Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Егемендік пен бірліктің мерекесі

Егемендік пен бірліктің мерекесі
А.Қартабай
Тараз қаласындағы «Баласағұн» орталық концерт залында Республика күніне орай салтанатты жиын өтті. Іс-шараға зиялы қауым өкілдері, ардагерлер, жастар және қала тұрғындары қатысты. Жиын барысында облыс әкімі Ербол Қарашөкеев көпшілікті ұлттық мерекемен құттықтап, оның маңыздылығын ерекше атап өтті.

– Құрметті жамбылдықтар, қадірлі қауым! Баршаңызды ұлттық мереке – Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл – азаттықты аңсаған бабаларымыздың арманы орындалған күн. Республика күні – халқымыздың рухын көтеріп, елдігімізді нығайтатын, бірлігімізді бекемдеп, ынтымағымызды арттыратын айшықты мереке. «Егемендікке қол жеткізу оңай емес, ал оны сақтап тұру тіпті қиын», – деп Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, біз егемендігімізді көзіміздің қарашығындай сақтауымыз керек, – деді Е.Қарашөкеев.

Облыс басшысы өз сөзінде 2022 жылы Республика күніне ұлттық мереке мәртебесі берілгенін еске салып, оның еліміздің басты мерекелерінің біріне айналғанын атап өтті. Сондай-ақ Ербол Шырақпайұлы Тәуелсіздік декларациясының маңыздылығына тоқталып, оның еліміздің халықаралық қатынастардағы дербестігіне жол ашқанын баса айтты.

– Бейбітшілік – басты байлығымыз. Оның қадіріне жетіп, бағалай білу – бәрімізге ортақ парыз. Тәуелсіз еліміздің жүріп өткен жолын, қадірін кемеңгер халқымыз бен аға ұрпақ жақсы біледі. Біз бүгінгі жетістіктерімізге тәуелсіздік пен бейбітшіліктің арқасында қол жеткізудеміз. Оны жас ұрпақтың санасына сіңіре алсақ, шын мәнінде, бұл ұлттық болмыстың жаңғыруы болары сөзсіз. Ал жастарымыз тәуелсіз елімізді өркендету жолында жаңашыл бастамалардың иесі боларына сенімім мол. Осы ретте аға буын өкілдеріне ел үшін еткен еңбектеріңіз бен туған жерге деген жанашырлықтарыңыз үшін зор алғысымды білдіремін. Тұрақтылық болған жерде экономика дамиды, халықтың әл-ауқаты жақсарады. Әлемдегі геосаяси жағдайға қарамастан еліміз толағай табыстарға жетіп, қарқынды даму жолына түсті.

Құрметті көпшілік!

Дені сау ұлт – жарқын болашақ кепілі.

Биыл 26 денсаулық сақтау нысанын салу жоспарланып, бесеуі пайдалануға берілді, оның 3 нысаны «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасы аясында іске асты. Жыл соңына дейін тағы 16 нысанды пайдалануға беру жоспарлануда. Сондай-ақ 4 емдеу мекемесіне күрделі жөндеу жүргізілуде. Денешынықтыру және спортты дамытуға ерекше көңіл бөлініп, бұл салада да оң өзгерістерге қол жеткіздік. Бүгінгі күнге 4 спорт кешені ел игілігіне берілді. Осы саладағы ерекше жетістік – Парижде өткен жазғы Олимпиада ойындарында Елдос Сметовтің алтын медаль жеңіп алғаны. Бұл жеңіс жолын Паралимпиада жүлдегері Нұрдәулет Жұмағали да жалғастырды. Өңірдің жалпы бюджеті 696,7 миллиард теңгеге жетті. Өткен жылмен салыстырғанда облыс қазынасы 7,6 пайызға өсті. Бұл ауқымды қаражат облыстың өзекті мәселелерін шешуге, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға жұмсалуда.

Қадірменді жерлестер!

Еліміздің өркендеуі жолындағы қызметтеріңіз табысты, еліміз еңселі, тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын! Баршаңызға зор денсаулық, шаңырақтарыңызға береке бірлік тілеймін! – деді әкім өз сөзінде. 

Іс-шара барысында Ербол Қарашөкеев өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосқан азаматтарға III дәрежелі «Барыс», «Парасат», «Құрмет», III дәрежелі «Еңбек даңқы» сияқты мемлекеттік наградаларды табыстады. Атап айтсақ, III дәрежелі «Барыс» орденімен Тараз қалалық қоғамдық кеңестің төрағасы Сембек Сейдазимов, «Парасат» орденімен Жамбыл аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Рүстем Бегалиев, білім саласының ардагері Айша Ниязбекова марапатталды. Сонымен қатар салтанатты жиында «AULIEATA-MEDIA» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қарасты «Аq jol» газетінің аға тілшісі Жүрсінгүл Жақыпқа «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» белгісі табыс етілді.

Жиынның ресми бөлігі аяқталған соң Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармония өнерпаздары концерттік бағдарлама ұсынды. Ән мен күйге толы кеш көрермендерге рухани демалыс сыйлады. Филармония ұжымы қазақтың дәстүрлі өнерін паш етіп, халықтың ерекше ықыласына бөленді.

Айжан ӨЗБЕКОВА

 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар