Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Аймақ басшысы – «AR-AI» редакциясында

Аймақ басшысы – «AR-AI» редакциясында
А.Рысмахан
Баспасөз – қоғам айнасы. «Журналистің арқалағаны – алтын, жегені – жантақ» деп белгілі жазушы Шерхан Мұртаза айтқандай, бұл салада жауапкершілік пен адалдық қатар жүреді. Әсіресе жастар басылымдары өскелең буынның ой-өрісін қалыптастырып, жаңа бастамаларға жол ашады. Осы міндетті абыроймен атқарып келе жатқан «AULIEATA-MEDIA» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қарасты «AR-AI» жастар газетінің 20 жылдық мерейтойына орай облыс әкімі Ербол Қарашөкеев Шерхан Мұртаза атындағы Баспасөз үйіне арнайы келіп, ұжыммен кездесті.

Аймақ басшысы алдымен «AR-AI» газетінің фототілшісі Алтынбек Қартабайдың редакцияның 20 жылдық тарихынан сыр шертетін фотокөрмесін тамашалады.

Кездесу барысында AULIEATA-MEDIA» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Бас директоры Данияр Асқарұлы облыс әкіміне жастар газетінің тарихымен таныстырып, мерейтойға орай ұйымдастырылған шаралар жөнінде қысқаша мәлімет берді.

Өз кезегінде сөз алған Ербол Шырақпайұлы газет ұжымына ақ тілегін арнады.

– Құрметті «AR-AI» газетінің ұжымы! Қадірлі журналистер! Сіздерді «AR-AI» жастар газетінің 20 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын! Бүгінде «AULIEATA – MEDIA» серіктестігінің құрамындағы «АR-AI» жастар газеті ақпарат кеңістігінде өзіндік орны бар, бағыт-бағдары айқындалған, қалың оқырманы қалыптасқан беделді басылымдардың бірі. Елімізде жастарға арналған басылымдар саусақпен санарлық. Солардың бірегейі – біздің облыстың «AR-AI» газеті. Екіншісі Қызылордада жарық көретін «Ақмешіт жастары» гезеті. Сондықтан бұл басылымның ақпараттық кеңістіктегі рөлі мен маңызы айрықша. Бүгінде «AR-AI» газеті жастардың шығармашылығын насихаттап, қоғамдағы өзекті мәселелерге үн қосып, жас буынның көзқарасын қалыптастыруда айрықша рөл атқарып келеді. Мемлекет басшысының саясатын насихаттап, халыққа жеткізудегі еңбегі орасан. Қазіргі таңда басылым заман ағымына ілесіп, цифрлық форматта оқырманға мазмұны терең тартымды материалдар ұсынып отырғаны қуантады. Басылымды әр жылдары басқарған Болат Бекжанов, Оралхан Дәуіт, Гүлнұр Ембердиева, Масат Берік, Дәулет Төленді, Біржан Сөктай сынды азаматтардың зор еңбектерін атап өтпеске болмайды. Мен газеттің тұрақты оқырманымын. Әр санын қарап, маңызды материалдарды назарда ұстаймын. Өзекті мәселе көтерілсе, орынбасарларыма, қала және аудан әкімдеріне жолдаймын. Бас редактор – Тұрсынбек Темірланұлы басқарып отырған шығармашылық ұжымға алғыс білдіремін! Мәселен, журналист Нұрым Сырғабаевтың ветеринария, жол саласына қатысты соңғы сандарда шыққан көлемді материалы көңілімнен шықты. Айжан Өзбекованың әдебиет пен мәдениет бағытындағы, Құралай Сейсенбекқызының жүрекке жылулық сыйлатын еңбектері ерекше әсер берді. Жас журналистердің де қарқыны жоғары. Газет редакциясында талай жас тілшілердің шоғыры қалыптасып, шығармашылық шыңын бағындырды. Бұл мектептен түлеп ұшқан мамандар бүгінде еліміздің беделді басылымдарында, маңызды мемлекеттік және қоғамдық құрылымдарда жемісті еңбек етуде. Бұл – ең үлкен жетістік, ең бағалы мұра. Баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, шығармашылықтарыңызға толағай табыстар тілеймін! Жиырма жылдық мерейтой құтты болсын! деп, газеттің мерейлі сәтімен құттықтады.

Басқосу барысында редакция қызметкерлеріне мерейтойға орай 1 500 миллион теңгенің сертификаты табыс етілді.

Айжан ӨЗБЕКОВА

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар