Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Жастар жемқорлыққа қарсы

Жастар жемқорлыққа қарсы
Ашық Дереккөз
Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтында «Жастардың құқықтық сауаттылығын және құқықтық органдарға деген сенімділігін арттыру» жобасы аясында кездесу өтті. «Сыбайлас жемқорлықпен күрес – заман талабы» тақырыбында өткен іс-шараға «Жаңару» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалыс» республикалық қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының директоры Қасымхан Төлендиев қатысты.

Жастар үшін маңызы мол іс-шараны Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтының ректоры Махметғали Сарыбеков ашып, жүргізді.

– Былтырдан бері жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында «Жастардың құқықтық сауаттылығын және құқықтық органдарға деген сенімділігін арттыру» жобасы іске асырылып келеді. Оқу орындарында осы мәселе бойынша жастардың ойын тыңдап, пікіріне құлақ асу мақсатында жиындар өткізіліп тұрады. Қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұру үшін жастармен пікір алмасу маңызды мәселе. Ең бастысы, жастар лудомания, нашақорлық, ысырапшылдық, отбасындағы зорлық сынды кеселге жоламауы тиіс. Себебі жастар – ел болашағы, – деді алғашқы болып сөз алған Қасымхан Естемесұлы.

Ал ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыс бойынша департаменті превенция басқармасының бас маманы Айбек Ажибаев пен «Азаматтық және қылмыстық құқық» кафедрасының профессор-ассистенті Халилжан Сулейманов мұндай жиындардың жастарға берері мол екенін айтты.

Студенттер тарапынан заң факультетінің 3-курс студенті Анель Жәкіш өз пікірімен бөлісті.

– Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу үшін елімізде атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Өкінішке қарай, сыбайлас жемқорлық әлі де біздің қоғамның өткір мәселесі болып отыр. Жалпы сыбайлас жемқорлықтың әлемдегі көп мемлекеттің дамуына тежеу болып тұрғаны жасырын емес. Өкініштісі, Қазақстан да одан сырт қалған жоқ. Халық әлдебір шенеуніктің немесе басшының жай жауапкершілікке тартылғанын көріп қана қоймай, ол жұмыс істеген мемлекеттік мекемеде енді мұндай жағдайдың қайталанбайтынын дәлелдейтін түбегейлі өзгерістердің орын алғанына куә болуы керек. Көп мемлекеттер жемқорлықпен күрестің тиімді жолын тапты. Мысалы Сингапур, Австрия, Нидерланды, Швеция сияқты өркениетті елдерде жемқорлық қылмыстары жоққа тән. Бізге осындай елдердің тәжірибесі үлгі болуға тиіс. Ең алдымен бұл елдер мемлекеттік қызметтің беделін көтеруге, бұл қызметке тек таңдаулылардың орналасуына барынша жағдай жасаған. Мемлекеттік қызметке қабылдау жүйесі ашық, қолжетімді болғандықтан білімін жетілдіріп, мамандығы бойынша мәртебеге ие болғысы келетіндер көп. Жұмысын адал, сапалы атқарған, ынталы, белсенді қызметкерлерді өсірудің арнайы жүйесі жасалған. Соның арқасында 2017 жылы Сингапур сыбайлас жемқорлықпен табысты күрескен 10 елдің ішінде 7-орынға ие болды және Азиядағы алғашқы ондыққа кірген жалғыз мемлекет, – деді өз сөзінде Анель Болатқызы.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар