Бұған біз ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитеті облыс бойынша департаментінің қызметкерлері ұйымдастырған баспасөз турында көз жеткіздік. Онда журналистер электр бағаналары жаңартылып жатқан аумақтардағы жұмыстармен танысты.
Баспасөз турына аталған департамент басшысының орынбасары Мүслім Қалдыбай, облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының, «АMANAT» партиясы облыстық филиалының өкілдері қатысты.Электр жарығының сапасы сын көтермейтін аумақтың бірі – халық арасында «Қайнар» тұрғын алқабы. Баспасөз турында әуелі аталған тұрғын алқаптағы Сеңкібай көшесіне келіп, қызу жұмыстың үстінен түстік. Мұнда ауыстырылып жатқан жарық желілерінің жұмысы 70 пайызға аяқталған екен. Енді бір ай көлемінде Сеңкібай көшесінің тұрғындары су жаңа инфрақұрылымның игілігін көреді.
«Жамбыл электр желілері» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бас инженерінің орынбасары Денис Фоменконың айтуынша, мекеме жұмысы 1999 жылы басталған. Содан бері халыққа электр жарығын жеткізумен үздіксіз айналысып келеді.
– 1 687 адам еңбек ететін кәсіпорын 146,445 мың шаршы шақырымды алып жатқан аумақты жарықпен қамтамасыз етіп отыр. Серіктестік негізінен электр энергиясын беру, тарату, электр желілерін және трансформаторлық қосалқы стансаларды пайдалану бағытындағы жұмыстарды атқарады. Мұндағы қызметкерлердің орташа жалақысы – 250 382 теңге. Кәсіпорын құрамына Тараз қалалық электр желілері (ТГЭС) және 11 аудандық электр желілері (ЖЭК) кіреді. Серіктестік балансында кернеуі 220-110-35-6-10-0,4 киловольт 14 мың шақырымға жуық электр желілері, 220-110-35-10/04 киловольт, жалпы қуаттылығы 1897,1 мегавольт болатын 2 756 трансформаторлық қосалқы станса бар, – дейді Д.Фоменко.
Кәсіпорын 2021-2025 жылдарға жалпы сомасы 5,7 миллиард теңге болатын инвестициялық бағдарлама бекіткен екен. Оның ішінде осы жылға арналған шығыстар көлемі шамамен 2,5 миллиард теңгені құрайды. Аталған қаражат кернеуі 35-110, сондай-ақ 6-10 киловольттік қосалқы стансаларға жабдықтар коммерциялық есепке алудың автоматтандырылған жүйесіне (АСҚЕ) бақылау-өлшеу аспаптары мен жабдықтарын және байланыс құралдарын көліктер мен арнайы техникалар паркін жаңарту, компьютерлік техниканы сатып алуға бағытталған.Денис Фоменко мекеменің мақсаты электр желілерінің жағдайын жіті назарда ұстау екенін түсіндірді.
– Мемлекет басшысы өзінің «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауында елдегі электр желілерінің үштен екісі, яғни 57 пайызының тозығы жеткенін айтып, мәселені шешуге қатысты нақты тапсырма берген болатын. Алдымызда желiлер мен электр қуаттарының тозуын кемiнде 15 пайызға азайту міндеті тұр. Серіктестіктің 2024 жылға арналған инвестициялық бағдарламасына сәйкес аудандардағы 6-10/0,4 киловольттік электр желілері қайта жаңартылады.
Біздің маңызды міндеттеріміздің бірі – халықты электр энергиясымен тұрақты қамтамасыз ету болғандықтан тұрғындарға барынша сапалы қызмет көрсетуге тырысамыз. Биыл 0,4 киловольттік желілерде жүргізілген талдау нәтижелері бойынша ағаш тіректерді темірбетонмен, жалаңаш ток сымдарын өздігінен оқшауланатын электр желілерімен ауыстыруды қажет ететін аумақтар анықталды. Ескілері сонау өткен ғасырдың 60-70-жылдары пайдалануға берілген. Бүгінгі таңда инвестициялық бағдарламаға сәйкес «Жамбыл электр желілері» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мердігерді тарта отырып, қосымша құн салығынсыз жалпы сомасы 194,938 миллион теңгеге Тараз қаласында (Пригородный учаскесі) ұзындығы 21,18 шақырымды құрайтын 0,4 киловольттік әуе электр желілерін қайта жаңғыртуда, – дейді Д.Фоменко.
Сұхбат барысында Сеңкібай көшесінде атқарылған жұмыстар жайын сұрадық. Көше бойына алдымен 0,4 киловольт электр желісінің ескі тіректерін жаңа темірбетон тіректеріне ауыстыру жұмыстары жүргізіліпті. Мұнан соң ашық кабель оқшаулағышқа ауыстырылған.
– Кейбір жерлерде жақсы сақталған ағаш тіректерді қалдырдық. Бір жағынан, ақша үнемдеуге де жақсы. Осы жылдың мамыр айында басталған жұмыстың әзірге 70 пайызы аяқталды. Қазіргі сәтте ЖД-95 темірбетон тіректері, SIP 4/70 сымы орнатылды. Енді абоненттермен байланыс орнату жұмыстары ғана қалды. Атап айтқанда, жаңа есептегіштерді орнату қажет. Жұмысты бастамас бұрын тұрғындармен профилактикалық жұмыстар жүргізуіміз керек. Биыл Сеңкібай көшесі ғана емес, «Қайнар» тұрғын алқабы түгелдей жаңа желілермен қамтылады. Сондықтан бір тұрғынның кернеуі қалыпты, бір тұрғынның кернеуі төмен болған жағдайлар орын алмайтындығына кепілдік бере аламыз. Жаңа жылға дейін біз барлық жергілікті абоненттерді жаңа желіге көшіреміз, – дейді Д.Фоменко.
Баспасөз туры аталған «Қайнар» тұрғын алқабында жаңадан салынып жатқан КТП-492 қосалқы стансасында жалғасты. Мұндағы КТП-492 қосалқы стансасы желілерінің ұзындығы шамамен бес шақырымды құрайды. Біз барған уақытта жұмысшылар желіні, жаңа бетон тіректерді дайындап жатты. Сондай-ақ СИП магистральдарының жұмысы да бітуге жақын екенін байқадық. Нысанның құрылысы жыл соңына дейін аяқталады деп күтілуде. Осылайша тағы бір қосалқы станса пайдалануға берілмек. Бір айта кетерлігі, жаңа қосалқы станса іске қосылған жағдайда «Қайнар» тұрғын алқабындағы 510 абонент, Сеңкібай көшесіндегі 70 абонент су жаңа электр желісіне қосылатын болады. Жалпы 2024 жылы Таразда бір жарым мыңға жуық жеке және 91 заңды тұлға жаңартылған желілер арқылы электр энергиясын пайдалануда.
Шу, Қордай, Мойынқұм, Талас, Байзақ, Сарысу, Жуалы, Жамбыл, Т.Рысқұлов аудандарында да бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын табуда. Аудандардағы 42 қосалқы стансадағы ұзындығы 86 шақырымды құрайтын желілер жаңартылуда.
Аталған жұмыстар тұрғындардан түскен қаржы, яғни тарифті инвестицияға айырбастау есебінен атқарылып жатқанын айта кеткен жөн. Жалпы жаңарту жұмыстары электр энергиясын тасымалдау бойынша көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ