Жүзінен нұр шашып тұратын Балдырған Дөнесханқызы облыстық перинаталдық орталықта ана мен баланың бірге болу бөлімінде акушер болып қызмет атқарады.
Балдырған Сәрсенбаева 1982 жылы 12 ақпанда Түркістан облысының Арыс қаласында дүниеге келген. Қызметіне берілген акушер ретінде көп жыл бойы ана мен баланың амандығы үшін қызмет етуде.
– Акушер – әйелдерге жүктілік және босану кезінде көмек көрсететін маман. Қарапайым тілмен айтсақ, жүкті әйелдің тәлімгері іспетті. Құрбымның әпкесі акушер болатын. Соған еліктеп Тараз қаласындағы Жамбыл медициналық колледжіне оқуға түстім. Ата-анам Шымкентте тұрса, мен Таразда әпкем Алшакүл мен жездем Темірбай Мұқашевтің қолында тұрып оқыдым. 2002 жылы оқу бітірген соң облыстық перинаталдық орталыққа акушер болып жұмысқа орналастым. Бастапқыда жүкті әйелдерді қабылдау бөлімінде істедім. Ата-анам мен туыстарым ұстаз болуымды қалады. Бірақ жүрек қалауым акушер болу еді. Өз мамандығымды жақсы көремін. Бүгінде перинаталдық орталықта босанудан кейінгі ана мен баланың бірге болу бөлімінде жұмыс істеймін. Әйел адам босанып болғаннан кейін екі сағаттан соң, ал кесарь тілігінен соң 6 сағаттан кейін біздің бөлімге түседі. Менің міндетім – босанған әйелдерге қарап, жағдай жасау. Жұмыс барысында неше түрлі жағдай болады. Балалары шетінеп кеткен аналармен жұмыс істейміз. Қайғы-мұңын тыңдаймыз. Жұбатамыз. Ауыр халде дүниеге келетін сәбилер де бар. Олардың анасына да оңай емес. Сабырға шақырамыз, – дейді акушер.
Өз ісіне берілген акушер Балдырған Сәрсенбаева қызметінде ерекше адалдық пен кәсібилік танытуда. Балдырған үшін елдің алғысынан артық марапат жоқ. Дәрігерді емделушілері қаншама жылдар өтсе де іздеп келіп жатады. Өмірге келуіне өзі себепші болған балаларды көру жүрегін шаттыққа толтырып, көңілін қуанышқа бөлейді. Ұрпақ өрбітіп, өмірге бала әкелетін аналар үшін денсаулық ең маңызды. Сондықтан олар өздерін ана болу бақытына ие еткен дәрігерге деген алғыс-ілтипаттарын білдіреді.
Мына жарық әлемде ананың омырауын жібітіп, алпыс екі тамырын идірген сәбидің қылығына жетер қандай қуаныш бар? Өмірге дені сау, он екі мүшесі бүтін сәби әкелу – әрбір ананың арманы. Ал құрсақтан шырылдап шыққан шақалақтың кіндігін кесіп, ең бірінші қолға алатын акушердің еңбегі тіптен ерен.
– Балдырған акушерді бәріміз жақсы көреміз. Тіпті өзім әрбір баламды босанғанда сол кісіні арнайы іздеп бардым. Қолы жеңіл, ісі жылдам адам. Әрқашан ақыл-кеңесін айтып жүреді. Босанған ана жаңа туған құлын секілді жел үп етсе де бойына суықты алып қалатындай әлсіз болады. Сол себепті ол терлеуі қажет. Қалжалануы керек. Мұндай мүмкіндік алғашқы күндері ауруханада жатқандықтан бола бермейді. Сондай кездері бізге акушер Балдырған Дөнесханқызының көмегі көп болды,– дейді жаңа босанған ана Айсана Аманжолқызы.
Балдырған Дөнесханқызы – жанұясында сүйікті жар, аяулы ана. Жолдасы Сәкен Найманхановпен көңіл жарастырып, 2012 жылы отасып, қазіргі кезде екеуі бір қыз тәрбиелеуде.
Мейірім, білім, шыдамдылық – медицинаға жүрек қалауымен келген адамға ғана тән. Медицина қызметкері пациенттерге кәсібилік, шынайы жанашырлық және моральдік қолдауымен ерекшеленеді. Қай кезде де жылы жүзімен, кәсіби шеберлігімен дараланып тұратын Балдырған акушерде мұндай игі қасиеттер басым.
Э.ТІЛЕУБЕРДІҚЫЗЫ
Ұрлық жасап, ұялатын іс қылма
Ұқсас жаңалықтар
Енді eGov Mobile қосымшасы арқылы шетелден тауарға тапсырыс беруге болады
- авторAR-AY
- 13 желтоқсан, 2024