Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Қазақ сарбаздары Гималайды бағындырды

Қазақ сарбаздары Гималайды бағындырды
Ашық Дереккөз
Геосаяси ахуал алаңдатып отырған бүгінгі алмағайып заманда жалғыз жортқанның жолы ауыр болуы мүмкін. «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деген ата-баба өсиеті қазіргі таңда барынша өзекті. Бұл бізден қорғаныс қабілетімізді нығайтып қана қоймай, тағдырлас қоңсы елдермен әскери салада өзара тәжірибе алмасып, татулығымызды арттыра беруді талап етеді.

Еліміздің Қарулы Күштері жыл басынан бері бірқатар халықаралық оқу-жаттығу жиынына қатысып келеді. Соның бірі – Қазақстан мен Үндістан елінің бірлескен «ҚазҮнді – 2024» әскери жаттығуы.

Үндістандағы Уттараханд штаты Сурия жаттығу базасында өткен бірлескен оқу-жаттығу жиынына «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының әскери қызметшілері мен Десанттық-шабуылдау әскерлерінен құралған Қазақстанның біріккен ротасы қатысты.

Оқу-жаттығудың салтанатты ашылу рәсімі Үндістанның солтүстік бөлігіндегі Аули қаласы маңындағы «Сурья» оқу-жаттығу орталығында ұйымдастырылды. Іс-шараға қатысушыларды қазақстандық әскери қызметшілер атынан «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлері қолбасшысының бірінші орынбасары – штаб бастығы, полковник Нұрлан Кәрібаев құттықтады.

Оқу-жаттығу барысында екі елдің әскери қызметшілері тау даярлығы шеңберіндегі бірлескен жұмыс пен терроризмге қарсы қауіпсіздік бойынша практикалық сабақтарға қатысты. Қазақстан десантшылары үнділік әріптестерімен бірге таулы жерде парашютпен секіреді.

Қазақстан контингентінің командирі, подполковник, «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының 5-механикаландырылған бригадасының штаб бастығы Арман Сабыровтың сөзіне сүйенсек, күнделікті қызметі тау даярлығынан тұратын әскери қызметшілер үшін оқу-жаттығуға қатысу жауынгерлік дағдыларды арттыруға едәуір ықпал етеді.

– Оқу-жаттығу жиыны қос елдің әскери мүмкіндігін күшейтуге бағытталған. Оның барысында Біріккен Ұлттар Ұйымы Қарарының VII бөлімінде көрсетілген дәстүрлі емес соғыс жағдайындағы лаңкестік операцияларға қарсы шабуылға ерекше ден қойылған. Әскери іс-шараға Үндістан жағынан әскер мен әуе күштерінен тұратын 120 қызметкер кіретін Куманон региментінен құрылған батальон қатысса, Қазақстан тарапынан құрлық әскері мен десантшылар қатысты. Бұл оқу-жаттығудың негізгі мақсаты – әскери күштер арасындағы екіжақты іс-қимылды күшейту. Бірлескен операцияларға қатысу арқылы қос тарап та лаңкестікке қарсы шараларды өткізуде өзінің қабілетін жақсартқысы келеді. «ҚазҮнді – 2024»-тің нақты мақсаттарына террористік қимылға бірлесе әрекет етуді пысықтау, бірлескен командалық пункт, барлау мен бақылау орталықтарын құру кіреді. Үнді, қазақ күштері тікұшаққа арналған алаңдар мен отырғызатын орындарды қауіпсіздендіру бағытында жұмыс істеп, еркін секіру мен арнайы тікұшақ операцияларын жүзеге асырды. Бұдан бөлек оқу-жаттығуда заманауи әскери техника эволюциясын көрсететін ұшқышсыз құрылғылар мен оларға қарсы жүйелер жұмылдырылды, – дейді А.Сабыров.

Алғаш рет қазақстандық және үнділік әскери қызметшілердің бірлескен оқу-жаттығуы 2018 жылы өткен болатын. Содан бері аталған жаттығу екі елдің полигондарында кезекпен өткізіліп келеді. Сол жылы қазақстандық мотоатқыштар батальоны Үндістанға бірлескен миссияларды орындауға аттанды. Келесі оқу-жаттығу «Мәтібұлақ» қазақ полигонында ұйымдастырылды.

Қазақстан тарапынан оқу-жаттығуға «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының бөлімшелері, әскери-әуе шабуылы күштерінің бөлімшесі бірлескен оқу-жаттығуға екінші рет қатысқанын айта кеткен жөн.

– «ҚазҮнді – 2024» оқу-жаттығуын өткізу Үндістан мен Қазақстан Қарулы Күштері арасындағы берік байланыс пен достықты білдіреді. Оқу-жаттығу аймақтағы тұрақтылық пен бейбітшілікті сақтау үшін маңызды әрі біз оның қауіпсіздігімізге ықпал ететініне сенімдіміз, – деп атап өтті Үндістан контингентінің командирі, полковник Яогеш Упадхай.

Бір айта кетерлігі, «ҚазҮнді – 2024» бірлескен тактикалық оқу-жаттығуы Қазақстан мен Үндістан Қорғаныс министрліктері арасындағы екіжақты ынтымақтастық жоспарын іске асыру шеңберінде өткізілді. Оқу-жаттығу жиынында аса маңызды инфрақұрылымдардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, ықтималды қатерді жоюға бағытталған тактикалық жаттығулар ұйымдастырылды. Бұл жаттығу барысында елді мекендердегі террористік элементтерді анықтап, жою үшін «қоршау және іздеу» операциялары жүзеге асырылды.

Сондай-ақ жиында коммуникациялық және командалық орталықтар құруға баса назар аударылды. Бұл бірлескен операцияларда мүдірместен келісім орнату үшін аса маңызды. Әскери операцияны қос тарап та бақылауда ұстап, қабылданар шешімдерді жетілдіру үшін бірлескен командалық пост пен барлау, бақылау орталығы құрылды.

Салтанатты ашылу рәсімінен кейін, яғни келесі күннен бастап оқу-жаттығу жоспарына сәйкес қатысушылар таулы жаттығуларды бастады. Жиынға келген еліміздің әскери қызметкерлерінің таулы жаттығуларда мол тәжірибесі бар десек те, қазақстандық сарбаздар Гималай тау бөктерлерін алғаш рет бағындырды.

«ҚазҮнді – 2024» оқу-жаттығуы өткен тау лагері теңіз деңгейінен 2 700 метр биіктікте орналасқан. Таулы рельеф әскери қызметшілерге тауда жұмыс істеуге арналған кең ауқымды тапсырмаларды орындауға мүмкіндік береді. Нақтылап айтқанда, жартастарға тік көтерілу, аула бойымен түсу, тау кедергілері мен жартастарды кесіп өту, таулы жағдайларда жаралыларды эвакуациялауға қолайлы мекен.

Қазақстандық контингенттің офицері, капитан Сәкен Мусиннің айтуынша, қазақстандық контингенттің әскери қызметшілері таудағы дайындықтың бұл элементтерімен жақсы таныс. Жауынгерлер бірнеше рет өз бөлімшелерінде альпинизмге машықтанған. Себебі облысымызда Жуалы және Меркі тау шатқалдары секілді қарлы шыңдар көп.

– Бұл оқу-жаттығулар біздің әскерилер үшін жаңалық емес. Өйткені біз аталған оқу-жаттығуларды Қазақстанда жүйелі түрде өткіземіз. Алайда үнділік оқу орталығының тау құздары қазақ жауынгерлеріне беймәлім. Сондықтан біздің сарбаздар жаңа жаттығу орнынан бейімделіп, кезең-кезеңімен үйрену үшін уақыт қажет болды. Сәйкесінше қазақ сарбаздары үшін таныс емес орында қауіпсіздік шараларын сақтауға жіті назар аударылды, – дейді С.Мусин.

Қауіп-қатерге толы жартасқа ерлермен қатар әйел әскери қызметшілер де шықты. Қазақ әйелдері үнділік әріптестерін батылдығы мен табандылығымен таңғалдырды. Күрделі жаттығуларды мүлтіксіз орындап, Гималайды бағындырғандардың бірі – сержант Жанна Досимова. Батыл қазақ қызының «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5-механикаландырылған бригаданың жауынгерлік даярлық бөлімінде қызмет етуі кездейсоқтық емес.

Қазақстан Қарулы Күштері Десанттық-шабуылдау әскерлерінің әскери қызметшілері, ефрейторлар Балжан Мұсатаева мен Маржан Сайранова да «ҚазҮнді – 2024» оқу-жаттығуы барысында Гималай тау бөктерінде күрделі секірулерді сәтті орындады. Биік таудағы күрделі ахуалда қыздар шектеулі алаңға парашютпен секіріп, дәл қонуды орындауда жақсы нәтиже көрсетті.

– Дәл секіру – әдетте теңіз деңгейінен 1 200-ден 4 000 метрге дейінгі биіктіктен, жеке немесе топтасқан түрде, әртүрлі төмендету режимдерінде берік және басқарылатын деңгейлері бар «қанат» түріндегі арнайы парашют жүйесі арқылы орындалады. Дәл секіру басқарылатын парашюттермен бірге пайда болған ең көне парашют спортының бірі болса да ең күрделісі. Өйткені парашют жүйелері жаңартылған сайын алаңның өлшемдері мен рұқсат етілген нормалар өзгереді. Ефрейтор Балжан Мұсатаева екеуміз тура шектелген алаңның ортасына қондық, – деді ефрейтор М.Сайранова.

Ефрейтор Балжан Мұсатаева түрлі парашют жүйелерімен жүзден аса секіру орындаған. Жуырда ғана бағдарламаны аяқтағаннан кейін ол парашютші-нұсқаушы атағын алды.

Ал Маржан Сайранова парашютпен секіруді енді бастаған. Бұл оның алғашқы халықаралық жаттығуы. Дегенмен парашют командасының аға офицері, подполковник Ержан Төлепұлының айтуынша, Маржан керемет нәтижелерге қол жеткізіп жүр.

Әскери жиында Үндістан мен Қазақстанның әскери қызметшілері таудағы дайындық мәселелерін іс жүзінде жетілдіріп жатқанда қазақстандық контингенттің басшысы, «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлері қолбасшысының бірінші орынбасары – штаб бастығы, полковник Нұрлан Кәрібаев пен оның үнді армиясындағы әріптестері жаттығудың келесі кезеңіне кірісті. Анығын айтқанда, терроризмге қарсы қауіпсіздік мәселелері бойынша тәжірибелік сабақтар өткізілді.

Оқу-жаттығудың қорытынды кезеңінде лаңкестікке қарсы қауіпсіздік бойынша бірлескен жаттығулар ұйымдастырылды. Екі елдің әскери қызметкерлері осы салада тәжірибе алмасып, терроризмге қарсы қауіпсіздік саласындағы күрестің ең өзекті әдістерін талқылады.

Полковник Нұрлан Кәрібаев бірлескен жұмыс тәжірибе жинақтап, практикалық жауынгерлік дайындық дағдыларын арттыруға мүмкіндік бергенін атап өтті.

– Әскери бөлімдердің әскери қызметшілері жоғары жауынгерлік дайындықты көрсете отырып, бірлескен оқу-жаттығуларды толықтай өткізді. Оқу-жаттығу ерекше климаттық жағдайда, джунглиде 3 800 метр биіктікте болды. Біздің контингенттің жеке құрамы барлық жүктелген тапсырмаларды орындады, яғни оқу-жаттығудың мақсатына қол жеткіздік. Біздің контингенттің жеке құрамы жоғары шеберлік көрсетті, – деді Н.Кәрібаев.

Үндістан контингентінің басшысы, полковник Яогеш Упадхай да қазақ қолбасшысының пікірімен толықтай келіседі.

– «ҚазҮнді – 2024» оқу-жаттығуына қатысқанымыз біз үшін үлкен мәртебе. Бұл оқу-жаттығу бізге Біріккен Ұлттар Ұйымы мандатының мақсаттарына сәйкес қазақстандық әскери қызметшілермен тәжірибе алмасуға мүмкіндік берді. Мен қазақстандық контингентке өз тәжірибесі мен дағдыларын бізбен бөліскені үшін алғыс айтқым келеді. Дәстүрлі әскери жиынды сәтті пайдаланып, еліміздің әскери контингенттері арасында бірлескен жемісті жұмыс жүргіздік, – дейді Я.Упадхай.

Айта кетерлігі, «ҚазҮнді – 2024» оқу-жаттығуы 30 қыркүйек пен 13 қазан аралығында өтті. «Сурья» оқу-жаттығу орталығында бірлескен міндеттерді орындау әскери бөлімшелердің өзара іс-қимылын нығайтуға, жаңа тәжірибе алуға және дағдыларды жетілдіруге мүмкіндік берді.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар