Мұндағы сан сала бойынша іске асырылып жатқан инфрақұрылымдық жобалар ауданның болашағына соны серпін беруде. Жаңадан салынып жатқан жолдар мен тұрғын үй кешендері, әлеуметтік нысандар ауданның дамудың даңғыл жолына түскенін айғақтайды. Сондықтан да меркіліктер болашаққа болжаммен емес, сеніммен қарайды.
Ауданның құрылыс көлемі 2024 жылдың жоспары бойынша 28 398,4 миллион теңге болса, жылдың 7 айында меже 7 722,5 миллион теңгеге орындалыпты. Осылайша жоспар өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 164,6 пайызды құраған. Пайдалануға берілетін тұрғын үй көлемі жылдық жоспарда 45 829 шаршы метр деп көрсетілсе, есепті мерзімде 28 462 шаршы метр тұрғын үй тапсырылған екен. Өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда меже 101,7 пайызға орындалған.
Меркі ауылындағы 32 гектар және 77 гектар тұрғын үй алқаптарының инженерлік инфрақұрылымының құрылысын сумен жабдықтау ісі бойынша «УниверсалСтройСервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен 512 162,70 мың теңгеге келісімшарт жасалыпты. Осы қаржының 418 877,0 мың теңгесі игерілген. Құрылыс жұмыстары өткен жылы басталып, осы жылдың маусымында аяқталып, нысан пайдалануға берілген екен.
Меркі ауданының «Меркі – 77 гектар, Меркі – 32 гектар, Тескентоған – 37,9 гектар, Аққайнар – 45 гектар тұрғын алаптарына 35/10 кВ екі қосалқы станса, 2 тізбекті әуе желісі бойынша 35кВ электр желілерін салу» нысаны бойынша құрылыс жұмысын жүргізуді «ПырақҚұрылыс» серіктестігі міндетіне алып, 1 798 058,85 мың теңгеге келісімшарт жасалған. Оның 946 347,0 мың теңгесі игерілген. Нысан құрылысы былтыр тамыз айында қолға алынса, бүгінде құрылыс жұмыстары әлі де жүргізілуде. Дегенмен осы жылға қосымша келісім жасалып, жобаға қайта түзету енгізу мәселесі туындапты. Қажетті құжаттар жинақталып, облыс әкімдігіне және тиісті министрліктерге жолданған екен. Қазір жобаны түзетуден өткізу жоспарланып отырған көрінеді.
Жалпы өңір экономикасын ілгерілетуде ауылшаруашылығы нысандарының да атқаратын маңызы айрықша. Мәселен, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде егіс алқаптарын сумен жабдықтау, көкөніс қоймаларын, мал азығын дайындайтын, өнім өндіретін нысан салу ісі ауданның экономикалық дамуына негіз болатыны белгілі. Одан бөлек қоршаған ортаны қорғау, әлеуметтік тұрақтылықты нығайту және ғылыми зерттеулер жүргізу сияқты маңызды функцияларды атқаруда да ауылшаруашылығы нысандарының жеткілікті болуы шарт. Бұл тұрғыда Меркі ауданы «Андас-1» тоғанының құрылысына бюджеттен арнайы қаржы бөлініп, мемлекеттік сатып алу конкурсы өткізіліпті. Келісімшарт құны 344,081 миллион теңгені құраса, оның ішінде мердігер мекеме «Интеллект Азия» серіктестігіне 330,059 миллион теңге, техникалық қадағалаушы «АКГЕМ-СТРОЙ» ЖШС-на 10,131 миллион теңге, авторлық қадағалаушы «Тараз-Технопроект» ЖШС-на 3,891 миллион теңге қарастырылған. 2023 жылы 260,387 миллион теңгенің жұмысы атқарылса, биылға 83,455 миллион теңгенің құрылыс жұмысын аяқтау міндеттелген. Нысан құрылысы былтырғы мамырда қолға алынса, желтоқсан айының соңына таман ауа райының қолайсыздығынан жұмыс уақытша тоқтатылыпты. Алайда 2024 жылға бюджеттен қаржы бөлінбеуіне байланысты құрылыс-монтаждау жұмысы жалғасын таппаған.
Сол секілді Меркі ауданындағы «Андас-2» тоғанының құрылысына да бюджеттен қаржы бөлініп, мемлекеттік сатып алу конкурсы арқылы 114,730 миллион теңгеге келісімшарт жасалған. Өткен жылы 109,207 миллион теңге игерілген екен. 2024 жылға 5,458 миллион теңгенің жұмысын атқару қажет болса, бұл нысан бойынша да қаржы қолбайлау болып, жұмыс қазір уақытша тоқтап тұр.
«Андас-3» тоғанының құрылысын салу үшін келісімшарт құны 1 452,937 миллион теңгені құраған. Оның ішінде құрылыс жұмысын жүргізу «Толағай-2050» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне жүктелген. Өткен жылы 847,175 миллион теңге игеріліпті. 2024 жылы 577,781 миллион теңгенің құрылыс жұмыстарын жүргізу керек болған. Алайда былтыр құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізу барысында жобаға қайта түзету енгізу қажеттігі анықталыпты. Қажетті құжаттары жинақталып, облыс әкімдігіне және Үкіметтің тиісті министрліктеріне жолданған. Бірақ бюджеттен қаржы бөлінбеген.
«Меркі ауданында 79,23 шақырым суару жүйесі үшін су құбырын салу» жобасын жүзеге асыру мақсатында жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеу үшін аудандық бюджеттен қаржы бөлініп, мемлекеттік сатып алу конкурсының нәтижесіне сәйкес «Казгражданстройпроект» ЖШС-мен 22,3 миллион теңгеге келісімшарт жасалыпты. 2023-2024 жылдарға арналған жоба әзірленген. Мемлекеттік сараптамадан өткізуге бүгінде тиісті құжаттар ұсынылып жатқан көрінеді.Гранитогорск ауылында 90 орындық ауылдық мәдениет үйінің нысандары бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстарына қажетті 137 989,8 мың теңге қаржы бөлу үшін бюджеттік өтінім тапсырылғанымен салалық басқарма тарапынан қолдау таппапты. Сол себептен жобалық-сметалық құжаттама қайта түзетуден өткен. Сараптаманың оң қорытындысы биыл тамызда алынған. Құрылыс-монтаждау жұмысына қаржы бөлдіру үшін бюджеттік өтінім тапсырылыпты.
Меркі ауданының Андас батыр ауылындағы 180 орындық мəдениет үйінің құрылысына 2024 жылға құрылыс-монтаждау жұмыстарына қажетті 489 290,0 мың теңге қаржыны бөлу үшін облыс әкімдігінің құрылыс басқармасына бюджеттік өтінім тапсырылған, бірақ ол да қолдау таппаған. Сараптама қорытындысының уақыты өтуіне байланысты жобаны қайтадан түзетуден өткізу қажет екен. Мұндай мәселенің спорт саласындағы жаңадан салынуы тиіс нысандарға да қатысы бар.
– «Меркі ауданының Сарымолдаев ауылындағы спорттық-сауықтыру кешенінің құрылысы 2023 жылы 22 мамырда басталған болатын. Келісімшарт құны – 374 009,9 мың теңге. Мердігер мекеме «DAUREN BUILD» ЖШС-мен 358 768,9 мың теңгеге, «Алатау сапа құрылыс» ЖШС-мен техникалық қадағалаушы ретінде 11 011,3 мың теңгеге, «Тараз-Технопроект» ЖШС-мен авторлық қадағалаушы болғаны үшін 4 229,7 мың теңгеге келісімшарт жасалды. 2023 жылы 103,740 миллион теңге игерілді. Оның ішінде 99 740,0 мың теңгесі мердігерге, 3 миллион теңгесі техникалық, 1 миллион теңгесі авторлық қадағалаушыға тиесілі. Құрылыс жұмыстарын биыл сәуір айында аяқтау жоспарланған. Бүгінгі күнге құрылыс жұмыстары әлі де жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, сыртқы инженерлік инфрақұрылымдар тартылуда. Жалпы құрылыс-монтаждау жұмысының 25 пайызы орындалды. Әйтсе де құрылыс жұмысы өндірістік кестеден және пайдалануға беру уақытынан кешігуіне байланысты облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына талап арыз жолданып, соттың бірінші отырысы 2024 жылы мамыр айының соңында өтті. Сот отырысы маусым, шілде, тамызда ай сайын өтіп, іс ұзаққа созылғанымен қоймай, тағы да кейінге қалдырылды. Аталған нысан бойынша сот процестерінің созылуы және мердігер мекеменің жауапкершілігі төмен болуына байланысты 2024 жылы нысанның аяқталмау және бөлінген қаржының игерілмеу қаупі бар.
Меркі ауданының Андас батыр ауылындағы спорттық-сауықтыру кешенінің құрылысы былтыр қазан айында басталған болатын. Келісімшарт құны – 524 572.02 мың теңге. Келісімшартта көрсетілген авансты қосқанда 2023 жылы 60 миллион теңге, 2024 жылы 175,6 миллион теңге қаржы игерілді. Бүгінгі күнге құрылыс-монтаждау жұмыстарының 50 пайызы бітті. Нысан қазан айында пайдалануға берілетін болады.
«Жамбыл ауылындағы спорттық-сауықтыру кешенінің құрылысы» нысаны бойынша 2024 жылға құрылыс-монтаждау жұмыстарына қажетті 497 654,3 мың теңге бөлу үшін облыс әкімдігінің құрылыс басқармасына бюджеттік өтінім тапсырылғанымен қолдау таппады. Сараптама қорытындысының уақыты өтуіне байланысты жоба қайтадан түзетуден өтуде. «Ақермен ауылындағы спорттық-сауықтыру кешенінің құрылысы» нысаны бойынша бюджеттік өтінім қолдау таппады. Сараптама қорытындысы былтыр желтоқсан айында алынған. «Сұрат ауылындағы спорттық-сауықтыру кешенінің құрылысы» нысаны бойынша да жобалық-сметалық құжаттары әзірленген. Сараптамадан өткізу қажет, – дейді Меркі ауданы әкімдігі сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Тұрар Дулатбаев.
Негізі қандай да бір нысанның жобалық-сметалық құжатына сараптама алынып, бірақ мерзімі өтіп кетсе, бұл аудан экономикасына айтарлықтай соққы болатыны сөзсіз. Біріншіден, бюджеттен қаржы шығындап, қайта сараптама жасатуға тура келеді. Себебі жаңадан сараптама жүргізбей құрылысты бастау – заң талаптарына қайшы. Қазіргідей нарық заманында құрылыс заттарының бағасы, құрылыс нормалары, стандарттардың өзгеруі құрылыстың сапасыз салынуына түрткі болады. Сондықтан жергілікті құзырлы орган сараптама уақыты өткен жобаның құрылысын жүргізуге жол бермейді. Жобаның қауіпсіздігі мен заң талаптарын сақтау, артық шығынды болдырмау үшін сараптама алынғаннан кейін бір жыл ішінде оның құрылысына қаржы бөлу өте маңызды шаруа. Егер нысан құрылысына қаржы бөлу күмән тудырса, сараптама жасатпау қажет. Бұрын сараптама мерзімі үш жылға жарамды болса, былтырдан бастап бір жылға қысқарған болатын. Бұл ретте сараптаманың жарамдылығы тым қысқа мерзімге берілгенін уақыт өзі дәлелдеп отыр. Сондықтан оның мерзімін бір жарым не екі жылға ұзартуды осы істің басы-қасында жүргендер мәселе етіп көтеруі қажет.
«Меркі ауданының кәріз тазарту құрылыстарын салу» жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеу үшін аудандық бюджеттен қаржы бөлініп, мемлекеттік сатып алу конкурсының нәтижесіне сәйкес тапсырыс беруші «Регион-Сервис KZ» ЖШС-мен 26,9 миллион теңгеге келісімшартқа отырған. Жобалау 2023-2024 жылдарға жоспарланған. Жоба әзірленіп, аяқталған. Мемлекеттік сараптамадан өткізуге тиісті құжаттар қазір ұсынылып жатқан сыңайлы.Ауданда былтыр 60 жеке тұрғын үй немесе пәтер сатып алу үшін республикалық бюджеттен 576 миллион теңге бөлініп, 60 жеке тұрғын үй мен пәтер сатып алынған. Жеке тұрғын үйлер (немесе пәтер) мемлекеттік тіркеуден өтіп, аудан әкімдігінің сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің теңгеріміне алынған. Аудан әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің теңгеріміне берілгеннен кейін ол пәтер алуға кезекте тіркелген азаматтарға үлестіріледі екен.Ал осы жылы 30 пәтер сатып алу үшін «Самұрық- Қазына» акционерлік қоғамынан 454 776,0 мың теңге бөлініпті. 1 пәтердің құны 15 159,2 мың теңгеге бағаланып, оны алдағы қараша айында сатып алу жоспарланыпты.
Ауылдық елді мекендер үшін бас жоспар әзірлеудің артықшылығы көп. Мәселен, осы арқылы қандай да бір ауылдық жерлердегі жолдар, су және электр жүйелері сияқты негізгі инфрақұрылымды жақсартуға мүмкіндік туады. Сонымен қатар ауылшаруашылығы, тұрғын үй, өнеркәсіп және қоғамдық орындар үшін бос жатқан жерлер ретке келтіріледі. Денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет және спорт нысандарын салу арқылы әлеуметтік қызметтерге қолжетімділік артады.
– Меркі ауданында өңірлік жоспар бойынша Сарымолдаев, Екпінді, Плодовоягодное ауылдарына 2022 жылы аудандық бюджеттен 43 миллион 192 мың теңге қаражат бөлініп, мемлекеттік сатып алу конкурсы ұйымдастырылды. Конкурс нәтижесі бойынша «ПрофГИС» ЖШС-мен 43 миллион теңгеге келісімшарт жасалды. Меркі ауданының бас жоспарын әзірлеуге 2022 жылы аудан бюджетінен 55 миллион теңге бөлініп, конкурс нәтижесі бойынша «ЭксклюзивПроектЛТД» ЖШС-мен жасалған келісімшарт бойынша түзету жұмыстары жүргізіліп, жергілікті мәслихаттың 2023 жылы 16 қаңтардағы №41-7 шешімімен бекітілген болатын. 2024 жылы қосымша өзгерістер енгізіліп, 26 ақпанда №19-3 Меркі аудандық мәслихатының шешімімен қайта бекітілді.
ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің хаттамалық тапсырмасына сәйкес Қазақ Дихан, Тұрлыбай батыр, Сыпатай, Мыңқазан, Мыханды, Сарымолдаев ауылдық округі, Ойтал ауылы елді мекендерінің оңайлатылған бас жоспарларына түзетулер енгізу үшін 2023 жылға аудандық бюджеттен 21 005 миллион теңге қаражат бөлініп, түзетулер енгізіліп, 2023 жылы 01 желтоқсанда №13-7 аудандық мәслихат шешімімен бекітілді.
2024 жылы Кеңес, Аспара, Шалдовар стансасы, Арал қыстақ, Ақермен, Қызыл сай, Жауғаш батыр елді мекендерінің оңайлатылған бас жоспарларына түзетулер енгізу үшін аудандық бюджеттен 65 миллион теңге қаражат қаралды. Қазір аталған бас жоспарды «Қолдау» ЖШС әзірлеп жатыр, – дейді Тұрар Аманбайұлы.
Ауданда «Асарлатып үй салу» жобасы арқылы да әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға жұртшылықтың демеушілігімен жеке тұрғын үйлер салынып, пайдалануға берілгенін айта кетуіміз керек. Жоба аясында аз қамтылған отбасыларға 2023 жылға 12 ауылдық округте 10 тұрғын үй және көпшіліктің пайдалануына арналған 2 асхана беру жоспарланған екен. Өткен жылы Ақтоған ауылында бір тұрғын үйге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, иесіне ұсынылыпты. Осы жылы Жаңатоған ауылдық округінде тұрғын үй сатып алынып, Талдыбұлақ ауылында да бір тұрғын үй құрылысы аяқталып, пайдалануға беріліпті. Меркі ауылдық округінде де биыл мұқтаж азаматқа тұрғын үй сатып алынып, табысталған. Сонымен қатар Кеңес, Тәтті, Рысқұлов, Сарымолдаев, Ақарал, Сұрат ауылдық округтерінде тұрғын үй және Ақермен, Андас батыр ауылдарында асхана құрылысы осы жылдың тамыз айында аяқталған.
– Аудан әкімі Жорабек Баубековтың тапсырмасына сәйкес осы жылы қосымша Ақтоған, Аспара, Ойтал ауылдық округтерінде жеке тұрғын үйлерге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сарымолдаев ауылдық округіндегі Ойтал ауылында асхана салынып, Ақарал, Жамбыл, Жаңатоған, Кеңес, Рысқұлов, Тәтті ауылдық округтерінде де жаңадан жеке тұрғын үйлер бой көтеріп, осы жылдың соңына дейін пайдалануға беру жоспарланды. Ауылдық округтердегі тұрғын үй мен асхананың қазіргі жағдайына келсек, Ақермен ауылдық округінде қазіргі күнге асхананың іргетасы және кірпіштері қаланып, сейсмикалық белдеуі құйылды, шатырын жабу жұмыстары толығымен аяқталды. Бүгінде ішкі және сыртқы әрлеу жұмыстары жүргізілуде. Андас батыр ауылдық округіндегі асхананың іргетасы мен қабырғалары қаланып, шатыры жабылып, ішкі және сыртқы терезелері салынып, іші толығымен сыланды. Нысанның бөлмелеріне бетон қоспасы бар еден құю жұмыстары жүргізілді. Ішкі әрлеу жұмыстары шілде айында аяқталып, нысан тамыз айында пайдалануға берілді. Жамбыл ауылдық округі, Жамбыл ауылында жеке тұрғын үйдің іргетасы мен қабырғалары қаланып, шатырын жабу және сыртын сылау жұмыстары жаз бойы атқарылды.Сарымолдаев ауылдық округінде де бір жеке тұрғын үйдің іргетасы қаланып, үйдің қабырғасын көтеру, шатырын жабу және сыртын сылау жұмыстары еңсерілді. Құрылыс жұмыстары ағымдағы жылдың мамыр айында басталса, алдағы қазан айында аяқтау жоспарланған. Сонымен қатар осы ауылдық округтің Ойтал ауылында асхананың іргетасы құйылып, қабырғалары қаланып, шатырын жабу жұмыстары атқарылды. Шілде айында сылақ жұмыстары жүргізілді.
Тәтті ауылдық округіндегі тұрғын үйдің іргетасы және қабырғаларының кірпіштері қаланып, сейсмикалық белдеуі құйылып, шатырын жабу жұмыстары толығымен аяқталды. Есік-терезесін салу және ішкі-сыртқы сылау жұмысы толығымен атқарылды. Газ тарту жұмыстары жүргізіліп, тамыз айында пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін Тәтті ауылдық округінен демеушілер көмегімен аз қамтылған 1 отбасыға тұрғын үй сатып алып беру қарастырылуда. Рысқұлов ауылдық округтерінде тұрғын үйдің іргетасы және қабырғаларының кірпіштері қаланып,сейсмикалық белдеуі құйылып, шатыры толығымен жабылды. Ішкі-сыртқы сылау, әрлеу жұмыстары жүргізілді. Тұрғын үй маусым айында пайдалануға берілді.
Меркі ауылдық округінде тұрғын үйді баспанаға мұқтаж азаматқа сатып алып беру мақсатында қажетті қаражатты жинау жұмыстарын ұйымдастырып, тұрғын үй сатып алу үшін үй іздеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Кеңес ауылдық округтерінде тұрғын үйдің іргетасы және қабырғасы қаланып, шатырын жабу жұмыстары қолға алынған болатын. Десе де қаражаттың жеткілікті мөлшері ескеріліп, үйге кіреберіс бөлме қосу және ішкі-сыртқы сылақ жұмыстарын жүргізу жұмысы көптің көмегімен аяқталды. Аталған жеке тұрғын үй қоныстанушы үшін тамыз айында дайын болды. Ақарал ауылдық округінде жеке тұрғын үй құрылысын жүргізу мақсатында жер телімі анықталып, жазда іргетасын құю жұмыстары басталған болатын. Қазір құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Сұрат ауылдық округінде тұрғын үйдің іргетасы, қабырғаларының кірпіштері қаланып, сейсмикалық белдеуі құйылды, шатырын жабу жұмыстары жүргізілді. Іші-сыртын сылау жұмыстары да аяқталды, – дейді Т.Дулатбаев.
Маусым айында Аспара ауылындағы әлеуметтік аз қамтылған жалғызбасты қарияның тұрғын үйін күрделі жөндеуден өткізу жұмыстары қолға алыныпты. Қарияға қарайласу барысында оның үйінің есік-терезесі жаңартылып, шатыры ауыстырылған. Іші-сырты әрленген екен.Ойтал ауылдық округінің Ойтал ауылындағы бір көпбалалы отбасының да тұрғын үйі күрделі жөндеуден өтіпті. Сонымен қатар Ақтоған ауылдық округіндегі Ақтоған ауылында әлеуметтік аз қамтылған бір отбасының тұрғын үйі күрделі жөндеуден өткен екен. Оның да баспанасының есік-терезесі жаңадан салынған. Шатыры да ауыстырылып, іші-сырты сыланып, әрленіпті. Меркіліктер баспанасы жоқ азаматтарға ауыл тұрғындарының көмегімен үй алып беріп қана қоймай, шын мұқтаждардың баспанасын жөндеп беруді дәстүрге айналдырған.
Меркі ауданының бұрыннан мәдениеті жоғары, руханияты биік. Халқы – еңбекқор. Мұндағы біз сөз еткен салалардағы орын алған кемшіліктер қайта қалпына келер. Бастысы құрылыс саласындағы қарқынды жұмыстар мен жаңашылдықтар, өзгерістер ауданды жаңа деңгейге көтеретіні сөзсіз.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ