ТИІМДІЛІГІ ЖОҒАРЫ ЖОБА
Бұл ретте тауар өндірушілер жаңа инновациялық идеяларға негізделген жоғары технологияны пайдалануға ұмтылса, өнім сапасы едәуір артатыны белгілі. Ал сапалы әрі табиғи өнімге қай жерде де сұраныс жоғары. Мемлекет осы мақсатқа қол жеткізу үшін ауылшаруашылығы, өндіріс, шағын және орта бизнеске жоғарыда айтқанымыздай, ұдайы қолдау көрсетіп отыруы керек. Жергілікті тұрғындардың да отандық тауарларды сатып алуын ынталандыру аса маңызды. Негізінде сауда-саттық саласында ұлттық экономиканың нығаюы халықтың отандық өнімді тұтыну көрсеткішімен, ішкі тауар айналымының өсімімен өлшенетіні белгілі.
Бүгінде елімізде отандық өнімдерді шетелдік нарықтарға шығару, қазақстандық брендтерді әлемге танымал ету үшін кәсіп иелеріне экспорттық қолдау шараларын жасау секілді жұмыстар жүргізіліп жатқанымен бәрібір шетелден келетін тауарлардың үлесі басым. Үкіметтің ішкі нарықты кем дегенде 30 пайыз отандық өніммен қамтамасыз етуді мақсат тұтуы осының айғағы.
Ішкі нарықты отандық өніммен қамтамасыз етуді басты тақырып етіп алуымыздың өзіндік себебі бар. Өйткені бұл еліміздің экономикалық тәуелсіздігін нығайтуға және ұлттық өндірістің дамуына айтарлықтай үлес қосады. Жалпы Қазақстанның аумағында азық-түлік, өнеркәсіптік тауарлар және қызмет көрсету салаларындағы қажеттіліктерді жергілікті өнімдермен қамтамасыз етпей іс бітпейді. Еліміздегі зауыттар мен фабрикалардың өндіріс көлемін ұлғайту және инновацияларды енгізу, ауылшаруашылығын әртараптандыру, қолдау көрсету азық-түлік қауіпсіздігін туындатпайды.
Отандық тауар өндірушілер, оның ішінде ауыл-аймақтағы кішігірім кәсіп иелеріне қолдау көрсету тетігінің бірі – «Бір ауыл – бір өнім» жобасы. Аталған жоба ауыл және қала кәсіпкерлігін дамытуды, әр елді мекеннің өзіне тән бірегей өнімін нарыққа шығару арқылы сол аймақ тұрғындарының әл-ауқатын арттыруды, ұлттық экономиканы күшейтуді және өңірлердің дамуына серпін беруді көздейді. Осы арқылы әр ауылдың табиғатына, жер жағдайына, климатына, өндірістік ерекшеліктеріне негізделген бірегей өнім шығару жолға қойылып отырғанын айта кетуіміз керек. Жоба аясында шағын және орта кәсіпкерлерге жаңа өндірістерді бастауға, жергілікті өнімдерді ірі сауда желілерінде, базарларда, жәрмеңкелерде халыққа қолжетімді бағамен саудалауға мүмкіндік беріліп отыр. Жобаның тағы бір ерекшелігін айта кетсек, кәсіпке бет бұрған азаматтарды өнім өндіру технологияларына, кәсіпкерлікке және маркетингке оқыту, кәсіби деңгейін көтеру мәселесі де қарастырылған.
Біз сөз етіп отырған жоба елімізде 2021 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Өткен аптаның соңында облыстық кәсіпкерлер палатасының ұйымдастыруымен М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің М.Үркімбаев атындағы «Жастар сарайында» кезекті көрме-жәрмеңке ұйымдастырылды. Облысымыздың 90-нан аса тауар өндірушісі қатысқан іс-шараға ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Еңбек Ері Мұқаш Ескендіров, облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек, облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Еркін Атымтаев қатысып, көрме-жәрмеңкедегі тауарлармен танысып, әрбір тауар өндірушімен емен-жарқын әңгімелесті.
– Іс-шараның басты мақсаты – ауылдан шыққан кәсіпкерлерді қолдау, қажет болса, тауарлардың экспортқа шығарылуына көмек көрсету. Бұл жергілікті тауарларға деген сұранысты арттырады. Мұнда көрмеге қатысушылардың өнімдерімен танысып, үздіктерді іріктейтін арнайы сарапшылар тобы да жұмыс істеуде. Үздік деп танылған өнімдер «Бір ауыл – бір өнім» республикалық көрмесіне қатысып, жеңімпаз атанып, 5 миллион теңгеге дейін грант ұтып алу мүмкіндігіне ие бола алады. Мысалы, былтыр жеңімпаз атанған тауар өндірушілер грантты осы жылы иеленсе, биылғы жеңімпаздар келесі жылғы грантқа қол жеткізеді. «Бір ауыл – бір өнім» жобасы бойынша өнімдер маркетингтік қолдауға ие болып, брендтеліп, сертификатталады. Бұл жергілікті тауарларға деген сұранысты арттырып, өнімнің экспортқа шығуына мүмкіндік береді.
Айта кету керек, облыстық кәсіпкерлер палатасы мен өңірдің іскер әйелдер қауымдастығы бірігіп, әйелдер кәсіпкерлігінің дамуына қолдау көрсетуде, – деді Еркін Садуақасұлы.
Көрме-жәрмеңкеге негізінен үйінде шағын кәсіппен айналысып отырғандар келді. Көрмені аралап жүргенде көзіміз былғарыдан тігілген аяқкиімдер қойылған сауда қатарына түсті. Сатушымен тілдесіп, кәсібі жайлы аз-кем мәлімет сұрадық.
– Біз отбасымызбен 2009 жылы Қытай Халық Республикасынан Т.Рысқұлов ауданы, Қайыңды ауылына көшіп келдік. Күйеуім Ибрат Мәсіпқазы содан бері ауыл тұрғындарының жыртылған аяқкиімін жөндеп, отбасымызды асырап келеді. Биыл қыста отағасы Алматы қаласына арнайы барып, үш ай оқып, киім тігудің қыр-сырын үйренді. Аяқкиім тігуді наурыз айында қолға алғандықтан мемлекеттен әзірге қаржылай қолдау алған жоқпыз.
Жәрмеңкеге қатысуымыздың басты мақсаты – мемлекеттік қолдауларға ие болу арқылы кәсіп аясын кеңейту. Себебі бұрын тек етік жамасақ, одан кейін қолдан мәсі, жеңіл-желпі аяқкиім тіге бастадық. Қытай қазақтары малдың терісін далаға лақтырмайды. Оларда қазақтың теріні қолмен илеу, ақтау, оны әжетке жаратудың технологиясы жақсы сақталған. Күйеуімнің қолынан бұл іс келеді. Биыл Қытайдан аяқкиім тігетін құрылғы алдырып, өзіңіз көріп тұрған қонышы ұзын былғары етіктен бастап мәсіге дейін сол аппаратпен тігіп жатырмыз. Етіктің ұлтанына дейін былғары пайдаланылды. Аяқкиімнің табанын, иленген дайын былғарыны, ине-жіпті Алматыдан әкеліп жүрміз. Енді күйеуім былғарыны илейтін, аяқкиімнің табанын құятын құрылғы сатып алғысы келіп жүр. Оған қомақты қаржы керек, – деді Сәуле Кәмілжан.
Ерлердің қонышы ұзын, ұлттық ою-өрнекпен безендірілген саптама етігі 50 мың теңге тұрады екен. Қыс түспей-ақ Павлодар облысынан бір тұрғын тапсырыспен саптама етіктің бірін арнайы алдырыпты. Сол секілді кез келген өлшемде кроссовка, туфли, сүйретпе секілді әйелдер мен ерлерге, балаларға лайықтап тігілген, жылдың төрт мезгіліне арналған аяқкиімдерге бағасы қолжетімді болғандықтан сұраныс жоғары.
Мысалы, таза былғарыдан тігілген кроссовкалардың бағасы 10-12 мың теңге аралығында.Осы тектес көрме-жәрмеңкеге қойылған азық-түліктен бастап тоқыма, зергерлік және ағаштан жасалған бұйымдар, ұлттық киімдер, жұмсақ ойыншықтар, аксессуарлар көрер көздің жауын алады.
ҚОЛДАУ КӨРСЕТУ ЖАЛҒАСАДЫ
Көрмені тамашалап болғаннан кейін көпшілік «Жастар сарайының» екінші қабатына көтерілді. Онда кәсіпкер, шаруалардың қатысуымен маңызды жиын өтті. Алдымен Парламент Мәжілісінің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі, облыстық кәсіпкерлер палатасы өңірлік кеңесінің бұрынғы төрағасы Мұқаш Ескендіровке сөз берлді.
– «Атамекен» ҚР Ұлттық палатасы 2013 жылы құрылды. Содан бері кәсіпкерлерге облыстық кәсіпкерлер палатасы тарапынан 150 мыңнан аса қызмет көрсетілді. Әртүрлі бағыттар бойынша 1 500-ден аса бизнестің өтініші қаралды. 12 миллиард теңгеден асатын кәсіпкерлердің мүліктік құқығы қорғалды, – деген Еңбек Ері облыстық кәсіпкерлер палатасының өңірлік кеңесінің төрағасы болып жаңадан сайланған Фарида Жүнісованы көпшілікке таныстырды.
Бұдан кейін облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек сөз алып, келелі кездесуді ұйымдастырған облыстық кәсіпкерлер палатасының басшылығына алғыс айтты.
– Жалпы кәсіпкерлікті дамыту бүгінгі күннің талабы екені белгілі. Сондықтан мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсету жалғасуда. Осы ретте біздің әріптестеріміз – аудан әкімдері, басқарма басшылары кәсіпкерлік саласында қызмет етіп жүрген азаматтармен тұрақты түрде кездесіп, өзекті мәселелерін шешу үшін көмек көрсетуде.
Бүгінде өңірде шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 105 мыңнан асты десек, осы салада тұрақты түрде жұмыс істейтін азаматтар саны 165 мыңға жетті. Шағын және орта бизнес субъектілеріне көрсетілген қолдау аясында, яғни 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамытудың ұлттық жобасы шеңберінде 300 миллиард теңгеден аса қаржыға 15 мыңнан аса жоба іске асырылды. Өңірдің алдағы жылдарға арналған инвестициялық портфелінде 3,4 триллион теңгеге дейін жобаланған 80-нен астам жоба тұр. Бұл шамамен 7 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.
Осы тұста әйелдер кәсіпкерлігінің ел экономикасын ілгерілетуге қосып жатқан үлесін атап өткен жөн. Жұмыс істеп тұрған кәсіпкерліктің тең жартысына жуығын қазіргі таңда әйелдер жүзеге асыруда. Нәзікжандылар басқаратын шағын және орта бизнес субъектілерінде жұмыспен қамтылғандар саны 50 мыңнан асты. Бұл жалпы жұмысшылардың 30 пайызын қамтиды. Әйел кәсіпкерлердің белсенділігін бүгінгі «Бір ауыл – бір өнім» жобасы аясындағы көрмеде де көрдік.
Мемлекет кәсіпкерлікті дамыту үшін қолайлы орта қалыптастырып, кәсіпкерлер қоғамға қызмет етсе, бұл өз кезегінде елдің әл-ауқатын арттыруға, тұрмыстық деңгейін көтеруге ықпал ететіні сөзсіз. Халықтың игілігі үшін билік пен бизнестің тығыз жұмыс істеуі аса маңызды. Осыған орай сіздерді жаңа жобаларды бірлесе жүзеге асыруға шақырамыз. Сондай-ақ барлық бизнес өкілін қолдауға әзірміз. Кәсіпкерлік саласын дамыту бағытындағы жұмыстарды бірлесе атқарамыз деген сенімдемін.
Жалпы бизнес нарыққа икемделіп, бәсекеге қабілетті болуы қажет. Біз үшін жұмыс істейтін әрбір кәсіпкерге және ісін жаңадан бастағандарға қолдау көрсету аса маңызды іс, – деді Қанатбек Қайшыбекұлы.
Бұдан кейін «Бір ауыл – бір өнім» жобасы шеңберінде ынтымақтастық туралы бірнеше меморандумға қол қойылды. Мәселен, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті мен облыстық кәсіпкерлер палатасы арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум өңірлік университеттің технологтарын тарта отырып, өнімдерді өндіру технологиясы, модельдеу әдістері, қауіпсіз өнімдерді алуды қамтамасыз ететін процестерді оңтайландыру мәселелері бойынша жоба қатысушыларын сүйемелдеу мен оқытудағы ынтымақтастықты көздейді.
Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институты мен облыстық кәсіпкерлер палатасы арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум электрондық сауда, өнімді сертификаттау, штрих-кодтарды алу, тауар белгілерін, логотиптерің әзірлеу, өнімді немесе оның қаптамасын жобалауға қатысты болды.
ҰТЫМДЫ ҰСЫНЫСТАР АЙТЫЛДЫ
Жиын барысында күн тәртібіндегі негізгі мәселелерге кезек беріліп, кәсіпкерлер бизнес саласындағы кедергілер мен туындаған мәселелерге қатысты сұрақтарын Қанатбек Мәдібекке қойып, облыс экономикасының дамуына қатысты өз ұсыныстарын айтты.
Мысалы, облыстық кәсіпкерлер палатасы іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Шолпан Кариева кәсіпкерлік бастамаға жәрдемдесу жөніндегі шараларды ұйымдастыру және қаржыландыру қағидасының аясында арнайы «Гранттар блогын» құру мүмкіндігін қарастыру туралы ұсынысын жеткізді.
– «Бір ауыл – бір өнім» жобасы ауылдық аймақтарды тұрақты дамыту және ауыл халқының әл-ауқатын арттыру құралы ретінде өзінің тиімділігін дәлелдеді. Алайда жобаны жүзеге асыру барысында кейбір шектеулерге тап болдық. Қазіргі уақытта 400 айлық есептік көрсеткіш көлеміндегі мемлекеттік грантты алу үшін ауылдық аймақтардан шыққан көптеген әйел, әсіресе әлеуметтік осал топқа жататындар қойылатын талаптарға сәйкес келмейді. Бұл әйелдер жұмыс істеуге дайын. Олардың идеялары және ауылдарын дамытуға үлкен ынтасы бар. Бірақ бюрократиялық кедергілер олардың жолына үлкен тосқауылдар қоюда.
Біз осы жоба аясында арнайы «Гранттар блогын» құру мүмкіндігін қарастыруды ұсынамыз. Осылайша «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының порталында ресми тіркелген әйелдерді қолдауға мүмкіндік туатын еді. Осы арқылы ауылдардағы көптеген әйелге әлеуметтік осал топқа жатпаса да тегін гранттарға қол жеткізуге мүмкіндік беріледі. Олардың өз жобаларын бастауға немесе дамытуына мұның тигізер пайдасы айрықша.
Бұл бастаманың тиімділігін арттыру және оның әлеуметтік әсерін күшейту үшін жобаны «Еңбек мобильділігі» орталығының бағдарламаларымен біріктіруді ұсынамыз. Бұл әйелдердің кәсіпкерлік қызметі арқылы жұмыспен қамтылуын қамтамасыз етеді, ауыл тұрғындарына қосымша жұмыс орындарын ашады. Уақытша жұмыспен қамту бағдарламаларын қосу арқылы кәсіпкерлікті бастағысы келетін, бірақ бастапқы қаржылық қолдауға мұқтаж адамдарға да қолдау болады. Оның ішінде жалақыны субсидиялау немесе тағылымдамалар ұйымдастыру маңызды. Әйелдердің бизнес бастауға ғана емес, оны сенімді басқаруға мүмкіндік беретін қосымша білім беру бағдарламаларын мансап орталығы арқылы өткізу керек. Бұл ауылдық аймақтардың қажеттіліктері мен мүмкіндіктерін талдау негізінде қайта даярлау немесе жаңа жұмыс орындарын құруға қолдау көрсетуге де жол ашады. Осылайша «Бір ауыл – бір өнім» жобасы мен «Еңбек мобильділігі» орталығының шараларын біріктіру арқылы біз тек ауыл әйелдерінің кәсіпкерлігін қолдап қана қоймай, сонымен қатар өңірдегі жұмыссыздық деңгейін, әсіресе әлеуметтік жағынан осал топтар санын төмендетуге мүмкіндік береміз, – деді ол.
Бұл сұраққа жауап берген Қанатбек Қайшыбекұлы кәсіпкерлерге қолдау көрсету үшін қаржының дені жергілікті мансап орталықтары арқылы бөлінетінін, қайтарымсыз қаржыға ие болған азаматтар өз міндеттемелерін мүлдем орындамайтынын, тіпті керекті құрал-жабдықты сатып алудың орнына қаржыны басқа мақсатқа жұмсап жіберетіндіктен шектеулер қойылғанын, соның есебінен грант саны азайғанын сөз етті. Грант халықтың тек қана осал топтарына, яғни мүгедектігі бар азамат, аз қамтылған отбасы секілді 6 санат бойынша беріледі екен. Оны үлестіруде әйел-ер деп бөлінбейтін көрінеді. Сондықтан әйелдер кез келген мемлекеттік бағдарламаларға қатысуға құқылы.
Байзақ аудандық іскер әйелдер кеңесінің төрағасы Күнсая Амирова «Бір ауыл – бір өнім» жобасы бойынша өндірілген өнімдерді сатуға арналған жеке сауда алаңдары мен үй-жайлардың болмауын мәселе етіп көтерді.
– Жобаның тиімділігінің көрсеткіштерінің бірі – өнімді сату нүктелерін, оның ішінде туристер келетін және орналасатын орындарды ұлғайту. Өздеріңіз білетіндей, азық-түлік өнімдерін сауда желілеріне жіберудің шарты қадағалау органдарының барлық санитариялық-эпидемиологиялық және өзге де талаптарына сәйкес келетін өндіріс болған жағдайда ғана тамақ өнімдерінің қауіпсіздігін сынау актісі алынады. Көріп отырғаныңыздай, бұл екі мәселе бір-бірімен байланысты және біреуі екіншісінен туындайды. Қазақстанда сауда туралы жаңа заң жобасы әзірленуде. Жаңалықтардың бірі – қазақстандық өнімдер үшін сауда сөрелерінде басым орындарды міндетті түрде ұсыну. Бұл ретте биылдан бастап сауда алаңының кемінде 30 пайызына отандық өндірістің азық-түлік тауарларын орналастыру туралы өзгерістер енгізілді. Сонымен қатар әуежай, «Қазақстан теміржолы» АҚ-ның құрылымдық бөлімшелері, ірі сауда желілері, қонақүйлер және сол сияқты басқа да туристердің келу және орналасу орындарында «Бір ауыл – бір өнім» жобасына қатысушылардың тауарларын сату маңызды, – деді Күнсая Нұрланқызы.
Ол бұл жоба сауда жасау аймағының туристік және имидждік әлеуетіне айтарлықтай оң әсерін тигізетініне, жоба мемлекеттің толық қолдауымен отандық кәсіпкерлердің тек қана жергілікті ресурстардан сапалы сертификатталған өнім алуына ықпал ететініне сенім білдірді. Жоба арқылы дайындалған өнім үшін сауда орындарын ашу облыстың ауылдық жерінде өндірісті ынталандыруға және жолға қоюға, жұмыссыздық проблемаларын шешуге ғана емес, сонымен қатар ауыл халқының әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға да септігін тигізтінін қозғады.
– «Ауыл аманаты» жобасы арқылы ауылдық жерлерде ауылшаруашылығы тауарын өндірушілерге көптеген көмек берілуде. Ол үшін тиісті қаражаттар жылда бөлінуде. Қазірдің өзінде 2,5 миллиард теңге несиелендіруге жұмсалуда. Олардың өндірген өнімі болсын, осы жоба арқылы дайындалған өнімді тасымалдау, оны бір жерге жинау, сатуды біз мемлекеттік мекемелерге жүктей алмаймыз. Десе де кәсіпкерлерді ұйымдастыру арқылы бұл мәселені қолға алуымыз керек. Осы сұрақ қайда барсақ та алдымыздан шығады. Біріншіден, өнім көлемі өте аз. Сондықтан оны бір жерге жинау, сақтау, сатуды кәсіпкерлер арқылы ұйымдастыруға болады, – деді Қ.Мәдібек.
Жиында кәсіпкерлер мен шаруалар қант қызылшасын өткізу, ауыл тұрғындарының қайта ауылға келуіне байланысты несие алуды қолжетімді ету, «Аграрлық несие корпорациясы» облыстық филиалы «Агробизнес» бағдарламасы және «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» акционерлік қоғамының өңірлік филиалы арқылы берілген несиелер бойынша сыйақының пайыздық мөлшерлемесін субсидиялау шеңберінде қаржының болмауы секілді мәселелерді көтерді. Жекеменшік мектептердегі бастауыш сынып оқушыларын тегін оқулықтармен, ыстық тамақпен қамтамасыз етуді, энергия беруші ұйымның электр энергиясын тасымалдау құнын тарифтен алып тастау арқылы жоғарыда аталған компаниялар үшін электр энергиясына жеке тарифті тікелей бекіту мүмкіндігін қарастыруды ұсынғандар да болды. Сонымен қатар жергілікті атқарушы органдардың құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізудің алдын ала жоспарлары туралы ақпараттың болмауы, объектіні табиғи газға қосудың техникалық мүмкіндігінің жоқтығы секілді сұрақтар мен ұсыныстарға нақты жауаптар қайтарылды.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ
(Суреттерді түсірген А.Қартабай)