Шу ауданы төтенше жағдайлар бөлімінің бас маманы Бақыт Бегалиев 1989 жылы 27 сәуірде Шу ауданы, Шу қаласында дүниеге келген. Шу қаласындағы Сәкен Сейфуллин атындағы орта мектепті тәмамдағаннан кейін 2017 жылы Көкшетау қаласындағы Көкшетау техникалық институтында «Өрт қауіпсіздігі» мамандығы бойынша білім алады.
Бақыт – төтенше жағдайлар саласында 10 жылдан аса тәжірибесі бар білікті маман. Осы уақыт ішінде ол аудан аумағындағы табиғи және техногенді сипаттағы төтенше жағдайларды жою және алдын алу жұмыстарын абыроймен атқарып, көптің алғысына бөленді.
Бақыт Бегалиевтің адал еңбегі мен кәсіби біліктілігі Шу ауданының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, халықтың амандығын қорғауға зор үлес қосып келеді.
Тараз қалалық төтенше жағдайлар басқармасының бас маманы, азаматтық қорғау капитаны Бақытжан Өтешов 1995 жылы Тараз қаласында дүниеге келген. Жастайынан білімге құштар Бақытжан «Дарын» мектебін тәмамдаған. 2013 жылы Көкшетау қаласындағы техникалық институтта «Өрт қауіпсіздігі» мамандығына оқуға түскен. Институтты 2018 жылы бітіріп, Санкт-Петербург қаласындағы Өртке қарсы қызмет университетінде білімін жалғастырған.
Бақытжан еңбек жолын 2022 жылы Тараз қалалық төтенше жағдайлар басқармасында аға инженер лауазымынан бастаған. Ол қызмет атқару кезінде өзін тәртіпті, еңбекқор қызметкер ретінде көрсетті. Бақытжанның тікелей қатысуымен 2023 жылы өрт оқиғаларымен байланысты 3 қылмыстық іс, ал 2022 жылы 4 қылмыстық іс қозғалып, тергеп-тексеру амалдары сәтті жүргізілген. Ол ұжым ортасында сыйлы, сабырлы және сөзі өтімді. Қоғамдық іс-шараларға белсенді атсалысып келеді.
Талас аудандық төтенше жағдайлар бөлімінде қызмет етіп жүрген бас маман Алмаз Мелдеев те өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын, білімді, сауатты маман. Ол әртүрлі төтенше жағдайларда әрекет етуді ғана емес, сонымен қатар адамдарды құтқару өнерін де меңгерген. Оның жұмысы күнделікті тәуекелмен және шешім қабылдау жылдамдығымен байланысты.
Төтенше жағдайлар қызметі – әрдайым жоғары дайындықты талап ететін сала. Алмаз Асқарұлы жылдар бойы тәжірибе жинап, өз саласында құрметке ие болды. Оның білімділігі, жауапкершілігі және адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге деген талпынысы оны өзгелерден ерекшелеп тұрады.
Алмаз Асқарұлының жетекшілігімен эвакуациялау жұмыстарын жүргізу кезінде 23 ересек адам, оның ішінде 4 кәмелеттік жасқа толмаған бала құтқарылған.
Сарысу ауданы, Саудакент ауылы №11 өрт сөндіру бекетінің бастығы, азаматтық қорғау аға лейтенанты Әділет Бекенов еңсесі тік, еңбегі еленген азамат. Ол азаматтық қорғаныс саласында 2013 жылдан бастап қызмет атқарып келеді. Ең алғашқы еңбек жолын Тараз қалалық №3 өрт сөндіру бөлімінде өрт сөндіру автокөлігінің жүргізушісі лауазымынан бастаған. 2018-2020 жылдар аралығында аталған өрт сөндіру бөлімінде өртсөндіруші-құтқарушы болып еңбек еткен. 2020- 2024 жылдары Сарысу ауданы төтенше жағдайлар бөлімінің аға инженері лауазымында қызмет атқарса, қазіргі уақытта Саудакент ауылындағы №11 өрт сөндіру бекетінің бастығы қызметінде халықты түрлі сипаттағы төтенше жағдайлардан қорғау жолында еңбек етіп келеді.
Әділет қатысқан мына бір жайт көптің есінде. 2024 жылдың 7-9 шілдесі аралығында Сарысу ауданы аумағында қатты жауын салдарынан көлбеу ағын қалыптасып, Жаңатас қаласындағы 400-ден астам тұрғын үйдің ауласына су жайылып, тіпті жаңбырдан жиналған су кейбір үйге кіріп кетті. Сондай-ақ бір орта мектептің жертөлесіне де су жайылады. Міне, осындай төтенше жағдай кезінде Әділет әріптестерімен бірге су жайылған аумақтан жалпы көлемі 20 175 текше метр суды сорып шығару жұмыстарын жүргізді. Үш күнге созылған мазасыз сәтте Әділет және оның әріптестері тынымсыз еңбек етті.
Міне, осындай еңбегімен ел көңілінен шыға білген азаматтарға қашанда құрмет жоғары. Білімі мен біліктілігін ұштастыра білген бүгінгінің батырлары көпке үлгі, жастарға жол көрсетуші.
Мұқағали БАЛТАБАЕВ