Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Бюджет қаржысын жымқырғандар жазасыз қалмайды

Бюджет қаржысын жымқырғандар жазасыз қалмайды
Ашық Дереккөз
Елімізде жең ұшынан жалғасқан жемқорлықтың алдын алу мақсатында кешенді шаралар қабылданып, тиісті жұмыстар атқарылып жатқанымен қазына қаражатын жымқыруға бейім лауазымды тұлғалар қатары әлі де азаймай тұр.

Жақында облыстық мемлек еттік кірістер департаментінде «Мемлекеттік мекемелердің бюджетті орындау кезінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және мемлекеттік қаржыны басқару кезінде сапаны жақсарту шеңберінде іс-шараларды өткізу» бойынша семинар-кеңес өтті. Маңызды мәселелер талқыланған басқосуды Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Қазынашылық комитеті облыс бойынша қазынашылық департаменті ұйымдастырды.

Басқосуда бюджеттік бағдарламалар әкімшілерімен бюджет қаражатын мақсатсыз пайдалану және ықтимал бұзушылықтарды болдырмау, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар талқыланды.

Жиынды ҚР Қаржы министрлігі Қазынашылық комитеті облыс бойынша қазынашылық департаментінің басшысы Нұрдос Тойбаев ашып, мекеме тарапынан жыл басынан бері атқарылған жұмыстарға, алдағы жоспарларға тоқталды.

– Мемлекеттік бюджетті орындау процесіндегі сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жөніндегі шараларға ерекше назар аудару қажет. Қазақстан Республикасының Бюджет кодексіне сәйкес жергілікті бюджеттерді жоспарлау, әлеуметтік-экономикалық даму болжамдарына, алдыңғы кезеңдерде бекітілген базалық шығыстарға, бюджеттік мониторинг қорытындыларына, нәтижелерді бағалауға негізделуге тиіс. Сонымен қатар бюджеттерді қалыптастыру кезінде бюджеттік қатынастар саласында бұрын қабылданған шешімдердің дәйектілігін сақтау қажет. Облыс бойынша қазынашылық департаменті 703 клиентке: мемлекеттік мекемелерге, квазимемлекеттік сектор субъектілеріне, бас мердігерлер мен қосалқы мердігерлерге қызмет көрсетті. 2024 жылдың 9 айында департамент және оның аудандық басқармалары 584,8 мың қаржылық құжат қабылдады. Олардың 39,5 мыңын немесе 6,7 пайызын әртүрлі бұзушылықтар анықталғандықтан қазынашылық органдарымен және ақша алушылармен орындаусыз қайтарды. Бұл көрсеткіш бюджет қаражатының сапалы, уақытылы және тиімді игерілуіне кері әсерін тигізеді, – деді Нұрдос Тойбаев.

Семинар-кеңес барысында сөз алған ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыс бойынша департаментінің превенция басқармасының басшысы Ербол Бақтыхожаев көбінесе сыбайлас жемқорлыққа байланысты заңбұзушылықтар бюджеттік саладағы мекемелерде орын алатындығын айтты. Ауылдық жерлердегі мекемелердің шаруашылық меңгерушілері мен есепшілері заңды жақсы білмегендіктен көптеген қателікке жол беретіндігін айта келіп, мемлекет қаржысын игеруде мұқият болу қажеттігін ескертті.

Ал облыс бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі Жағыпар Исатаевтың айтуынша, бюджет қаражатын ұрлау – тек мемлекеттік органдардың ғана емес, жалпы қоғамның тұрақты бақылауында болуы тиіс аса маңызды мәселе.

– ҚР Қаржы мониторингі агенттігінің негізгі мақсаты – еліміздің экономикалық қауіпсіздігін қорғау. Сәйкесінше бюджет қаражатының ұрлануын анықтау – біздің қызметіміздің басым бағыттарының бірі. Соңғы 5 жылда біздің департаментте ҚР Қылмыстық кодексінің 189, 190-баптары бойынша 78 қылмыстық іс тіркелді. Тарқатып айтсақ, 2023 жылы – 6, 2022 жылы – 5, 2021 жылы – 25, 2020 жылы – 19, 2019 жылы – 23 заңбұзушылық орын алды. Осы санаттағы істер бойынша келтірілген залалдың жалпы сомасы 2 миллиард 342,7 миллион теңгені құрады. Сотқа дейінгі өндіріс барысында 335,8 миллион теңгесі өтелсе, 2 миллиард 739,8 миллион теңге көлеміндегі мүлік тәркіленді. Осылайша мүлікке тыйым салуды есепке алғанда өтемақының жалпы сомасы 3 миллиард теңгені, яғни 131,2 пайызды құрады. Қазіргі уақытта бұл істердің барлығы сотқа жолданды, – деген Жағыпар Қожахметұлы сыбайлас жемқорлық деректері білім және ауылшаруашылығы саласында жиі орын алатынын айтты.

Атап айтқанда, өткен жылдары мектепке дейінгі мекемелер мен спорт мектептерінде қазына қаржысын жымқыру деректері көп тіркелген. Нақтылап өтсек, жоқ балалар тізімге енгізіліп, мекеме қызметкерлерінің есепшоттарына қаражат заңсыз аударылған.

Ауылшаруашылығы саласында да жемқорлық өршіп тұр. Әсіресе мемлекеттік субсидияны «майшелпек» көріп, заңды белден басатындар азаймай тұрғаны қынжылтады. Мәселен, биыл көктемде субсидияға қатысты шулы жағдай орын алды. Өзін аграрлық корпорацияның өкілімін деп таныстырған 36 жастағы Түркістан облысының азаматы диқандардың сеніміне кіріп, 40 шаруаның атынан субсидия алған. Қитұрқы әрекетін жүзеге асырмақ мақсатта шаруаларды «төмен бағада картоптың элиталық тұқымын алып беремін» деп алдап, электронды құжаттарын жинап алыпты. Осылайша субсидияға өтінім беріп, түскен қаржыны шешіп алып отырған. Қылмыскер бас-аяғы 340 миллион теңгені қалтаға басып, өз қажетіне жаратқан. Зардап шеккендердің арасында Жамбыл, Түркістан мен Шығыс Қазақстан облысының фермерлері бар. Алаяқ шаруаларға тыңайтқыш та алып беремін деп сан соқтырыпты. Қылмыскер әккі әрекетін 2 жыл бойы жүзеге асырып келген. Ол өзі ғана емес, бұл іске туыстарын да тартып, олардың есепшоты арқылы да ақша шешіп отырған. 40-тан аса шаруа алданды десек, оның басым бөлігі – жамбылдық диқандар. Мемлекетке келген шығын көлемі 340 миллион теңгеден асады. Оның 40 миллион теңгесі – минералды тыңайтқыш алуға бөлінген қаржы. Қылмысы әшкере болған алаяқ сот шешімімен 7 жылға сотталды.

Сонымен қатар су үнемдеу технологиясын орнатуға бөлінген мемлекет қаржысына қол сұғушылар да болған. Былтыр 21 миллион теңгеден аса көлемде тамшылатып суаруға арналған субсидияны жымқырған 2 тұлға анықталып, қылмыстық іс сотқа жолданған.

Салық төлеуден жалтару және білім саласында қаржы жымқыру фактілері де анықталған. Өткен жылдың қыркүйек айында 153 миллион теңге көлемінде салық төлеуден жалтару дерегі бойынша күдіктінің орналасқан жері анықталып, қазан айында Қылмыстық кодекстің 245-бабының 2-бөлімі бойынша қылмыстық іс сотқа жіберілген. Былтыр желтоқсан айында іздеу шараларының нәтижесінде мектепке дейінгі білім беру мекемесінде мемлекеттік бюджеттен бөлінген 11 миллион теңгеден аса қаражатты жымқыру дерегі бойынша күдікті тұлға ұсталып, биылғы қаңтар айында Қылмыстық кодекстің 190-бабының 4 бөлімімен қылмыстық іс сотқа жолданған.

– Біз құқықбұзушылықтардың себебін зерттеп, оларды жою шараларын қабылдауға барынша күш салып жатырмыз. Оның ішінде түрлі министрліктер мен ведомстволарға ұсыныстар, бюджет қаражатын шығарудың нормативтік-құқықтық базасын жетілдіру бойынша ұсыныстар енгізілуде. Негізінде алаяқтық қаржыландырудың немесе субсидия ережелерінің егжей-тегжейлі ойластырылмауы себебінен ғана емес, делдалдық қызмет нәтижесінде бюджет қаражаты үшінші қолдарға түсетін ақша аударудың дамымаған механизмі салдарынан да орын алуы мүмкін. Бюджет саласындағы экономикалық құқықбұзушылықтарға көбіне мемлекеттік мекемелер мен ұйымдардың бухгалтер, кассир, жалақыны, сыйлықақыларды, жәрдемақыларды және басқа да төлемдерді есептеуге құқығы бар қаржылық жауапты тұлғалар барып жатады. Аталған қызметкерлердің жалақысы төмен болуы құқықбұзушылықтардың негізгі себебі екенін атап өткен жөн. Сондай-ақ жасалған қылмыстың өтеуі қандай боларынан, яғни бас бостандығынан айырылуы мүмкін екендігінен хабардар болмауы да қаржыға жауапты тұлғаны қылмыс жасауға итермелейді. Бірінші кезекте, бұл ауданда және ауылдық жерлерде орналасқан мекемелерге қатысты, – деген Жағыпар Исатаев мәселені шешу жолдарын ұсынды.

Баяндамашының айтуынша, жалпыға бірдей құқықтық білім беру, барлық бюджеттік процедуралар мен қаржылық операциялардың ашықтығы, бюджеттік мекемелердің қарапайым қызметкерлерінің еңбекақысын арттыру және лауазымды тұлғалардың қызметіне жауапкершілік пен бақылауды күшейту қылмыстың алдын алады.

– Біз барлық кәсіпкерлер мен азаматтарды Қазақстан Республикасының заңнамасын сақтай отырып, заңды негізде жұмыс істеуге, салықты адал төлеп, ресми өнім өндіретін басқа да кәсіпкерлер мен өндірушілерді құрметтеуге шақырамыз. Азаматтар экономикалық құқықбұзушылық фактілері туралы «АФМ Insider» «Telegram» ботына хабарлауға болады, – деді Жағыпар Қожахметұлы.

Басқосуда ҚР Қаржы министрлігі ішкі мемлекеттік аудит комитетінің облыс бойынша мемлекеттік аудит департаменті басшысының орынбасары Әмірхан Баймағанбетов, ҚР Қаржы министрлігі Қазынашылық комитеті облыс бойынша қазынашылық департаменті басшысының орынбасары Ғалия Болысбекова баяндама жасап, бюджет қаржысын игеруде заңбұзушылықтарға жол бермеуге шақырды.

Жиын соңында қойылған сұрақтарға әрбір сала маманы жан-жақты мысалдар келтіре отырып жауап берді.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар