Ауылшаруашылығы өнімдері Тараз қаласындағы орталық базардан бірнеше «КамАЗ» көлігіне тиелді. Тараздық «Мирас» жеке кәсіпкерлігінің жетекшісі Ермек Ділдабеков жәрмеңкенің жоғары деңгейде өтуіне аудандардағы шаруа қожалықтар да белсенді үлес қосып жатқанын жеткізді.
– Тек Тараз қаласында ғана емес, Шу, Қордай аудандарында да жәрмеңкеде саудаланатын өнімдер жүк көліктеріне тиеліп жатыр. Біз сол көліктерге тиелген жүктің бас қалаға жетуіне жауаптымыз.Жалпы Астана қаласында жыл сайын ауылшаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтіп тұрады. Сонда байқағаным, Елордада жамбылдық қандай өнімге болмасын сұраныс өте жоғары. Бірнеше сағатта-ақ өнімдерімізді талап алып кетеді, – деді Ермек Ділдабеков.
Ал, Талас ауданы әкімдігі ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Жандос Құдиярхан таластық шаруа қожалықтардан 4,5 тонна ет өнімдері, 5 тонна қарбыз, 5 тонна алма, 500 келі асқабақ, 100 келі құрт пен қауынқақ жөнелтіліп жатқанын айтты.
Жамбыл ауданынан да 3 тонна жылқы, сиыр, қой еті, 500 келі шұжық, 25 тонна көкөніс, жеміс-жидек, 15 мың жұмыртқа дайындалған. Барлығы 22 шаруа қожалық өз өнімдерін ұсынып, үлес қосқан. Мұны бізге Жамбыл ауданы әкімдігі ауылшаруашылығы бөлімінің бас маманы Амангелді Әбдібеков айтты.
Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің тағамдану объектілерін қадағалау бөлімінің басшысы Жандос Иманбеков сатушылардың қолына киетін қолғаптары мен киімдерінің, тамақ өнімдерінің талапқа сай болуын қадағалап тұрды.
– Астана қаласында өтетін ауылшаруашалығы өнімдерінің жәрмеңкесіне Тараз қаласы және 10 аудан атсалысуда. Барлығы 33 тонна ет, 4 тонна шұжық өнімі, 200 тонна көкөніс, бақша өнімі жөнелтілді. Біздің өнімдер астаналықтардың көңілінен шығады деген сенімдемін, – деді облыс әкімдігі ауылшаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат Көшенов.
Эльмира БАЙНАЗАРОВА