Тәуелсіз сарапшылар арнайы салық жүйесін бөлшек салық пен бизнес үшін жеңілдетілген декларация негізінде біріктіру жөніндегі бастамаға назар аударып отыр. Онда табыс салығын есептеу тәртібі өзгерді, қызмет түрлері бойынша салық жеңілдіктерін қолдану аясы кеңейтілді. Сарапшы Досым Сәтпаевтың айтуынша, біздің күні бүгінге дейінгі қателігіміз осыған байланысты.
– Дамыған елдерде бизнестің бөлшектенуі қорқынышты құбылыс емес. Жеке кәсіпкерлік субъектісі орта бизнес деңгейіне көтерілген кезде бөлшектеніп , бағытын әртараптандырады, салығын әр сегменттегі табысына қарай үйлестіріп отырады. Мысалы, тәтті тоқаш пісірумен айналысқан заңды тұлға құрылыс сегментіне барып кәсіп ашуға толық құқылы. Мұндай жағдайда оның бөлшектеніп, екінші бизнес субъектісін тіркеуіне ешкім кедергі келтірмеуі керек, – деді Д. Сәтпаев.
Ішкі нарықта бизнестің трансформацияға дайын еместігі көпке дейін жабық тақырып болды. Заңнамада бекітілмеген, алайда салықтан жалтарудың мұндай тәсілін кәсіпкерлер жиі қолданады. 2023 жылдың соңында Сенат спикері Мәулен Әшімбаев шағын кәсіпкерлік субъектілері саны бизнестің бөлшектенуі нәтижесінде өсіп жатқанын айтты.
– Шағын бизнес субъектілерінің көбі өнімділігі төмен секторларда жұмыс істейді, мұнда қызметтің басым түрі сауда болып қалып отыр, – деді. Мемлекет басшысы осыған дейінгі Жолдауларында қолданыстағы заңнамаға бизнесті ірілендіруге ынталандыратын өзгерістер енгізу міндетін қойып, табысы орта кәсіпорындарды қолдауға шақырған. Президент 2024 жылғы ақпанда осы мәселені тағы көтерді. Орта бизнесті қолдау мәселесін шешуге байыпты қарау қажеттігін еске салды. «Бизнесті жасанды түрде бөлшектеу, кәсіпкерлік субъектілерін санаттау әдіснамасы, мемлекеттік сатып алулар мен мемлекеттік қолдау шараларына басымдық беру мәселелері шешілмеген. Әкімшілік қысымды, оның ішінде реттеуші гильотина қағидатын қолдану арқылы азайту қажет. Жалпы бұл салада сапалы өзгерістер қажет», – деді Мемлекет басшысы.
Кәсіпкер Олжас Мамадәлінің айтуынша, бизнеске бір-бірімен тізбектеліп жатқан бағдарлама емес, қарапайым, баршаға түсінікті ойын ережесі керек.
– Бизнестің 200 компанияға бөлшектеніп кеткен жағдайы жиі кездеседі. Бірақ сол 200 компанияның табысы лимиттен аспайтын болса, салық сомасы сол деңгейде қалады. Бизнеске табысы шекті мәннен аспайтын 100 түрлі субъект үшін бөлек-бөлек салық төлегеннен бір нүкте арқылы төлеген тиімді. Шағын бизнестің жұмысын тым жоғары салықпен реттеудің қажеті жоқ. Оның көлеңкеге кетіп қалмай, заңды жұмыс істеуінің өзі үлкен жетістік. Төмен салық жүктемесі кәсіпкерге өз компаниясын дамытуға, көп ақша салуға көмектесуі тиіс. Алғашқы кезеңде күш жиып, қаржы жиып алған кәсіпкер трансформациядан қорықпайды, – дейді кәсіпкер.
Ел ішінде «шағын және орта бизнестің салық жүктемесінің айырмашылығын заңдастырып алу керек» деген пікір жиі айтылады. 2023 жылдың соңына дейін жеке кәсіпкерлік субъектілері (ЖК) және шағын бизнес үшін мораторий жарияланды, табыс салығынан босатылды. Ал орта бизнеске мұндай жеңілдіктер жасалған жоқ. Кәсіпкер: «Шағын және орта бизнеске қатысты ортақ түсінік қалыптастырмауымыз керек. Екеуінің аражігін айқындап алудың маңызы жоғары. Бізге бір мезгілде реттеуді, екінші жағынан, салықтық әкімшілендіруді өзгерту жайын ойлану керек», – дейді.
– Бүгінге дейін қолданыста болған Салық кодексінде жылдық айналымы бірнеше миллиард теңгедан асып кеткен бизнес субъектілеріне ең төменгі деңгейде салық төлеуге мүмкіндік беретін қалтарыстар көп болды. Бизнес заңдағы ақтаңдақ тұстарды пайдаланып, салықтан жалтарды. Жаңа Салық кодексі мемлекет пен бизнес арасындағы қарым-қатынасты қайта реттесе, мұндай құбылыстарға жол бермейді деп үміттенемін, – дейді О. Мамадәлі.
Гүлбаршын АЙТЖАНБАЙҚЫЗЫ,
журналист