Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Экономиканың негізгі көрсеткіші – құрылыс

Экономиканың негізгі  көрсеткіші – құрылыс
Ашық Дереккөз
Соңғы уақытта еліміздің кез келген елді мекенінде білім беру, емдеу мекемелері секілді басқа да әлеуметтік нысандар ел игілігіне ұсынылып, аудан, облыс орталықтарында кескін-келбеті келісті зәулім ғимараттар мен тұрғын үйлер көптеп бой көтеруде. Қазақстанда тұрғын үй мен әлеуметтік нысандардың көптеп салынуы, жалпы құрылыс саласының қарқынды дамуы халықтың өмір сүру деңгейінің жақсара түскенін көрсетеді. Мұны мемлекетіміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының маңызды көрсеткіші десек те болады.

ТҰРҒЫН ҮЙ САЯСАТЫ ЖҮЙЕЛІ ЖҮРГІЗІЛУДЕ

Негізінде мектеп, балабақша, аурухана, спорттық және мәдени кешендер, әкімшілік ғимараттар мен сауда орны секілді әлеуметтік нысандар халық үшін аса қажетті дүние. Мұндай нысандар халықтың күнделікті тұрмыста қажеттілігін өтеп қана қоймай, жұртшылықтың салиқалы өмір сүруіне ықпал етіп, қоғамның әлеуметтік тұрақтылығына да қосар үлесі зор. Бүгінде мектептер мен ауруханалардың заманауи талаптарға сай салынуы білім беру мен денсаулық сақтау саласындағы сапаның жоғарылауына да ықпал етуде. Мысалы, ауылдық жерлерде бой көтерген жаңа мектептер мен емханалар өңір тұрғындарының өмір сүру деңгейін арттырып, халықтың болашаққа сеніммен қарауына негіз болуда. Осының ішінде «Жайлы мектеп» жобасы бойынша бой көтерген білім нысандарын алсақ, мақсат – осындай ғимарат салу арқылы әрбір оқушының өзінің қажеттілігі мен мүмкіндігіне сай білім алуына жағдай жасау, қала мектептері мен ауыл мектептеріндегі білім беру алшақтығын жою. Сонымен қатар қазіргі уақытта қандай бір нысан салынса, оның халық қажетін өтеуде тиімділігі мен сапасына, экологиялық таза құрылыс материалдарын тұтыну мен құрылыс барысында инновациялық технологиялардың қолданылуына, ғимарат ішін жабдықтауда заманауи құрал-жабдықтарды пайдалануға баса көңіл бөлінуде. Демек, осы күні бой көтерген заманауи тұрғын үйлер, әлеуметтік нысандар және зәулім ғимараттар сапалы салынумен қатар, мемлекеттің инфрақұрылымдық дамуына, халықтың әл-ауқатын арттыруға септігін тигізіп отыр. Осының ішінде тұрғын үйлердің бой көтеруін сөз етер болсақ, жер-жерде биіктігі көк тіреген заманауи сәулет үлгілерімен салынған жаңа үйлердің пайда болуы қалалардың көркін ашып қана қоймай, тұрғындардың жайлы өмір сүру мәселесін де қамтамасыз етуде. Әсіресе кейінгі уақытта салынған үйлердегі пәтерлердің бөлмелері кең, барлық жағдай жасалған, ауласында балалар ойын алаңдары мен спорт алаңшалары көз сүйсіндіреді. Мұндай тұрғын үй кешендерінде адамның амандығы үшін қауіпсіздік жүйелері де ойдағыдай қарастырылған. Ал аталған тұрғын үй кешендерінің пайда болуы – елімізде жүргізіліп жатқан тұрғын үй саясатының жемісі.

Жалпы елімізде жүргізіліп жатқан тұрғын үй саясаты халықтың тұрғын үйге қолжетімділігін қамтамасыз етумен қатар, жұртшылықтың лайықты баспанамен қамтылып, жайлы өмір сүру сұранысын да қанағаттандыруда. Мұны мемлекет азаматтарға қолжетімді және сапалы тұрғын үй ұсынуда стратегиялық мақсаттарды сәтті жүзеге асыра алуының нәтижесі деп ұғынуымыз керек. Халық «Нұрлы жер», «7-20-25», «Бақытты отбасы» секілді бірнеше мемлекеттік бағдарламалар арқылы пәтер алса да, жер кезегіне тұрып, баспана салса да бұл тұрғын үй саясатының жергілікті жерде жүзеге асырылуының көрінісі.

Елімізде жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды, көпбалалы және әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларды баспанамен қамтамасыз ету – мемлекеттің әлеуметтік саясатының басым бағыттарының бірі. Мұндай қолдау азаматтардың өмір сүру деңгейін жақсартуға және балалардың қауіпсіз, тұрақты ортада елге пайдасы тиер азамат болып қалыптасуын қамтамасыз етуге бағытталған. Олардың баспанамен қамтылуынан бөлек, лайықты білім алуы, денсаулығының бақылауда болуы, түрлі спорттық үйірмелер мен қоғамдық, мәдени іс-шараларға белсенді араласуы баса назарға алынған. Бұл ұлт ұрпағы, яғни балалар үшін жасалып жатқан жағдай.

Мемлекеттік тұрғын үй есебінен баспана алуы үшін жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, көпбалалы және аз қамтылған отбасылар жергілікті атқарушы органдағы арнайы тұрғын үй кезегіне тіркеледі. Осы арқылы оларға тегін немесе арзан бағамен және жалға берілетін баспаналар ұсынылады. Егер олар мемлекет көмегі бойынша арзан бағадағы жеңілдетілген пайызбен берілетін несие арқылы баспана алуға қадам жасаса, онда үйдің алғашқы жарнасын да мемлекет өтеп беруі мүмкін. Бұл кейбір екінші деңгейлі қаржы ұйымдары мен жергілікті атқарушы орган арасындағы мемлекеттік бағдарламалар негізінде үйге мұқтаж азаматтарға төмен пайызбен ипотекалық несие алу мүмкіндігін қарастырудың нәтижесі. Мұндай игі істер кейбір облыста жетім балаларға және аз қамтылған отбасыларға тұрғын үй алуға көмектесетін жергілікті бағдарлама қабылдау арқылы да жүзеге асырылып жатады. Мұндай бастамалар халықтың әл-ауқатын көтеруге, тұрғын үй мәселелерін шешуге және әлеуметтік теңсіздікті азайтуға септігін тигізеді.

Осы орайда өз облысымыздағы жағдайды тілге тиек етсек, қазіргі таңда Әулиеата өңірінде де тұрғын үй бағдарламасы белсенді түрде іске асырылып келеді. Оны облыс аумағындағы құрылысы қарқынды жүріп жатқан көпқабатты тұрғын үйлер мен жеке сектордағы қызу тірліктің жай-күйінен де аңғаруға болады. Мемлекеттік бағдарламалар аясында әлеуметтік жағынан әлсіз топтарға жататын отбасылар мен жастар да баспана алу жеңілдіктерін пайдаланып отырғанын айта кетуіміз керек. Сонымен қатар өңірде жекеменшік құрылыс та ынталандырылып, халықтың тұрғын үй жағдайының жақсартылуы да қаперге алынған. Жеке тұрғын үй салушыларға жағдай жасау дегеніміз – жаңа тұрғын алқаптарға жол, ауызсу, газ, электр энергиясы секілді инфрақұрылымның мемлекет есебінен тегін жүргізілуі.

ӨҢІРДЕ ОҢ 
ӨЗГЕРІСТЕР БАР

Жыл басынан бері қысқамерзімді экономикалық өсім 103,3 пайыз деңгейінде қалыптасса, оның ішінде құрылыс жұмыстарының көлемі 16,5 пайызға артқан. Облыс әкімдігі құрылыс басқармасының басшысы Ерлан Орынбаевтың айтуынша, өңірде тұрғын үй мәселесі кезең-кезеңімен шешіліп, соның арқасында жаңа тұрғын алқаптар мен ықшамаудандар құрылысы жүргізілуде.

– Жыл басынан бері 355,8 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілсе, жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 750 мың шаршы метрге жеткізу жоспарланған. Облыс бойынша 2020 жылы 2 131 пәтерді құрайтын 38 үй, 2021 жылы 2 241 пәтерден тұратын 41 үй, бұрнағы жылы 2 260 пәтері бар 34 үй, былтыр 1 040 пәтерден тұратын 18 үй пайдалануға берілді. Тұрғын үй кезегіндегі адамдар саны – 38,9 мың.

Бүгінде құны 17,6 миллиард теңгеге 2 909 пәтерден тұратын, жалпы ауданы 242,5 мың шаршы метр болатын 56 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде осы жылы жалпы ауданы 217,2 мың шаршы метрді құрайтын барлығы 2 569 пәтерден тұратын 51 үй ел игілігіне ұсынылады.Сондай-ақ облыста жастардың тұрғын үй мәселелерін шешу мақсатында «Әулиеата жастары» өңірлік бағдарламасы жүзеге асып жатыр. Бағдарлама аясында биыл 2 миллиард теңгеге 140 жасқа пәтер кілтін табыстау жоспарланып отыр.

Жалпы 2023 жылы тұрғын үй құрылысына және сатып алуға 1 942 пәтерге 23,2 миллиард теңге, ал осы жылы 2 есе, яғни 3 784 пәтерге 40,8 миллиард теңге бөлінді. Биыл 12 миллиард теңгеге 77 тұрғын үй объектісіне және жеке тұрғын үй құрылысы үшін 351 жер учаскесіне инженерлік инфрақұрылым жүргізу жоспарлануда. Көпбалалы отбасылар мен халықтың әлеуметтік осал топтары үшін 23,2 миллиард теңгеге 1 575 пәтер сатып алу көзделді, – дейді Ерлан Құрмантайұлы.

Облыста тұрғын үйлерді жаңғырту ісі де қарқынды жүргізілуде. Тұрғын үйлерге күрделі жөндеу жұмысын жүргізудегі басты мақсат – көпқабатты үйлердің техникалық жағдайын жақсарту және олардың сапалы нысан ретінде халыққа қызмет ету мерзімін ұзарту. Бұл ретте КСРО дәуірінде салынған, бүгінде тозығы жете бастаған нысанның сырт келбетін әрлеп, шатырлары жаңартылуда. Кейбір тұрғын үйлердің сыртқы қабаты қайта сыланып жатса, ол нысандағы жылудың қашуын және ғимарат төбесінен су тамшылауды болдырмаудың қамы. Сонымен қатар жылумен, сумен, электрмен жабдықтау және канализация жүйелері де жаңғыртылуда. Ескірген жүйелердің жаңаруы суды, жылуды, электр энергиясын үнемдеуге мол мүмкіндік береді. Жертөледегі желдету немесе жеделсатыны жөндеу, жарамсызын жаңасына алмастыру ісінің де қолға алынуы тұрғындардың жайлы өмір сүруіне жол ашпақ. 

Жалпы облыс орталығы мен Қаратау, Жаңатас, Шу секілді қалаларды қосқанда 1 831 көпқабатты тұрғын үй бар. Оның 599-ы қанағаттанарлық жағдайда, 561-і күрделі жөндеуден өткен, 671-і жөндеуді қажет етеді. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту аясында 2011-2023 жылдар аралығында жалпы 17 миллиард теңгеге 561 тұрғын үй күрделі жөндеуден өтіпті. Оның ішінде 363 үйге 11,8 миллиард теңге республикалық бюджеттен, 67 үйге 2 миллиард теңге жергілікті бюджеттен, 131 үйге 3,2 миллиард теңге қайтарым қаражатынан жұмсалған екен.

– Бұл бағыттағы жұмыстар осы жылы да жалғасын тауып, 79 көппәтерлі тұрғын үйге күрделі жөндеу жүргізуге 5,9 миллиард теңге бөлінді. Тарқата айтсақ, Тараз қаласында – 53, Шу ауданында – 10, Сарысуда – 12, Т.Рысқұлов ауданының Құлан ауылында 4 үйге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Нәтижесінде жөндеуді қажет ететін үйлердің үлесі 32,3 пайызға төмендейтін болады.

Тұрғын үй аулаларындағы ойын алаңдарына келсек, Тараз қаласында жергілікті бюджет есебінен 25 үйдің, Шу ауданында демеушілер есебінен 1 тұрғын үйдің ауласына ойын алаңы салынды, – дейді Ерлан Құрмантайұлы.

Облыс орталығы – Тараз қаласында жеке тұрғын үй құрылысын жүргізу үшін жер учаскесін алуға арнайы кезекте 2005-2024 жылдар аралығында 127 554 азамат тіркелген көрінеді. Былтыр «Құмшағал», «Шалғай Қарасу» тұрғын алқаптарынан 1 497 жер учаскесі бөлініпті. Қазіргі уақытта жеке тұрғын үй құрылысына жер кезегінде тұрған азаматтарға жер учаскесін беру мақсатында тиісті жұмыстарды жүргізу қолға алынған.

Таразда 22 мыңнан аса азамат коммуналдық тұрғын үй қорынан пәтер алу кезегіне тіркелсе, аталған мәселені шешу үшін өткен жылы 3 279 пәтерлі 62 үйдің құрылысы жүргізіліп, 12 үй пайдалануға беріліпті. Нәтижесінде 754 отбасы баспаналы болған. Қазіргі таңда шаһарда 2 522 пәтерлі 50 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп жатыр. Жыл соңына дейін осы елу үйдің құрылысын аяқтау көзделген. Одан бөлек «Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» шеңберінде осы жылы халықтың әлеуметтік осал топтары үшін 9,9 миллиард теңгеге 669 пәтер сатып алынбақ. Бүгінгі таңда сатып алуға жоспарланған пәтерлердің құрылысы басталған. Жыл соңына дейін олардың да құрылысы толық аяқталады деп күтілуде. Бұған қоса 14- ықшамауданда 22 көпқабатты тұрғын үйдің бастапқы құрылысына 5,2 миллиард теңге қаржы бөлініпті. 


ШУ АУДАНЫНДА ШАРАПАТЫ МОЛ ІС КӨП

Шу ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығында соңғы жылдары айтарлықтай оң өзгерістер орын алып жатқанын айта кетуіміз керек. Аталған аудан – облыстағы әлеуетті аймақтардың бірі. Мұнда тұрғын үй инфрақұрылымын дамыту мақсатында жаңа құрылыс жобалары іске қосылып, жергілікті тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету жұмыстары бірнеше жылдан бері қызу жүргізілуде. Шу ауданында тұрғын үй құрылысына арналған жер телімдерін бөлу, оған инженерлік инфрақұрылым жүргізу, яғни жаңа тұрғын алқаптарды су, электр, газбен жабдықтау жұмысы ойдағыдай жүзеге асырылуда. Сондай-ақ «Асарлатып үй салу» жобасы, демеушілер көмегі арқылы да ауданның халыққа жеке тұрғын үй беру ісін кеңейтуге баса ден қойылған.

Бүгінгі күнге Шу ауданы бойынша тұрғын үй кезегінде 1 745 азамат тіркелсе, оның ішінде Шу қаласы бойынша тізімде тұрған 790 азамат бар. Оның ішінде 202-сі жетім бала болса, 486-сы көпбалалы отбасы, 389-ы халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына жататын азаматтар, 218-і мемлекеттік және бюджеттік қызметкерлер.2018 жылдың 14 желтоқсанында тұрғын үй комиссиясы отырысының хаттамасы және аудан әкімдігінің 2018 жылдың 16 желтоқсанындағы қаулысы бойынша Шу қаласы «Жетісу» ықшамауданындағы бес қабатты 75 пәтерлік коммуналдық тұрғын үй қорынан пәтерлер жұртшылықтың пайдалануына беріліпті. Пәтерлердің 15-ін жетім және ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалар, 41-ін халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына жататын азаматтар және алтауын мемлекеттік және бюджеттік қызметкерлер алыпты.

– 2019 жылы көпбалалы отбасыларды қолдау мақсатында республикалық бюджеттен тиісті қаржы бөлініп, 9 пәтер сатып алынды. Оның ішінде Шу қаласында 6 және Төле би ауылында 3 пәтер сатып алу жолымен мұқтаж азаматтарға берілді. 2019 жылы тұрғын үй комиссиясы отырысының хаттамасы және аудан әкімдігінің қаулысымен 8 көпбалалы отбасыға жеке тұрғын үй берілді. Ал көпбалалы отбасыларға сатып алынған үйлердің қаражатынан үнемделген қаржы есебінен 1 тұрғын үй сатып алынып, Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының қызметтік хатымен және тұрғын үй комиссиясы отырысының хаттамасымен Төле би ауылы мешітінің бас имамына пайдалануға берілді. 

Өткен жылы Шу ауданы әкімдігінің құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөліміне «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында қаражат қарастырылып, тұрғын үй кезегі тізіміндегі көпбалалы отбасылар мен халықтың әлеуметтік жағынан осал тобына жататын азаматтар санатындағы тұрғындарға аудан әкімінің сол жылдың 28 желтоқсанындағы қаулысымен 57 үйдің кілті тапсырылды. Сонымен қатар «Асарлатып үй салу» жобасы бойынша аудан көлемінде 2020-2022 жылдар аралығында 19 отбасы баспанамен қамтылды, – дейді Шу ауданы әкімдігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Жадыра Каликов.

Жалпы әр жыл бойынша пайдалануға берілген жеке тұрғын үй жайын ашып айтатын болсақ, 2020 жылы жаңадан Алға, Балуан Шолақ, Көкқайнар, Бәйдібек ауылдары бойынша 4 жеке тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп, пайдалануға беріліпті. 2021 жылы да Мойынқұм, Бірлікүстем, Тасөткел және Көктөбе ауылдары бойынша бір-бір жеке тұрғын үй жаңадан салынып, мұқтаж отбасыларға табысталыпты. Ал 2022 жылы 11 жеке тұрғын үй ел игілігіне ұсынылса, оның жетеуі жаңадан салынған, төртеуі сатып алынған. Аталған үйлердің бірі Бірлік, Еңбекші, Шоқпар, Далақайнар ауылында берілсе, Жаңажолда екі отбасылық бір үй табысталған. Абай елді мекенінде екі, Қонаев ауылында үш жеке тұрғын үй иелеріне беріліпті.

– «Асарлатып үй салу» жобасы аясында өткен жылы Шу ауданында 9 үй салынып, жағдайы төмен отбасыларға берілуі жоспарланған болатын. Оның ішінде төрт елді мекендегі тұрғын үй нысандарының құрылыс жұмыстары бұрнағы жылы аяқталмай, өтпелі кезеңмен оны 2023 жылы аяқтау міндеттелген болатын. Олар – Шу қаласы мен Белбасар, Төле би, Бәйдібек елді мекеніндегі үйлер. 2023 жылы  Бірлік және Далақайнар ауылдарынан бір-бір тұрғын үй мұқтаж отбасыларға сатып алынып берілді. Ал Ақсу және Абай ауылдарында орналасқан бос тұрған ғимараттарды ауылдық округтің коммуналдық меншігіне алып, тұрғын үй ретінде қайта жабдықтап пайдалануға беру көзделген еді. Осы ретте әр үйге жеке тоқталатын болсақ, Бәйдібек ауылының Қосы батыр көшесіндегі бос жатқан жер теліміне тұрғын үй салынып, қабырғасы көтеріліп, шатыры жабылды. Ішкі және сыртқы сылау жұмыстары толық жүргізіліп, есік-терезелері салынды. Сыртқы қабырғасы әрленді. Одан кейін ішкі әрлеу және электрмен жабдықтау, жылу жүйелерін орнату, жер телімін қоршау, еденіне линолеум төсеу жұмыстары жүргізілді. Тұрғын үйдің кілті өткен жылдың желтоқсан айында иесіне табысталды. Ескі Шу ауылдық округіне қарасты Белбасар ауылының Х.Сауранбаев көшесінде көпбалалы, әлеуметтік аз қамтылған отбасы мүшесі Ж.Халиевке арнап тұрғын үй құрылысы жүргізілді. Жеке тұрғын үй 2023 жылдың 16 желтоқсанында пайдалануға берілді. Төле би ауылының Төле би көшесінде орналасқан тұрғын үй көпбалалы отбасылы С.Малимбаевқа жеке кәсіпкер Г.Дюсебаеваның есебінен сатып алынып берілді. Ақсу ауылының С.Сейфуллин көшесінде орналасқан ескі әкімшілік ғимаратының бір бөлігі 2020 жылы көпбалалы отбасы мүшесі Н.Тибикбаевқа берілген болатын. Ал ғимараттың екінші бөлігіне 2023 жылы ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, тұрғын үйге мұқтаж бір азаматқа жыл соңында ұсынылды. Абай ауылының Жақсыбай көшесіндегі ескі медициналық пункт ғимараты тұрғын үй ретінде қайта жабдықталып, оған III топтағы мүгедектігі бар С.Наметбаев қоныстанды. Аталған ғимарат аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің теңгеріміне өткізілген болатын. Бөлім тарапынан аталған жер телімінің нысаналы мақсаты тұрғын үй ретінде өзгертіліп, тұрғын үйдің кілті ресми түрде иесіне ұсынылды. Бірлік ауылы, Панфилов көшесі №13 мекенжайдағы тұрғын үй бағдарлама аясында сатып алынып, I топтағы мүгедектігі бар азамат Р.Аксановқа берілді. Далақайнар ауылы, Маметова №2/1 мекенжайдағы бір тұрғын үй сатып алынып, аз қамтылған, көпбалалы отбасы Р.Бақалбаевқа берілді, – дейді Жадыра Әбиғазыұлы.

Баспаналы болған аудан тұрғынының бірі – А.Ибрагимова. Ол Бірлік ауылында тұрады. Аталған елді мекендегі Бейбітшілік көшесінде орналасқан тұрғын үй осы отбасыға «Асарлатып үй салу» жобасы аясында демеушілер есебінен сатып алынып беріліпті. Төрт бөлмелі үйдің жалпы ауданы 80 шаршы метрді құрайды.Баспаналы болу – үйі жоқ азаматтардың басты арманының бірі. Біреу үшін баспана үлкен жетістік әрі өміріндегі жаңа кезеңнің бастауы болуы мүмкін. Аудан басшыларының қолдауы және демеушілердің арқасында баспаналы болған азаматтардың негізгі мәселесі оң шешім тапқаны көпшілікті қуантатыны анық. Осындай қолдау мұқтаж отбасыларға алдағы уақытта да көрсетілетін болса, сол отбасының болашағы жарқын болатынына күмән жоқ.

Ауданда жеке тұрғын үйлердің салынуы, мұқтаж отбасылардың баспанамен қамтылуы Шу ауданының экономикалық көрсеткіштерінің жақсаруына өз септігін тигізетіні анық. Бұл аудандағы әлеуметтік және экономикалық инфрақұрылымның дамуы халықтың әл-ауқатын арттырып қана қоймай, елді мекендердің көркейе түсетініне мүмкіндік береді. Болашақта Шу ауданында тұрғын үй саясатын дамыту қарқынды түрде жүзеге асырылса, халықты баспанамен қамтуға бағытталған тың жобалар қолданысқа енгізілсе, аймақтың әлеуеті арта түседі деген ойдамыз.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар