Жалпы Қазақстанның мемлекеттік басқару жүйесі тәуелсіздік жылдарында қалай дамығаны, жаңа заңнамалық реформалардың жүзеге асырылуы, өркениетті елдермен арадағы алғашқы қарым-қатынасы бүгінгі жетістігіміздің бастауы екені баршаға аян. Дегенмен егемендіктің елең-алаң шағында халықтың әл-ауқатын көтеру, мемлекетті экономикалық тұрғыда дамыту оңайға соққан жоқ. Талай тарихи белестерді артқа тастағанымызбен алдымызда айтулы асулар тұр. Ал негізгі мақсат мұратымызға қол жеткізуіміз үшін не істемек керек?
М.Х.Дулати атындағы Тараз университеті «Педагогикалық психология» кафедрасының аға оқытушысы, «TALDAU» социологиялық және маркетингтік зерттеулер орталығының жетекшісі Бақыт Әлмұратов қазақ елінің болашағы жарқын болуы үшін қоғамдық сана жаңаруы керек деп санайды. Әлеуметтанушы бізбен әңгімесінде 1990 жылы қазан айының 25-і күні Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің шешімімен «Қазақ КСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы» декларация қабылданған сәттен бастап-ақ егеменді Қазақстан өзіндік көзқарасы бар жеке мемлекет ретінде әлемге таныла бастағанын, қабылданған декларация Қазақстанның болашақ тәуелсіздігінің іргетасы саналатынын сөз етті.
– Декларацияның қабылдануы арқылы қазақ елінің егемендігін мәлім ететін жеке территориясы, азаматтығы, мемлекеттік бюджеті, халықаралық қатынастардағы дербестігі, мемлекеттік рәміздері бекітілді. Қазақстанның егемендігі және территориясының тұтастығы саяси, құқықтық және экономикалық тұрғыдан дәйектелді. Осы кезден бастап демократиялық қоғам құру мақсатында ел ішіндегі қоғамдық-саяси құрылымға біраз өзгерістер енгізіле бастады. Бұл акт арқылы әлем картасындағы жаңа мемлекет – Қазақстан Республикасының негізі қаланды. Еліміз тәуелсіздігін алғаннан кейін, 1992 жылы алғашқы қарлығаштардың бірі болып шетелде білім алдым. Түркияның елордасы Анкара қаласындағы елдің алдыңғы қатарлы жоғары оқу орны Хаджеттепе университетінде әлеуметтану білім беру бағдарламасы бойынша оқыдым. Экс Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Түркияға келген бірнеше сапарының куәгері болдым. Екі елдің басшыларының кездесуінде болып, сыртқы саясат, экономикалық даму, қоғам дамуының негізгі тетіктері мен алғышарттары жайлы мәліметтер алдық. Қазақстанның тәуелсіздік алғанына биыл 33 жыл толып отыр. «Осы уақыт аралығында еліміз қалай дамыды?», «Қандай саяси-экономикалық өзгерістер орын алды?», «Халықтың әл-ауқаты, тұрмыс-тіршілігі, күнкөрісі қаншалықты жақсарды?» деген сауалдар әр азаматты ойландыруда. Әлеуметтанушы ретінде көп нәрсені айтуға болады. Еуропаның қауымшылдығы мен Американың жекешелік көзқарасы қазаққа дарымады. Қазақ этностық деңгейден ұлттық деңгейге енді көтеріліп келе жатыр. Орталық Азиядағы елдердің арасында қазақ қана ұлтшылдықты өзіне сіңіре алмады. Өзге ұлтты өзіне сіңіріп, ассимиляцияламады. Қазаққа тән төзімшілік (толеранттылық) қабілеті асқынды. Еліміздің бейбіт өмір сүруі қазақтардың төзімділігінің арқасында ғана орындалып отыр. Бізде ғана Ассамблея бар. Бұл кеңестік заманның жалғасы, әлі күнге дейін елімізді ұлттар лабораториясы ретінде көргісі келетіндер бар. Америкалық әріптесім, социолог, саясаттанушы Збигнев Казимир (Казимеж) Бжезинский 1980 жылдары Кеңес одағының тарайтыны жайында болжағаны рас болып, екінші болжамы дәлелденбеді. 15 одақтас республикалардың ішінен Қазақстан ғана Ресеймен қалып, тәуелсіздігін ала алмай қалады деген сандырағы жай әңгіме күйінде қалды. АҚШ-тың тыңшылары мұны 40 жылдан бері зерттесе де еліміз бодандықтан құтылып, қазақ елі өз алдына тәуелсіз ел болды. 1930 жылдары Алаш зиялысы, ұлт көшбасшысы Әлихан Бөкейханұлы Азияда ақылды, интеллектуал ұлт жапондар болса, Орта Азияда қазақтар деген болатын. Қазақтың қанының тазалығы, жанының адалдығы, кемеңгерлігі, ақыл-парасатының жоғарылығы азаттыққа бастайтынын және еркін ел болатынын дәлелдеп берді. Біз тәуелсіз ел болдық. Тереземіз өзгелермен теңесті. Енді не істемек керек? Біз рушылдық дертінен тез арада арылып, ұлттық сананы қалыптастыруымыз керек. Діни ахуалға да аса көп көңіл бөлгеніміз жөн. Конституциядағы «зайырлылық» ұғымына нақты түсінік беруіміз маңызды. Дін мемлекеттің, мемлекет діннің ісіне араласпайды деген бос сөз. Мемлекет дінді жіті бақылауында ұстау үшін бар қажыр-қайратын салуы керек. Экономикалық өсуді өндіріссіз, өндірісті ғылымсыз елестете алмаймыз. Білім беру, денсаулық сақтау саласындағы реформалардың жемісін көре алмай отырғанымыз шындық. Сырттан инвестиция тарту үшін қолайлы жағдай жасалынуы тиіс. Сыбайлас жемқорлықтан еліміз түпкілікті құтылып біткен жоқ. Осы мәселелер қоғамның тұтастай дамуына айтарлықтай кедергі болуда. Болашағымыз жарқын болуы үшін қоғамның санасын тазартуымыз қажет. Тұтынушы қоғамнан арылып, тойлық санадан тазаланумыз еліміздің ертеңіне, жарқын болашағына жол ашары сөзсіз, – дейді Б.Әлмұратов.
Тәуелсіздіктің құндылығы, бұл тұрғыда жастардың оңды көзқарасы аса маңызды. Осы орайда №6 Жамбыл аудандық өрт сөндіру бөлімінің жүргізушісі Нұрдәулет Елеубаевты да сөзге тартқан едік.
– Қазақстан Республикасының тәуелсіздігі бізге, жастарға шексіз мүмкіндіктер мен артықшылықтар сыйлады. Тәуелсіздігіміз жарияланғаннан кейін, яғни 1995 жылы дүниеге келіппін. Сондықтан тарихи кезең біз секілді жастардың өз елінде еркін өмір сүріп, өз жолымызды таңдауымызға мол мүмкіндік берді.Тәуелсіздіктің арқасында жастардың білім алу мүмкіндіктері кеңейді. Шетелдік оқу орындарында білім алуға, халықаралық білім алмасу бағдарламаларына қатысуға жол ашылды. Мамандық таңдау еркіндігі де кеңейді. Әрбір жас өзінің қызығушылығы мен қабілетіне сай келетін саланы таңдай алды. Сондай-ақ кәсіпкерлікпен айналысуды көздеген жастарға өз ісін ашып, бизнесте бағын сынауға жағдай жасалды. Ұлттық мәдениетімізді, тілімізді сақтап, дамытуға ерекше көңіл бөлінді, бұл жастардың рухани байлығын арттырды. Бүгінгі таңда жастар қоғамда маңызды рөл атқарады. Олар тек өзгерістерді қабылдаушылар ғана емес, сол өзгерістердің қозғаушы күші болып отыр. Жастар саяси белсенділік танытып, қоғамдық бастамаларға атсалысып, әлемдік деңгейде өз қабілеттерін көрсетуде. Тәуелсіздік жастардың шығармашылық пен инновацияны дамытуына, өз пікірін ашық білдіруге және қоғамға пайдалы жаңа идеяларды жүзеге асыруына ықпал етті. Өз кезегінде жастар да мемлекет ұсынған мүмкіндіктерді толық пайдалануда, – дейді Нұрдәулет Асқарұлы.
Жалпы тәуелсіздік жолындағы күресте ата-бабаларымыз біреуге бодан болмаудың қамымен күнін ат үстінде өткізді. Сондықтан да ұрпағына еркіндік пен бостандықтың құндылығын аманат етті. Демек, бұл мерекені тәуелсіздіктің бастауы деп білеміз. Сондықтан да мереке аясында халықтың бірлігін, ынтымағын, ұлттық рухын жаңғырту басты мақсат болмақ. Аталған мерекені тек тарихи дата емес, бүгінгі және болашақ ұрпаққа ұран болатын, елдің патриоттық сезімін оятатын күн ретінде бағалауға тиіспіз.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ