Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

«Таразэнергоорталық» қайта жаңғырмақ

«Таразэнергоорталық» қайта жаңғырмақ
Ашық дереккөз
Облыс орталығындағы 58 мыңға жуық абонентке қызмет көрсетіп отырған «Таразэнергоорталық» мекемесі жабдықтарының 80 пайызы тозып, бастан-аяқ жөндеуді қажет етіп тұрғанын журналистер талай мәрте мәселе етіп көтерді. Өткен жылы жұмыс сапарымен өңірімізге келген ҚР Парламенті Сенатының депутаты Бекболат Орынбеков те кәсіпорынға арнайы ат басын бұрып, «Таразэнергоорталық» акционерлік қоғамының президенті Жұмабек Бөлекбаевқа ескірген қазандықтар жаңартуды қажет етіп тұрғанын айтқан болатын. Сол кезде аталған кәсіпорын басшысы күрделі жөндеу жұмыстарының жүргізілмеуін қаражат тапшылығымен байланыстырған еді.

Десе де кәсіпорын бүгінде түйткілдің шешімін тауып, тозығы жеткен жабдықтарды, оның ішінде қазандықтарды жаңғырту жұмыстарын қолға алыпты. Кеше «Таразэнергоорталық» акционерлік қоғамының инвестициялық бағдарламасының жобасын іске асыру бағытында атқарып жатқан жұмыстарымен танысу мақсатында ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің облыс бойынша департаменті аталған нысанға баспасөз турын ұйымдастырды. Іс-шара барысында мекеменің жаңарту жұмыстарын өз көзімізбен көруге мүмкіндік туды.Жұмабек Бөлекбаевтың айтуынша, кәсіпорында жылу энергиясын өндіру және жабдықтау бойынша реттеліп, көрсетілетін қызметтерге арналған инвестициялық бағдарламаны жүзеге асыру облыс әкімдігінің энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы мен Табиғи монополияларды реттеу комитетінің облыс бойынша департаментінің 2023-2027 жылдарға арналған бірлескен бұйрықтарымен бекітіліпті. Өткен жылға арналған инвестициялық бағдарламаға бөлінген қаражат көлемі –703,349 мың теңге.

– Қаралған қаржының 89 миллион 357 мың теңгесі ТЭЦ-4 аккумулятор багын дайындауға бекітілді. Сонымен қатар 20 миллион 346 мың теңгеге радиалды бұрғылау станогы сатып алынды. Алайда ТЭЦ-4 аккумуляторлық багын дайындауға жұмсалған шығыстардың нақты сомасы 94 миллион 955 мың теңгені құрады. Яғни жұмсалған қаржы бекітілген инвестициялық бағдарламада көзделген қаржыдан 5 миллион 598 мың теңгеге немесе 6,26 пайызға артық. Радиалды бұрғылау станогын сатып алуға 21 миллион 999 мың теңге жұмсалып, бекітілген инвестициялық бағдарламада көзделген қаржыдан 1 миллион 653 мың теңгеге немесе 8,12 пайызға артық болды.Қазіргі сәтте инвестициялық бағдарламаны орындауға барлығы 116 миллион 954 мың теңге қаржы жұмсалып, жалпы екі іс-шара бойынша шығындар 7 250,591 мың теңгеге ұлғайды, – деген Ж.Бөлекбаев шығыстардың іс жүзіндегі сомасының ауытқуы тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алу рәсіміне сәйкес аккумуляторлық бакты дайындау жабдықтары мен материалдары бойынша бағаның өсуіне байланысты болғанын жеткізді.

Жалпы «Таразэнергоорталық» акционерлік қоғамының инвестициялық бағдарламасының негізгі бағыттарына жаңарту жұмыстары арқылы қолданыстағы жабдықтардың сапасы мен қызмет көрсету ұзақтығын арттыру, қызметтің экологиялық параметрлерін жетілдіруді қамтамасыз ету жатады. Сондай-ақ кәсіпорынның активтерін жаңғырту, абоненттерге көрсетілетін қызметтердің сапа деңгейін арттыру да бағдарламада көзделген негізгі бағыттың бірі.Баспасөз турында мекеме басшысы инвестициялық бағдарламалардың және инвестициялық жобалардың, оның ішінде уәкілетті орган бекіткен инвестициялық жобалардың 2024 жылы орындалуы туралы да мәлімет берді.

– Табиғи монополия субъектісінің қызметін реттейтін нормативтік-құқықтық актілерге сәйкес инвестициялық бағдарламаның көрсеткіштері бір жылға бекітіледі. Бұл ретте 2024 жылдың бірінші жартыжылдығындағы нақты орындалуы керек жұмыстар жөндеу және жеткізу сатысында. Анығын айтсақ, келісімшарттар тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алу рәсіміне сәйкес жасалды.Қазіргі сәтте V=5000 текше метр аккумуляторлық резервуарды бөлшектеу жабдығының орнына, 4-ТЭЦ №1 аккумуляторлы батареясын алмастыру үшін келісімшарт жасалып, ол жыл соңына дейін орындалады. Бұл іс-шараның инвестициялық бағдарламадағы сомасы 79 155,60 мың теңгені құрайды. 178 650,856 мың теңгеге келісімшарт жасалып, жоспардан 99 495,256 мың теңгеге немесе 125 пайызға артық. 

Одан бөлек 27 миллион 552 мың теңгеге бу ағынды ЭП-3-25/75 эжекторын алдық. Инвестициялық бағдарламада аталған іс-шараның сомасы 79 155,60 мың теңгені құрайды. Қазіргі сәтте эжектордың жеткізілуін күтіп отырмыз. Инвестициялық бағдарламадағы осы іс-шараның сомасы 27 миллион 552 мың теңгені, іс жүзінде орындалуы 17 миллион 222 мың теңгені құрайды. Бұл 10 миллион 330 мың теңгеге аз.Бір айта кетерлігі, бірінші конкурс бойынша деректер, жабдықтар жеткізілмегендіктен шарт бұзылды. Екінші конкурстың нәтижелері бойынша әлеуетті өнім беруші жабдық жеткізілмегендіктен жосықсыз өнім беруші ретінде танылды, – дейді кәсіпорын басшысы.

Дегенмен жыл қорытындысымен кәсіпорын бекітілген инвестициялық бағдарлама көрсеткіштерін толық орындаймыз деген сенімде. 

А.БЕКЕНҚЫЗЫ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар