Нақты айтқанда, ірі қалалардағы сауда орталықтары, базарлар, супермаркеттер санының артуы осы ойымызды нақтылай түседі. Дегенмен ауыл-аймақтарда сауда саласындағы инфрақұрылым деңгейі әлі де төмен. Оған ауылдық жердегі кішігірім дүкендердің тауарды алып-сатумен айналысқаны болмаса, отандық өнім өндіруішілер санының аздығы мен тұрғындардың олардың шығарған өніміне деген сұранысының төмен болуы әсер етуде.
Кейінгі кезде онлайн сауда қалада да, далада да қарқынды дами бастады. Электронды сауданың дамуы әлемдік пандемия кезінде күшейе түскен болатын. Сол кезден бастап жергілікті өнім өндірушілер интернет арқылы өнімдерін кеңінен таратуға берілген мүмкіндікті сәтті пайдаланды. Бұл ретте шағын және орта кәсіпкерлер үлкен артықшылықтарға ие болды. Осы орайда бүгінде ішкі сауда көлемінің артуына электрондық коммерцияның дамуы да оң әсер етті деуге толық негіз бар.
Ішкі сауда айналымының әлеуеті отандық өнім өндірушілердің нарықты қажетті тауарлармен қамтамасыз етуіне де байланысты. Дегенмен бұл салада әлі де атқарылуы тиіс жұмыстар жетерлік. Ішкі саудада отандық өнім өндірушілер өз тауарларын нарыққа үздіксіз шығаруға тырысқанымен біздің нарықта шетелдік өнімге тәуелділік әлі де жоғары екенін мойындауымыз керек. Бұл негізінде қазақ еліндегі ауыр өнеркәсіпте машина, түрлі тұрмыстық және электротехника шығару, металл өңдеу арқылы құрал-сайман жасау, құрылыс материалдарын өндіру, жеңіл өнеркәсіпте тоқыма, тігін, киім-кешек, тері және былғары өнеркәсібінде аяқкиім, сөмке секілді заттар шығару, тамақ өнеркәсібінде азық-түлік өндіру секілді бірқатар салада қатты байқалады. Қазіргі таңда Қазақстанда отандық өндіріс қарқынды дамып келе жатыр, алайда ішкі нарыққа импорттық тауарлар әлі де үстемдік құрып отыр. Сондықтан да отандық тауар өндірушілерге кешенді қолдау көрсете отырып, олардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру маңызды міндет болып қала береді.
Негізінде Үкімет отандық өнім өндірушілерді қолдау мақсатында түрлі шаралар қабылдап келеді. Мәселен, шағын және орта бизнесті қолдау мақсатында жеңілдетілген несие бағдарламаларын ұсыну, субсидиялар бөлу және салықтық жеңілдіктер жасау нарықты отандық өніммен қамтамасыз етудің басты амалының бірі. Осы тектес қолдаулар кәсіпкерлерге өндірісті дамытуға және ішкі нарықта өз орындарын нығайтуға септігін тиігізуде. Мемлекет өнімділікті арттыру, инновациялар енгізу және жаңа технологияларды қолдану арқылы отандық өндірісті қолдау үшін индустриялық даму бағдарламаларын іске асыруда. Ол отандық өнім өндірушілердің халықаралық деңгейдегі сапаны қамтамасыз етуі және бәсекеге қабілетті болуы үшін керек.
Сонымен қатар Үкімет импорттық тауарларға белгілі бір тарифтер мен салықтар енгізу арқылы отандық өндірушілерді қолдайтыны белгілі. Осы арқылы шетелдік тауарлар мен отандық өнім арасындағы бәсекелестікте қазақстандық өнім өндірушілер оған төтеп бере алатындай әлеуетті иеленуде. Тағы бір маңызды жайт, отандық кәсіпорындар үшін өнімдерін ішкі және халықаралық нарыққа шығару бойынша арнайы бағдарламалар іске қосылған. Жергілікті өндірушілердің маркетингтік стратегияларын дамытуға, сауда платформаларына шығуға және логистикалық қызметтерді жақсартуға бағытталған қолдау түрлері осындай жолмен де көрсетіледі.
Жалпы Қазақстанның ішкі саудасы бұдан әрі қарқынды дам уы үшін сауда нарығын әртараптандырудың маңыздылығы зор. Жергілікті өнімдердің сапасын арттыру және мемлекеттік қолдау шараларын күшейту арқылы отандық өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігін көтеру күн тәртібінде тұрған мәселе. Қазақстанның ішкі саудасы әрі қарай да елдің экономикалық өсуіне маңызды үлес қосуы үшін елімізде отандық өнім өндірушілерге жасалып жатқан қолдаулардың бір парасын сөз еткен артық болмас.
ҚР Сауда және интеграция министрлігі Сауда комитетінің төрағасы Айдар Әбілдабековтің айтуынша, ішкі сауда субъектілеріне көрсетілетін мемлекеттік қолдау шаралары түрлі бағытты қамтиды. Республикалық бюджеттік комиссияның шешімімен ішкі саудадағы жеке кәсіпкерлерге мемлекеттік қолдау көрсету үшін республикалық бюджеттен жақында 4 миллиард теңге бөлу туралы шешім қабылданған екен. Осының негізінде 1 қазаннан бастап ішкі сауда субъектілеріне мемлекеттік қолдау шараларын көрсету жоспарланған.
– Мемлекеттік қолдау шаралары 2 түрлі жолмен көрсетіледі. Оның бірі – несие мөлшерлемесін субсидиялау және несиеге кепіл болу. Жалпы мемлекеттік қолдау шаралары 4 түрлі мақсатқа бағытталған. Олар – сауда базарларын жаңғырту, сауда объектілерін салу, кеңейту, реконструкциялау, үй жанынан дүкен салу және осы салада IT- бағдарламалар жасау. «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне бизнесті жүргізу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының 2024 жылғы 6 сәуірдегі Заңы негізінде Сауда және интеграция министрлігіне сауда қызметі субъектілеріне мемлекеттік қолдау шараларын ұсыну құзыреті берілді. Заңды іске асыру үшін жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау шараларын көрсету қағидалары қабылданды. Мемлекеттік қолдау шараларын ұсынудың нақты тетігі мен шарттары айқындалды. Республикалық бюджеттік комиссияның шешімімен ішкі саудадағы жеке кәсіпкерлерге мемлекеттік қолдау көрсету үшін республикалық бюджеттен 2024 жылға 4 миллиард теңге бөлу туралы шешім қабылданды, – деді А.Әбілдабеков сауда субъектілеріне көрсетіле бастайтын мемлекеттік қолдау шараларын түсіндіру барысында.
Бұл бағдарламаға еліміздегі 3 мегаполис, яғни Астана, Алматы, Шымкент қалаларындағы сауда субъектілері және елдегі ойын-сауық орталықтары қатыса алмайды екен. Бағдарлама шарты бойынша сауда нысандарына қатысты жобаларын облыс орталықтарында жүзеге асыратын жеке кәсіпкерге берілетін қаржының шекті мөлшері – 3 миллиард теңге. Ал жобаны моноқалаларда немесе ауылдық елді мекендерде жүзеге асыратындар үшін берілетін шекті көлем – 1,5 миллиард теңге.
Инвестициялық мақсаттарға арналған жобаларды субсидиялау мерзімі 5 жылға дейін. Айналым қаражатын толықтыру үшін субсидиялау мерзімі 3 жылға дейінгі мерзімді құрайды. Несиеге кепіл жетпеген жағдайда ішкі сауда нысандары осы бағдарламаның «несиеге кепіл болу» тетігін қолдана алады екен. Жұмыс істеп тұрған субъектілер үшін – 50 пайызға дейін, жұмысын енді бастаған, құрылғанына 3 жыл толмаған нысандар үшін кредит сомасының 85 пайызына дейін несиеге кепіл болады. Мемлекеттік қолдау шаралары «Даму» қоры арқылы жүзеге асырылмақ.
ры арқылы жүзеге асырылмақ. Бір айта кетер жайт, мемлекеттік қолдау шараларына ие болған жеке кәсіпкерлер үшін қарастырылған қарсы міндеттемелер де бар. Мысалы, мемлекеттік қолдау алған ішкі сауда субъектісі сауда сөресінің 20 пайызын отандық азық-түлік өнімдерін өндірушілердің үлесіне беруі керек. Жалпы ішкі сауда ережесінде көрсетілген «сауда сөресінің 30 пайызы отандық азық-түлік өнімдерін өндірушілердің үлесіне берілуі керек» деген міндеттемені қосатын болса, бұл көлем 50 пайызға жетеді екен. Сондай-ақ қолдау алған ішкі сауда субъектісі сауда сөресінің тағы 20 пайызын отандық азық-түлік емес өнімдерін өндірушілердің үлесіне беруі қажет. Жалпы ішкі сауда субъектілерін мемлекеттік қолдау – экономикалық белсенділіктің өсуіне, әлеуметтік салаға, шағын және орта бизнесті, сауда инфрақұрылымын дамытуға мүміндік береді.
Соңғы жылдары азық-түліктен бастап кез келген тауар мен ақылы түрде көрсетілетін қызметтердің бағасы байлауға көнбей жатқаны белгілі. Жалпы бағаның жыл сайын тұрақты түрде қымбаттауының бірнеше негізгі себептері бар екенін айта кетуіміз керек. Оған әлемдік экономикалық факторлар, ішкі нарықтың ерекшеліктері, инфляция, валюталық айырмашылықтар және басқа да макроэкономикалық факторлар әсер етуде.
Мысалы, жоғарыда сөз еткеніміздей, Қазақстанда тұрмыстық техника секілді көптеген тауар сырттан импортталады. Бұл тауарлар көбінесе шетел валютасымен, әсіресе АҚШ долларымен сатып алынады. Егер доллар бағамы қымбаттаса, импорттық тауарлардың бағасы да өседі, себебі оларды сатып алу және тасымалдау құны артады. Бұл өз кезегінде отандық тауарлардың да бағасына әсер етеді. Өйткені шикізат пен құрал-жабдықтар, логистика секілді мәселелерді шетел нарығы реттеуде. Ұғынықты түрде айтсақ, отандық өндіріс тауарлары көбіне шикізат пен энергия көздеріне тәуелді. Егер отандық өндірушілер өндіріс барысында шетелдік шикізат немесе техниканы қолданса, олардың бағасы да шетелдік валютаға байланысты өзгереді. Сонымен қатар өндіріс шығындарының артуы (еңбекақы, коммуналдық қызметтер, көлік шығындары) тауар бағасының қымбаттауына әкеліп соғады. Тауарларды ішкі нарықта тасымалдау құны да маңызды рөл атқарады. Көлік шығындары, жанармайдың қымбаттауы, кедендік рәсімдер мен салықтар да бағаның өсуіне әсер етеді. Отандық өнімдердің қымбаттауының бір себебі кейде осы шығындарға байланысты орын алады. Сонымен қатар ішкі нарықта белгілі бір тауарларға сұраныс өскен кезде, егер ұсыныс шектеулі болса, бағалар көтерілуі мүмкін. Бұл әсіресе маусымдық азық-түлік өнімдері, тұрмыстық техника және басқа да тауарларға тән құбылыс.
Жалпы бағаның қымбаттауына инфляцияның да тигізер әсері бар. Бұл тұтыну нарығындағы барлық тауарлар мен қызметтердің қымбаттауына түрткі болады. Инфляция жалақының өсіміне қарамастан тауарлар мен қызметтердің құнын арттырады. Бұл құбылыс әсіресе азық-түлік, тұрмыстық техника, құрылыс материалдары секілді салаларда айқын көрінеді. Бұдан бөлек біздің экономикамыз, расында, әлі де мұнай және металл сияқты шикізат экспортына қатты тәуелді. Егер мұнайдың бағасы әлемдік нарықта төмендесе немесе басқа да экономикалық дағдарыстар бола қалса, теңге құнсызданады. Теңгенің әлсіреуі импорттық тауарлар мен қызметтердің құнын арттырады, соның нәтижесінде жалпы баға өседі. Ал қандай жағдай болмасын бағаны тежеу – экономиканың тұрақтылығын сақтаудағы маңызды мәселе. Қазақстанда бағаны ұстап тұруға немесе қымбаттауды бәсеңдетуге арналған бірнеше тиімді тәсіл бар. Бұл әдістер Үкіметтің және жеке сектордың белсенді әрекеттері арқылы шешілуде. Егер қандай да бір мемлекет тығырыққа тірелсе, инфляцияны тежеу үшін монетарлық саясатты қолданады. Негізінде ақша айналымының азаюы экономиканы тұрақтандыруға көмектеседі. Ақша массасының шамадан тыс көп болуы да бағаның өсуіне ықпал етеді. Сондықтан Ұлттық банк кейде халықтың қолындағы ақшасын жинап алып, орнына аз көлемде сол ақшаның жаңа түрін шығару әдісін қолданады. Өйткені ақша массасының көлемін бақылау арқылы инфляцияны тежеу маңызды.
Біздің елімізде бағаны төмендетуге қатысты ең таныс әдістің бірі – мемлекеттің кейбір тауарлар мен қызметтерге субсидия бере отырып, өндірушілер мен тұтынушыларға қолдау көрсетуі. Мысалы, ауылшаруашылық өнімдерін өндіру үшін тыңайтқыштар мен техникаға субсидиялар ұсынылса, азық-түлік бағаларының өсуі тежеледі. Сол секілді шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау мақсатында төмен пайыздық мөлшерлемелермен несиелер беру өндіріс шығындарын азайтып, бағаны тұрақты ұстауға жол ашады. Сонымен қатар Үкімет бүгінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізімін жасап, олардың бағасын бақылап отыр. Бұл тауарлардың бағасын қолдан өсіруге жол бермейді. Бірақ бағаны толық бақылауда ұстау көп жағдайда нарықтағы тепетеңдікті бұзуы мүмкін. Мемлекет кейде нарыққа өзінің қорларынан тауарларды енгізу арқылы (астық, ет, жеміс тағы басқа) бағаны тұрақтандыру үшін араласады. Бұл нарықтағы тауар ұсынысын көбейтіп, бағаның өсуін тоқтатады.
Жалпы импорттық тауарларға тәуелділік жоғары болған сайын валюта бағамы өзгеріп, баға қымбаттайтыны әмбеге аян. Сондықтан импортты алмастырушы отандық өнімдерді көптеп өндіру маңызды. Сол үшін Үкімет ауылшаруашылық, жеңіл және ауыр өнеркәсіп, өңдеу салаларына қолдау көрсетуде аянып қалмауы керек.
ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сүйенсек, еліміздің жалпы сауда саласы бойынша нақты көлем индексі 2024 жылғы қаңтар-қыркүйекте өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 106,3 пайызды құрапты. 2023 жылғы қаңтар-қыркүйекте көрсеткіш 110 пайыз болған екен. Осы жылғы қаңтар-қыркүйекте көтерме сауда көлемінің нақты көлем индексі 105,7 пайызды көрсетсе, бөлшек сауда көлемінің нақты көлем индексі 107,3 пайызға жеткен. Сауда саласының жалпы көлеміндегі елеулі үлес көтерме саудаға тиесілі болып отыр екен. Оның үлес салмағы 67,2 пайызды, бөлшек сауданың үлес салмағы 32,4 пайызды құраған.
2024 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында бөлшек сауда көлемі 14 935,7 миллиард теңгені құраған. Бұл 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 7,3 пайызға артық. Сауда кәсіпорындарының тауарларды бөлшек саудада өткізуі 6,1 пайызға, ал дара кәсіпкерлердің (оның ішінде базарларда сауда жасаушылар) сауда көлемі 2023 жылдың қаңтар-қыркүйегімен салыстырғанда 9,7 пайызға өскен. Жыл басынан бері жекеменшік нысанындағы кәсіпорындардың бөлшек саудадағы айналымы 13 518,4 миллиард теңге (бөлшек сауданың жалпы көлемінің 90,5 пайызын), ал шетелдік меншік нысанынан 1 417,3 миллиард теңге (9,5 пайыз) болған.
Осы жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша бөлшек саудадағы сауда кәсіпорындарының (есеп берген кәсіпорындар бойынша) тауар қорларының көлемі 1 643,6 миллиард теңгені құраған. Бөлшек сауданың жалпы көлеміндегі азық-түлік тауарларының үлесі 32,8 пайызды, азық-түлік емес тауарлардың үлесі 67,2 пайызды көрсеткен. Азық-түлік тауарларын өткізу көлемі 2023 жылдың қаңтар-қыркүйегімен салыстырғанда 8,4 пайызға, азық-түлік емес тауарларды өткізу көлемі 6,7 пайызға ұлғайған. 2024 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында республиканың бөлшек саудасының жалпы көлеміндегі ең үлкен үлесі Алматы (32,5 пайыз), Астана (13,1 пайыз) мен Қарағанды (7,6 пайыз) қалаларына және Шығыс Қазақстан облысына (5,8 пайыз) тиесілі екен.
2024 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында көтерме сауда көлемі 30 949,3 миллиард теңгеге жетсе, 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда бұл 105,7 пайызға артық. Көтерме тауар айналымында азық-түлік емес тауарлар мен өндірістік-техникалық өнімдер негізгі үлесті (80,9 пайыз) алады екен. Еліміздегі көтерме сауданың басым үлесі Алматы қаласына тиесілі. Алматы қаласы – 36,1 пайызға, одан кейін Астана қаласы – 16,5 пайызға, Атырау облысы – 14,7 пайызға және Қарағанды облысы 6,3 пайызға ие.
Өз облысымызда тауарлар мен көрсетілетін қызметтің өткізу көлемін сөз етсек, қыркүйек айында бірқатар оңды нәтиже байқалған. Бөлшек саудада жалпы сома 51 295 225 теңгені құрапты. Оның ішінде азық-түлік тауарлары 18 840 811 теңгеге сатылса, азықтүлік емес тауарлар 32 454 414 теңгеге жеткен. Көтерме саудада жалпы сома 48 468 326 теңге болған. Бұл соманың 35 пайызы азық-түлік тауарларына тиесілі, ал қалған бөлігін азық-түлік емес және өндірістіктехникалық тауарлар құрайды.
Облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалдыинновациялық дамыту басқармасының басшысы Аспандияр Сейсебаевтың айтуынша, өңір бойынша 2024 жылдың қаңтар-тамыз айларында ішкі сауда көлемі 590,2 миллиард теңгені құраған (НКИ – 100,3 пайыз). Оның ішінде бөлшек сауда 329,9 миллиард теңге болса, нақты көлем индексі – 102,9 пайызды құраған. Ал көтерме сауда 258,9 миллиард теңге болып, нақты көлем индескі 97,1 пайыз деңгейінде қалыптасқан.
– Көтерме сауданың төмендеу себептері бензин мен дизель отынын өткізу көлемінің азаюына, яғни мұнай өнімдерін көтерме саудада өткізу бөлігінде заңнамалық нормалардың қатаңдатылуымен байланысты болып отыр. Облыс бойынша жылдық инфляция 4,5 пайызды құрады. Азық-түлік тауарлары бойынша инфляция 2,3 пайызды (Қазақстан Республикасы бойынша – 2,9 пайыз), азық-түлік емес тауарлар бойынша 4 пайызды (Қазақстан Республикасы бойынша – 5,6 пайыз), ал ақылы көрсетілетін қызметтер бойынша 11,2 пайызды (Қазақстан Республикасы бойынша – 9,9 пайыз) көрсетті. Сонымен қатар әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының инфляциясы жыл басынан бері 3,2 пайызға жетті. 19 түрлі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарының бағасын тұрақтандыру мақсатында қажетті шаралар қолға алынды. Азық-түлік бағасын тұрақтандырудың негізгі тетігі ретінде өңірлік тұрақтандыру қорынан интервенция жүргізу жұмыстары атқарылуда. Бүгінгі күнге дейін тұрақтандыру қорынан жыл басынан бері 148,8 тонна және 1 175,8 мың дана тауарға интервенция жүргізу арқылы араласу ісі жүзеге асырылды. Тауарлар бойынша нақты интервенция көлемін сөз етсек, 5 тонна қарақұмық жармасы 41 сауда дүкеніне, 56,4 тонна күріш 41 сауда орнына, 10,3 тонна ұн 40 сауда дүкеніне, 14,3 тонна картоп 3 сауда орнына, 2,2 тонна қырыққабат 3 сауда дүкеніне, 46,5 мың литр күнбағыс сұйық майы 55 сауда дүкеніне, 14,1 тонна сәбіз 18 сауда дүкеніне, 1 040,4 мың дана тауық жұмыртқасы 55 сауда орнына интервенцияланды. Тараз қаласында 16 әлеуметтік дүкен бар, олардың бағалары басқа дүкендермен салыстырғанда айтарлықтай төмен болып отыр. Көкөніс тауарлары бойынша 2024-2025 қысқы маусымаралық қажеттілікті қамтамасыз ету мақсатында 6 800 тонна көлемінде форвардтық келісімшарт қоры қалыптастырылды. Қалыптасқан қордың есебінен қысқы маусымаралық кезеңде интервенция жұмыстары жүргізіледі. Форвардтық келісімшарт қорындағы көкөніс көлеміне келсек, 1 050 тонна пияз, 4 050 тонна картоп, 840 тонна сәбіз, 860 тонна қырыққабат бар. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру тетігінің бірі – артық делдалдық буынды жою. Бүгінгі таңда артық делдалдық буынды жою комиссиясының 79 отырысы өтіп, 103 құқықбұзушылық фактісі анықталды. Фактілердің басым бөлігі жарма және көкөніс тауарларында орын алды. Сонымен қатар облыстың сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментімен 51 әкімшілік ескерту хаттамасы толтырылып, 14 айыппұл шарасы қолданылды, – дейді Аспандияр Мұратәліұлы.
Біз ішкі сауда саласы бойынша қолымыздан келгенінше талдау жүргізе отырып, кәсіпкерлерді қолдау шаралары, инфляция деңгейі, еліміз бен облыс бойынша сауда айналымының динамикасы жайлы сөз қозғадық. Негізінде облыста ішкі сауданы дамыту және бағаларды тұрақтандыру мақсатында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Кәсіпкерлерді қолдау бағдарламалары мен тұрақтандыру қорларының жұмысы тиімді ұйымдастырылып, делдалдық буындарды жою арқылы бағаның өсуін тежеу жолында нақты қадамдар жасалуда. Азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мақсатында интервенциялардың жүзеге асырылуы мен форвардтық келісімшарттардың қалыптастырылуы облыстың әлеуметтік-экономикалық жағдайын нығайтуға бағытталған маңызды шаралар деп білеміз.
Десе де қоғам бағаға қатысты тиісті мекемелердің жұмысы мен атқарған шаруалардың нәтижелерін бақылап отыруы керек. Бұл өз кезегінде облыстың ішкі саудасын әрі қарай дамытуға, тұрғындардың арзан бағада сапалы өніммен қамтамасыз етілуіне мүмкіндік береді. Бұл ретте баға мен тауар сапасына қатысты тұрақты мониторинг жұмысын жүргізуді, кәсіпкерлердің пікірін ескеруді, әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын бақылау және халықтың сұранысына сәйкес қызмет көрсетуін қадағалауды тиісті орындар тоқтатпауы керек.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ