Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Дәрі-дәрмекті таңбалау не береді?

Дәрі-дәрмекті таңбалау не береді?
Ашық Дереккөз
Бірнеше жыл бұрын отандық нарықтағы аяқкиімнің заңсыз айналымын таңбалау арқылы реттелетіні жария болды. Бұл талап кәсіпкерлердің өтінішімен бірнеше мәрте кейінге шегерілгені белгілі. Келе-келе басқа да тауарларды жаппай таңбалау туралы шешім шықса, еш таңғалмаймыз. Мысалы, 1 шілдеден бастап барлық дәрілік заттарды таңбалау және бақылау міндеттелгені туралы хабар тарады.

Әрине, елдегі заңсыз тауар айналымы экономикалық ахуалға әсер етеді. Әділетті бәсекеге тұсау салады. Бір ғана мысал, былтыр жоғарыда айтқан аяқкиімнің көлеңкелі айналымдағы үлесі 48 пайызды құраған. Осыған қарап жағдайды бажайласақ, дәрі-дәрмектен бөлек басқа да тауарлардың ағыны, сапасы, қайдан келіп, қалай сатылатыны – бәрі-бәрі ашық болса екен дейсің. Осының есесіне әуелі тұтынушының, сосын барып әділ бәсекеге түскен кәсіпкердің құқығы қорғалар еді. Импорт, экспорт ағынын мемлекет қауіпсіздік үшін де бақылайды. Дәрі-дәрмекті міндетті таңбалау талабы да, ең алдымен, дәрі-дәрмек қауіпсіздігіне оң ықпал етуге тиіс.

Денсаулық сақтау министрлігі бастамашы болып енгізілген қаулының артық-кем тұстары бірнеше жыл талқыланды. Кейін осы бастама қанатқақты жоба ретінде іске асты . Дәріханалардың, өндірушілердің дайындығы пысықталды. Сөйтіп, дәрілік заттарды таңбалау және қадағалау талабын енгізудің артықшылығы сол, дәрілік заттардың өндіріс сатысынан тұтынушыға дейінгі бүкіл циклді бақылауға жол ашады.

Осылайша фармакологиялық қадағалау және препараттардың сапасын бақылаудың тиімділігі артады. Дәрі-дәрмек айналымын жетілдіріп, дәрілік заттардың бағасымен қоса сапасын бақылауға мүмкіндік береді. Сосын көлеңкелі нарық үлесін тұсап, сәйкесінше дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етудегі ашықтықты жаңа деңгейге шығаруға септеседі. Сайып келгенде, мұның барлығы дәрілік заттарды ұтымды пайдалануға, сатып алуды жоспарлауға, сондай-ақ пациентке бағдарланған толыққанды және сенімді дәрілік қамтамасыз етуді қалыптастыруға жәрдемдеседі.

Таңбалау жүйесіне дәрілік заттардың айналымына қатысушы тараптардың барлығы кіреді. Қажетті ақпараттық жүйелер кеденнен бастап, соңғы сатып алушыға дейін біріктірілген. Бұл жөніндегі толымды ақпаратты Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің сарапшысы Жандарбек Биболаттан егжейтегжейлі сұрап білген едік.

– Үкіметтің 568-қаулысына сәйкес 1 шілдеден бастап барлық дәрілік затты міндетті таңбалау және бақылау енгізілді. Қазір елде көлеңкелі нарық көп демесек те, бар екенін мойындау керек. Енді таңбалау арқылы осының жолын кесуге болады. Дәріханада, емханада қандай дәрі-дәрмек бар, соның барлығы бақылауда болады. Барлық мәлімет ақпараттық жүйеде ап-анық көрсетіледі.Препарат қай күні, неше адамға сатылғанына дейін шығып тұрады. 1 шілдеден заң күшіне енді. Алайда 11-бұйрыққа сәйкес осы күнге дейін өндірілген немесе кеденнен өткен дәрілік заттар таңбалаусыз сатыла береді. Таңбалау дегеннің үлгісі кәнігі QR-код тәрізді. Ол – дәрілік заттың қаптамасында тұрады. Өндірістен тұтынушыға дейінгі дәрі-дәрмек цикліне осылай мониторинг жасалады. Мысалы, өндіруші тауарын дистрибьюторларға өткізеді. Бұдан әрі дистрибьютор тауарды дәріханаларға жеткізеді. Дәріхана қабылдап алғанын растап, QR-кодты тағы сканерлейді, сосын өзінің ақпараттық жүйесіне енгізіп қояды. Түсінгендеріңіздей, дәрі-дәрмек қайда өндірілді, қай дистрибьюторға өтіп, қай дәріханаға жетті бәрін білуге болады, – дейді Ж.Биболат.

Таңбалауға қатысты кедергілерді, оның ішінде ауыл-аймақтардағы ахуал, интернет жайын осыған дейін депутаттар да айтып, ескерткен еді. Тіпті бұл бастаманы кейінге шегеруді ұсынғандарда табылды . Дегенмен Денсаулық сақтау министрлігі дәрі-дәрмекті таңбалау, бақылау ісіне 2019 жылдан кіріскенін ескерген ләзім. Қазір министрлік дәріханалар мен фармацевтикалық қоймаларда таңбаланған дәрілік заттарды қабылдау, айналымнан шығару жұмыстарын бизнес қауымдастықпен қоса , тұрғындарға түсіндіруге де ден қойған. Жалпы түсіндіру жұмыстары бірер жылдан бері жүргізіліп келе жатыр. Жоғарыда депутаттар айтқандай , шалғай елді мекендердегі интернетке, электр қуатына қатысты мәселелерді жоққа шығаруға болмайды. Әрине, кейбір ауылдағы интернет, жарық мәселесі жанға батады. Қуанышқа қарай дейміз бе, мұндай жағдайда алдын ала бекітілген жұмыс алгоритмі бар екен. Келеңсіз жайттарда кәсіпкерлер бекітілген ереже-талапқа сәйкес жұмысты үзбей, үйлестіре береді.

– Негізінде өнімді бірінші өндіруші тіркейді. Қаптаманы жапсырады. Егер өндірушінің тіркеуге мүмкіндігі болмаса, біздің оператор , яғни «Қазақтелеком» акционерлік қоғамына қайтарылады . Өйткені оларда арнайы стикер тәріздес таңба болады. Яғни қаптамаларға стикерді жапсыру арқылы таңбалайды. Демек, таңбалаудың бір емес, екі әдісі бар. Бірінші – өндіруші таңбаны өздері әзірлеп жапсырса, екінші – «Қазақтелеком» АҚ арқылы тапсырыс бере алады. Мұның барлығы реттеліп қойған. Шалғай аудандарда интернет, электр қуаты өшкен немесе болмаған жағдайда ол су бъек тілер интернет ресурстың операторына немесе дистрибьюторға қағаз жүзінде қабылдау ак тісін жүргізеді. Ауылдағы дәріханалар препараттарды осылай тіркейді, – деп түйіндеді Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің сарапшысы Жандарбек Биболат.

Енді тұрғындар дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етудің барлық тізбегін өзі қадағалайды. Ол үшін бар болғаны «Нақты өнім» деп аталатын мобильді қосымшаны жүктеп алса жеткілікті. Қосымша арқылы әлгі дәрінің қаптамасындағы кодты сканерлесеңіз, препарат туралы ақпарат жылт етіп шыға келеді. Егер тұрғындардың дәрілік затқа қандай да бір шағымы болса, онысын бірден қосымша арқылы Денсаулық сақтау министрлігіне жолдауға да мүмкіндігі бар.

Мұндай тәжірибе Ресейде 2020 жылы енгізіліпті. Сол секілді Нидерланд, Бразилия, Беларусь, Армения, Оңтүстік Корея, Тайланд, Сауд Арабиясы сынды елдер де таңбалау мен қадағалауға ерте бастан кірісуді жөн көріпті. Тағы бір жаһандық деректерге үңілсек, заңсыз дәрі-дәрмектердің үлесі дамушы елдерде көбейіп келеді екен. Мұны біле тұра қол қусырып қалу жарамас. Тек қабылданған қаулы көлеңкелі нарықты тұсап, мемлекеттің, тұрғындардың игілігіне жараса деген тілек – біздікі.

Сәндібек АСАНӘЛІ, журналист

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар