Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Жүргізушілерге мәдениет жетіспейді

Жүргізушілерге мәдениет жетіспейді
СА.Қартабай
Соңғы кездері ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде жолаушылар тарапынан автобус жүргізушілеріне дөрекілік, қоқан-лоқы көрсету, тіпті күш көрсетіп, қол жұмсау сияқты келеңсіз оқиғалар орын алғаны туралы жағымсыз ақпараттар жиі жарияланып жүр.

Ол жарияланымдарда көбіне-көп жүргізушіні жақтап, дөрекі жолаушыларды даттап, оларды жауапқа тартуды сұрайды. Өте орынды. Жолаушы – көп, жүргізуші – жалғыз. Қайсыбірінің көңілінен шыға берсін. Әркімнің орынсыз талап қойып, жөнсіз тиісе беруінен олардың да жүйкесі жұқарады ғой. Ондай өрескел әрекеттерге барғандар тиісті жазаларын да алып жатыр. Дұрыс! Қолымен істегенді мойнымен көтерсін.

Дегенмен осы жерде жүргізушілерде мәдениет жетіспейтіндігін де айтуымыз керек.Олардың тарапынан да жолаушыларға дөрекі сөздер айту, кейбір жолақысы болмай қалған немесе жол жүру картасы (Tulparcard) үйінде қалып кеткен жолаушыны жас-кәрі демей, оқушы екеніне де қарамай жолда түсіріп кету деректерін де естіп-біліп, тіпті көріп те жүрміз.Олар талапқа сай әрекет жасаған-ақ шығар.Бірақ әлгі жолаушының расында да қалтасында қаражаты болмай қалуы немесе жол жүру картасын үйінде ұмыт қалдырып кетуі мүмкін ғой.Ондайда оған дөрекіліктен гөрі бірауыз ескерту жасағанның өзі жетіп жатыр.«Сөз сүйектен, таяқ еттен өтеді» деген бар қазақта.Бұл түсіне білгенге таяқтағаннан да жаман.Жұрттың бәрі жынды немесе жындыханадан қашып шыққан жоқ қой.Санасы бар адам түсінеді.Осынша ақыл айтып, пәлсапа соғуыма жуырда өз басымнан өткен бір оқиға себеп болып отыр.Жұмыстан №20 бағыттағы автобуспен келе жатқан күйеубалам біздің үйде отырған қарындасымды жолға алып шығып, сол автобусқа отырғызып жіберуді сұранған.Сөйтіп, біз жылдам қақпадан шығып, жолға беттедік. Осы кезде келіп тоқтаған автобус бір-екі кісіні түсіре сала жүріп кетті.Денсаулығы жоқ ауру қарындасымды сүйрелей жетектеп мен келемін.Ашық есіктен «тез, тез» деп қолын созып шырылдап күйеубалам тұр.Жүргізуші оны ескерер емес, көлікті жүргізіп барады.Сірә, автобус толы жолаушылардың бірі ескертті-ау деймін, тоқтады-ау ақыры. – Әй, жанұшырып жүгіріп (қарындасым жүгіруге жарамайды) келе жатқанымызды көрмей тұрсың ба? – дедім дауысымды көтеріп.Бірақ балағаттаған жоқпын.Ондай әдет – маған жат.Ашуланғандықтан дауысым қатты шыққаны рас. Сол жерде автобус жүргізушісі: «Сен маған неге әкіреңдейсің?» – деп, әжептәуір ауыр сөздер айтып тастады.«Кедейдің күні кіжінумен өтеді».Өз көлігім болмағандықтан амалсыз күйде қалдым. Басқа шара жоқ.Бұл оқиға 2024 жылдың 12 қыркүйек күні, кешкі сағат 18-ден 23-24 минут өткенде Песчанный көшесі, ІІ-бұрылысымен өтіп бара жатқан №20 бағыттағы автобусқа байланысты.Автобус нөмірі – 241. Жүргізушісі бұйра шашты, көзілдірікті жігіт екен.Егер індетіп іздер болсам, тауып, аты-жөнін біліп алуыма да болады. Алайда бұл істі Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков пен әкімдіктің тұрғын жай-комуналдық шаруашылық, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының еншісіне қалдырайын.Қазақта «Айран сұрай келсең, шелегіңді жасырма» деген де сөз бар.Ақыры сөз бастап қалған соң қоғамдық көлік пен жол мәселесіне қатысты көкейде жүрген басқа да ойларымды айтайын. Ауызға келген түкірік, түкірмесең – мәкүрік. 

Құрметті Бақытжан Әмірбекұлы!

Өзіңіз қалабасы қызметіне келгелі бері тарихи Таразда талай тамаша жұмыстар жүзеге асырылып, шаһардың шырайы кіре түскені шындық. Ол үшін халық сізге әрқашан алғысын айтуда. Риза көңілде. Мен де сол риза көңілдегілердің бірімін. Кемшіліксіз дүние болмайды, кемшіліктер де бар шығар. Бірақ жүре түзелетін кемшіліктер – кешірімді. Тек кемшілікке кеңшілік болмауы керек. Қолға алған істің бітпейтіні жоқ. Тек талапшылдық пен табандылық болса болғаны. Сізде ондай табандылық та, талапшылдық та, қарым-қабілет те, өмірлік тәжірибе де бар. Сондықтан сіз қолға алған істің орындалатынына күмән жоқ.

Қазақта «Бір құмалақ бір қарын майды шірітер» деген де сөз бар, әлгіндей тірліктер – соның бір мысалы. Оған майда-шүйде ретінде қарасаңыз, опық жеуіңіз мүмкін.

Сізде бас қатырар басқа да мәселелер жетіп жатыр. Сондықтан көп миыңызды қатыра бермей, бір-екі мәселемен айтарыма нүкте қояйын.

Тараздың біз тұратын «За линией» деп аталатын бөлігі көп жағдайда «тоқалдан туғандай» демекші, шөміштен қағылып жатады. Бұл көбінесе жол құрылысына байланысты. Рас, теміржолдың арғы бетіндегі көптеген жолға асфальт төселіп, жаяу жүргінші жолдары салынды. «Аспаннан шұға жауса да кедейге ұлтарақтық мата тимес», сол несібеден Мұқанов көшесі бір-екі бұрылысымен, Амангелді көшесі, тағы басқа майда көше бұрылыстары құр қалып отыр. Соны ескеріңізші, әкім мырза!

Қазақ айтқыш. «Әйел ерге қарайды, ер жерге қарайдыны» да айтқан қазақ. Соған ұқсас «қала халқы сізге қарайды, сіз елге қараңыз» дегім келіп отыр.Қалада қоғамдық көлік саны күн сайын көбейіп, жаңа бағыттар ашылып жатыр. Бірақ көлікті адам емес, ағаш тасығандай ұшырта айдайтын, наразылық білдіргендерге «ұнамаса таксимен жүр» деп салатын, шеткері көшелерге жүруді ерте тоқтататын, белгіленген бағыттың аяғына дейін бармайтын жауапсыз, дөрекі жүргізушілерді жөнге салу керек-ақ. «Жалғыз әкім қайда жетсін» десек те, сіздің қолыңыз – ұзын, сөзіңіз – өтімді. Сізге бағынышты құрылымдар көп. Бауыржан атаңыздың «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бағынған құл болмайды» деген ұлы қағидасын ұстанып қызмет атқарсаңыз, әрине, алғыстың астында қаласыз. Оған ешқандай шүбәм жоқ.

Бір оқиғадан бастап, біраз мәселенің басын шалдым-ау шамасы? Елдің көкейіндегі сөз ғой. «Айтпаса, сөздің атасы өледі», мен сөздің атасын өлтіргім келмегендіктен айттым. Сіз солай қабылдап, халық көңілінен шығуға тырысыңыз. Сонда Құдай да риза, ел де риза. Мен сіздің осындай ризашылыққа бөленуіңізді тілеймін, әкім мырза!

Болат ЖАППАРҰЛЫ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар