Ауруханада 913 қызметкер еңбек етсе, 99-ы дәрігер, ал 468-і орта буын медициналық қызметкер. Дегенмен ауданның медицина саласында кадр тапшылығы мәселесі бар екені байқалады. Ауруханаға инфекционист, реабилитолог, балалар неврологы, онколог, УДЗ маманы, травматолог және акушер-гинеколог сияқты мамандар қажет.Бұл көрсеткіштер аудандағы денсаулық сақтау инфрақұрылымының жақсарып жатқанын, бірақ маман тапшылығы сияқты түйінді мәселелердің әлі де бар екенін көрсетеді.
– Биыл орталық емханаға және екі ауылдағы дәрігерлік амбулаторияға шақалақтарға қолдануға арналған «Билитест» аппараты сатып алынды. Бұл құрылғы нәрестелердегі сарғаюды бақылауға арналған. Сондай-ақ материалдық-техникалық базамыз эндоскопқа арналған жуғыш-дезинфекциялаушы машинамен толықты. Бұрын эндоскоп аппаратын қолмен залалсыздандырсақ, енді санитарлық нормаларға сай инфекция қатерін төмендететін машинаны пайдаланамыз. Сол сияқты аудио-смарт аппараты, тонометр, лаборатория жабдықтары алынды. Сонымен қатар осы жылы 1 дерматовенеролог-дәрігері, 2 реаниматолог және 2 жалпы тәжірибе дәрігері секілді 5 жас маман жұмысқа орналасты. Осы жылы бастапқы медициналық-санитариялық көмек көрсету мекемелеріне тұрғындардың келу саны – 151 004 болса, 1 тұрғынға шаққанда келу саны 2,2-ні құрайды. Медициналық көмекке жүгіну себептерін тарқатып айтсақ, 77 926 тұрғын аурушандық бойынша мекемеге қайырылса, 63 795 тұрғын алдын ала тексеруден өткен. Сол сияқты 9 283 емделуші дәрігер мамандарды үйлеріне шақыртқан. Осы жылы ауданымызда 153 азамат қайтыс болып, жалпы өлімжітім көрсеткіші 2,2 пайызды құрады. Сондай-ақ 522 сәби өмірге келіп, туу көрсеткіші 1 мың тұрғынға шаққанда 7,7 пайызды құрады. Айта кетерлігі, 2023-2024 жылдары ана өлімі тіркелмеген. Халықтың табиғи өсімі 1 мың тұрғынға шаққанда 5,5 пайызды құрады. Қатерлі ісіктерден болатын аурушаңдықтың 30 жағдайы тіркеліп, өткен жылмен салыстырғанда 6 жағдайға төмендеген. Қатерлі ісікті ерте 1-2 сатысында анықтау бойынша биылғы 5 айда 9 емделушіге уақытылы көмек көрсетілді. Сол секілді қатерлі ісіктің асқынған IV сатысында шалдыққан 7 адам бар. Сол үшін де бізге шұғыл түрде онколог дәрігер керек. Қатерлі ісік ауруларынан қайтыс болған науқастар саны – 26, көрсеткіш – 38,1 пайыз. Былтыр қатерлі ісікпен 23 адам тіркеліп, көрсеткіште өсім байқалды, – дейді аудандық аурухана бас дәрігерінің орынбасары Нұрмахан Мәуленов.
Жамбыл ауданында сондай-ақ денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамыту жұмыстары жалғасын табуда. Ауданда УДЗ, флюорографиялық аппарат, ЭКГ секілді заманауи құрылғылармен жабдықталған бір жылжымалы медициналық кешен қызмет көрсетеді. Медициналық кешенде невропатолог, хирург, кардиолог, УДЗ дәрігері, рентген-лаборант және медбикелер қызмет атқарады. Бұл ауылдық жерлерде медициналық көмекке қолжетімділікті айтарлықтай жақсартуға ықпал етеді.
Сонымен қатар 2022 жылы Шайқорық ауылында дәрігерлік амбулаторияның құрылысы басталып, 2023 жылы пайдалануға берілді. Жобаның жалпы құны – 219 160,0 мың теңге. Сондай-ақ Жаңаөткелдегі медициналық пункттің де құрылысы 2023 жылы аяқталып, биыл халыққа қызмет көрсетуде.
Оның құны 105 161,0 мың теңгені құрады. Жоспарланған құрылыс нысандары арасында 2024 жылы Тоғызтарау және Қостөбе ауылдарындағы медициналық пункттердің, Қаратау ауылында фельдшерлік-акушерлік пункттің құрылысы бар.2025 жылы Шоқай және Бәйтерек ауылдарында медициналық пункттердің, Құмтиын ауылында фельдшерлік-акушерлік пункттің құрылысы жоспарлануда. 2026 жылы Қоңыртөбе және Қапал ауылдарында да медициналық пункттер салынады деп күтілуде.
Сонымен бірге «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында аудандық ауруханаларда «ДамуMed» медициналық ақпараттық жүйесі енгізілген, бұл жүйенің қамтылу көрсеткіші 100 пайызды құрайды. PACS жүйесі арқылы рентген кескіндері науқастың электрондық паспортына жүктеліп, науқастардың денсаулығын бақылау мен емдеу процесі оңтайландырылған.Жамбыл аудандық ауруханасы алдағы жылдарға бірнеше жоспар қойған. Ақ халаттылар нәресте өлімі деңгейін төмендету, ана өліміне жол бермеу, онкологиялық ауруларды ерте сатысында анықтау сынды міндеттерді басты мақсат етіп, нақты іске көшпек.
Эльмира БАЙНАЗАРОВА,
Жамбыл ауданы