Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

«Ол кезде уәденің салмағы зілбатпан болатын»

«Ол кезде уәденің салмағы зілбатпан болатын»
Ашық дереккөз
Азаматтық қоғамның дамуында аймақтың жай-күйіне жауапты жергілікті өкілді органдардың маңызы зор. Бұл тұрғыда мандатқа ие болған мәслихат депутаттары сайлаушылардың сенімін ақтай алса құба-құп. Осы орайда бір кездері тұрғындардың талап-тілегін діттеген жеріне дейін жеткізіп, түйткілдер түйінін тарқатуға табандылықпен атсалысқан азаматтардың есімі әлі күнге дейін құрметпен аталады. Солардың бірі Талас ауданынан екі мәрте облыстық мәслихат депутаттығына сайланған Жалғасбек Тәукебаев десек, әсте қателесе қоймаймыз. Көп уақыттан бері көрінбей кеткен қоғам белсендісімен жуырда жолығып, аз-кем әңгіме-дүкен құрған едік.

– Жалғасбек аға, кезінде, яғни 2007 жылы екінші мәрте сайлауға түсерде «Сайлаушылар алдына ұялмай бара аламын» деп жазған екенсіз. Сол сөзіңізде тұра алдыңыз ба?

– Иә, Аллаға шүкір деп айта аламын. Сайлаушыларға берген уәделерім, көтерген мәселелерім негізінен іске асты. Бірақ ішінде қаражатын жеңіп алып, жұмысын сапасыз атқарған мердігерлердің де кездескендері қынжылтады...

– Депутат кезіңізде экология мәселесін көп көтеріпсіз. Нәтижеге жете алдыңыз ба?

– Облыстың шөлді-шөлейтті аймағында орналасқан Талас ауданы үшін экология мәселесі аса күрделі болатын. Аудандағы «Юбилейный», «Бөрібай», «Қызыләуіт» суқоймалары мен Үшарал ауылындағы «Шапан» судан қорғау-реттеу құрылғыларына менің мәселе көтеруіммен қомақты қаражат бөлініп, жөнделді. «Бозарық» құм көшкінін тоқтату жобасына да қаражат қаралды.

– Тоқсаныншы жылдардағы терең тоқырауда Ақкөл ауылынан ел жаппай көшіп, үңірейген үйлердің терезелері үрейді алатын. Тіпті баспаналар бұзылып, кірпіші мен ағашына дейін қара базарда саудаланып жатты. Осы ретте өздеріңізге айтарлықтай жүк артылды. Көшті тоқтатуда не істей алдыңыздар?

– Кезінде аудан орталығы болған Ақкөлде сегіз мыңға жуық халық тұрған. Қазір тұрғындар саны екі мыңнан сәл ғана асады. Бұл сол кезде ауылдан үш үй көшсе, бір үйдің иесі қарашаңырағын күзетіп қалды деген сөз. Расында да көшкен азаматтар үйлерін бұзып, жарайтын заттарын алып кетсе, енді бірінің қызығын сауданы кәсіп етіп жүргендер көрді. Ауыл әкімі мен біздің, ондағы жанашыр қариялардың негізгі жұмысы бұзылған үйлер мен мекеме ғимараттарының орнында үйілген топырақты, анығын айтқанда, жұрттың күл-қоқысын  тазалау болды.
Сол кездегі аудан басшыларының қолдауымен ауыл тазарып, қазір қайта түледі, көркейді. Ақкөлдің ең басты проблемасы – ауызсуға қол жеткіздік, ауылды сақтау үшін күнкөріс көзі болуы басты мақсат болды.

Ы.Алтынсарин атындағы мектеп жанынан 25 орындық интернаттың, өрт сөндіру мекемесінің, өнер, спорт мектептерінің ашылуына қол жеткіздік. 25 төсектік аурухананы қайта ашқызып, «Қарлығаш» балабақшасын бұзылудан аман алып қалып, қайта жөндетіп, ауыл игілігіне бердік. Ол үшін облыстық бюджеттен үш мәрте қаражат бөлгіздім. Бірталай отбасыға жұмыс орны ашылып, көш тоқтады. Бұл ретте сол кездегі аудан басшыларының үлкен қолдауы болғанын жоққа шығармаймын.

– Ақкөл дегенде ауызсу қиындығы еске түседі. Осы су мәселесі сізді әбден шаршатқанын естігенбіз. Ауызсу құбырының қазіргі жағдайы қалай?

– Сол кезеңде ауылға 15-20 күнге дейін ауызсу келмейтін, 37 шақырымнан келетін ауызсу жүйесі әбден шіріп, жарамсыз жағдайға жеткен болатын. Ол уақытта Серік Үмбетов облыс әкімі, Батырбек Құлекеев аудан әкімі қызметін атқарған еді. Ақылдасып, мені Астанаға Парламент депутаттарына жіберді. Сол жолы депутаттар Шерхан Мұртаза мен Шамшат Исабековтің тікелей көмегімен қомақты қаражат бөлгіздік.

Өкініштісі, сол қаражатты жеңіп алған шымкенттік бір мердігер жауапсыз болып шығып, әбден шаршатты. Жұмыс берекесіздікке ұшырады. Ауыл әкімі Ғалым Қартабаев, құрылыс бөлімінің басшысы Сламбек Тілегени үшеуміз Шымкентке іздеп барып, прокуратураға арыз-шағым түсірдік. Заң аясында ақыры басшысы сотталып тынды. Кейінгі мердігер де сапалы жұмыс істемеді. Кейінірек республикалық «31» телеарнасының журналистерін шақырып, ауызсудың жағдайын түсірттік. Өте өткір хабар болды. Республикалық «Жас қазақ» газетіне «Қырық жыл күткен Ақкөл суының ақыры» деген мақала жариялаттық. 

2011 жылдың 18 тамызында облыстық мәслихаттың кезекті бір сессиясында сол кездегі облыс әкімдігі құрылыс басқармасының басшысы Рахманқұл Байтелиевке Ақкөл ауылының ауызсу мәселесі бойынша депутаттық сауал жолдадым. Депутаттық сауал өте зілді болды, зал сілтідей тынды. Өйткені облыстың бар элитасы ғана емес, құқық қорғау органдарының басшылары да түгел отырды. Облыстың прокуроры орнынан тұрып, менің депутаттық сауалымды сұрап алды. Республикалық «Жас Алаш» газеті «Байтелиев, сізге айтамыз, Бозымбаев, сіз тыңдаңыз» деген тақырыппен біздің сынымызды жариялаған болатын. Кемшіліктері көп су жүйесінің қабылдау актісіне мен он ай бойы (өзім жұмыстан кеткенше) қол қоймадым, қабылдамадым. 

Қазір ауызсу бұрынғыдай арнайы су таситын көлікпен тасымалданбайды, құбырмен әр үйге жеткізіледі. Сонымен қатар бүгінде  қосымша ауыл ішіндегі скважинаға заманауи қондырғылар орнатылып, суды фильтрден өткізіп, тазалап беру қолға алынып жатыр.

– Аудандағы ауызсу мекемесіне басшы да болған екенсіз...

– Иә, аудандағы ауызсу мәселесі өте күрделі болатын. Депутат болып сайланған күннен, жоғарыда айтқанымдай, Ақкөлдің және басқа ауылдардың ауызсуының құжаттарын Астанаға, Ауылшаруашылығы министрлігінің Сушаруашылығы комитетіне тікелей апарып өткізіп, ары қарай да қадағалап отырдым. Сол уақыттарда аудан әкімі Батырбек Құлекеев: «Жалғасбек, ақыры депутаттық жұмысыңның көбі ауызсу мәселесі болып тұр, сондықтан ауданда «Ауыз су» мекемесін ашайық»,  –  деп, мені сол мекемеге басшы етіп қойған болатын. 

– Ауызсу құбырынан бөлек тағы қандай шаруалардың атқарылуына ұйытқы болдыңыз? 

– Атқарылған шаруалар өте көп қой. Жоғарыда айтылған мысалдан бөлек «Жұрындысай» лагерін ашуға, Майтөбе ауылындағы Амантай Дәулетбеков атындағы, Тамды ауылындағы Қойгелді орта мектебінің апаттық жағдайдағы спортзалдарын, Қызыләуіт ауылындағы Мыңатай Қыстаубаев атындағы орта мектептің жылу жүйесін күрделі жөндеуге қаражат бөлгіздім. Бостандық, Ақкөл ауылдарынан спорт мектебін ашуға қол жеткіздік.

– Кезіндегі әріптестеріңізден кімдердің есімін ерекше атар едіңіз?

– Біздің кезімізде, яғни облыстық мәслихаттың III, IV шақырылымдарындағы депутаттар өте белсенді болатын. Өйткені ол кезде сайлаушы халықтың ықпалы басым еді. Ал енді әріптестердің есімін бөле-жара айту ыңғайсыз болар. Дейтұрғанмен Асаубай Майлыбаев, Әбдінұр Әсілбеков, Бәтес Егембердиева, Гүлсін Орынбаевалар үнемі аманатқа адалдық танытып, сайлаушыларын бір сәтке де ұмытпады. Олар да елдің көкейіндегі көптеген мәселені шеше алғанын айта аламын.

– Сол кезде басшыларды көп сынайтын «мазасыз» депутаттың бірі болған екенсіз. Ал қазіргі басшылардың жұмысына көңіліңіз тола ма?

– Біз облыстың бірнеше басшысымен жұмыс істедік. Кезінде әлеуметтік желіде көп сыналса да марқұм Б. Сапарбаевтың тұсында Ақкөл ауылының бірталай мәселесі шешілгені рас.
Ал қазіргі облыс басшысымен әлі кездескеніміз жоқ. Бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде жарияланып жатқан ақпараттарға қарасақ,  жұмыс істеуге, мәселені шешуге өте бейім басшы екені байқалып  тұр.

– Қазір зейнеткерсіз, қоғамдық жұмыстан толық қол үздіңіз бе?

– Жоқ, қол үзбедім, ауылдық қауымдастықтың, аудандық қоғамдық кеңестің мүшесімін. Өскен өңірдің өркендеуіне қалай араласпай отыра аламын? Ауданда, ауылда әлі де шешілмеген мәселелер баршылық. Ауылдастардың тұрмысын жақсартуға септесу – басты парыз.

Мысалы, соңғы жылдары ауылдық қауымдастық мүшелерімен бірге Ақкөлдегі жабылып қалған, бұзылу жағдайындағы бұрынғы кәсіптік колледж ғимаратын аймақ басшыларының назарына жеткізіп, облыс әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына қарасты оңалту орталығының ашылуына қол жеткіздік. Осы орталықтан 170-тей  жұмыс орны ашылып, ауыл тұрғындары жұмыспен қамтылды. Ауылды көгеріштендіру, тал егу жұмыстарының басы-қасындамыз.

Соңғы жылдары Ақкөл көліне су келмей қалу қаупі төнген болатын. Жағдайды облыс басшыларының назарына жеткізіп, дәлелдеп, «Билікөлдің» арнасына Ақкөлге су жіберуді реттейтін құрылғы салынуына ықпал еттік. Ауылда ауруханаға жиырма жылдан кейін жаңа «Жедел жәрдем» автокөлігін алуға көмегіміз тиді.

– «Біздің кезімізде, яғни облыстық мәслихаттың III, IV шақырылымдарындағы депутаттар өте белсенді болатын» деп қалдыңыз. Жалпы қазіргі депутаттардың жұмысына қандай баға берер едіңіз?

– Жоғарыда айтқанымдай, біздің кезімізде халықтың дауысы шешуші рөл атқарған. Алдын ала кім өтетіні белгісіз, сайлау өте тартысты өтетін. Сәйкесінше елге берген уәденің де салмағы, жауапкершілігі зілбатпан болатын. Көп мәселелердің шешілуі сол өңірдің депутаттарының белсенділігіне, тактикалық қадамдарына, білімділігіне байланысты еді.Кейінірек депутаттар партиялық тізіммен өте бастады, ал партияның жетекшісі өңір басшысы болды. Тізімге зорға өткен депутат өз басшысына қаратып қайта-қайта мәселе көтере бермесі белгілі. Әрі көп мәселеге «партияның тұғырнамасында бар» деген жаттанды жауап айтылады. Осыдан кейін депутаттардың жеке белсенділігі төмен сияқты көрінеді.

– Халықты алаңдатқан, толғандырған мәселелерді ашық көтердіңіз. Белсенділігіңіз өзіңізге таяқ болып тиген кездер де бар шығар?

– Иә, ауылдың ауызсу мәселесін ашына айтқан депутаттық сауалымнан соң бір жыл ішінде сыртымнан «Нұр Отан» партиясының облыстық саяси кеңес мүшелігінен, аудандық бюро мүшелігінен босатып, соңынан  партия мүшелігінен де шығарып жібергені бар. Содан соң қызметке шақырмады да. Еш өкінбедім.

– Ал енді қоғамдық кеңестің де атқарып жатқан жұмысы туралы айта кетсеңіз?

– Аудандық қоғамдық кеңесте алтыншы жыл мүшемін. Менің білуімше, қоғамдық кеңестің құрамына білетіні мен турашылдығы бар азаматтар мен азаматшалар өткен. Аудан өмірінің барлық саласы бойынша күн тәртібіне сай кезегімен зерделеу жүргізіп, жиналыста қарап отырады. Аудан әкімі үзбей қатысады. Мекемелердің атқарып отырған жұмысының жетістігімен қатар кемшілігі ашық көрсетіліп, талқыланады. Ол аудан экономикасының дамуына, халықтың әл-ауқатының жақсаруына көп көмегін тигізеді десем, еш артық айтқандық емес. Біз де ойымызды, пікірімізді ашық айтып дағдыланамыз.

– Аға, туған жерде тұрақтап қалуыңыздың сыры неде? Қызмет қуып облыс орталығына немесе басқа қалаға кету туралы мүлдем ойлаған жоқсыз ба?

– Кезінде облыс басшыларынан бірнеше рет ұсыныс түсіп, қызметке шақырған. Бірақ «Елде жүрсе болады екен ерде екпін, Есік жақта қалмай еркін төрге өттім» деп ақын Нарша ағамыз айтқандай, ауылда қалуды жөн санадым. 

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Ақтоты ЖАҢАБАЙ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар