Қаратау қаласының әкімі Дархан Баймбетовтің айтуынша , шаһар көшелерінің инфрақұрылымын дамыту бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Аудан орталығында барлығы 130 көше болса, ұзындығы 94,8 шақырымды құрайды екен. «Моноқалаларды дамыту» бағдарламасы аясында қабылданған кешенді даму жоспары негізінде қаладағы тозығы жеткен көшелерді жаңарту жұмыстары қарқынды түрде қолға алынған. Атап айтқанда, қала бойынша тозығы жеткен 51 көшені орташа жөндеуден өткізу жоспарланыпты.
– 2024 жылы аталған жоспармен қала ішіндегі жалпы ұзындығы 9,5 шақырымды құрайтын 13 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Яғни К. Назарбеков, А. Шымырұлы, Ж. Жабаев, Қойгелді батыр, Әйтеке би, А. Сухамбаев, Ш.Уәлиханов, Ш. Құдайбердіұлы, Б. Майлин, К. Азербаев, И. Сеченов, Қ. Шырынбеков және Көшек батыр көшелері жөндеуден өтті. Сонымен қатар осы көшелерді жөндеуге бөлінген қаражатты үнемдеп, соның есебінен қосымша Қ. Жатқанбаев , А . Чехов және Қ. Рысқұлбеков көшелері де орташа жөнделді. Жолдардың сапасы артқан сайын қаладағы әлеуметтік инфрақұрылым да дамып, тұрғындар үшін ыңғайлы әрі қауіпсіз өмір сүру ортасы қалыптасуда. Қаратау қаласының инфрақұрылымын жаңарту жұмыстары қарқынды жалғасуда. Қазіргі таңда Арбатас, И. Панфилов және Тамды Әулие көшелеріне қайта жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Дегенмен бүгінде қала бойынша ұзындығы 17,7 шақырымды құрайтын 31 көше асфальт төсеуді қажет етіп отыр. Жоспарға сәйкес 2027 жылға қарай қала ішіндегі барлық тасжол толық жөнделіп, олардың жақсы және қанағаттанарлық жағдайын 100 пайызға жеткізу көзделуде. Кейбір көшелердің тозығы жетіп, қыста қар ерігенде және жаңбыр жауғанда қиындықтар туындайды. Осы мәселелерді шешу үшін орташа жөндеуге енбеген көшелерге уақытша шағал тас төселіп, 15 көшеде жалпы ауданы 1 327 шаршы метрді құрайтын ойық жолдарды қалпына келтіру жұмыстары атқарылды. Қаладағы 28 көше саяжай аймағында орналасқан шағын көшелер болып есептеледі. Аталған көшелерге толықтай ауызсу құбырларын жүргізу жұмыстары 2027 жылға дейін аяқталып, одан кейін орташа жөндеуден өткізу жоспарланып отыр, – деді Дархан Тобашұлы.
Қаратау қаласының көшелерінде жол инфрақұрылымын жақсарту және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында бірқатар маңызды шара жүзеге асырылыпты. Көшелердің асфальт жамылғысына жол белгілері сызылып, қозғалыс қауіпсіздігі қамтамасыз етіліпті. Сонымен қатар қаладағы мектептер мен бөбекжай-балабақшалардың маңында балалар мен жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында түнгі жарық беретін арнайы балалар жол белгілері және жасанды жол кедергілері орнатылыпты. Мәселен, А. Иманов пен П. Качесов көшелеріне тротуарлар орнатылып, ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілген. Ал қаладағы А. Сухамбаев, Ш. Құдайбердіұлы, Б. Майлин және К. Әзірбаев көшелеріне түнгі жарықшамдар орнатылып, тұрғындардың кешкі уақытта қауіпсіз әрі ыңғайлы қозғалысын қамтамасыз ету үшін қолайлы жағдай жасалған екен. Ә. Момбеков , Фабричный және Қ. Назарбеков көшелері де самаладай жарқырап тұр.
Жылдың екінші жартысында Ә.Жангелдин, Ш. Уәлиханов , Қ . Қошмамбетов , Арыстан баб , Т. Тоқтаров, Есейхан, И. Сеченов көшелеріне жарықшамдар орнатылып, бұл жұмыстар толық аяқталмақ. Алайда қала аумағында 27 көше әлі де жарықтандыруды қажет етеді. Осы көшелерді жарықтандыру жоспарға сәйкес кезең-кезеңімен жүзеге асырылмақ. Осылайша қаладағы барлық тұрғын аймақтарда қауіпсіз және қолайлы орта құру көзделуде.
Сонымен қатар аудан орталығында абаттандыру және инфрақұрылымды дамыту жұмыстары да назардан тыс қалмаған. Шаһардың № 3 ықшам ауданындағы № 7 5 көпқабатты тұрғын үй ауласына балалар ойын алаңшасы салыныпты. А. Ақшораев көшесіндегі №1 және 1аүйлердің ауласында шағын футбол алаңы мен балалар ойын алаңшасы пайдалануға берілген. Б. Момышұлы көшесіндегі №9 үйдің алдындағы балалар ойын алаңы қоршалып, резеңке жабындымен жабдықталған. А. Иманов және Ш. Уәлиханов көшелерінің бойында балалар ойын алаңшаларын орнату жұмыстары толық аяқталып, ол маң балалар үшін қызықты әрі қауіпсіз ортаға айналған. «Әйгерім» бөбекжай-балабақшасының бастапқы кіреберіс жеріне қоршаулар орнатылып, көгалдандыру жұмыстары жүргізіліпті.
Б. Момышұлы көшесінің бойында орналасқан «Ақжелкен» бассейнін қалпына келтіру жұмыстары да аяқталып, ел игілігіне ұсынылған.
Бұдан бөлек Д. Нұрпейісова көшесінің бойында қала тұрғындарының демалатын орны мен балалар ойын алаңын орнату жұмыстары аяқталған. Сондай-ақ қалаға кіреберіс жерде орналасқан «Жасыл белдеу» аумағына 1 500 түп қаратал, «Батырлар» алаңына 200 түп туя және 50 түп ақ қайың егіліпті.
– Қаратау қаласында 44 қоқыс алаңы бар, оның 11-і биыл жаңартылды. Тазалық жұмыстарымен екі компания айналысады. Олар – «Таза қала Қаратау» және «Қаратау саябақтары» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері. Бұл компаниялар шағын және көпқабатты тұрғын үйлер мен жеке секторлар, кәсіпкерлермен келісімшарт жасасып, қала тазалығын қамтамасыз етуге атсалысуда. Қалада қаңғыбас ит-мысықтарды аулау да өзекті мәселе. Бұл ретте иттерді уақытша ұстауға арналған питомник орнату жұмыстары аяқталып, құжаттары заңдастырылуда. Мүгедектігі бар азаматтар үшін қолайлы жағдай жасау мақсатында теміржол вокзалының жанындағы жерасты өткеліне пандус орнатылды. Конго Қырым геморрагиялық қызбасы ауруының алдын алу үшін кенеге қарсы 3 кезеңнен тұратын дезинфекциялық залалсыздандыру жұмыстары тұрақты жүргізілуде, – дейді Д. Баймбетов.
Қаратау қаласы бойынша осы жылдың 4-тоқсанына жоспарланған жұмыстарға келсек, шаһардың батыс кіреберіс жолының 2,1 шақырымын орташа жөндеуден өткізу жоспарланып отыр. Мемлекеттік сатып алу порталына жұмыстар қойылып, жеңімпаз мердігер анықталыпты.
Сондай-ақ қаладағы көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларында балалар ойын алаңшасы мен «Street Workout» орнату жұмыстарының қаражаттарын сұрау мақсатында аудандық экономика және бюджеттік жоспарлау бөліміне сұраныс хат жолданған екен. Аталған жұмыстар А. Пушкин көшесі, №18, 3А, Т. Рысқұлов көшесі, №2,21, Саңырақ батыр көшесі, №7 және Б. Момышұлы көшесі, №14 мекенжайындағы үйлердің аулаларында жүргізілмек.
Бұдан бөлек «Рухани жаңғыру» аллеясын абаттандыру бойынша жобалық-сметалық құжаттар дайындалып, қаражат қарастыру жұмыстары жүргізіліп жатқан көрінеді. Саялы ағаштар, гүлдермен көмкерілетін аллея болашақта жастардың бос уақытын тиімді өткізетін әрі қала тұрғындарының бір мезгіл серуен құратын алаңы болмақ.
Қаратау қаласының абаттандырылуы, ондағы санитарлық тазалау жұмыстары мен қоқыс алаңдарының жаңартылуы, тұрғындардың денсаулығын сақтауға және экологиялық жағдайды жақсартуға бағытталған ауқымды іс-шараның нәтижесі. Мұндағы қала билігінің барша қала тұрғындарын, жастарды, кәсіпкерлерді өз қаласының көркеюіне үлес қосуға шақыруы да елдіктің бір белгісі.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ