Тарқата айтсақ, химия саласында қағаз жасау, металлургияда металл өңдеу, тамақ өнеркәсібінде, тіпті тоқыма өнеркәсібінде жүн-теріні жуып-шаю секілді жұмыстар үшін су ауадай қажет. Өндіріс орындарындағы материалдарды өңдеу және тасымалдау үдерістерінде де су үздіксіз қолданылады. Сонымен қатар өнеркәсіптік қалдықтарды өңдеу және тазалау барысында қоршаған ортаға зиянды заттардың таралуын азайтуда да ағын су маңызды рөлге ие. Десе де жаһандық су тапшылығы туындап жатқан қазіргі уақытта суды дұрыс пайдалануға баса мән беру өзекті мәселе. Себебі су тапшылығы өндіріс орны ғана емес, тіршілік атаулыны тығырыққа тірейді. Сондықтан да қазір суды үнемді пайдалану технологиясын кез келген салада қолдануға баса ден қойылған. Осы орайда біз суды басқару мен тиімді пайдалану ісінде еліміз бойынша қандай шаруалар атқарылып жатқанына назар аударған едік.
Қазақстанның барлық аймағында қазіргі таңда суару маусымы аяқталды. Вегетациялық кезең сәуір айында басталып, құрғақшылық туралы түрлі болжамдарға қарамастан Үкімет қажетті іс-шараларды қабылдап, шаруаларды суармалы сумен жаз бойы үздіксіз қамтамасыз етіп отырды. Суару кезеңінде Су ресурстары және ирригация министрлігі шаруаларға 11,2 миллиард текше метрге жуық су берген екен.
Биыл министрлікке ведомстволық бағынысты «Қазсушар» мекемесінің филиалдары шаруа қожалықтарымен суармалы су беру жөнінде 25 мыңға жуық келісімшарт жасасыпты. Су тұтыну көлемі бойынша көш басында Қызылорда облысы тұр. Бұл өңірдің диқандарына 3,7 миллиард текше метр су берілген. Түркістан облысының шаруалары 3,4 миллиард текше метр су алған. Жетісу облысының диқандарына 1,37 миллиард текше метр су берілсе, Алматы облысының шаруалары 1,57 миллиард текше метр су пайдаланған, ал өз облысымыздың шаруалары 533,1 миллион текше метр ағын су тұтынған.
Үкімет төтенше жағдай мен суармалы су тапшылығының алдын алуда былтырғы жағдайдан жинаған тәжірибеден нәтиже шығарған. Соның арқасында биыл шаруаларды үздіксіз суармалы сумен қамтамасыз ету ісінде мәселе туындаған жоқ.
Елімізде су дипломатиясы туралы жүргізілетін жұмыстардың маңызды рөл атқарғанын айта кеткен жөн. Осындай жұмыс нәтижесінде биыл Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстан елімізге бастапқыда болжанған көлемнен артық су жіберіпті. Осы орайда жақында Ташкентте өткен Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан сушаруашылығы және энергетик а ведомстволары басшыларының кездесу жиынын тілге тиек ете кеткен жөн. Онда Қырғызстанның «Тоқтағұл» суқоймасының жұмыс кестесі қаралып, 2025 жылдың суару кезеңінде пайдалану үшін аталған суқоймада қажетті су көлемін ұстап тұру мәселесі пысықталған.
– Су-энергетика саласы – біздің мемлекет үшін ынтымақтастықтың маңызды бағыты. Биылғы жыл өңірдегі тығыз қарым-қатынасты дамытудың жарқын үлгісі болды. Бірлесіп қабылданған іс-шаралардың нәтижесінде біз су қажеттіліктерін қанағаттандыра алдық. Бірінші кезекте Солтүстік Арал теңізіне су жіберу жоспары орындалды. Күзгі-қысқы кезеңнен қауіпсіз өту және келесі жылы шаруаларды суармалы сумен тұрақты қамтамасыз ету үшін қол жеткізілген келісімдерді ұстануды жалғастырамыз,– деп мәлімдеген болатын сол жиын туралы Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.
Бүгінгі таңда еліміздің солтүстік, батыс, шығыс және орталық аймақтарындағы суқоймалардан су жіберіле бастаса, ал оңтүстік облыстардағы суқоймалар керісінше су жинау режимінде жұмыс істеп жатыр.
Орталық Азияның мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясының келесі отырысында Нарын-Сырдария су қоймалары каскадының болжамды жұмыс кестесі жасалып және келесі жылға су беру көлемі бекітіледі екен.
Өңірдің су ресурсы мәселесіне келсек, облыс әкімдігі табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына қарасты «Жамбыл су қоймалары» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің теңгерімінде 113 суқойма мен бөгет тіркелген екен. Оның ішінде 76-сы суқойма болса, 37-сі бөгет. Осы суайдындардың көлемі – 136,6 миллион текше метр. Аталған 113 суқойманың 60-ы, яғни жартысынан көбі каналдар арқылы, 53-і жауын-шашын, оның ішінде еріген қар, жерасты сулары және өзендермен толтырылады. Осы жылдың вегетациялық кезеңіне суқоймаларда 91,2 миллион текше метр су жиналыпты. Оның ішінде Байзақ ауданындағы 29 суқоймада 8,72 миллион, Жамбыл ауданындағы 24 суайдында 16,05 миллион, Жуалы ауданындағы 8 суқоймада 3,53 миллион, Талас ауданындағы 15 суайдында 35,3 миллион, Сарысу ауданындағы 1 суқоймада 100 мың, Меркі ауданындағы 22 суқоймада 6,22 миллион, Т.Рысқұлов ауданындағы 6 суқоймада 11,3 миллион, Қордай ауданындағы 3 суқоймада 2,21 миллион, Шу ауданындағы 5 суқоймада 7,81 миллион текше метр су қоры болған. Аталған суқоймаларда жинақталған судың көлемі бекітілген 10 мың гектар егіс алқабын тұрақты сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік берген және шаруалар тарапынан шілденің шіліңгір ыстығында су тапшылығы жөнінде шағым түспеген.
– Вегетациялық кезеңде «Жамбыл су қоймалары» мекемесінің суқоймаларына жиналған су «Қазсушар» кәсіпорнының каналдарына жіберіледі. Бұл екіжақты меморандум аясында шешілген іс. Өйткені облыста вегетациялық кезеңде шаруаларға су жеткізу бойынша қызметті «Қазсушар» кәсіпорны көрсетеді. 113 суқойманың 81-і егіншаруашылығына, қалғаны балықшаруашылығы мен экологиялық мақсатта пайдалынылады. Мекемеге қарасты су нысандарын қалыпты жағдайда ұстау мақсатында жыл сайын суқоймалар мен бөгеттерде жөндеу жұмыстары жүргізіліп отырады. Атап айтқанда, 2023 жылы облыстық бюджеттен бөлінген 53,675 миллион теңгеге 9 суқойма жөнделді. Осы жылы да 9 суқойманы жөндеу жоспарланып, бүгінде 7 суқоймада жұмыстар 100 пайыз аяқталды. Бөлінген 39,7 миллион теңгенің 34,2 миллион теңгесі игерілді. Қалған Меркі ауданында орналасқан «Гранитогорск» және «СТФ» суқоймаларында жөндеу жұмыстары әлі де жалғасуда. Келісімнің талаптарына сәйкес жыл соңына дейін бұл нысандар бойынша жөндеу жұмыстары толық аяқталады. Сонымен қатар биыл мекемеге қарасты 10 суқоймаға көпфакторлы зерделеу жұмыстары жүргізілуде. Бүгінде жұмыстар 90 пайызға орындалды. Осы жұмыстарды жүргізу үшін бюджеттен 53,055 миллион теңге қарастырылған. Аталған суқоймаларға көпфакторлы зерделеу жұмыстары жүргізілгеннен кейін, қорытындысына сәйкес тиісті шаруалар жалғасатын болады. Одан бөлек 5 суқоймаға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге 30 миллион теңге қарастырылған. Қазіргі уақытта сметалық құжаттар сараптама қорытындысымен әзірленуде. Олардың қатарында Жамбыл ауданындағы «Көкішкөл», Меркідегі «Көлтоған», Сарысудағы «Қаратас», «Әбдірәсіл» және Талас ауданындағы «Дулатбай» суқоймалары бар. Жалпы алдағы жылы 8 суқойманы жөндеуден өткізу жоспарланды. Облыс аумағында орналасқан қайта жаңғыртуды қажет ететін 203 су жүйесін бекітілген кешенді жоспар аясында қайта жаңғырту жоспарланған. Кешенді жоспардағы 203 каналдың 99-ы «Қазсушардың» меншігінде, 104-і коммуналдық меншікте. «Қазсушар» кәсіпорнының меншігіндегі 99 каналдың 8-інің жобалық-сметалық құжаттары әзірленуде. Осы су жүйелерінің 91- інің сметалық құжаттары әзірленген. Оның 77-сі Ислам даму банкі арқылы қаржыландыруда қолдау тапты. Қалған 14-іне «Қазсушар» кәсіпорны республикалық бюджеттен немесе тарифтер есебінен қайта жаңғырту үшін тиісті жұмыстар жүргізуде. Ислам даму банкі арқылы қаржыландыруда қолдау тапқан 77 каналдың жобалық-сметалық құжаттамасы аудан әкімдіктері тарапынан әзірленіп, «Қазсушар» мекемесіне өткізілді. Коммуналдық меншіктегі 104 каналдың үшеуіне жобалық-сметалық құжат әзірленіп жатыр. 64-іне ЖСҚ әзірлеу қажет, 37-сіне ЖСҚ әзірленіп, жалпы құны 20,3 миллиард теңгені құрады. Жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленген 37 каналдың біреуі, яғни «Қарақат» каналы республикалық бюджет есебінен жөндеуден өтуде. Ал 36-сы Ислам даму банкі арқылы қаржыландырылатын жобалардың 2 кезеңіне ұсынылатын болады. Бүгінде «Қазсушар» кәсіпорнымен бірлесіп, аудан әкімдіктерінен құжаттар жинақталуда. Одан бөлек Су ресурстары және ирригация министрлігі 2 кезеңге ұсынылатын каналдардың маңындағы суармалы жерлер толық игеріледі деген кепілхатты аудан әкімдіктерінен сұратуда. Осыған орай аудан әкімдеріне каналдардың экономикалық тиімділігін көрсете отырып, тиісті кепілхатты жолдау жөнінде облыс әкімдігі тарапынан тапсырма берілуде, – дейді облыс әкімдігі табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Олжас Баққараев.
«Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорны облыстық филиалы директорының міндетін атқарушы Ербол Абдрахмановтың айтуынша, алдағы вегетациялық кезеңге дайындалу аясында бірқатар іс-шаралар қабылданған екен. Оның ішінде шаруаларға ылғал сүйгіш дақылдардың көлемін қысқарту, ылғал үнемдейтін технологияларды қолдану, ауыспалы егістерді қатаң сақтау, ауылшаруашылығы дақылдарын орналастыру бойынша ұсыныстар берілген. Шу және Талас өзендерінің арнасынан тұрақты түрде келісімсіз су алмау мәселелері жөнінде тексеру жүргізу және келісімшартқа отыру жұмыстары жүргізілген. Суқоймаларда бар су көлемін ескере отырып және бекітілген суару нормалары мен суару саны негізінде су тұтыну кестелері мен суару режимдері есептеліпті.
– Осы жылдың вегетациялық кезеңінде аталған филиалдың теңгеріміндегі суқоймаларға судың жинақталуы кестеге сәйкес жүргізілді. Бүгінгі күнге (11 қазан) республикалық меншіктегі суқоймаларда жиналған судың көлемі 558,7 миллион текше метрді құрап отыр. Аталған шараларды қолдана отырып, біздің филиал су пайдаланушылармен 90,078 мың гектарға суармалы жерлерге қатысты 3 836 келісімшарт жасасып, осы жылға су беру жоспары 580 миллион текше метрді құраған болатын. Ағын суды тұтынушылар жасалған келісімшарт негізінде уақытылы алқаптарын суландырды. 2024 жылдың вегетациялық кезеңінде жеткізілген судың көлемі филиал бойынша 533,1 миллион текше метр болды, филиалдың өндірістік бөлімшелері бойынша да тиісті жұмыстар өз деңгейінде атқарылды. Суармалы жерлерді суаруға су жеткізу қызметімен бірге біздің филиал республикалық бюджеттік бағдарлама бойынша экологиялық мақсатта Шу және Талас өзендері арқылы төменгі сағасына су тастау жұмыстарын да атқарады. Шу өзенімен Түркістан облысының Созақ ауданына 125 текше метр және Талас өзенімен Талас және Сарысу аудандарына 70,0 миллион текше метр су жеткізу жоспарланған. Су нысандарын салу және қалпына келтіру бойынша филиал облыстың 6 ауданында егіс алқаптарын сумен жабдықтау мәселесін шешу үшін 2019 жылдан бастап Халықаралық қаржы институттарының несиесі есебінен сушаруашылығы жүйелерін қалпына келтіру бойынша 2 жобаны жүзеге асыруда. Атап айтқанда, Еуропа даму банкі арқылы Қордай ауданында жұмыс 100 пайыз аяқталып, нысан пайдалануға берілді. Жуалы ауданында жұмыс 95 пайызға жетіп, пайдалануға беру іс-шаралары жүргізілуде. Жамбыл ауданында да жұмыс 90 пайызға жетсе, оны да жылдың соңына дейін аяқтау жоспарлануда. Байзақ ауданында жұмыстың аяқталу көрсеткіші – 42 пайыз, вегетациялық кезеңнен кейін ол 70 пайызға жеткізілетін болады. 2025 жылдың вегетациялық кезеңіне дейін жұмысты толық аяқтау жоспарлануда. Меркі ауданында да жұмыс 65 пайызға бітіп отыр. Келесі жылдың вегетациялық кезеңіне дейін тағы 15 пайыз, одан кейін жұмысты тағы 20 пайызға жандандырып, нысанды пайдалануға беру көзделуде. «ПУИД – 2» бағдарламасы бойынша Жамбыл және Қордай аудандары бойынша жұмыстар аяқталып, толық пайдалануға берілді. Ал Шу ауданы бойынша жұмыстарды аяқтауға қосымша 980 миллион теңге қаржы қажет болып отыр. Сонымен қатар инвестициялық жоба бойынша іс-шаралар әзірленді. Соның аясында кіші бюджеттік бағдарлама бойынша 773,42 миллион теңгеге 20 гидроқұрылымға жөндеу жұмыстары, инженерлік техникалық қамтамасыз ету жұмыстары және көпфакторлы зерделеу жұмыстарын жүргізу қарастырылған. Сонымен қатар тариф есебінен 11 каналға және 59 су өлшеу бекетін қалпына келтіру жұмыстарын барлығы 706,5 миллион теңгеге жүргізу жоспарланды, – дейді Ербол Қалмұхамедұлы.
Қазіргі уақытта Ислам даму банкінен 76 каналды қайта жаңғыртуға 86,5 миллиард теңге сомасында несие алу жұмыстары жүргізіліп жатқан көрінеді. Сонымен қатар облыста жаңа 3 суқойманың құрылысын жүргізу және қолданыстағы 2 суқойманы қайта жаңғырту жоспарланып, бүгінде тиісті жұмыстар атқарылып жатыр екен. Республикалық меншіктегі «Теріс-Ащыбұлақ» және «Қарақоңыз» суқоймаларын қайта жаңғыртуға жұмыс жобалары да әзірленіп жатса керек. Десе де ЖСҚ әзірлеуді аяқтау және сараптама қорытындысын алу ісі 2024 жылдың қазан айының соңында бітетін көрінеді.
Талас ауданындағы «Ақмола», Қордай ауданындағы «Ырғайты» және «Қалғұты» суқоймаларының құрылысына Сушаруашылығы комитеті тарапынан жобалық-сметалық құжаттамалар әзірленіп жатыр екен. ЖСҚ әзірлеу және сараптама қорытындысын алу осы жылдың қараша айында аяқталмақ.
Ағын судың ауылшаруашылығы саласында шешуші рөл атқаратыны белгілі. Мысалы, егіншілік кәсіпте суармалы жерлерде өсірілетін дақылдардың өнімділігі ағын су мөлшері жеткілікті болғанда ғана бірнеше есе артатыны белгілі. Оның ішінде күріш, мақта және көкөніс сияқты дақылдар суды өте көп қажет етеді. Малшаруашылығында да судың маңызы айрықша. Себебі үйір-үйір жылқы, табын-табын сиыр, отар-отар уақ мал мен келе-келе түйе ұстап отырған шаруашылықтар мал біткенді тек құдық арқылы жерасты суымен суармайтыны белгілі. Олардың дені түрлі тоғандар мен өзен-көлдерден су ішеді. Мал азығын дайындау ісінде де ағын судың мол қоры пайдаланылады. Десе де осы күні заманауи технологиялар мен жаңа ирригациялық жүйелерді қолданысқа енгізу арқылы ауылшаруашылығы саласында тиімділік арттырып, бұл ел экономикасына айтарлықтай үлес қосуда. Оның ішінде алқаптарды тамшылатып, жаңбырлатып суару әдістері суды үнемдеуге, аз шығынмен мол өнім алуға септігін тигізуде. Ағын судың экономикаға әсерін сөз еткенде аграрлық аймаққа жататын облысымыздың ауылшаруашылығы саласында атқарылған шаруалардың бірсыпырасын сөз етпесек болмас.
Жалпы 2024 жылдың өнімі үшін 626,7 мың гектар алқапқа ауылшаруашылығы дақылдары орналастырылған. Бұл тұрғыда дәнді және дәнді бұршақты дақылдар – 366,3 мың гектарға, майлы дақылдар – 32,9 мың гектарға, қант қызылшасы – 11,2 мың гектарға, картоп – 6,7 мың гектарға, көкөніс – 26,4 мың гектарға, бақша дақылдары – 5,4 мың гектарға және мал азығы дақылдары 177,7 гектарға егіліпті.
Ауа райының қолайлы болуына және фермерлер тарапынан агротехникалық шаралардың мерзімінде жүргізілуі мен әр жылдары проблемалық мәселеге айналып отырған суармалы судың мерзімінде және тиісті мөлшерде берілуі есебінен суармалы дақылдар да жоғары өнімділік көрсеткен. Облыста суармалы жердің көлемі 181,8 мың гектарды құраса, оның ішінде 100,1 мың гектар егіс алқабы сумен қамтамасыз етіліп отыр. 127,3 мың гектары немесе жерлердің 70,9 пайызы жерүсті әдісімен суарылады, 28,5 мың гектар алқапта заманауи жаңбырлатып суару және 11,5 мың гектарда тамшылатып cуару жүйелері пайдаланылады. Облыста ағын су пайдаланушылары 90 мың гектар суармалы жерлерге «Қазсушар»-дың облыстық филиалымен 3 836 келісімшарт жасасқан, ал 10,06 мың гектар алқап суқоймаларға бекітілген екен.
Негізінде облыстағы суқоймаларға 100 пайыз су жиналғанымен жазда ауа райы тым құрғақ болса, вегетациялық кезеңде шаруаларға ағын су жетпеуі мүмкін. Ал шаруаларды шығынға ұшыратпай, суды егіс алқаптарына жеткізу ең маңызды мәселе. Ол үшін алқапқа келген ағын суды егіс алқабына бір сәтте жайып жібермей, жаңбырлату немесе тамшылату секілді су үнемдеу технологиясын қолдану арқылы ағын суды ұзақ уақытқа жеткізуге болады. Бұл тұрғыда облыстың ауылшаруашылық саласында ауқымды жұмыстар атқарылып жатқанын айта кетуіміз керек. Мәселен, осы жылы 14,5 мың гектарға су үнемдеу технологияларын енгізу арқылы облыс аумағындағы жалпы көрсеткішті 54,5 мың гектар алқапқа жеткізу жоспарланыпты. Вегетациялық кезеңнің қорытындысы бойынша бекітілген жоспар 105 пайызға орындалып, су үнемдеу технологиялары облыс бойынша 15,2 мың гектар алқапта қолданылған екен. Оның ішінде тамшылатып суару – 10,8 мың гектарды, жаңбырлатып суару 2,5 мың гектарды, лазерлік жоспарлаушы 1,8 мың гектарды құраған.
Жалпы жердің астындағы, үстіндегі суды басқарудың түр-түрі бар. Оның ішінде жауын-шашыннан пайда болған тау суын да басқара білу өзекті. Сол себепті биыл таулы аймақтардағы елді мекендер маңына зерделеу жұмысы жүргізіліп, көлбеу су, қарғын су, тасқын судың алдын алу мақсатында сай-саламен арқырап келген су өзендер мен каналдарға құйылатындай жұмыстар жүргізілген.
Тағы бір айта кетер жайт, әлемде су электр энергиясының маңызды көзі ретінде де қарастырылады. Әсіресе гидроэлектростансалар арқылы энергия өндіруде судың алатын орны айрықша. Бұған өз облысымызда орналасқан Т.И.Батуров атындағы гидроэлектростансаның жұмысы дәлел бола алады. Бұл ГЭС өңірдегі ең ірі су электр стансаларының бірі және аймақтың энергетикалық қажеттіліктерін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқаруда. Гидроэнергетика экологиялық таза энергия көздерінің бірі болып саналғандықтан экономикалық тұрғыда айтарлықтай артықшылықтары бар. Ағын су энергияның сарқылмайтын көзі болғандықтан ГЭС экономикалық тұрақтылыққа және экологиялық таза өндіріс процесіне ықпал етеді. Гидроэнергияны өндіру көмір немесе мұнай сияқты энергия көздеріне қарағанда экономикалық тұрғыдан тиімді және арзанға түседі. Өйткені су ресурстарын пайдалану табиғатқа зиян тигізбейді және қалдықтарды азайтады.
Су ресурстарын тиімді пайдалану арқылы кейбір мемлекеттер өздерінен артылған электр энергиясын көрші елдерге экспорттап, экономикасын одан әрі дамытуға мүмкіндік алған.
Сонымен қатар атом электр стансасы арқылы энергия көзін өндіру ісінде де суды пайдаланудың маңыздылығы зор. Негізінде АЭС мұхит, теңіз, көл секілді тоқтап тұрған сулардың жағалауына салынады. Әйтсе де осының ішінде көл де, теңіз де, мұхит та табиғи процесс, яғни жауын-шашыннан пайда болатын іріліұсақты өзендердің ағыны арқылы деңгейі реттеліп отырады. Бүгінде Қазақстан халқы жаңа энергия көзін өндіру үшін республикалық референдум арқылы атом электр стансасын салуға ұйғарым жасады. Алдағы уақытта еліміздің Балқаш көлі жағалауына АЭС салынатын болса, көл табаны тартылып кетпес үшін оған құятын өзендердің аңқасы бір сәтке де кеппеуі керек. Осы тәсілмен электр энергиясын өндіру үдерісінде салқындату жүйелері мен бу қазандықтары үшін су міндетті түрде қажет.
Жалпы су ресурстарын тиімді пайдалану өндіріс көлемін арттырады, жұмыс орындарын құрып, жалпы экономиканың дамуына ықпал етеді. Сонымен қатар су ресурстарын экологиялық тұрғыдан қорғау мен тұрақты пайдалану болашақ ұрпақтың суға деген қажеттілігін қамтамасыз етеді. Сондықтан да суды үнемді қолдану арқылы шығындарды азайтып, жалпы кірістің өсуіне жағдай жасау маңызды. Демек, су ресурстарын тиімді басқару арқылы өнеркәсіптік және ауылшаруашылық өндірісті дамытуға, энергия өндіруді арттыруға және экологиялық тұрақтылықты қамтамасыз етуге толық негіз бар. Бір айта кетерлігі, тиімді су саясатын ұстану мен заманауи технологияларды қолдану арқылы үнемділікке мән беріп, судың экономикалық тиімділігін одан әрі арттыруға күш салу басты мақсат болуы тиіс.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ