Жиын барысында М. Х. Дулати атындағы Тараз университеті «Дулатитану және өңір тарихы» ғылыми-зерттеу орталығының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы, профессор Сәмен Құлбарақ, аталған оқу орнының «Журналистика және филология» кафедрасының доценті, филология ғылымдарының кандидаты Темірбай Мұқашев, «Журналистика және филология» кафедрасының аға оқытушысы, Қазақстан Республикасы Журналистер одағының мүшесі Бақытжан Махашұлы сөз сөйлеп, өздерінің ойтолғамдарын жеткізді.
– Тифломузей залында V-VI ғасырдан бастап қолданысқа енген жәдігерлермен қатар, студенттердің дипломдық жұмыстары да қойылған. Экспозицияға орналастырылған әр жәдігерге Брайль қарпімен атауы жазылып, QR-код арқылы аудиожазба бастырылыпты. Нәтижесінде зағип жандар өздерінің жеке смартфонымен музейді аралап, гидтің көмегінсіз ақпарат алу мүмкіндігіне ие болып отыр. Этнографиялық залда 2 000- ға жуық жәдігер бар. М.Х.Дулатидың туғанына 500 жыл толғанда зиратының басына 12 адамнан құралған делегат барып, Құран бағыштап, жамбасы тиген жерден топырақ алып келген болатын. Музейдегі ең басты жәдігер – сол баба басынан алынған топырақ. Одан бөлек шашбау, күміс білезіктер, тұмарша, бәйбішенің алқасы, сақиналар, Ресейдің займ ақшалары, тиындар, шақша секілді басқа да жәдігерлер музей қорын толықтырып тұр, – деді музей меңгерушісі Ақсәуле Қалабаева.
Ал конференцияда «Қазақ тарихының атасы – М. Х. Дулати», «М. Х. Дулатидың «Тарих-и-Рашиди» еңбегіндегі жер-су атауларының көрінісі», «Мұхаммед Хайдар жамбасы тиген жерден Дулатидың «Тарих-и-Рашиди» шығармасында кездескен салт-дәстүрлер» тақырыбында баяндамалар оқылды.
Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ