БІРАҚ АРҚАНЫ КЕҢГЕ САЛУҒА БОЛМАЙДЫ
Жиында сөз алған облыс әкімдігі табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Олжас Баққараевтың айтуынша, басқарманың теңгерімінде жалпы сыйымдылығы 136,6 миллион текше метрді құрайтын 113 суқойма мен бөгет бар. Осы жылдың вегетациялық кезеңінде аталған суқоймаларға 91,2 миллион текше метр су жиналған. Осы көлемдегі су өңірдегі бекітілген он мың гектар егін алқаптарын ағын сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік берген және шаруалар тарапынан ағын су жетіспеушілігі жөнінде шағым түспеген.
– Мекемеге қарасты су нысандарын қалыпты жағдайда ұстау үшін жыл сайын тиісті жөндеу жұмыстары жүргізіліп келеді. Атап айтқанда, былтыр облыстық бюджеттен бөлінген 53,7 миллион теңгеге 9 суқойма жөнделді. Биыл да 19 суқойманы жөндеу жоспарланып, қазіргі таңда оның жетеуі бойынша жөндеу жұмыстары жүргізілді. Меркі ауданындағы қалған 2 суқойманың жөндеу жұмысы келісімге сәйкес жыл соңына дейін аяқталатын болады, – деді Олжас Елебекұлы.
Аппараттық кеңес барысында облыс әкімі коммуналдық меншіктегі суқоймалардың техникалық жағдайына тағы бір баса назар аударып, алдағы атқарылуы тиіс жұмыстар ретін пысықтады. Өйткені коммуналдық меншіктегі суқоймалар – аймақ тұрғындары мен ауылшаруашылығы алқаптарын сумен үздіксіз қамтамасыз ететін маңызды инфрақұрылымдық нысан. Сондықтан да осы суқоймалардың техникалық ахуалы мен жаңғырту жұмыстарын уақытылы қаржыландыру өзекті мәселе. Сол себепті Ербол Шырақпайұлы Олжас Баққараевтан алдағы жылға қандай жоспарлар құрылғанын сұрады.
– Жалпы біздегі 113 суқойманың соңғы үш жылда 24-іне жөндеу жұмыстары жүргізілді. Оған шамаман 160 миллион теңге қаржы бөлінді. Жөндеу жұмыстарын жүргізердің алдында барлық суқоймаларға зерделеу жүргізіледі. Шұғыл жөндеуді қажет ететін нысандарға уақытында тиісті қаржы бөлініп келеді. Қазіргі таңда 5 суқойма күрделі жөндеуді қажет етіп тұр. Бүгінде ол бойынша жобалық-сметалық құжаттар әзірленуде. Ал жалпы алдағы жылы біз 8 суқоймаға жөндеу жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отырмыз, – деді ол.
Жиында Е.Қарашөкеев: «Облыста құрылысы жүргізіліп және қайта жаңғыртудан өтіп жатқан суқоймалардың ішінде «Тасөткел» суқоймасының жұмысы 99 пайызға, «Андас-1», «Андас-2», «Андас-3» суқоймаларының жұмысы 70 пайызға аяқталған. Осы мәселелер жөнінде не айтасыз, қандай мәселелер бар?» – деп, мәселенің мән-жайын облыс әкімдігі құрылыс басқармасының басшысы Ерлан Орынбаевтан сұрады.
Ерлан Құрмантайұлының айтуынша, Меркідегі 3 суқойманың ішінде тек «Андас-3» тоғанына қатысты мәселе бар көрінеді. Себебі былтыр құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізу барысында жобаға қайта түзету енгізу қажеттігі анықталған екен. Осы бойынша қажетті құжаттар жинақталып, тиісті министрлікке жолданған.
Аппараттық кеңесте облыс әкімі бірқатар аудан әкімінен өңірлерде құрылысы жүріп жатқан нысандардың жай-күйін сұрап, кейбір басқарма және мекеме басшыларынан жауап алды. Мәселен, облыс әкімдігі ауылшаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат Көшенов ағын сумен суарылатын егіс алқаптарының көлемі мен түсім мәселесіне тоқталып, осы салалардағы жұмыстардың нәтижелерін сөз етті. Өз кезегінде «Шу-Талас» облысаралық бассейндік инспекциясы басшысының уақытша міндетін атқарушы Нариман Сулейманов жаз мезгілінде каналдардан шаруалардың заңсыз түрде су алған кездері болғанын, оны арнайы тексеру барысында анықтап, тиісті шаралар қолданылғанын, кінәлілерге айыппұл салынғанын жеткізді.
Сондай-ақ «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорны облыстық филиалы басшысының міндетін атқарушы Ербол Абдрахманов вегетациялық кезеңге дайындық жұмыстары жөнінде баяндады.
– «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорны облыстық филиалында вегетация кезеңіне дайындалу аясында бірқатар шара қабылданған болатын. Оның ішінде шаруаларға ылғал сүйгіш дақылдардың көлемін қысқарту, ылғал үнемдейтін технологияларды қолдану, ауыспалы егістерді қатаң сақтау, ауылшаруашылығы дақылдарын орналастыру бойынша ұсыныстар берілді. Сонымен қатар тұрақты түрде өзен арнасынан келісілмеген су алу мәселелерін реттеу, тексеру және шаруаларды келісімшартқа тұрғызу мәселесі де қамтылды. Суқоймаларда бар су көлемін ескере отырып және бекітілген суару нормалары, суару саны негізінде су тұтыну кестелері мен суару режимдері есептелді. Осы жылдың вегетациялық кезеңінде филиалдың теңгеріміндегі суқоймаларда судың жинақталуы кестеге сәйкес жүргізілді, – деді Ербол Қалмұхамедұлы.
Аппараттық кеңесті қорытындылаған Ербол Шырақпайұлы егіннің бітік шығып, түсімнің мол болуы, азық-түлік қауіпсіздігі вегетациялық кезеңге тікелей байланысты екенін атап өтіп, жауаптыларға маңызды міндеттер жүктеді.
– Облысымызда сурмалы жерлер аз емес, оның көлемі 180 мың гектар. Осы егіс алқаптарына егілетін дақылдар ағын судың жоқтығынан күйіп кетпес үшін біз барынша жұмыс істеуіміз керек. Су шығыны мәселесі де назарда болуы тиіс. Өйткені су ресурсы өңірдегі өзекті мәселенің бірі. Сондықтан судың сапасы мен оның халыққа қолжетімділігін қамтамасыз етуіміз қажет. Алдағы уақытта су жүйелерін қалпына келтіру арқылы судың пайдаланылу коэффициентін арттырып, жерасты суларын ұңғымалар қазу арқылы мейлінше пайдаланғанымыз жөн. Ұңғыма қазуда былтыр жақсы нәтиже көрсеттік, осы жұмыстарды биыл да, келесі жылы да жалғастыруымыз қажет, – деді Ербол Шырақпайұлы.
Жиын соңында облыс әкімі Тараз қаласы мен аудан әкімдеріне, тиісті басқарма басшыларына алдағы вегетация кезеңіне дайындық барысын қатаң бақылауға алу, су нысандарындағы құрылыс жұмыстарының сапалы атқарылуын назарда ұстау, ауылшаруашылығы саласында су үнемдеу технологияларын кеңінен қолдану жөнінде жұртшылық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу секілді бірқатар тапсырма берді. Жиында бұдан бөлек тағы екі мәселе қаралды.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ