Биыл Тараз қаласының А. есімді тұрғыны сотқа талап арызбен жүгінді. Онда талап қоюшы өзіне тиесілі жер учаскесін толығымен өз қалауынша пайдалана алмай отырғанын көрсеткен. Себебі көршісі К. 0,0009 гектар жер учаскесін заңсыз иеленіп, межелік шекарада құрылыс жүргізген. Яғни дау туғызып отырған жалпы ұзындығы бойынша 9 метр жерде жауапкер қабырға тұрғызып, оған жапсарластырып әжетхана мен монша салған.
А. осы уәждерді алға тартып Тараз қалалық сотына жүгінгенімен талап қою қанағаттандырусыз қалдырылған. Бұл тұрғыда жер телімдерінің тарихи қалыптасқан шекараларымен орналасқандығы негізге алынған.
Жамбыл облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы іс бойынша апелляциялық шағымның негіздерін талқылап, азаматтық істі толық зерттеп, тараптардың уәждерін тыңдап, бірінші сатыдағы сот шешімінің күші жойылуға, іс бойынша жаңа шешім қабылдануға жатады деген тұжырымға келді.
Қаралып жатқан жағдайда тарихи қалыптасқан шекаралар қағидалары қолдануға жатпайды. Өйткені жер учаскелері бір-біріне қабаттастырылып орналаспаған. А.-ның дауланып отырған жері К.-ның заңсыз пайдалануында. Өз кезегінде бұл мән-жай К.-ның талап қоюы бойынша бұрын қаралған азаматтық ісі барысында тараптар мен мамандардың қатысуымен көшпелі сот отырысында анықталған.
Тараз қалалық сотының заңды күшіне енген шешімімен қоршауды межелік шекарадан бір метрге шегініп тұрғызғандығы және А.-ның аталған жері К.-ның пайдалануында екені белгілі болған.
Сондай-ақ А. жер учаскелерінің іргелес сызығы бойымен құмблоктан қоршау тұрғызып қойғанын, оны шатырдың тірегі ретінде де пайдаланатынын, шатырдың төбесінен еріген су екі жаққа да ағатынын айтты. Апелляциялық сатыдағы сот отырысында тараптар бұл мән-жайды жоққа шығармады.
Ал жауапкердің дау тұғызып отырған шаруашылық құрылыстары талап қоюшының құрылысынан 1 метрге шегініп тұрғызылуға тиіс. Яғни жауапкердің босатылуға жататын жер учаскесінің көлемі 9 шаршы метрді құрайды.
Мұндай жағдайда жауапкердің талап қоюшы А.-ның жер учаскесімен межелік шекарада орналасқан құрылыстары: шатырдың қабырғасына жабыстырылып тұрғызылған дәретхана, монша, құрылысы басталған қабырға жауапкердің есебінен бұзылуы қажет.
Өйткені Қазақстан Республикасының Қағидалар жинағының 3.01-101-2013 – 4.3.6. тармағына сай, жер телімінің ортақ шекарасынан тұрғын үйдің қабырғасына дейінгі арақашықтық 3 метр, шаруашылық құрылыстарға дейін 1 метр болуы тиіс.
Алайда осыған қарамастан жауапкер шаруашылық ғимараттарын талап қоюшының тұрғызып қойылған құрылысына жабыстырып салып, көрсетілген талаптарды сақтамай, өрескел бұзған.
Осыған байланысты талап қоюшы А.-мен шекаралас жер учаскесіндегі жауапкер К.-ның пайдалануындағы 9 шаршы метр жер учаскесі босатылуы қажет. Яғни талап қоюшының талабы заңды. Сондықтан да оның аппелляциялық шағымы толықтай қанағаттандырылды.
Алайда жауапкер К. бұл қаулымен келіспей, Қазақстан Республикасының Жоғарғы сотына жүгінген болатын. Дейтұрғанмен кассациялық сот алқасы өтінішхатты қанағаттандыруға негіздер жоқ деп тауып, Жамбыл облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының қаулысын күшінде қалдырылды.
А.АЛИАКПАРОВА,
Жамбыл облыстық сотының
азаматтық істер жөніндегі сот алқасының судьясы