АВТОБУСТА АБАЙ БОЛУ КЕРЕК
Клептоманиядан бөлек, пайда үшін де ұрлық істеуді, саналы түрде пайда табу үшін біреудің затын жымқырып кетуді табыс көзіне айналдырып алғандар бар. Олар жұмыс істеуге енжар болғандықтан ұрлық жасауды жұмыс істеуден оңай көріп, оны кәсіпке айналдырып алған.
Мамандардың айтуынша, облыс бойынша биыл жыл басынан бері қалта ұрлығының 44 дерегі тіркеліпті. Қалта ұрлығының дені негізінен азаматтар көптеп жиналған қоғамдық орындарда, яғни адам жиі шоғырланатын жерлерде орын алады. Ең бірінші, затының қолды болуына адамның өзі немқұрайдылығымен мүмкіндік береді екен. Ұрлық автобус, базар, сауда орталығы сынды адам бір-біріне иін тіресе жақын, топ болып жиналып тұратын жерлерінде орын алады.
– Әрбір тіркелген ұрлық ісіне шара қабылданады. Есепке алынған 40 қалта ұрысына профилактикалық ықпал ету шаралары қолданылды. Оларды оқшаулау мақсатында 10 кәсіби қалта ұрысы уақытша ұстау изоляторына, ал төртеуі қайта ұрлық жасағаны үшін қамауға алынды. Жыл басынан бері жолаушылар тасымалдайтын компаниялардың басшыларымен екі рет кездесу өткізілді. 84 автобуста бейнебақылау камераларын орнату қамтамасыз етілді. Күн сайын қоғамдық орындар мен оқиға ең көп орын алатын маршруттық желілер бойынша тиісті жұмыс жүргізілді. Ұялы телефон ұрлау фактісі 39,3 пайызға төмендеді, ашылуы 3,1 пайызға артты, – дейді облыстық полиция департаменті ақпараттық саясат бөлімінің бастығы Гүлсара Мұхтарқұлова.
Қалта ұрлығының алдын алу мақсатында жүйелі түрде қоғамдық көліктерде дыбыс ұлғайтқышпен ескерту жүргізіледі екен. Бұл тұрғындардың құнды заты қолды болмауы үшін керек.
– Қоғамдық көліктерде қалта ұрлығы адам қарасы көп болған уақытта орын алады. Көбісі көліктен түскеннен кейін затын іздеп келіп, сұрап жатады. Ол кезде бәрі кеш болады. Дер кезінде, яғни ұрлық үстінде ұстап алмағандықтан нағыз әккі ұрыны тап басып тану, қолға түсіру екіталай. Олар өз құрбандарын бақылап тұрып, оңтайлы уақыт туа сала керекті затын «зып» еткізіп алып, көліктен тезірек түсіп, оқиға орнынан жылдам бой тасалауға, қысқасы, құрыққа ілінбей тұрғанда құтылып кетуге асығады. 20 жылдық қоғамдық көлік жүргізген тәжірибемде 5-6 рет ұрыны ұстап бергенмін. Байқағаным, олар топтасып жүреді. Яғни бірі затты ұрлап алса, оны лезде екіншісіне бере салып, ол үшіншісіне өткізіп, солай сытылып кетеді де, соңғы алған адам қоғамдық көліктен түсіп, оқиға орнынан тез бой тасалайды. Қасыңда тұрған адамдардан күдіктенесің, бірақ ұрланған зат арғы бетке өтіп кеткен соң ештеңені де дәлелдей алмай дал боласың. Бірде аялдамаға тоқтадым. Бір жас жігіт қасында қалғып отырған әйелдің сөмкесіне қолын сумаңдатып, ішін ақтарғанын байқап қалдым. Көзі басқа жақта, көңілі сөмкеде. Саусақтары сөмке ішінде ненің бар-жоғын зерделеп жатқаны анық. Ұры менің көріп қойғанымды біліп, лезде ашық есіктен секіріп түсіп қаша жөнелді. Бетпердемен бетін тұмшалап алыпты. Жүзін анық көре алмай қалдым. Ол солай құтылып кетті. Тағы бір жолы айнадан бір әйелдің біреудің қалтасына қол сұғып жатқанын байқап қалдым. Дереу дауыс көтеріп, әлгі әйелді ел алдында масқаралап, суретке түсіріп алдық. Тәртіп сақшыларын шақырмақ болып едік, өлердегі сөзін айтып, жалынған соң жөніне жібердік. Сол оқиғадан кейін көбіне ұрылардың тап-тұйнақтай киініп, ештеңе сездірмей жүретінін ұқтым. Ал енді бірде жас баланың көз ілеспес жылдамдықпен егде әйелдің қалтасынан ұялы телефонын қалай алғанын көріп қалдым. Ол менің көргенімді байқамастан ісін бітіріп болып, бейжай тұра берді. Аялдамаға көлікті тоқтатып, әлгі баланы бас салдым. Сөйтсем, артқы орындықта отырған қыз «Менің де телефоным жоқ» деп баж ете қалды. Тексере келе, бір уақытта әлгі ұрының екі телефон ұрлап үлгергенінің куәсі болдық. Зардап шегушілер тәртіп сақшыларын шақырып, ұрының үстінен арыз жазып жатты. Негізі ұрлықтың көбі автобус салонының ортасында, шығар есіктің маңында болады. Бұл ұрының бірден жалтаруына қолайлы орын. Тәртіп сақшылары да, біз де бұл мәселеге көз жеткізгенбіз. Сол себепті автобусқа мінген жолаушыларға өздері түсер уақытта абай болуға кеңес беремін, – дейді Тараз қаласында тұратын қоғамдық көлік жүргізушісі Асылбек Орманов.
Иә, желмен жарыса жүйткіген көлікте де, түрлі сауда орындары мен базарларда да ұры-қарының жұмысы тоқтамайтыны анық. Олар үшін таптырмас орта – қысылып-қымтырылып, онсыз да шаршап тұрған халық тығыз жиналған орта. Әккі ұрылар сондай шоғырдың арасына сүңгіп, ары-бері қозғалақтап барып адамды итергенсіп, құр қол шықпай, әлденені жымқырып кетуді мақсат тұтады. Әсіресе көліктің қозғалысын пайдаланған олар қасақана итеріп жіберіп, сөмкеге қол жүгіртіп, ұялы телефон, әмиян, әйтеуір қолына ілінгенін алып, жақын аялдамадан алаңсыз түсіп кететінін аңғармай да қаласың.
Қалта ұрысы еш уақытта жалғыз өзі жұмыс істемейді. Себебі сол, серіктестерінің бірі тежейді, яғни жәбірленушіге кедергі келтіреді. Екіншісі ұрланған затты алып, тайып тұрады. Мамандардың айтуынша, ұрылардың қолында міндетті түрде үлкен кітабы, журналы, газеті, пакеті болады немесе киімін қолына іліп алады екен.
Бұл – ұрланған затты жасыру үшін қажетті айла. Ұрлау барысында қолындағы затымен сөмкені немесе қалтаны қалқалап тұрып, қол сұғуға ыңғайлы. Осылайша оның не істеп жатқанын өзгелер байқамайды. Ал қыс мезгілінде қалташылар қолғап кимей, қолын шалбардың қалтасына салып жылытатын көрінеді. Сонда олардың қолдары қимылдауға икемді болады.
Дәрігерлердің айтуынша, клептоманиядан айығудың жолы – антидепрессиялық дәрілер. Бірақ осы аурудан арылу үшін дәрігердің көмегіне ерікті түрде жүгінетіндердің саны 15 пайызды ғана құрайды екен. Осыған орай Гарвард университетінің ғалымдары бірнеше клептоманға емдік шаралар қолданып, зерттеу жүргізген.
Нәтижесінде ғалымдар «Олар біреудің затын қолды етуге еріксіз итермелейтін ішкі сезімдерден зардап шегеді» деген қорытындыға келген. Сондай-ақ клептомандардың көбісі психикалық үлкен соққыларға ұшыраған жандардан шығатындығы да тұжырымдалған. Ғалымдардың айтуынша, олар адамның көңіл күйіне тікелей әсер ететін ағзадағы серотониннің жетіспеушілігінен де зардап шегетін көрінеді. Сол себепті антидепрессиялық дәрілерді қабылдау ағзадағы серотонин деңгейін көтеріп, клептомания синдромын әлсіретеді деп есептейді.
ШАРИҒАТ НЕ ДЕЙДІ?
Ұрлық істеген адам Алла алдында жазасыз қалмайды. Шариғат заңы бойынша, ұрлық істегендерге бұл дүниеде де, ақыретте де ауыр азап бар көрінеді. Біреудің малмүлкін рұқсатсыз, заңсыз түрде алудың барлық түрі ұрлыққа жатады екен.
– Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен хадисте Алланың елшісі (с.а.с.): «Зинақор зина жасағанда иманды емес, ұрлықшы ұрлық істеп жатқанда иманды емес, арақ ішуші арақ ішіп жатқан кезде иманды емес», – делінген. Бұхари, Мүслім, Әбу Дәуіт, Термези, Нәсәилер риуаят еткен. Ұрының шариғаттағы жазасы – қолын кесу. Алла Тағаланың Құран Кәрімде: «Мейлі еркек, мейлі әйел болсын, егер ол ұрлық жасаған болса, олардың қолдарын кесіңдер. Алланың жазасы – сол. Алла Үстем һәм Дана» деген сөзі бар. Ел ішінде «Құдайдан қорықпаған адамнан қорық» деген нақыл бар. Қиямет күні барлық қылмыстың, жасырылған жымысқы әрекеттердің беті ашылып, кінәлілер жазаланары хақ. Ол күні ешкім ештеңе де жасыра алмайды. Бәрін білуші Алла Тағала мұсылмандарға бұрынғы қауымдардың қылған қылықтары мен қылмыстарын қайталамауға бұйырады. «Алтын мен күмісті жинап, оларды Алла жолында жұмсамағандарды күйзелтуші азаппен сүйіншіле. Сол күні (қиямет күні) алтын мен күмістері жаһаннам отына қыздырылып, онымен олардың маңдайлары, қабырғалары және арқалары күйдіріледі де: «Мынау өздерің үшін жиғандарың. Ал енді жиғандарыңның дәмін татыңдар», – делінеді екен (Тәубе, 34, 35). Шындығында, «Судың да сұрауы бар» дегендей, пенденің әрбір істеген жамандығы да, жақсылығы да қиямет күні алдынан шығады. Ол күні Алла Тағаланы ешкім де алдай алмайды. Алла пайғамбарларға бұйырғандарды иман келтіргендерге де бұйырыпты: «Ей, елшілер! Жақсы нәрселерден жеңдер, ізгі істер істеңдер. Мен сендердің не істегендеріңді білушімін» (Мүминун, 51). «Ей, иман келтіргендер! Сендерге ризық еткендердің жақсыларынан жеңдер» (Бақара, 172). Сонан соң Расулалла (с.а.с.) алыс жолдан әбден қалжырап шаршаған, сақал-шашы өсіп, үсті-басы шаң болған кісінің екі қолын аспанға созып, «Иә, Раббым! Иә, Раббым!» деп дұға қылғандығын мысалға келтірді. «Жегені – харам, ішкені – харам, кигені – харам. Хараммен қоректендірілген. Қалайша оның дұғасы қабыл болады?» деген тәмсіл бар, – дейді Талас ауданы, Майтөбе ауылындағы «Тәтен ата» мешітінің имамы Мұхтар Бимұрзаев.
Демек, шариғатта айтылған тыйымдардан Алла Тағала пенделерді біреудің хақына қол сұғудан, ала жібін аттаудан сақтанғанымызды қалайтынын аңғаруға болады.
ӘДЕТ ПЕ, ӘЛДЕ МӘЖБҮРЛІК ПЕ?
Психологтардың айтуынша, ұрылар өз ісінен қысылып, ыңғайсыздануы да мүмкін. Бірақ олар әдейі істемейді. Жай ғана эмоцияға беріліп, сол сәтте өзіне жауап бере алмай қалады екен. Бойында қан ойнап, оңтайлы сәт келе қалса, қолдары қалтырап, әлденені жымқырып кетуге ұмтылады. Адреналин! Жүрегі тарсылдап, елегізіп, әлдене алғанша сол біртүрлі сезімнің шырмауынан шыға алмай қалады. Оңашада өкініп, опық жеп, өз-өзімен арпалысуы әбден мүмкін. Алайда оңтайлы сәт келсе, ұрлап үйренген адам өзін-өзі ұстай алмайды екен. Ұрының бәрі ұрлыққа жоқшылықтан бармайды. Бойын әлдебір тәуелділік билеп, ішкі сезімі еркінен тыс мазалап, көзі түскен затты алмасына жанын қоймайды. Ұрлап болған соң жаны жай тауып, ерекше ләззатқа бөленетіні сондықтан.
Облыс әкімдігі білім басқармасына қарасты балалар мен жасөспірімдердің арнайы мектебінде үнемі ұрлық жасай беріп, ақырында анасы тәртіп сақшыларына өз қолымен тапсырған жасөспіріммен тілдескен едік.
Үнемі әр нәрсені үптеп кете беретін жас баладан осы ісінің себебін сұрап едім, балалығы ма, әлде мақтанғысы келді ме, еш қымсынбастан басынан кешкен оқиғасын айта жөнелді.
– Менде барлығы болды. Қатты жақсы көрген ата-анам қалағанымды алып беретін. Ештеңеден тарлық көрмедім. Бірақ біреудің затын көрсем, соны өзім иеленгім келіп тұратын әдетім бар еді. 4-5 жасымнан бастап бірге ойнаған балалардың ойыншықтарын үйге ұрлап кететінмін. Менің ұрлығымды ешкім білмей де қалатын. Мен сондай тапқыр әрі ептімін. Жеті жасымда көшеде, дүкендерден зат ұрлай бастадым. Сөйтіп жүріп ең мықты деген ұрылармен таныстым. Тіпті ептілігімнің арқасында сұранысқа да ие болдым. Маған біреуді тонау түк қиын емес, тіпті мені ірі ұрлықтармен айналысып жүрген қылмыс әлемінде атағы шыққандардың өзі ақша ұсынып, пәтер ұрлауға алып кетіп жүрді. Үлкендер кіре алмайтын есік-тесіктен асқан ептілікпен ішке енемін. Ештеңені сықырлатпай, аяқтың ұшымен, кейде етпеттеп жылжып, еңбектеп жүруге тура келеді. Дыбысымды шығармай, байлардың үйінен үлкен ұрылардың тапсырмасымен діттегенімді алып кетіп жүрдім. Кейде олар мені «форточкадан» ішке лақтырып жібергенде жеп-жеңіл жерге «қона» қалатынмын. Сөйтіп, талай пәтерді үптедім. Сондай бір ұрлық үстінде үйде екі еркек ұйықтап жатқанын білдім. Үй іші қап-қараңғы. Бірақ мен өзімнің ептілігіме сендім. «Қалай болар екен?» деп басында сәл үрейленгенім рас, алайда сәлден соңақ үйдегі адамдарды ойға да алмадым. Қолшамның жарығымен қажетімді алып, асықпай үй ішін тінтіп, «форточкадан» қайта сыртқа шыққанымды көрген әккі ұрылар таңдай қақты. Негізі олар мені сол кезде үлкен сыннан өткізген екен. Мен олар ойлағаннан да үздік болып шықтым. Содан бастап олар маған ақша ұсынатын болды. Сөйтіп жүріп атым шықты. Әке-шешем қанша жылап, ұрып, тоқпақтап жатса да, бұл нәрсенің дұрыс еместігін білсем де тегін затты алғым келіп тұрады. Сөйтіп, менің қылмыс әлеміндегі жер жарған атағым тәртіп сақшыларының құлағына да жетті. Әке-шешем менің қылығымнан әбден шаршаса керек, «Осы баланы тәрбиелеп беріңдер» деп полицейлерге тапсырып кете барды. Негізі ата-анам ұзақ уақыт психологтардың көмегіне жүгініп, арнайы мамандар менімен жұмыс істеген болатын. Оның үстіне молдалардың дәрісі мен оқыған дұғалары көп нәтиже берген сияқты. Қазір ондай нәрсенің күнә, ұят екенін бұрынғыдан қаттырақ сезінемін. Әке-шешемді жерге қаратқым келмейді. Мектеп бітірген соң оқуға түсіп, жақсы азамат болу үшін өз-өзіммен күресіп, өзімді-өзім тәрбиелеп жүрмін. Алдағы уақытта ата-анамның үмітін ақтап, жақсы азамат болғым келеді, – деді жас бала.
Бірде базарға барған бір таныс жігіттің нөпір адамның арасында төс қалтасынан ақша жоғалтқаны бар еді. Сонда тапатал түсте төсқалтасынан ақшаны қалай байқатпай алғанына таңданған жігіт базардағы жұртқа, тәртіп сақшыларына мұң шағып, мән-жайды айтып жүгінгенде: «Е, төсқалтаңнан ұрланса, екі саусақпен алатын ең икемді ұрының тірлігі екені көрініп тұр. Бізде мұндай ұрлыққа епті бір-ақ адам бар, ол пәленше», – деп базардағы сатушылар шулап қоя берген екен. Расында да затын сол айтқан адам алған болып шыққан. Ұрыны ұстағанда көкірегін қарс айыра күрсініп: «Еңбегімнің зая кеткені-ай, көз ілеспес жылдамдықпен, көз алдынан алып кетіп едім ақшасын. Бұл да бір ерлікпен тең дүние ғой. Өзімді-өзім сынап, енді ғана ісім алға басып, жақсы нәтиже беріп келе жатыр еді», – деп күйінген екен. Расында, ұрылар саусақтарына қатты көңіл бөлгені соншалық, қолдарын сүтпен жуатын көрінеді. «Ұрылар аузына ұстараның жүзін (лезвия) салып жүреді екен» деген де сөз бар. Бұл сөмкенің астын, кейде қалтаны тіліп жіберіп, көз ілеспес жылдамдықпен керек затын ұрлау үшін керек.
Бірде әжелердің әңгімесіне құлақ түрдік. Сонда бір отбасына келін болып түскен әйел туралы айтып отыр екен. Жас келін барған үйін үптеп кете беріпті. Қолға ілінетін түк таппай қалса, дастарқан басынан-ақ кәдімгі шайды алақанына құйып алып жөніне жүре береді екен. Ал өзі ұрлап алған киім-кешекті де еш қымсынбастан ұрланған киім егесінің алдында киіп жүре беретін көрінеді. Сол келін болып түскен отбасы қанша жанжалға ілігеді. Келінге айтылып, ескертіліп, неше мың мәрте ұрыс-керіс болса да ұрлыққа деген тәуелділігін қоя алмапты. Әйелдің ұрлаған затын айтып көрші-қолаң, туған-туыс келе берген соң намыстанған ата-енесі келінді ортаға отырғызып, сұрақтың астына алады.
– Менің атам атышулы ұры болған екен. Бұл маған қаннан берілген дерт сияқты. Әлденені ұрламасам көңіл күйім түсіп, әбден қиналамын. Ұзақ уақыт өз-өзіме келе алмай, күйзеліске түсемін. Сол үшін әдейі барып, әлгі көрген затты немесе басқа бірдеңені іліп кетемін. Сонда ғана көңілім орнына түсіп, жайланады. Өз-өзіммен қанша арпалыссам да, іштей қиналсам да бұл әдетімді қоя алар емеспін, – деп қамығыпты жас келін.
Келінді затын ұрлатқан адамдардан кешірім сұратып, ерсі қылығынан зәрезап болып, намыстанған отбасы оны төркініне апарып тастаған екен. Өмірден алынған осы оқиға барысынан-ақ бұл ерсі қылықтың шырмауынан шығу оңай емес екенін ұғуға болады. Бір жолы ұрлық жасап, істі болған жігіттің әңгімесін тыңдағаным бар. Ол бұл қылмысқа баруға қалай мәжбүр болғанын айтып берген еді.
– 5 жасқа толғанымда әке-шешем ажырасты. Үйде 2 жасар қарындасым бар еді. Аурушаң анамның аяғы ауыр болатын. Туыстары жоқ, жетім қыз болғандықтан жағдайымызды сұрап, көмек қолын созатын ешкім болмады. Кішкентай екі баламен, аяғы ауыр әрі аурушаң анамды ешкім жұмысқа алғысы келмеді. Нақты мамандығы болмаған соң әркімге жалданып, табылған жұмысты істеп, бізді асырап жүрді. Ішер ас, киер киімге жарымадық. Үнемі ашқұрсақ болып жүрдік. Бірде қарындасым нан сұрап жылады. Нан тұратын ыдысқа нәзік саусақтарын созып, жас жуған жанарын көру ауыр болғаны соншалық, далаға жүгіріп шықтым. Әкемнің қай үйде тұратынын анам көрсеткен еді. Сол үйдің әрбір есігін қағып, әкемнің атын айтып жалықпай іздей бердім. Әкемнің атын естігеннен кейін есікті ашқан кербез әйел қасын керіп, «Саған келіп тұр» деп еді, ар жақтан жарқылдап шыққан әкем мені көргенде түрі бұзылып кетті. «Ой, сығаннан туған неме, неге қаңғырып жүрсің? Қалай тауып алдың? Шешең жіберді ме?» деп айқайлап, сөзімді тыңдамастан жұлқып, желкемнен ұстаған күйі сыртқа шығарып жіберді. Әкемнен көңілім қалып, қатты налыдым. Бір амалын тауып, қарындасыма талғажау ететін бірдеңе тауып беруім керек. Дүкенге барып, нан сұрадым. «Ақша алып кел» деді олар. Сол сәт бойымды кернеген ашу-ызадан қалшылдап кеттім. Басқа дүкенге бардым. Нан тұрған сөренің қасында әлдене қарағансып, адам аяғы басылғанын күттім. Сәлден соң бір нанды қойныма тығып, шығып кеттім. Үйге тұра жүгірдім. Сол күннен бастап қаладағы дүкендерден нан ұрлауды әдетке айналдырдым. Бірде қарындасымның туған күні болды. Мен сол күні дүкеннен торт ұрлап шықтым. Содан бастап өзімнің ұрлыққа икемімнің бар екеніне көзім жетті. Күннен-күнге нанмен бірге майда-шүйде түрлі заттарды да ұрлап жүрдім. Анамның туған күніне ұялы телефон сыйлаймын деп жоспарладым. Бұл уақытта менің ұрлығым бірен-саран дүкендерде әшкереленіп, дүкен табалдырығынан аттасам, иесі мені танып қоятын жағдайға да жеткенмін. Бірақ болмашы зат ұрлап жүргендіктен маған үлкендер ұрсып, ақыл айтып қана жібере салатын. Ұялы телефонды алып, есікк е жақындағаным сол еді, күзетші шап беріп ұстап алды. Таяқтың астына алып, әбден ұрсып, ақыл айтып жылатты. Тәрбие көрмеген надан екенімді сөз еткен адамдардың көздері өңменімнен өтіп кете жаздады. Анамды шақыруымды талап етті. Онсыз да күйзелісте жүрген анамды аяған мен тізерлеп тұрып жылап, кешірім сұрап, шақырмауларын өтініп жалындым. Ақыры мені еркіме жіберді. Содан кейін біреудің бір сабақ жібін ұрламадым. Есесіне есімді жиып, есейіп кеттім. Сол жылы жазда 10 жасқа толып, шамам келетін жұмысқа араласып, адал еңбекпен нәпақа табуды үйрендім, – деді жасөспірім.
Иә, ұрының да түр-түрі барын осы хикаялар айғақтап тұрғаны анық. Бірі оңай ақша тапқысы келгендіктен осы жолға түссе, бірі жоқшылықтан, мәжбүрлікпен қылмыс жасайды. Енді бірі клептомания ауруына ұшырағандықтан бұдан бас тарта алмайды.
Қоғамдық көлік, базар, адам көп шоғырланған орын – ұрылардың нағыз қайнаған ортасы. Ұрылардың дәл осындай орындарға барғанда бойын ерекше сезім билеп, әлденені жымқырғанда қуанышы қойнына сыймай, жолы болғанына қуанып, жадырап сала беретінінің куәсі болған едім. Олардың кейбірі тек ұрлап қана қоймай, алаяқтық пен қарақшылықты қатар алып жүреді екен.
Бір жолы қоғамдық көлікке үлкен жол сөмкемді көтеріп мінгенім сол еді, отыздан асқан жігіт барынша дауыстап: «Қыз балалардың онсыз да нәзік жанына салмақ қосып, ауыр сөмке көтертіп қойған жараспайды. Ер-азаматтар осындай аруларға қалай ғана дәті барып ауыр көтертеді өзі?!» – деп барылдай сөйлеп, сөмкемді алдына алып отырды. Көлік аялдамаға тоқтағанда үнсіз отырып қалды да, орнынан қозғала бергенде «Тоқта!» деп бар дауысымен айқайлап түсіп қалды. Жол ақысын төлеуге ұмтылғанымда ғана әмиянымның жоқ екенін байқадым. Әлгі жігіттің қылығы есіме түсіп, соның алып кеткенін ұқтым. Бірақ тым кеш еді...
Дана халқымызда «Еңбек етпесең, не қорлықта қаласың, не ұрлыққа барасың» деген сөз бар. Ендеше еңбек ет, нәпақа тап. Ар ұялатын іс қылма!
Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ