Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Жер телімін үлестіруде ашықтық сақталуда

Жер телімін үлестіруде ашықтық сақталуда
Ашық Дереккөз
Баспана кезегінде тұрған азаматтардың мәселесі өте өзекті. Жағдайы төмен, көпбалалы отбасылар, мүгедектігі бар азаматтар, жалғызбасты аналар және басқа да әлеуметтік осал топтардың сұранысын қанағаттандыру мемлекеттің міндетіне жатады. Жалпы пәтер алу немесе жеке тұрғын үй салу үшін жерге кезекке тұрған азаматтардың тізімі жыл сайын жаңартылып отыратыны белгілі. Сонымен қатар мемлекеттік тұрғын үй бағдарламалары арқылы жас отбасылар мен басқа да әлеуметтік осал топтарға қолдау көрсету ісі өңірде жүйелі жүргізілуде.

Соңғы бірнеше жылда облыс аумағында жаңа тұрғын үйлер қарқынды салынуда. Жеке тұрғын үйлер салу үшін де бөлінген жер учаскелерінің саны артты. Сонымен қатар ескі ғимараттарды қалпына келтіру және жөндеу жұмыстары да маңызды бағыттардың бірі десек болады. Облыста тұрғындардың баспана мәселесін шешу мақсатында инфрақұрылымдық жүйені дамытуға да ерекше көңіл бөлінген. Жолдар салынып, инженерлік желілер жаңғыртылуда. Бұл өз кезегінде тұрғын үйлер салынатын жаңа тұрғын алқаптардың талапқа сай болуына септігін тигізуде. Осындай қарқынды жұмыс нәтижесі ауылдық округтер деңгейінде де бірқатар игі бастаманың жүзеге асуына түрткі болуда.

Өткен жылы облысымызда жалпы 1 964 отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етіліпті. Бүгінгі күнге облыс бойынша коммуналдық тұрғын үй қорынан пәтер алу кезегіне 38 503 азамат тіркелсе, 9 344-і көпбалалы отбасылар, 15 950-і әлеуметтік осал топтағылар. Жетім балалар – 3 008, бюджеттік сала қызметкерлері – 10 198, қалғаны баспанасы апаттық жағдайға үшыраған азаматтар.

2024 жылы тұрғын үй кезегіндегі азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында 12,3 миллиард теңгеге 2 909 пәтерлі 56 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп, дені пайдалануға берілген. Былтыр бюджет қаражаты есебінен облыс бойынша 106 инженерлік инфрақұрылым жобасының құрылысына 13 миллиард теңге қаражат қаралыпты. Нәтижесінде 17 алқапта 5,2 миллиард теңгеге 23 инфрақұрылым жобасының құрылысы жүргізіліп, Жамбыл ауданының Аса ауылында жеке тұрғын үй құрылысы үшін 1 жаңа алқапта 811 жер телімі және Сарысу ауданы, Жаңатас қаласындағы «Құрылысшы» алқабында 58 жер телімі халыққа шетінен үлестірілуде. Осы жылы бюджет қаражаты есебінен өңірде 77 инженерлік инфрақұрылым жобасының құрылысына 12 миллиард теңге қаралыпты. Сәйкесінше тұрғын үй құрылысы үшін 9 алқапта 4,5 миллиард теңгеге 13 инфрақұрылымдық жобаның құрылысы жүргізіліпті.

Мұндай жұмыстар Жуалы ауданында да жүйелі атқарылуда. Аймақта тұрғын үй салу мәселесі соңғы жылдары айрықша назарға алынғанын айта кетуіміз керек. Аудан әкімдігі сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Нұрсұлтан Сауырбаевтың айтуынша, ауданда жыл санап халық саны өсіп, тиісінше баспанаға сұраныс та артып келеді.

– Бұл бағытта аудан әкімдігі мен жергілікті атқарушы органдар тарапынан бірқатар кешенді жұмыс атқарылуда. Үй салу үшін жер телімдерін бөлу – аудан тұрғындарының басты сұраныстарының бірі. Жер кезегінде тұрған азаматтардың саны жыл сайын өсіп келеді. Нақты айтқанда, 2023 жылдың тамыз айындағы деректерге сәйкес бұл көрсеткіш 5 907 азаматты құраса, 2024 жылдың 8 айының қорытындысымен жер алуға кезекте тұрған азаматтар саны 6 660-тан асты. 3 179 азамат қағаз түрінде, ал 3 481 азамат электронды түрде кезекке тіркелген, – дейді Нұрсұлтан Талғатұлы.

Жуалыда жер учаскесін алу үшін кезекке тіркелген азаматтар санының өсуі ауданның инфрақұрылымын кеңейтуді қажет етіп отырғанын көрсетеді. Жер кезегі қазіргі уақытта ауылдық округтердің әкімдігі тарапынан бақылауға алынып, кезең-кезеңімен үйлестіріліп жатыр. Әрбір азаматқа жер учаскесін бөлуге қатысты ашықтық пен әділдік сақталуда. Сонымен қатар жер учаскелерінің инфрақұрылыммен қамтамасыз етілуі, яғни су, газ, электр желілері тартылуы да маңызды мәселе болып тұр. Бұл бағытта мемлекеттік бағдарламалар арқылы тиісті жұмыстар жүргізілуде.

Аудан бойынша кезекте тұрған азаматтар жайында тарқата айтсақ, Бауыржан Момышұлы ауылы бойынша 4 293 азамат жер кезегіне тіркелген, 1 787-сі қағаз түрінде, 2 506-сы электронды түрде тіркеліпті. Ақсай ауылдық округі бойынша жер учаскесіне кезекте тұрған азаматтар саны – 470. Оның 356-сы қағаз түрінде, 114-і электронды түрде. Боралдай ауылдық округі бойынша жер кезегіне тек 9 азамат электронды түрде тіркелген екен. Нұрлыкент ауылдық округі бойынша 480 азамат кезекке тұрса, 355-і қағаз түрінде, 125 азамат электронды түрде тіркелген. Көкбастау ауылдық округі бойынша кезекте тұрған 572 азаматтың 356-сы қағаз түрінде, қалғаны кезекке тұрудың электронды тәсілін таңдаған. Шақпақ ауылдық округі бойынша 209 азаматтың 108-і қағаз түрінде, 101-і электронды түрде, Мыңбұлақ ауылдық округінде 627 азамат кезекте тұрса, 217-сі қағаз түрінде, 410-ы электронды түрде кезекке тіркеліпті. Бауыржан Момышұлы ауылындағы атқарылған жұмыстарға тоқталатын болсақ, 1 жаңа тұрғын алқапта 170 жер телімі таратылып, жаңадан салынған үйлердің саны 109-ды құраған. Бұл жалпы салынуы тиіс жеке тұрғын үйлердің 64,1 пайызын құрайды. Бауыржан Момышұлы ауылының «Көктөбе» тұрғын алқабында 2019 жылы 404 320 мың теңгеге инфрақұрылым жүйелері жүргізіліп, тұрғын үйлер салыныпты. Осы мәліметтер аудандағы тұрғын үй құрылысы және жер учаскелерін бөлу үдерісінің қарқынды жүріп жатқанын аңғартады.

Жуалы ауданы бойынша тұрғын үй салу үшін кезекте тұрған 170 азаматтың ішіндегі 7 адамға қатысты өзгерістер орын алыпты. Атап айтқанда, 6 азамат қайтыс болса, 1 азамат Қазақстан Республикасы аумағынан көшіп кеткен. Осыған байланысты бұл 7 азамат кезектен шығарылып, олардың орнына кезекте тұрған келесі 7 тұрғынға Жуалы аудандық жер комиссиясының 2021 жылғы 29 шілдедегі хаттамалық шешіміне сәйкес хабарламалар берілген екен.

Бауыржан Момышұлы ауылдық округі әкімінің шешімімен 166 азаматқа «Көктөбе» тұрғын алқабынан уақытша 3 жыл мерзімге жер пайдалану құқығы беріліпті. Осы 166 азаматтың ішінде 109 адам тұрғын үйлерін салып үлгерген. Оның ішінде 32 тұрғын өздері салған объектілерді пайдалануға беру актісі негізінде жекеменшік жер пайдалану құқығын алған. 1 адам аудандық жер комиссиясының хаттамалық шешіміне сәйкес жер учаскесін қалыптастыру бойынша жерге орналастыру құжаттарын рәсімдеп жатқан көрінеді. Тағы бір азаматқа жер телімін уақытылы рәсімдемегені үшін аудандық жер комиссиясы қайтадан рәсімдеуге рұқсат бермепті. 2 тұрғынның тіркелген мекенжайларына 2 және 3 рет арнайы хаттар жіберілген. Алайда бұл азаматтардың тіркелген мекенжайларында тұрмайтыны анықталыпты.

– Қазіргі таңда 3 жыл мерзімге уақытша жер телімін алған тұрғындардың ішінде мерзімі өткендері жоқ, яғни барлығы белгіленген уақыт ішінде жер пайдалану құқықтарын сақтады. Ауданымыздағы тұрғын үйге мұқтаж азаматтарға арналған жер телімдерін арттыру мақсатында 2022 жылы ауқымды жұмыстар атқарылды. Атап айтқанда, ауданда үш жаңа тұрғын алқапқа, яғни Теріс пен Қосбөлтек ауылынан 15 гектардан 30 гектар және Нұрлыкент ауылынан 10 гектарға 6 жоба бойынша инженерлік инфрақұрылым жүргізуге қаржы қарастырылды. Ол үшін бюджеттен 204,5 миллион теңге бөлінді. Бұл жобалар жер учаскелерін тиімді пайдаланып, азаматтарға жаңа құрылыс жұмысын жүргізуге мүмкіндік беруге бағытталған.

18,6 шақырым электр желілері, 23,27 шақырым ауызсу желілері, 12,4 шақырым газ желілері тартылып, құрылыс жұмыстары толық аяқталды. Көкбастау ауылдық округі бойынша «Қосбөлтек» тұрғын алқабынан 64 жуалылыққа жер телімі таратылды. Оның ішінде 60 адамға жерге орналастыру жобалары әзірленген еді. 37 азамат уақытша жер пайдалану құқығын алды. Осы ауылдық округтегі «Теріс» тұрғын алқабынан 67 азаматқа жер телімі бөлінді. Оның ішінде 32-сіне жерге орналастыру жобалары дайындалды. 12 азамат уақытша жер пайдалану құқығын алды. Нұрлыкент ауылдық округіндегі «Нұрлыкент» тұрғын алқабынан 63 азаматқа жер телімі берілді. Оның ішінде 45 тұрғынға жерге орналастыру жобалары әзірленді. 24 адам уақытша жер пайдалану құқығына ие болды.

Бұл жобалар ауданымызда тұрғын үйге мұқтаж азаматтарға қажетті жағдай жасау мақсатында атқарылып жатқан ауқымды жұмыстардың бір бөлігін құрайды. Инженерлік инфрақұрылымды дамыту арқылы азаматтарға сапалы өмір сүру мүмкіндігін қамтамасыз ету және кезекте тұрған халықтың сұранысын қанағаттандыру бағытында жүйелі іс-шаралар жүзеге асырыла береді, – дейді Н.Сауырбаев.

Аудан орталығы мен ауылдық округтердің үйлесімді дамуы үшін атқарылған шаруалардың арқасында аймақтың әлеуметтік және экономикалық көрсеткіштері біртіндеп жақсарып келеді . Халықтың жеке тұрғын үй салуына қатысты қолдау ретінде бөлінген қаржы көлемі де көңіл көншітеді. Бастысы үй салу үшін жер кезегіне тіркелгендер амалын тауып, дер кезінде өз баспанасын тұрғызып алуға әрекет етсе болды. 

Нұрым СЫРҒАБАЕВ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар