Көшпенділер ойындарының жеңімпаздары марапатталды
- author AR-AY
- 18 қыркүйек, 2024
- 82
– Құрметті спортшылар мен бапкерлер! Ең алдымен, V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарындағы жеңістеріңізбен сіздерді шын жүректен құттықтаймын. Осы жеңіс арқылы сіздер қазақ спортына, әсіресе ұлттық спортқа өлшеусіз үлес қостыңыздар. Осылайша Мемлекет басшысының, жанкүйерлердің сенімін ақтап, нағыз батыр атандыңыздар. Сіздер еліміздің және облыс намысын лайықты қорғадыңыздар.
Осы ретте бүгін өздеріңізбен арнайы кездесуді жөн санадым. 89 мемлекеттен келген екі жарым мыңға жуық спортшы бақ сынаған Дүниежүзілік көшпенділер ойындары жоғары дәрежеде өтті. Оған бәріміз куә болып, спортшыларымызға жанкүйерлік еттік. Жалпыкомандалық есепте Қазақстан құрамасы І орынды иеленді. Бұл – үлкен жетістік. Қоржынға 43 алтын, 34 күміс, 37 қола медаль түсті. Өңірдің 17 спортшысы 7 алтын, 7 күміс, 3 қола медаль иеленді, – деген Ербол Шырақпайұлы дүбірлі додада ел намысын қорғаған спортшылардың жеңісін жоғары бағалап, сый-құрмет көрсетті.
Қабылдау марапаттау рәсімімен жалғасты. Көкпар спорты бойынша І орын алған спортшылардың (Құрманбек Тұрғанбек, Есжан Құрманбай, Құлажан Тоғайбаев, Елдос Асыл, Ернар Жарылқасын Ернат Мәлімбай) әрқайсысына 1 миллион теңгенің сертификаты табысталды. Ал көкбөрү спортынан күміс жүлде қанжығалаған Айнабек Бердіқұл мен Ислам Рәт, кураш спортынан II орын алған Нұрдін Шаймерден мен Айбек Қазақбаев 700 мың теңгелік сертификатқа ие болды. Сонымен қатар кураштан қола жүлдені қанағат тұтқан Бекәділ Шаймерденовке, құсбегіліктен III орынға табан тіреген Бағдәулет Бабажан мен бәйгеден III орын алған Лесхан Алпысбайға 500 мың теңгелік сертификат табыс етілді.
Мұнан соң көкпардан ұлттық құраманың жеке бапкері Нұрдәулет Момынов сөз алып, облыс басшысына қолдауы үшін алғысын білдірді.
– Өздеріңіз білесіздер, көкпар өте тартысты өтті. Біз ақтық ойынға тыңғылықты дайындалдық. Бірінші шабуылда Жамбыл облысының шабуылшысы Ернат Мәлімбай есеп ашса, негізгі ойын 4:4 есебімен тең аяқталып, ең шешуші салымды жамбылдық Құрманбек Тұрғанбек салып, елімізге жеңіс сыйлаған болатын. Келесі болатын ойынға да дайынбыз. Еліміздің спортшылары биіктерді бағындыра берсін, – деді Н.Момынов.
Айжан ӨЗБЕКОВА