Қазақстан Республикасының Ұлттық вакцинация күнтізбесіне сәйкес Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынымын және халықты иммундау жөніндегі сарапшылардың Ұлттық техникалық консультативтік тобының шешімін ескере отырып, 11 жастағы қыздар жоспарлы вакцинациялауға жатады. Бұдан басқа 11 жастан асқан қыздардың ата-аналарының өтініштерін ескере отырып, 12-13 жас аралығындағы қыздарды АПВ-ге қарсы толықтыра иммундау жүргізу туралы шешім қабылданды.
– Адам папиллома вирусы – вирустың 200-ден аса түрінен тұратын топ. Олардың кейбіреулері жоғары онкогендік қауіп түрлеріне жатады және әртүрлі органдардың қатерлі ісігіне әкелуі мүмкін.АПВ жұқтырған адамнан жұқпаланған терімен, шырышты қабаттармен немесе дене сұйықтықтарымен тікелей байланыс арқылы беріледі. Статистикаға сүйенсек, 10 адамның 8-і өмір бойы АПВ жұқтырады. Көп жағдайда инфекция асимптоматикалық түрде 12-24 ай ішінде өздігінен өтеді. Жоғары онкогенді қауіпті адам папилломасы вирусының кейбір түрлерін жұқтыру инфекцияның созылмалы түрде дамуына себеп болуы мүмкін. Уақыт өте келе АПВ инфекциясы жатыр мойнының және басқа да органдардың қатерлі ісік алды өзгерістеріне әкелуі ықтимал. Егер бұл өзгерістер уақытында анықталып, емделмесе, олар қатерлі ісікке ұласып, пациенттің денсаулығына айтарлықтай зиян тигізеді. Сондықтан АПВ жұқтырған әйелдерге тұрақты тексерулер мен скринингтер жүргізу маңызды. АПВ тудыратын ең көп таралған ауру – жатыр мойны обыры. Қазақстанда жатыр мойны обыры 25 пен 44 жас аралығындағы әйелдердің онкологиялық патологиялары арасында екінші орында тұр. Елімізде жыл сайын жатыр мойны обырының 1 900-ге жуық жаңа жағдайы тіркеліп, 600-ден астам әйел қайтыс болады, – дейді Ерік Тіллабекұлы.
Баяндамашының айтуынша, соңғы онжылдықта бас және мойын қатерлі ісігінің, сондай-ақ АПВ салдарынан айналшық қатерлі ісігінің жоғарылауы байқалыпты. Айта кетейік, Қазақстанда қолданылатын АПВ вакцинасы вирустың 4 түрінен қорғайды.
Эльмира БАЙНАЗАРОВА