Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Идеологиялық кеңес құрылды

Идеологиялық кеңес құрылды
Ашық Дереккөз
Ұлы далада еркін өмір сүріп, далалық ділін, қазақи қасиетін киіз үйімен, тербелген бесігімен, саналы, қайсар, намысшыл ұрпағымен, қастерлі ұлан-ғайыр жерімен сақтай білген қазақ жұрты өзінің табиғи жаратылысын жоғалтып алмау керек. Бүгінгі қазаққа жаһандық үдерісте өркениет көшіне ұлт болып ілесу үшін ұлттық мұрат, ұлттық идеология қажет.

Осы мақсатта өңірімізде облыс әкімдігінің жанынан идеологиялық кеңес құрылып, дүйсенбі күні алғашқы отырысы өтті. Облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемовтың төрағалығымен өткен идеологиялық мәселелер жөніндегі кеңес отырысында өзекті мәселелер талқыланды.

Кеңес құрамына мемлекеттік қызметкерлер, депутаттар, зиялы қауым өкілдері, қоғам белсенділері мен еріктілер, сондай-ақ мұғалімдер, партия жетекшілері, жастар кірді.

Жиынды ашқан кеңес төрағасы, облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов алдағы уақытта атқарылатын жұмыстардың маңыздылығын атап өтті.

Басқосуда алғашқы болып сөз алған облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев ардагерлердің идеологиялық бағыттағы жұмыстарына тоқталып, кеңес мүшелерін бірге жұмыс атқаруға шақырды.

– Біздің басты міндетіміз – өскелең ұрпақты отансүйгіштік, туған дәстүрді құрметтеу рухында тәрбиелеу. Бұл біздің болашағымыздың негізі. Ардагерлер өз білімдерін ортаға салуға дайын. Жастар аға буынды тыңдап, өмірлерінен сабақ алып, қуатты, тәуелсіз ел құруы керек. Патриоттық тәрбие – біздің идеологиямыздың негізгі элементі. Өрендеріміздің бойында Отанға деген сүйіспеншілікті, мемлекет болашағына деген жауапкершілікті сіңіру арқылы ғана қоғамның дамуына үлес қоса аламыз, – деді Е.Солтыбаев.

Ал «Руханият» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Үртай Сапақова еліміздегі идеологиялық жұмыстардың барлығы тек кеңес беру сипатында екенін, нақты әрекетке көшудің уақыты келгенін айтты.

– Балаларды кішкентайынан еңбекке баулу маңызды мәселе. Кезінде «бала еңбегін пайдалану болып кетеді» деп депутаттар дабыл қаққандықтан өрендерді сенбілікке шығара алмай, сынып тазалата алмайтындай жағдайға жеттік. Биыл «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы деп жалпы халық болып тазалық жұмыстарына атсалысып жатырмыз ғой. Бірақ оқушылар сол акцияға қатыспады. Себебі ата-аналар дау туғызатыны сөзсіз. Кейбіреулер мұны отаншылдық пен туған жерге деген сүйіспеншіліктің көрінісі емес, балалар еңбегін пайдалану деп санайды. Мұндай көзқарас жас буынды құртуы мүмкін. Бәсекеге қабілетті ұрпақ емес, жалқауларды тәрбиелеп жатырмыз, – деді Ү.Сапақова.

Сонымен бірге кеңесте ҚР Журналистер одағы облыстық филиалының төрағасы Жаңабай Миллионов БАҚ саласындағы бірқатар мәселеге тоқталды.

– Еліміздің қозғаушы күші де, рухани байлығын қалыптастырушы да – бұқаралық ақпарат құралдары. Мемлекет ақпарат саласына жыл сайын қыруар қаржы бөлгенімен көрсеткіш жыл санап төмендеп барады. Оның үстіне мерзімді басылымға жазылу шараларын мәжбүрлік деп қабылдап, бұл бағыттағы жұмысты тоқтатқалы газет-журналдың жағдайы тұралап тұр. Қазір мемлекеттік қызметшілердің де сөзге шорқақ болуы газет-кітап оқымауынан туындап отыр, – деді Ж.Миллионов.

Ал жазушы-драматург Елен Әлімжан идеологиялық жұмыстың деколонизациялық процестен басталуы керектігін атап өтті.

– Біз социалистік идеологиямен тәрбиеленген ұрпақпыз. Ал қазіргі ұрпақ мүлде басқа түсінік-таныммен өмір сүреді. Сол үшін бізге алдымен «Біз қандай идеологияны ұстанамыз? Қай бағытта жүреміз? Нені мақсат тұтамыз?» деген сауалдарға жауап беріп алуымыз қажет. Сондықтан жұмысымызды ұлт санасын тазартуға, жаңғыртуға бағытталған жұмыстардан бастауымыз керек, – деді Е.Әлімжан.

Сондай-ақ жиынға қатысушылар өз-өзіне қол жұмсау және тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселелерін жан-жақты талқылап, қылмыс пен құқықбұзушылық деңгейін төмендету үшін отбасында балаларды дұрыс тәрбиелеудің маңыздылығын атап өтті. Кеңес жұмысының тағы бір маңызды бағыты – қазақ тілін дамыту. Жиынға қатысушылар осы ретте ана тіліміздің мәртебесін көтеру мақсатында жастар арасында, оқу орындарында білімнің сапасына көңіл бөлу керектігін сөз етті.

Сол секілді басқосуда кеңес ережесін қалыптастырып, жұмысшы топ құру қажеттігі де айтылды.

Отырысты қорытындылаған кеңес төрағасы Серік Сәлемов кеңес жастар тәрбиесі, отбасын нығайту және қазақ тілін насихаттау және жалпы идеологиялық саладағы жұмысты жақсартуға бағытталған кез келген ұсыныстарды қарауға дайын екендігін тағы бір еске салып, қатысушыларды тың бастамалар ұсынуға шақырды.

Айта кетсек, бүгінде идеологиялық кеңес құрамында 32 адам бар.

А.БЕКЕНҚЫЗЫ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар