Тәуелсіздік бізге ұлттық, аймақтық және жаһандық ауқымдағы үлкен жауапкершілікті жүктеді. Қазақстан халқы өзінің бірлігі мен қажырлы еңбегінің арқасында уақыт сынынан сүрінбей өтті. Біздің басты міндетіміз – бірлік пен келісімді сақтап, нығайту. Бұл міндет еліміздің барлық азаматтарынан парасаттылықты, көрегендік пен өзара сыйластықты талап етеді.
Республика күні – халқымыздың рухын көтеріп, елдігімізді нығайтатын, бірлігімізді бекемдеп, ынтымағымызды арттыратын айшықты мейрам.
Бүгінде Қазақстан Республикасы әлеуетті әрі қарқынды дамып, өркендеп келе жатқан мемлекет, ал Қарулы Күштер – оның қауіпсіздігінің кепілі.
Республика күні ел үшін ұлттық маңызға ие болғандықтан мейрам қарсаңында Қазақстан Республикасының, оның ішінде облысымыздың бірқатар азаматы марапатқа ие болып жатады. Мемлекеттік мерекеде біздің әскери қызметкерлер де сый-құрметке бөленіп, лайықты бағасын алып жүр. Қолбасшылық жауынгерлерінің қызметіне адал берілгендігін, сарбаздық міндеттерін сапалы орындап, жұмысына жауапкершілікпен қарағанын, ұмтылысы мен қабілетін ҚР Қорғаныс министрлігі жоғары бағалап, дәрежесін көтеріп тұрады.
Облыс әкімдігі де әскери қызметкерлердің еңбегін назардан тыс қалдырмайтыны қуантады. Өткен жылы Республика күніне орай бірқатар офицер мен келісімшарт бойынша әскери қызметшілер облыс әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хатына ие болды. Біз үшін, яғни әскери қызметкерлерге облыс басшылығының назары түсуі өте құнды.
Көрсетіліп жатқан құрмет жергілікті билік пен жауынгерлердің арасында сыйластық бар екенін, әрі облыс басшылығының Отан қорғаушылардың еліміздің бейбітшілігін нығайтуға қосып жүрген үлесін шынайы бағалайтынын танытады.
Жамбылдық тұрғындар ел тыныштығын бұзатын жағдайлардан қорықпай, сарбаздардың өздерін қорғайтынына шынайы сеніп, тыныш ұйықтай алуы үшін «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлері жауынгерлік даярлықтарын шыңдай түсуде. Өңіріміздегі әскер мен жергілікті халықтың бір-біріне деген сенімі запастағы әскери қызметкерлерді даярлау кезінде анық байқалады. Міндетті әскери оқу-жаттығуда сарбаздар ғана емес, қарапайым азаматтар да сапқа тұрып, даярлықтан өтеді.
Әскери борышын өтеуге міндетті азаматтарды оқыту аясында биыл облыстық аумақтық қорғаныс бригадасы осындай бірнеше оқу жаттығу жиынын өткізді. Олардың барлығы облыс әкімінің тікелей басшылығымен ұйымдастырылды. ҚР Қарулы Күштерінің басшылығы да аталған іс-шаралардың жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын айтып өтті.
Республика күні – ұлттық мереке. Мейрам әсіресе Қазақстан армиясы әскери қызметшілерінің жүрегіне жақын. Біз алдағы уақытта да Қазақстан Республикасының тәуелсіздігін қорғау және оның қауіпсіздігін сақтау үшін бар күш жігерімізді салып, кәсібилік пен жауынгерлік әлеуетті арттыра береміз.
Барша қазақстандықтарды және облыс тұрғындарын «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының барлық әскери қызметшілері атынан Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын! Баршаңызға амандық пен бақ-береке тілеймін. Қазақ жерінде әрқашан татулық, бірлік, ынтымақ салтанат құра берсін!
Қуанышбек ҮШТАЕВ,
«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы
әскерлерінің қолбасшысы,
генерал-майор