Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Ауылшаруашылығы – экономиканың драйвері

Ауылшаруашылығы – экономиканың драйвері
А.Қартабай
Ауылшаруашылығы саласы – экономиканың маңызды секторы. Себебі халықты азық-түлікпен қамтамасыз ету, малшаруашылығында тері-терсек, жүн-жұрқа, егіншаруашылығында астық, техникалық дақыл секілді шикізат өнімдерін өндіру ауыл-аймақтың дамуына өз септігін тигізеді. Сонымен қатар экспортқа бағытталған ауылшаруашылық тауарлары арқылы ел ырысын еселеуге мүмкіндік мол.

ЭКСПОРТ КӨЛЕМІ 7 ЕСЕГЕ АРТТЫ

Негізі экономиканың қарышты дамуы үшін ауылшаруашылығы саласының технологияларын дамыту мен жаңғыртудың маңызы айрықша. Сонымен қатар жаңа инновациялық жобаларды жүзеге асыру, инвестиция тарту, сол арқылы өңдеу өнеркәсібін дамытудың да орны бөлек.

Ауылшаруашылық тауарларын өндірушілерге қаржылай қолдау көрсетудің бір тетігі – субсидия төлеу. Осы арқылы фермерлер шығынын азайтып, өндіріс аясын кеңейтуіне, аз шығынмен мол өнім алуына болады. Шаруаларға субсидия төлеудің астарында ауылшаруашылық тауарын өндірушілерді бәсекеге қабілетті ету мен сыртқы нарықта қазақстандық өнімге деген сұранысты арттыру мәселесі жатыр.

Облыста 2024 жылы ауылшаруашылығы саласын қолдауға 31 миллиард теңге қаржы бөлінсе, 22,5 миллиарды субсидияға, қалғаны Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін таратуға бағытталыпты. Бүгінгі күні ауылшаруашылық тауарларын өндірушілерге 18,3 миллиард теңгеден аса субсидия төленген екен. Сондай-ақ қаржы институттары мен микроқаржы ұйымдары арқылы 1 045 агроқұрылымға 15,2 миллиард теңге несие берілген.

– 2024 жылдың 8 айында ауылшаруашылығы саласында 204 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі 106,5 пайызды құрады. Мәселен, егіншаруашылығында 87,3 миллиард теңгенің өнімін өндіру арқылы нақты көлем индексі 112,5 пайызды, малшаруашылығында 116,5 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі 101,8 пайызды көрсетті. Жыл басынан бері ауылшаруашылығының негізгі капиталына 6,1 миллиард теңге инвестиция тартылып, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда көрсеткіш 25,7 пайызды құраса, тамақ өнімдері өндірісінің негізгі капиталына 3,9 миллиард теңге инвестиция салынып, көрсеткіш 163,2 пайызға жетті.

2024 жылдың 8 айында ауылшаруашылық өнімдерінің экспорты 350 мың тоннаны құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 7 есеге артты (2023 жылы – 44 мың тонна).

Бұл ауылшаруашылық тауарларын өндірушілерге қосымша табыс әкеліп, ел экономикасына оң әсер етуде. Экспорттан түскен кіріс ұлғайып, аграрлық сектордың бәсекеге қабілеттілігі де артуда.

Өсімдікшаруашылығында 324,4 мың тонна өнім экспортталса, 271,5 мың тоннасы – пияз, 36,4 мың тоннасы – қырыққабат, 13,2 мың тоннасы – картоп, 3,3 мың тоннасы – сәбіз. Сонымен қатар малшаруашылығында 1,7 мың тонна өнім өндірілсе, оның ішінде 23,5 тонна сиыр еті, 969,6 тонна қой еті, 0,2 тонна жылқы еті, 475,9 тонна құс еті экспортталды. Сондай-ақ 23,5 мың тонна өңделген ауылшаруашылық өнімдері сыртқы нарыққа жол тартты. Экспорттың бұл деңгейі облыстың ауылшаруашылығы секторындағы табысын арттырып қана қоймай, экономикадағы валюталық түсімнің ұлғаюына, ауылшаруашылығы саласының тұрақты дамуына ықпал етіп отыр.

Статистикалық есеп бойынша, биылғы өнім үшін 626,7 мың гектар алқапқа ауылшаруашылық дақылдары орналастырылды. Дәнді және дәнді бұршақты дақылдар 365,1 мың гектарға, майлы дақылдар 32,8 мың гектарға, қант қызылшасы 11,2 мың гектарға, картоп 4,6 мың гектарға, көкөніс 20,3 мың гектарға, бақша дақылдары 4,9 мың гектарға және 175,3 мың гектарға мал азығы егілді.

Үкіметтің статистикалық деректерді нөлге келтіру туралы тапсырмасына сәйкес аудандарда егістік алқаптарға зерделеу жұмыстары жүргізілді. Өткен жылдары игеріліп жатқан жалпы егістік көлемін және су үнемдеу технологияларын пайдалану алаңдары бойынша есептер ұсынуда сәйкессіздіктер анықталды. Яғни облыс аумағында 2023 жылы ауылшаруашылық дақылдары 762,5 мың гектардың орнына 626,7 мың гектарға орналастырылғаны белгілі болып, егіс алқабы 136 мың гектарға кеміді.Дәнді және дәнді бұршақты дақылдар 407,3 мың гектардан 366,3 мың гектарға, майлы дақылдар 65,6 мың гектардан 32,9 мың гектарға азайды. Картоп 11,3 мың гектардан 6,7 мың гектарға, көкөніс 43,1 мың гектардан 26,3 мың гектарға, бақша дақылдары 16,6 мың гектардан 5,3 мың гектарға кеміді. Сол секілді мал азығы дақылдары 207,6 мың гектар деп көрсетілсе, шындығында, мал азығы 177,6 мың гектарға егілген, – дейді облыс әкімдігінің ауылшаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Әбдірасыл Желеубаев.

Биыл өңірдегі 312 шаруашылық 11,2 мың гектарға қант қызылшасын егіпті. Тәтті түбір жинауды Байзақ, Жамбыл, Қордай, Меркі, Талас, Шу аудандарының диқандары бастап кеткен. Қазіргі уақытта 605,9 гектар алқаптан 44,2 мың тонна өнім алынып, орташа өнімділік гектарына 731 центнерді құрауда. Жиналған өнімнің 41,2 мың тоннасы қант зауытына өткізілген. Жалпы 600 мың тоннадан аса балтамыр өнімін алу күтілуде. Биыл көктемгі дала жұмыстары барысында 44 мың тонна тұқым дайындалып, себіліпті. Сондай-ақ 332,4 мың гектар алқапқа 80,8 мың тонна минералды тыңайтқыш енгізу жоспарланса, бүгінде 1030 шаруа тарапынан 63,4 мың тонна тыңайтқыш алынып, 311,3 мың гектар алқапқа себіліпті.

Күзгі дала жұмыстарына 11,4 мың тонна жанар-жағармай бөлініп, тарату бағасы литріне 250 теңгені құраған. Операторлар тарапынан облысымызға 6,4 мың тонна дизель отыны жеткізіліп, 4,5 мың тоннасы шаруаларға үлестіріліпті. Тарату жұмыстары кестеге сәйкес жүргізілген.

Облыста ауылшаруашылық техникасын мемлекеттік тіркеу деректері бойынша 9 650 ауылшаруашылық техникасы тіркеліпті. Оның 8 644-і трактор болса, 1 006-сы комбайн. Қолданылу мерзімі 25 жылдан асқан ауылшаруашылық техникаларын түгендеу (инвентаризация) жұмыстары жүргізіліп, 3 531 трактор және 448 комбайн есептен шығарылған екен. Нәтижесінде облыс бойынша 5 671 ауылшаруашылық техникасы, яғни 5 113 трактор мен 558 комбайн тіркелген.

2024 жылдың 8 айында 368 ауылшаруашылық техникасы алынып, жоспар 6,5 пайызға (түгендеу есебінен) орындалыпты. Ал жылдық жоспар – 5,5 пайыз. Жалпы ауылшаруашылық техникаларын жаңартуды ынталандыру мақсатында мемлекеттік қолдау да жүзеге асырылып, техника алған агроқұрылымдар тарапынан түскен 285 өтінімге 917 миллион теңге субсидия төленген екен. Техникаларды жаңарту мен мемлекеттік қолдау шаралары әлі де жалғасуда.

СУ ҮНЕМДЕУГЕ КӨҢІЛ БӨЛІНУДЕ

Ауылшаруашылығы саласында су үнемдеу технологиясын қолданудың маңыздылығы айрықша. Мәселен, тамшылатып және жаңбырлатып суару әдісін қолдану суды тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.

Облыста су үнемдеу технологиясы енгізілген алқап көлемі 57 мың гектардан 40 мың гектарға қысқарыпты. Биыл қосымша 14,5 мың гектарға су үнемдеу технологияларын енгізіп, жалпы алқап көлемін 54,5 мың гектарға жеткізу жоспарланған екен. Бүгінгі күні 8,9 мың гектарға су үнемдеу технологиялары енгізіліп, жоспар 61,7 пайызға орындалыпты. Өңірде су үнемдеу технологияларын өндіретін 6 ірі инвестициялық жобаның іске асырылуы жоспарланыпты. Атап айтқанда, Қытай Халық Республикасының «VODAR» компаниясы жаңбырлатып суару қондырғысын шығаратын өндіріс орнын ашпақ. Қуаттылығы жылына 500 қондырғы шығаруды көздейтін жобаның құны 30 миллион АҚШ долларына бағаланған. Аспан асты елінің тағы бір «КАЗ КАСПИ ГИДРО» компаниясы тамшылатып суару қондырғысын шығаруды көздеп отыр. Қуаттылығы жылына 12 мың гектар алқапқа есептелген өндіріс орнының жобалық құны – 6 миллион АҚШ долларына тең. Қытайлық «KAZAKH INDUSTRIAL STROI» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі суғару каналдарының бетон жабындарын өндірмек. Жобаның қуаттылығы – жылына 240 мың шаршы метр. Жоба құны – 7 миллион АҚШ доллары. Түркиялық «ATLANTIS» компаниясы жылына 600 жаңбырлатып суғару қондырғысын шығаруды көздеп отыр.Жобаның құны 20 миллион АҚШ долларын құрайды. Осы елдің «ARDENT PLASTIK» компаниясы тамшылатып және жаңбырлатып суғару қондырғыларын өндіруді жоспарлап отыр.

Қазақстандық «Ans-Plast» компаниясы автоматты су ағызуға бағытталған өндіріс орнын ашуға ниетті. Қуаттылығы жылына 10 мың гектар деп есептелген жобаның құны – 400 миллион теңге.

Облыста жалпы көлемі 27,7 гектарды құрайтын 25 жылыжай болса, 20-сы фермерлік, бесеуі өнеркәсіптік жылыжайлар.

– Есептік кезеңде жалпы 378,6 мың гектар жаздық дақылдар жиналып, 1 миллион тонна өнім алынды. Масақты дәнді дақылдардан 352,9 мың гектар орылып, 586,4 мың тонна дән бастырылды. 165,1 гектардан 284,9 мың тонна бидай, 187,7 мың гектардан 301,5 мың тонна арпа жиналды. Картоп дақылы бойынша 2,8 мың гектардан (62,3 пайыз) 60,4 мың тонна түсім түсті. 6 мың гектар майлы дақыл жиналып, (18,5 пайыз) 4,1 мың тонна өнім, көкөністен 12 мың гектардан (59,1 пайыз) 310,3 мың тонна өнім алынды. Бақша дақылдары бойынша 4,9 мың гектардан (99,2 пайыз) 132,6 мың тонна өнім жиналды. Жалпы егіншаруашылығы бойынша ауа райының қолайлылығын ескеріп, сондай-ақ агротехникалық шараларды сақтай отырып, биыл болжам бойынша 3,2 миллион тонна өнім алу күтілуде. Оның ішінде масақты дәнді дақылдар гектарына 18 центнерден айналғанда 670 мың тоннаны, жүгері 84 мың тоннаны, майлы дақылдар 29 мың тоннаны, қант қызылшасы 640 мың тоннаны, картоп 117 мың тоннаны құрайды деп күтілуде. Сондай-ақ көкөніс 688 мың тонна, бақша дақылдары 146 мың тонна, мал азығы 812 мың тонна болмақ. Егін жинау науқанына облыс бойынша 10 мың ауылшаруашылық техникасы жұмылдырылуда, – дейді Ә.Желеубаев.

Мал азығын дайындау да маңызды науқан. Қазіргі уақытта 301,9 мың гектар алқап орылып, 3,2 миллион тонна пішен, 99 мың тонна пішендеме, 486,8 мың тонна сабан, 49,6 мың тонна сүрлем дайындалып, бұл бағыттағы жұмыстар жоспарға сәйкес жалғасуда. 2024 жылы 3,2 миллион тонна пішен, 99 мың тонна пішендеме, 467,7 мың тонна сабан, 88 мың тонна сүрлем дайындау межеленген.

– Облыстағы мүйізді ірі қара саны 507,7 мың болса, уақ мал 3,8 миллионға, жылқы 179,6 мыңға, түйе саны 7,7 мыңға жетті. Мал басы мен өндірілген өнімдердің көлемінде ауытқулар анықталды. Малға санақ жүргізу арқылы жыл басында облыста тіркелген 4,1 миллион мал саны 3,4 миллионға дейін төмендетілді. Яғни 762 мың мал шын мәнінде жоқ. Сондай-ақ өндірілген ет 34 мың тоннаға, ал сүт 115 мың тоннаға төмендетілді. Жалпы жыл басынан бері облыста 153,7 мың тонна сүт өндіріліп, түсім 1,1 пайызға артса, 71,6 мың тонна ет өндіріліп, 2,3 пайызға ұлғайды. Қазіргі уақытта аймақта асылтұқымды ұсақ мал өсірумен 359 қожалық, мүйізді ірі қара малын өсірумен 59 шаруашылық айналысуда. Одан бөлек сыйымдылығы 1 000 бастан жоғары 13 бордақылау алаңы және қуаттылығы 300 ұсақ мал мен тәулігіне 50 мүйізді ірі қара малын сойып, өңдейтін екі ірі ет өңдеуші кәсіпорын жұмыс істейді. Сондай-ақ қуаты өңірде 50 бастан 600 басқа дейінгі сауын сиырдан тұратын 46 сүт-тауарлы фермасы бар. Ондағы мал саны 5,1 мың басты құрайды. Биыл сүт өндірісін дамыт у мақсатында «Агроөнеркәсіптік кешендегі жобаларға жеңілдетілген несие беру» бағдарламасы арқылы 4,1 миллиард теңгені құрайтын 600 басқа арналған 1 сүт тауарлы фермасы мен 400 басқа арналған 2 сүт тауарлы фермасын іске қосу қолға алынды, – дейді Әбдірасыл Серікұлы.

Аймақта құсшаруашылығы бағытында жұмыс істейтін 5 ірі өндірістік кәсіпорын болса, 4-еуі құс етін, 1-еуі жұмыртқа өндіреді екен. Биыл құс еті өндірісін дамыту мақсатында 2 кәсіпорынның қуаттылығын 9 мың тоннаға ұлғайту жоспарланыпты. Қазіргі уақытта «Әулие-ата Феникс» серіктестігі 6 құс қорасының құрылысын аяқтаған. Ал «Алель-Агро» акционерлік қоғамы 8 құс қорасының құрылыс жұмыстарын жүргізуде. Жалпы облыстағы құс саны 1,8 миллионды құраса, жыл басынан бері 12,8 мың тонна құс еті өндіріліп, 13,2 пайызға артқан. Өндірілген құс етінің 475,9 тоннасы сыртқы нарыққа экспортталған. Сондай-ақ 89,5 миллион жұмыртқа өндіріліп, меже 3 пайызға ұлғайған.

Дамушы елдер үшін ауылшаруашылығы саласы экономиканың драйвері саналатыны белгілі. Сондықтан да мемлекет ауылшаруашылық шикізатын өндірумен қатар, оны қайта өңдейтін өндірістерді де көптеп ашуды, оның ішінде тамақ өнеркәсібінің, жеңіл өнеркәсіпті шикізатпен қамтамасыз етуге көңіл бөлуде. Жаңа технологиялар мен инновацияларды өндірісте қолдана отырып, еңбек өнімділігін арттыру, жаңа жұмыс орындарын ашу басты назарға алынған. Осы арқылы еліміздің ауылшаруашылығы саласын тұрақты дамыту мен экономикалық өсімге қол жеткізуге күш салынуда.

ҚАЙТА ӨҢДЕУДЕ ҚАЙЫР БАР

Облыста ауылшаруашылық өнімдерін қайта өңдейтін 200-ге жуық кәсіпорын тіркелсе, 160-ы тұрақты жұмыс істеп тұр. Бұл кәсіпорындарда 2,5 мыңнан аса адам жұмыс орындарымен қамтылыпты. Тарқата айтсақ, кәсіпорындардың 62-сі наубайхана болса, 44-і бөлке нан пісіреді. 44 ет өнімін, 27 сүт өнімін, 8 астықты терең өңдейтін кәсіпорын ырғақты жұмыс істеуде. Сонымен қоса 8 макарон, 5 құс етін, 4 мақсары майын, 2 жүн-теріні, 2 қант қызылшасын өңдейтін кәсіпорын және 1 жұмыртқа өндіретін фабрика бар.

Облыс бойынша сыйымдылығы 300 мың тоннаны құрайтын 113 қойма жұмыс істеп тұрса, оның ішінде 4,7 мың тоннаны құрайтын 7 қойма жеміс-жидек сақтауға арналған екен. 9,5 мың тоннаны құрайтын 10 қойма картоп сақтауға лайықталған. Көкөніс сақтау қоймаларын «Көкөністер мен жемістерді сақтау қызмет түрі бойынша ұлттық статистика бюросына тіркеу жұмыстары жүргізіліп, 113 көкөніс сақтау қоймасы толығымен тіркеліпті. 2024 жылы мамыр айында Қордай ауданындағы «Азия сад» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі сыйымдылығы 5,6 мың тонналық жеміс-көкөніс сақтау қоймасын іске қосқан екен.

2023 жылы сыйымдылығы 4 мың тоннаны құрайтын 2 көкөніс сақтау қоймасы іске қосылса, олар Байзақ ауданындағы «Тазабек Досжан» және «Байжанова» шаруа қожалықтарына тиесілі. Жол картасы аясында сыйымдылығы 35 мың тонна құрайтын, 6,2 миллиард теңгеге 2 көкөніс сақтайтын қойма ашылыпты. Ол Тараз қаласындағы «ОРЦ Тараз» ЖШС-ның сыйымдылығы 15 мың тоннаны, Шу ауданындағы «Матышев» жеке кәсіпкерлігінің 20 мың тонна болатын қоймасы.

– Агроөнеркәсіп кешенінде 2024 жылы 14,6 миллиард теңгеге 16 инвестициялық жоба іске асырылады. Жоспар бойынша осы жобалар арқылы 234 жұмыс орнын құру көзделген. Бүгінгі күні 9 жоба Жамбыл, Меркі, Шу аудандары мен Тараз қаласында жүзеге асырылды. Құны 10 миллиард теңгені құрайтын бұл жобалардың біреуі инкубатор, тағы бірі мақсары майын өндіру, біреуі балықшаруашылығы, келесі бірі астық сақтау қоймасы, бесеуі су үнемдеу технологиялары жобасы. Мұнда 124 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Сонымен қатар Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін тарату жобасы бойынша республикалық бюджеттен 8 миллиард теңге, жергілікті бюджеттен 500 миллион теңге қаржы қаралған болатын. Бөлінген қаржыға 15 инвестициялық жоба жүзеге асырылып, 118 жұмыс орны құрылмақ. Осы жобалардың ішінде өңірімізге қажеттісі іске асырылуда. Мысалы, оның қатарында ауылшаруашылық жануарларының жүн-терісін қайта өңдеу арқылы құрама жем мен тыңайтқыштар шығару, тауықтың қиынан биогумус өндіру, алма шырынын өңдеу, картоптан фри жасау, пиязды кептіру, көкөніс сақтау қоймалары және сүт-тауары фермалары бар. Оның ішінде 13 жоба республикалық бюджеттен қаржыландырылады. 3 сүт-тауарлы фермасы, 6 көкөніс сақтау қоймасы, 1 су үнемдеу қондырғысы, 1 балықтарға арналған жемшөп өндірісін ұйымдастыру мақсатында ауылшаруашылық өнімдерін қайта өңдеу цехы іске асырылмақ. 1 тыңайтқыштар өндірісін ұйымдастыру мақсатында тауық қиы және қой жүнін терең өңдеу, 1 алма шырынын өндіру қолға алынған. 2 жоба жергілікті бюджеттен қаржыландырылады. Оның бірі фри картоп өнімдерін өндіру, екіншісі ауылшаруашылық жануарларының жүн-терісін қайта өңдеу бағытында жұмыс істейді. Бүгінгі күні 7 жоба сенім білдірілген өкіл (агент) арқылы қаржыландырылып, 5 миллиард теңге игерілді. «Кәусар» шаруа қожалығының көкөніс сақтау қоймасы 100 миллион теңгеге, «TRZ Agro» ЖШС-ның көкөніс сақтау қоймасы 995,2 миллион теңгеге, «ALIZA» ЖШС-ның көкөніс сақтау қоймасы 500 миллион теңгеге қаржыландырылды. «Нұрлыжай» шаруа қожалығының 600 басқа арналған сүт-тауарлы фермасы үшін 700 миллион теңге, «Тараз-ЦементСтрой» серіктестігінің көкөніс сақтау қоймасына 500 миллион теңге, «Аймкуль» жеке кәсіпкерлігінің көкөніс сақтау қоймасына 250 миллион теңге, «Момбек» шаруа қожалығының 612 басқа арналған сүт-тауарлы фермасына 2 миллиард теңге бағытталды. Қалған 8 жобаны несиелендіру жұмыстары жүргізіліп жатыр, – дейді Ә.Желеубаев.

ТҰРҒЫНДАР ЖАРҚЫН ЖОБАНЫҢ ЖЕМІСІН КӨРУДЕ

Облыста «Ауыл аманаты» жобасы шеңберінде 2023 жылы республикалық және жергілікті бюджеттен 24,1 миллиард теңге бөлініп, 38 ауылдық округтен 4 076 жоба несиелендіріліпті. 23,4 миллиард теңгеге 152,2 мың мал сатып алуға 4 012 несие берілген екен. Құрылған 38 кооперативке жергілікті бюджет есебінен 1,4 миллиард теңгеге 183 ауылшаруашылық техникасы лизинг жүйесімен үлестірілген. Ауылды елді мекендерде өз кәсібін ашу бағытында 317,5 миллион теңгеге 43 жоба қаржыландырылыпты. Құрылған жеке кәсіпкерлерді есептей отырып, 4 152 жаңа жұмыс орны ашылыпты. Несие қайтарылымы 99,6 пайызды құраған.

Жоба аясында 2024 жылға 10,5 миллиард теңге қарастырылған екен. Бұл қаржыға 1 200-ге жуық несие беру көзделген. Биыл мал сатып алу жобаларын қоспағанда, ауылшаруашылығы және одан тыс кәсіпкерлікті дамыту, ауылшаруашылығы кооперативтерін қаржыландыру жоспарланған көрінеді. Жобалар толық іске асырылғанда жаңадан 10 мыңнан аса жеке кәсіпкер тіркеледі деп күтілуде. Сондай-ақ атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 19 мыңнан астам адамға төмендейді, нәтижесінде бюджеттік үнемдеу жылына 1 миллиард теңгені құрайды деген болжам бар. Осы кезеңде 10 мыңға жуық жеке кәсіпкерлік ашылады және мультипликативтік әсерінің нәтижесінде тұрғындардың табысын арттыруға, өндірістің, салықтық түсімінің ұлғаюына және басқа да салаларға оң әсерін тигізеді деп жоспарлануда.

Одан бөлек жеке қосалқы шаруашылықтарды малмен қамтамасыз ету мақсатында ірі шаруашылықтар арқылы «тауарлы несиелендіру» жобасы іске асырылады екен. Аталған жобаның толық ережелері, тараптардың міндеттері, басқа да шаруашылық-құқықтық қарым-қатынастар қарастырылып, операторлардың тізімдері анықталып жатқан көрінеді. Облыс бойынша 401 ауылшаруашылығы кооперативі болса, оның 62-сі «Ауыл аманаты» жобасы аясында құрылған. Олардың дені аудандағы ауылдық елді мекендерде орналасқан.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар