Ел ертеңінің еңселі болуы ерекше қабілетті һәм ізденіске бейім, дарынды балаларға байланысты екені анық. Қоғамның интеллектуалдық әлеуеті дарынды балаларды анықтау және олармен жұмыс істеу арқылы нығайып, дами түсетіні сөзсіз. Интеллектуалдық және шығармашылық адами әлеуеттің маңызы артқан тұста дарынды және ынтасы жоғары балалармен жұмыс істеу және оларды жетелеп, биікке жеткізу де үлкен еңбекті, уақытты талап етеді.
Облысымыздың дарынды жеткіншектері де өз қарым-қабілетін дамытып, дәлелдеп келеді. Осы бағытта бұрынғы ҚР Білім және ғылым министрінің 2011 жылғы бұйрығымен бекітілген республикалық олимпиадалар, байқаулар тізімі негізінде облыстық «Жамбыл дарыны» орталығы жұмыс істеп келеді.
Осы орталықтан бағыт-бағдар алып, бүгінде жетістікке жетіп жүрген жеткіншектер жетерлік. Осы орайда біз Жамбыл жерінің мақтанышына айналып, өзгеден оқ бойы озық көрінген бірнеше дарынды оқушылармен тілдескен едік.
– 5 жасымнан бастап түрлі техникаларға қызығушылығым пайда болды. Бұл қызығушылығымды 5-сыныптан бастап мектептегі «Робототехника» үйірмесіне қатысқанда жалғастырдым. 7-сыныпта дарынды балаларға арналған мамандандырылған лицейге ауысып, онда робототехникаға құштарлығым бойынша ізденісімді тоқтатпадым.8-9-сыныптарда робототехника бойынша «KazRobotics», «First Lego League challenge» сынды түрлі сайыстарға қатыстым. Кейін жаңа жоба ойластырып, облыс әкіміне ұсындық. Сөйтіп, жаз бойы жобамен жұмыс істеп, дамыттым. Ал 10-сыныпта «НОУ» облыстық ғылыми жобалар конкурсына қатысып, қола медаль еншілеп, республикалық кезеңге жолдама жеңіп алдым. Республикалық байқауда алтын медальға қол жеткізіп, облыс әкімі алғыс хатпен және қаржылай сертификатпен марапаттады.
Қазір 11-сынып оқушысымын. Алдағы уақытта жобаны дамытып, биік жетістіктерге жеткім келеді, – дейді Дулат Исабек.
Дарынды оқушылардың бірі Адия Тұрсынбай да жастайынан информатика саласына қызығушылық танытқан. Адияны анасы 8 жасында техника үйірмесіне беріп, болашағынан зор үміт күтіпті.
– Үйірмеде әртүрлі ойын ойнап, біз білмейтін жаңа дүниелерді көрдік. Ең алғашқы жетістігім үйірмеде робот құрастырған сәттен басталды. Робот құрастыру өте қызық болғандықтан әрі қарай қарым-қабілетімді дамытқым келді. 2021 жылы дарынды балаларға арналған мектеп-лицейге 7-сыныпқа қабылданып, робототехникаға қызығушылығым тіптен арта түсті.
Біздің мектепте көптеген үйірме ашылған. Мен робототехника мен информатика үйірмелеріне барып жүрдім. Ортамыз өте белсенді әрі бауырмал. 8-сыныпқа өткенде біз әртүрлі идеяларды асыра бастадық. Сөйтіп, адам өмірін қауіптен сақтайтын, ақылды сағат ойлап таптық. Жобаны жасауға шамамен 6-7 ай кетті. Сағатты мектебімізде бар қолжетімді заттардан және құрылғылардан жасадық. Тестілеуден, іріктеуден өтіп, республикалық ғылыми жобалар сайысына жолдама алып, нәтижесінде алтыннан алқа тағындық. Біз ары қарай жобамызды дамытып, басқа да жаңа, өмірге қажетті жобаларды ойлап табуға атсалыса береміз, – дейді Адия Тұрсынбай.
Бала күнінен қазақ ақын-жазушыларының шығармаларын жаттап өскен Ұлпан Сүндет те бүгінде мәнерлеп оқу байқауларына қатысып, жүлделі орындардан көрініп жүр.
– Өлең тыңдағанды бала күнімнен ұнатамын. Уақыт өте келе өзім де мәнерлеп оқуға әуестендім. Бұл қабілетімді 7-сыныптан бастап дамыттым. Нәтижесінде облыстық «Мұхтар мұрасы» байқауында, «Мұқағали оқулары – 2023» сайысының аудандық және облыстық кезеңінде І орынды еншілеп, республикалық сында әкім жүлдесін иелендім. «Мұқағали оқулары – 2024» байқауының аудандық және облыстық кезеңінде І орын алсам, республикалық кезеңінде II орын биігінен көріндім. Болашақта қазақ тілі және әдебиет пәнінің мұғалімі болғым келеді. Сол себепті қазірден өзімді байқаулар арқылы шыңдау үстіндемін, – дейді мәнерлеп оқу үздігі Ұлпан Сүндет.
Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ
Физиканы әнмен түсіндірудің әсері бөлек
Ұқсас жаңалықтар
Елімізде мектепке дейінгі ұйымдарда 180 құзыреттілік орталықтары ашылды
- авторAR-AY
- 29 қазан, 2024