Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

«Салауатты сана» жобасы таныстырылды

«Салауатты сана» жобасы таныстырылды
Ашық дереккөз
Кеше Тараз қаласындағы «Достық» үйінде «Салауатты сана» жобасының таныстырылымы өтті. Басқосуды облыс әкімдігі ақпарат және қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Қуаныш Мамашев ашып, жүргізді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІІІ сессиясында сөйлеген сөзінде: «Ассамблея нашақорлық, лудомания, тұрмыстық зорлық-зомбылық, вандализм және ысырапшылдық сияқты әлеуметтік кеселдермен күресуде маңызды рөл атқарады. Қауіпсіз өмір сүру үшін осындай қатерлі құбылыстардан біржола арылуымыз керек. Бұл – әсіресе ұрпақтың болашағы үшін айрықша маңызды. Біз балалар мен жастарды барынша қорғап, дұрыс тәрбиелеуіміз керек. Қоғамдық кеселдерді түбірінен жоямыз десек, ортақ іске бүкіл ел болып жұмылған жөн. Ұлтына, дініне, нәсіліне, әлеуметтік жағдайына қарамай, оған барлығы атсалысуы керек», – деген болатын. 

Басқосуда журналист, қоғам қайраткері, облыстық ардагерлер кеңесінің төралқа мүшесі Жаңабай Миллионов ысырапшылдықтың қоғамдық, экономикалық зардаптары туралы ойын ортаға салды.

– Салауатты сана сөзінің ұғымы терең. Осы ретте бес әлеуметтік кеселдің ішіндегі маңыздысы – ысырапшылдық туралы айтпақпын. Дүниедегі ең жаман нәрсе – ысырап жасау. Ол дегеніміз аста-төк той жасау, өлім-жітім кезінде табақ-табақ ет тарту. Бүгінгі тойлар жарысқа айналған. Ысыраптың нағыз көкесін той мен өлім орын алғанда көріп жүрміз. Шетелден әнші шақырып, дәмі тіл үйірер мол дастарқан жайылып, адамдардың статусы айқындалып жатыр. Және қайғы орын алған жерде қазан көтеріліп, қонақтарға ас таратылуда. Осының бәрін өзімізден бастасақ, ысырапшылдыққа жол бермес едік, – деген пікір айтты. 

Сонымен қатар бастапқы психикалық денсаулық орталығының дәрігері Дастан Кенжалиев, облыстық полиция департаменті әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөлімінің аға инспекторы Диляфруз Кинжеханова, облыстық тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясының директоры Қуаныш Дәурембеков те саналы қоғам қалыптастыру, адал азамат тәрбиелеуге бағытталған жаңа жобаның жүзеге асырылуы бойынша идеяларымен бөлісті. 

Аталған жоба қоғамның 5 әлеуметтік қауіпті кеселі, атап айтсақ, нашақорлық, лудомания, тұрмыстық зорлық-зомбылық, буллинг және ысырапшылдықтың алдын алу және оларға қарсы күрес бойынша жүйелі жұмысты ұйымдастыруға бағытталған. 

Эльмира БАЙНАЗАРОВА

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар