаруашылығында, саудада және байланыс саласында жоспар толық орындалмады. Өнеркәсіп саласында соңғы үш айда оң динамика байқалғанымен өнім көлемі әлі де өткен жылдың тиісті деңгейіне жетпеді. Есепті кезеңде облыстың өнеркәсіп кәсіпорындары арқылы 645,9 миллиард теңгеге өнім өндіріліп, бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 1,2 пайызға төмен болып отыр. Өңірлер бөлінісінде Жамбыл, Мойынқұм аудандары мен Тараз қаласында төмен қарқын байқалады. Сонымен қатар тау-кен өндіру саласындағы өсім 84,5 миллиард теңгені, электрмен жабдықтау 135,2 миллиард теңгені, сумен жабдықтау бойынша өсім 5,2 миллиард теңгені құрады. Сонымен қатар өнеркәсіп саласында үлесі 65,2 пайызды құрайтын өңдеу өнеркәсібінде 420,9 миллиард теңгеге өнім өндірілді, – деді Сандуғаш Ермаханқызы.
Баяндамашы ауылшаруашылығы саласында мал басы мен егіс алқаптары бойынша статистикалық деректердің қисынсыздығын атап өтті. Мысалы, деректерді өзектендіру кезінде 130 мың гектардан астам алқап тек қағаз жүзінде игерілгені белгілі болған.
Атқарылған жұмыстар туралы ақпарат ҚР Ауылшаруашылығы министрлігіне бірнеше рет жолданған. Осы бағытта Ұлттық статистика бюросы арқылы 1 тамызға дейін әрбір шаруалардың өтініші негізінде арпа-бидай, картоп және пияз дақылдары бойынша статистикалық деректерді ұсыну тапсырылған екен. Ауылшаруашылығы саласы өндірісінде ұсақ тауарларға байланысты 3 мыңнан аса шаруа қожалық тарапынан былтыр тапсырылған статистикалық деректерді түзету бойынша тиісті өтінімдерді жинақтау қосымша уақытты қажет етіпті. Осыған орай негізгі деректер 12 тамызда ұсынылған. Осылайша Ұлттық статистика бюросы арқылы 53 мың гектар бойынша өзектендірілген деректер өткен жылдың есебінен шығарылмай қалған. Соның салдарынан 9 айда ауылшаруашылығы саласында нақты орын алған өсімді көрсетуге мүмкіндік болмаған. Ауылшаруашылығы саласында жалпы 348 миллиард теңгеге өнім өндіріліп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда көрсеткіштің 5,7 пайызға төмендеуінің сыры осы.
Есепті кезеңде өсімдікшаруашылығындағы өнім көлемі де 9,7 пайызға қысқарып, 212,1 миллиард теңгені құраған. Сол сияқты малшаруашылығының өнімі 135,4 миллиард теңге өсімді көрсетіп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 1,8 пайызға артқан.
– Негізгі капиталға 328,3 миллиард теңге инвестиция тартылып, өсім 1,7 пайызды құрады. Дегенмен 30 миллиард теңгеге «Еврохим-Қаратау», 10 миллиард теңгеге «Корцем», 25 миллиард теңге қаражатқа «Qazaq Soda», 5 миллиард теңгеге «Шағала майнинг», 10 миллиард теңгеге «Talas Investment Company», 1,2 миллиард теңгеге «Қаратау Кемикалс» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерімен келісім жасалды. Аталған ірі жобалар есебінен 202 миллиард теңге көлемінде жеке инвестиция тартылады деп күтілуде. Есепті кезеңде 212,3 миллиард теңгеге құрылыс жұмыстары жүргізілді. Экономикалық өсімді қамтамасыз ету бойынша іс-шаралар жоспары аясында биыл 750 шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған болатын. Бүгінгі таңда 513,3 мың шаршы метр немесе тиісті кезеңмен салыстырғанда 2,3 пайызға артық тұрғын үй пайдалануға берілді. Сондай-ақ тоғыз айда бюджет қаражаты есебінен 664 пәтерлі 15 үй, оның ішінде 148 пәтерлі 3 жалға берілетін, 516 пәтерлі 12 кредиттік үй, жеке қаражат есебінен 931 пәтерлі 24 үй құрылысы аяқталды. Өңірде сауда айналымы 690,1 миллиард теңгеге жетіп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 2,1 пайызға артты. Оның ішінде бөлшек сауда айналымы 3,8 пайызға, көтерме сауда 0,1 пайызға, яғни 307,4 миллиард теңгеге артып отыр, – деген С.Абдралиева әлеуметтік саладағы көрсеткіштер деңгейі де жоғары екенін жеткізді.
Атап айтқанда, орташа айлық жалақы өткен жылмен салыстырғанда 10,6 пайызға, яғни 322,8 мың теңгеге, халықтың орташа табысы 12,7 пайызға немесе 147,4 мың теңгеге артыпты.
Облыста экономикалық өсімді 106 пайыз деңгейіне жеткізу бойынша 6 көрсеткіш белгіленгені белгілі. Ал көрсеткіштердің орындалуы – басты міндет. Осыны еске салған аймақ басшысы 8 айдың қорытындысымен 3 көрсеткіш орындалмай, 9 айда оған тағы ауылшаруашылығы саласы қосылғанын айтты.
Мұнан соң облыс әкімдігі цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Руслан Ноқрабековтен жылдық жоспарға қол жеткізу үшін қандай шаралар қабылданғанын сұрады.
– «Қазақтелеком» акционерлік қоғамы тарапынан тұрғын үйлерді желімен қамтамасыз ету үшін 1 миллиард 105 миллион инвестиция бөлінген. Аталған қаражат екінші жартыжылдықта бөлінгендіктен жұмыстар қараша-желтоқсан айларында толық аяқталады. Сондай-ақ «BS com» компаниясы Меркі ауданындағы Сарымолдаев, Жамбыл, Ойтал елді мекендеріне өз қаражаты есебінен 275 миллион теңге инвестицияға жеке үйлерді интернетке қосып, жұмыстар жүргізіп жатыр. Сонымен қатар 1 миллиард 300 миллион теңге инвестиция есебінен «Қазақтелеком» АҚ, «BS com» компаниясы тарапынан жыл аяғына дейін 110,1 көрсеткішке жетеміз деп ойлап отырмыз, – деді Руслан Москауұлы.
Облыс әкімі денсаулық сақтау, құрылыс, ауылшаруашылығы салаларында да межеге қол жеткізу үшін қандай жұмыстар атқарылып жатқанын пысықтап өтті. Облыс әкімдігінің құрылыс басқармасында жылдық жоспар артығымен орындалса, денсаулық сақтау саласында өлім-жітім саны артқан. Осы орайда облыс әкімі басқарма басшысына тұрғындардың денсаулығын назарға алып, скринингтен уақытылы өтуін қадағалауды тапсырды. Ал Тараз қаласында экономикалық өсімді қамту бойынша өңдеу өнеркәсібі, ауылшаруашылығы саласында жоспар толық орындалмаған.
Сондай-ақ облыс әкімі экономикалық даму көрсеткіштері бойынша көш соңында қалған Т.Рысқұлов ауданының әкімі Ернар Есіркеповтің жұмысын сын тезіне алды. Есепті кезеңде аталған ауданда инвестиция көлемі 61,2 пайызға, жеке инвестиция 77 пайызға төмен орындалған. Ал аудан әкімі болса, аймақта инвестиция тарту бойынша бірқатар қиындық барын айтып ақталды. Дегенмен алдағы уақытта ауданда инвестициялық аймақ құрып, инвесторлар тартуға күш салатынын жеткізді.
Ауылшаруашылығы саласындағы көрсеткіші төмен десек те, Жуалы өңірінде инвестиция көлемі 118 пайызға артық орындалған. Ауданда құс фабрикасын салу жөніндегі екі ірі инвестициялық жоба қолға алынған. Сөйтіп, 1,2 миллиард теңге қаражатқа электромобильдерді қуаттайтын бекет салу жоспарланып, қазіргі сәтте инвесторлар қарастырылып жатыр екен.
Ал Жамбыл ауданының әкімі Ерлан Қыдырәліұлының айтуынша, ауданда қаңтар қыркүйек айларындағы ауылшаруашылығы өнімінің жалпы шығарылымы 52,4 миллиард теңгені құраса, өнеркәсіп саласында 35,3 миллиард теңгенің өнімі өндірілген. Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 23,4 миллиард теңгеге тең. Есепті кезеңде ауданда 10,7 миллиард теңгеге құрылыс жұмыстары жүргізіліп, 64 856 шаршы метр жекеменшік тұрғын үй пайдалануға берілген.
Сондай-ақ жиында облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму, қаржы басқармаларының басшылары баяндама жасады.
Жиын соңында Ербол Шырақпайұлы аудан әкімдері мен басқарма басшыларына статистика бойынша жалған көрсеткіш бермеуін, жыл қорытындысымен орындалмау қаупі бар индикаторларға талдау жасап, айтылған кемшіліктерді жыл соңына дейін түзетуді тапсырды.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ