«Halyk Bank»-тен бонустар алу үшін ата-ана алдымен «Halyk Еasy» картасын тегін ашып, «Kundelik.kz» сайты арқылы бағаларды беруге келісім беруі қажет. Ал балаға «Halyk Easy» картасын ашу үшін ата-ана «Halyk» қосымшасында тіркелуі керек. «Halyk Еasy» картасын ашқан кезде ата-анаға автоматты түрде жаңа шот ашылады, оған баланың картасы тіркеледі.Осылайша оқушы үздік бағалар үшін бонустар ала бастайды. Бонустар «Kundelik.kz» сайтында үздік баға қойылғаннан кейін келесі күні есептеледі.
– Биылғы оқу жылы қазақстандық оқушылар үшін қуанышты жаңалықпен басталды. Яғни «Halyk Bank» енді оқушыларға жақсы баға алу арқылы бонустарға ие болу мүмкіндігін сыйлады. Дегенмен оқу жылының басталып кеткеніне біршама уақыт болса да бонусты қалай алуға болатынын білмейтін ата-аналар, оқушылар кездесіп қалып жатады. Біріншіден, «Halyk» мобильді қосымшасын жүктеп, «Басты бет» бөлімінде «Halyk Easy. Балаға карта ашу» баннерін басыңыз. Баланы таңдап, оның ұялы телефон нөмірін көрсетіңіз. Сол кезде сіздің балаңыздың атына карта ашылады. Сонымен қатар «Halyk» қосымшасына кіру үшін баланың телефонына уақытша SMS-пароль жіберіледі. Уақытша парольдің жарамдылық мерзімі – 12 сағат. Егер сіздің отбасыңызда бірнеше оқушы болса, бағаларды беруге келісім әр балаға бөлек-бөлек беріледі, – дейді банк маманы Құралай Бейбітова.
«Halyk» қосымшасында бонустарды тек балалар көре алады. Максималды бонус – айына 1 000 бонус. Тоқсан үшін және бөлім үшін жиынтық бағалау (БЖБ) және тоқсан үшін жиынтық бағалау (ТЖБ) нәтижелері бойынша алынған бағаларға 100 бонус берілмейді. Бонустар күймейді, оларды «Halyk POS»-терминалдарында немесе «Halyk» қосымшасында жинауға және жұмсауға болады. Алайда қазан айы басталса да облыс оқушыларының бағалары әлі күнделікке түспей, банк ұсынған бонусты ала алмай отыр. Яғни «Электронды күнделік» платформасы біріздендірілмеген. Ата-аналар да сарсаңға түсіп, ұл-қызының бағасын көре алмауда. Себебін облыс әкімдігі білім басқармасы басшысының орынбасары Ләззат Қызылқұловадан сұрадық.
– Рас, барлық мектептегі жағдай сондай. Себебі енді «Kundelik.kz» электронды порталын пайдаланбаймыз. Оның орнына отандық «Bilim class» платформасы іске қосылады. Жаппай облыс ұстаздары мен оқушылары жаңа платформаға көшудеміз. Аталған платформа арқылы мұғалімдер мен оқушылар қажетті электронды видео-сабақтарды пайдалануға мүмкіндік алады. Сондай-ақ ата-аналарға да ыңғайлы болмақ. Әр баласы үшін жеке кіріп, қадағалау жүргізбей, бір ғана логин және құпия сөз қолданады. Айта кетейік, бұл ауыл мұғалімдері мен оқушыларының әлеуетін жақсарту бағытында жасалуда, – деді Ләззат Әбілдақызы.
«Bilim class» платформасының ауқымы кең, қолдану барысында да ешқандай қиындық туындамайды. Пандемия кезінде қолданысқа енген жүйеге бір мезетте кемі 1,5 миллион оқушы кірген екен. Платформа оқушылардың бұдан да көп үлесін қамти алады. Тек кей жерлерде интернеттің әлсіздігі бағдарлама жұмысына кедергі келтіреді екен. Яғни «Bilim class» платформасына толық көшкеннен кейін оқушылар осы уақытқа дейін жинаған бонустарына қол жеткізе алады.
Эльмира БАЙНАЗАРОВА