Бірақ әлі де сапа сын көтермейді. Кейбір ауданда құрылысты аяқтау мерзімінен кешігіп жатса, тағы бірінде жөнделген жолдардың кепілдік мерзімі бір жыл деп көрсетіліпті. Сол секілді келесі бір ауданда кепілдік мерзім тіпті атымен жоқ. Біз жол жөндеу ісіндегі осындай олқылықтарға жергілікті автомобиль жолдарының жай-күйі және қоғамдық көлікпен жолаушылар тасымалын ұйымдастыру туралы өткен кезекті аппарат отырысында қанықтық.
Облыс әкімдігі жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мұрат Саурықовтың айтуынша, 2024 жылы соңғы бюджет нақтылауын қосқанда жергілікті маңызы бар автожолдар мен елді мекен көшелерін жөндеуге жалпы 25,5 миллиард теңге бөлініпті. Барлығы 357 жол жөндеу жобасы іске асырылып, 690,5 шақырым жолға құрылыс, қайта жаңғырту, орта жөндеу жұмыстары жүргізілген.
– Бүгінде жол жөндеу бойынша 357 жобаның 219-ында жөндеу жұмыстары аяқталды. 82 жобада жұмыстар жүргізілуде. 20 жоба бойынша конкурс рәсімдерінің кеш өткізілуі қаржының соңғы нақтылауда бөлінгенінен және шағым берілу себебінен созылуда. 36 жоба бойынша жұмыстар әлі басталмаған. Мысалы, Тараз қаласы мен Мойынқұм ауданында бір-бірден екі, Байзақ пен Қордайда үш-үштен алты, Меркіде жиырма, Т.Рысқұлов ауданында 8 жоба қолға алынған жоқ.
Жалпы жобалар кесіндісін айтып өтетін болсақ, облыстық маңызы бар жолдар бойынша жоспарланған 12 жобаның бүгінде 9-ында жұмыстар аяқталды, 3 жобада жұмыстар бекітілген өндірістік кестеге сәйкес жалғасуда. Жұмыстарды 15 қазанда толық аяқтау жоспарланған.
Аудандық маңызы бар жолдар бойынша 22 жобаны іске асыру жоспарланған. Бүгінде 15 жобада жұмыстар аяқталды.1 жобада жұмыстар басталған жоқ.
Мойынқұм ауданында 2023 жылдан өтпелі «Аудандық маңызы бар Көкжелек ауылына кіреберіс автожолды орта жөндеу» (4,7 шақырым) жобасы бойынша жұмыстар басталмай отыр. Жобаның аяқталуына жыл басында облыстық бюджеттен 70,2 миллион теңге бөлінген. Нысан құрылысын «DAUREN BUILD» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізуі тиіс. Бұл мердігер былтыр облысымыздағы 19 жобадағы жұмыстарды сапасыз атқарып, көптеген қиыншылық туындатқаны мәлім.Бүгінде тапсырыс беруші тарапынан сотқа арыз дайындалуда.
Қордай ауданындағы «Аудандық маңызы бар «Отар-Сұлутөр-Көктөбе» автожолына 0-16 шақырым орташа жөндеу» жобасы бойынша жұмыстар өндірістік кестеден кешігіп, баяу жүргізілуде. Мердігер – «Қордай ТҮКШ кәсіпорны» шаруашылық жүргізу құқығындағы коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны. Жұмыстар 2024 жылдың мамырында басталғанымен бүгінде 16 шақырымның тек 6,7 шақырымына (42 пайыз) ғана асфальт төселген. Жұмыс мерзімінің ұзақтығы – 3,7 ай. Талас ауданында «Аудандық маңызы бар «Есейхан ауылына кіреберіс» автожолына орта жөндеу 0-10,35 шақырым» жобасы бойынша жұмыстар баяу жүргізілуде. Мердігер – «Каратау жолдары» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Жұмыстар мамыр айында басталса да 10,4 шақырымның тек 8 шақырымына асфальт төселген. Жұмыс мерзімінің ұзақтығы 5 ай, – деді Мұрат Құттыбайұлы.
Жол жөндеу жұмыстарының сапасын қамтамасыз ету үшін «Жол активтері ұлттық сапа орталығына» жергілікті бюджеттен 219,4 миллион бөлініп, жобаларды сараптамамен қамту үлесі 100 пайызды құрапты.
Жалпы жасалған келісімшарттар шеңберінде жыл басынан жөнделетін автожолдар бөлімдерін бірлесіп тексеру кестесі бойынша аталған сапа орталығы тарапынан 228 жерге зерделеу жұмысы жүргізіліпті. Алынған 962 сынама нәтижесінде 538 сынамада сәйкессіздік, 5 ескерту мен кемшілік анықталып, жұмыс тәртібінде жою бойынша шаралар атқарылып жатыр екен.
Бұдан кейін аталған басқарма басшысы облыста қоғамдық көлікпен жолаушылар тасымалын ұйымдастыру жайын сөз етті. Бүгінде өңірде 139 автобус бағыты ұйымдастырылса, оның ішінде 13 маршрут облысаралық, 28-і ауданаралық, 54-і ауданішілік және ауылішілік, 39-ы қалалық және бесеуі қала маңындағы бағыттар екен.
– Жалпы облыс бойынша 2024 жылы әлеуметтік маңызы бар 91 бағытқа 5,1 миллиард теңге субсидия бөлініп отыр. Оның 39-ы қалалық, алтауы ауданаралық, 43 ауданішілік, үшеуі теміржол бағыты. Басқарма тарапынан облысаралық – 13, ауданаралық 28 бағыт ұйымдастырылған. Облысаралық 13 бағыт ішінде халық тарапынан сұранысқа ие Тараз қаласынан және аудан орталықтарынан Алматы қаласына 8 облысаралық бағыт, Шымкент қаласына – 3 бағыт, Қарағанды мен Астана қаласына бір-бірден екі бағыт ұйымдастырылған.
Ауданаралық 28 бағыт құрамында Тараз қаласы мен Байзақ, Жамбыл ауданын қоспағанда 8 аудан орталығын жалғайтын және 2 ауданды өзара қосатын 3 бағыт бар. Сонымен қатар Тараз қаласын аудандардың елді мекендерімен қосатын 17 бағыт қызмет көрсетуде. Ұйымдастырылған ауданаралық 28 бағыттың ішінде әлеуметтік маңызы бар 6 автобус бағыты бар. Одан бөлек 3 теміржол бағытының әлеуметтік маңызы бар деп танылған.
Сонымен қатар Жамбыл облыстық мәслихатының 2024 жылғы 28 маусымдағы шешіміне сәйкес «Ойық-Аққұм-Тараз» және «Мойынқұм-Тараз» ауданаралық автобус бағыттары әлеуметтік маңызы бар бағыттар тізіліміне қосылды, – деген М.Саурықов автобус паркін жаңарту бойынша да атқарылып жатқан жұмыстарды егжей-тегжейлі баяндады.Жиында Е.Қарашөкеев Мұрат Құттыбайұлынан облыстық прокуратураның ұсынысында сараптамалық мерзімі өтіп кеткен екі жоба көрсетілгенін, негізі жарамдылық мерзімі өткен жобаны жүзеге асыру құрылыс материалдары бағасының айырмашылығы және басқа да жайттар бойынша жұмыстың сапасыз атқарылуына әсер ететінін айтып, мұндай жобаның не себепті жүзеге асырылып жатқанын сұрады.
Мұрат Саурықовтың айтуынша, 2023 жылдың 30 наурызында Қазақстан Республикасының автомобиль жолдарын орташа жөндеуге қатысты жобаларға сараптама жасау қағидаларына өзгерістер енгізілген екен. Бұрын автомобиль жолдарын орташа жөндеуге арналған жобалардың сараптамалық жарамдылығы үш жыл болса, кейінгі өзгерістерден кейін бұл мерзім бір жылға қысқартылыпты. Десе де аталған жобалар сараптама жасау қағидасына өзгеріс енгізілмей тұрып жасалған көрінеді. Бұл жөнінде тиісті министрліктің заңға өзгеріс енгізілгенге дейінгі жасалған жобаларды жүзеге асыруға болатыны жөнінде келісімхаты бар екен. Бір айта кетерлігі, сараптамадан өткен жобалық-сметалық құжаттаманың бір жылға ғана жарамды болуы қиындық туындатып жатқан сыңайлы. Себебі мемлекеттік конкурс жарияланып, мердігерді анықтау және қосымша рұқсаттар алу секілді басқа да шаруалар барысында сараптама қорытындысының жарамдылық мерзімі өтіп кетеді екен. Бүгінде министрлік сараптаманың жарамдылық мерзімін екі жылға ұзартуға қатысты мәселені қарастырып жатқан көрінеді.
Бұдан кейін облыс әкімі «Қазавтожол» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының облыстық филиалының директоры Еркен Тайпақовтың есіне «Меркі-Шу-Бурылбайтал» автожолы секілді нысандардағы жол жөндеу құрылысын мерзімінде аяқтау, кестеден кешігіп келе жатқан құрылыс нысанында жолдың ой-шұқырын уақытша болса да жөндеу, жолаушы қауіпсіздігін ескеру сияқты тірліктерді тиянақтауды салды. Қыс мезгілінде жолды қардан тазартуға «Қазавтожолдың» күші, техникасы жетпегенін, жанар-жағармайының да сапасыздығынан суықта қатып қалғанын айта келе, биыл мұндай олқылыққа жол бермеуді талап етті.
– Жаңадан жөнделген жолдың кепілдік мерзімін өзге өңірлер үш жылға дейін созуда. Алайда Байзақ ауданында 40 көше, Жуалыда – 4, Мойынқұмда – 15, Шу ауданында – 35, жалпы 3,1 миллиард теңгеге жөнделген облыстағы 112 көшенің барлығының кепілдік мерзімі келісімшартта мүлдем көрсетілмеген. Бұған қоса Байзақта – 33, Жуалыда – 17, Мойынқұмда – 28, Шуда – 10, осы секілді барлығы 2,4 миллиард теңгеге жөнделген 88 көшенің кепілдік-мерзімдік талаптары бұзылып, бір жыл деп қана көрсетілген. Ертеңгі күні кепілдік мерзімі көрсетілмеген көшелерде ақау пайда болса, оны кім қалпына келтіреді? Бұл аудандағы бірінші басшылардың автомобиль жолдарына бақылау жасамайтынын көрсетеді. Осы көшелерді басқа ауданға емес, өз аудандарыңызға салып жатырсыздар. Неліктен мердігерлерге оң көзбен қарайсыздар? Заң талабы бойынша, мердігер екі жыл кепіл беруі керек, – деген Ербол Шырақпайұлы аудан әкімдерінен жауап алды.
Жиын соңында облыс әкімі автомобиль жолдарының құрылыс жұмысын уақытында аяқтау және басқа да кемшіліктерді қалпына келтіру бойынша жауаптыларға міндеттеме жүктеді.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ