Жуалының топырағы қасиетті болмаса, қиын-қыстау жаугершілік заманда халқына қорған болған баһадүр батырлар, кейіннен әлемге қазақ халқының қаһармандығын танытқан даңқты қолбасшы, әскери қайраткер, стратег Бауыржан Момышұлы сияқты бірегей тұлғалар туар ма еді, кім білсін?! Бір сөзбен айтқанда, жері де, суы да дуалы, қасиетті Жуалы жерінің әлемге жайылған асқақ даңқын, ешбір өңірге ұқсамайтын дара табиғатын, сондай-ақ осынау өлкеден түлеп, қияға қанат қаққан қайраткер азаматтары туралы аңызға бергісіз әңгімені айтып тауыса алмаспыз.
Табиғатың – талбесігің. Қасиетті Жуалы жерінің табиғаты мен қоршаған ортасын көздің қарашығындай қорғау – барлығымыздың міндетіміз. Қоршаған ортаны қорғау арқылы өңір экономикасының дамып, халық тұрмысының өркендейтінін барлығымыз жақсы білеміз. Сондықтан осынау маңызды мәселеге бейжай қарауға болмайды.Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында да ел Үкіметіне экологиялық ахуалды жақсарту жөніндегі шараларды нақты жүзеге асыруды тапсырған болатын.
Онда Президент «Үкіметке экологиялық ахуалды жақсарту жөніндегі шараларды нақты жүзеге асыруға кірісуді тапсырамын. Биологиялық әркелкілікті сақтау және тиімді пайдалану жөніндегі ұзақмерзімді жоспарларды бекіткен жөн. Бес жыл ішінде орман алқабында 2 миллиард, елді мекендерде 15 миллион ағаш отырғызылатын болады. Бұл еліміздегі көгалдандыру ауқымын кеңейтуге септігін тигізеді. Қазақстанның ұлттық саябақтары мен басқа да табиғат байлықтарын заңдық және нормативтік тұрғыдан қорғап, бұл салада құқық бұзған азаматтарды қылмыстық және әкімшілік жауапқа тарту тәртібін қатайту керек» деген тапсырманы жауаптыларға жүктегені белгілі. Бұл бағытта атқарылған жүйелі жұмыстардың бар екенін жақсы білеміз.Атқарылатыны одан да көп.Экологиялық және биологиялық әркелкілікті сақтауда табиғаты көркем Жуалы ауданында бірқатар жұмыс атқарылуда. Бұл тұрғыда аудандық ормандарды және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекеменің ұжымы аянып жатқан жоқ. 2002 жылы облыс әкімдігі қаулысының негізінде құрылған аталған мекеме орманды күзету, қорғау, молықтырумен қатар, орман пайдалану мәселелерімен де айналысады.
– Біздің мекемеге қарасты жалпы аумақ 103 861 гектарды құрайды. Бұл аумақ Қоянды, Жуалы орманшылығы деп аталатын екі орманшылыққа бөлінген.
Мекемеге қарасты екі бірдей ерекше қорғалатын табиғи аумақ бар. Атап айтқанда, «Берікқара» және «Жуалы-Қарашат» ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға жатады. Ұжымда барлығы 86 қызметкер жұмыс істейді. Оның 32-сі орманшы-қорықшы болса, 32-сі орман өрт сөндіру стансасының қызметкерлері.Орманшаруашылығы ісінде ормандарды молайту және қалпына келтіру жұмыстары маңызды рөл атқарады. Бұл бағытта 2023 жылы мекеменің орман қоры жерінде 160 гектар алқапқа 500,0 мың дана сексеуіл көшеті отырғызылды. Ал 2024 жылы сексеуіл көшеті 160 гектар алқапқа егілді. Көктем айларында 240 килограмм қарағаш тұқымы жиналып, тұқым 2,0 гектар тұқымбаққа себілген болса, күзде 600 килограмм сексеуіл тұқымы жиналып, 5,0 гектар тұқымбаққа себу жоспарлануда, – дейді мекеме басшысы Мәди Нұралиев.
Жуалы орманшылары қасиетті өңірдің табиғатын тиімді пайдалану мен ондағы сирек кездесетін жануарлар дүниесін көздің қарашығындай қорғау ісіне белсене атсалысу үстінде. Мекеме басшысының айтуынша, бұл бағытта 2024 жылдың сәуіріне дейін рейдтік шаралар жүргізіліп, нәтижесінде 23 адамға әкімшілік хаттама толтырылды. Оның ішінде заңсыз аң аулаудың 10, өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтамаудың 3, заңсыз мал жаюдың 4, арнаулы белгілерді бүлдірудің 5, заңсыз техникалық шикізат жинаудың 1 фактісі анықталған. Оларға тиісті айыппұл салынып, өндірілуде. Мекеме қызметкерлері тарапынан орман ресурстарын пайдалану жұмыстары да заң талаптарына сәйкес атқарылып келеді.
Ал орман ресурстарын сақтауда ең маңызды саналатын өрт қауіпсіздігі мәселесіне тоқталсақ, мекеменің орман қоры жерінде биыл 600 шақырымға жуық өртке қарсы минералды жолақ күтіп-бапталған. Мекемеде өртке қарсы техникаларды қамтамасыз етуге және бақылау жұмыстарына АИ-92 маркалы бензин және дизель отыны, бұдан бөлек 50 шартылдақ (хлопушка), 35 күрек, 10 шелек, 4 балта әзірленген. Сондай-ақ 21 радиостанса қарастырылған. Табиғи өрттердің алдын алу және өрт бола қалған жағдайда дер кезінде сөндіру мақсатында мекеменің орман қоры аумағында 4 өрт күзету бекеті орналастырылған.
– Мойынқұм өңірінде өрттің алдын алу және өрт шыққан жағдайда дер кезінде бірлесіп өшіру туралы шекаралас жатқан – Жамбыл, Байзақ, Мойынқұм және Талас аудандарындағы тиісті мекеме басшыларымен іс-шара жоспары бекітілген. Онымен қоса орман қорына жақын орналасқан ауылдық округтердің әкімдерімен өрттің алдын алу және шыққан жағдайда дер кезінде өшіру туралы келісімшарттар жасалды.
Аудан аумағында №7 өрт сөндіру бөлімі және ерікті өртсөндірушілермен бірлесіп өрт-тактикалық оқу-тәжірибелік жаттығу өткізілді.
Жануарлар дүниесін қорғау мақсатында жабайы аңдар санағын жүргізуге, сонымен қатар сирек кездесетін және жоғалып бара жатқан жануарларды, олардың мекендейтін орындарына мониторинг жүргізу іс-шараларына және жануарлар дүниесін қорғауға басымдық берілуде. Бұл – өте маңызды жұмыстардың бірі, – дейді мекеме басшысы.
2020 жылы облыс әкімінің арнайы қаулысының негізінде Жуалы, Талас және Жамбыл аудандарының аумағында «Жуалы-Қарашат» жергілікті маңызы бар мемлекеттік табиғи қаумалы құрылған болатын. Оның жалпы көлемі 148 300 гектарды алып жатыр. Табиғи қаумал жануарлар мен өсімдіктер дүниесіне өте бай. Атап айтқанда, онда Қаратау арқары, тау сусары, бүркіт, Үнді жайрасы, безгелдек, қарабауыр және ақбауыр бұлдырық, ұбақ, дуадақ, Сібір елігі, борсық, тағы да басқа бағалы аң-құстар бар. Осыншама табиғат байлығын қорғауға, оны көздің қарашығындай сақтауға «Жуалы ормандарды және жануарлар дүниесін қорғау мекемесі» бүкіл ұжым болып барлық күш-жігерін біріктіріп, жемісті жұмыс жасауда.
Жуалы өлкесінің табиғаты көркем, тарихы да терең. Бір ғасырларда мұнда әлемді жаулаған әйгілі қаған Шыңғыс хан әскерлерімен келіп демалған деген деректер бар. Ол заманда бұл аймақта сыңсыған орман мен бұлақтар өте көп болған деседі. Ен далада киік, елік сияқты аңдар емін-еркін жайылып жүретін көрінеді. Одан бері қаншама заман өтті. Бізге сондай табиғаттың ғажайып сыйының жұрнағы ғана жетіп отыр. Осының өзін аман сақтап қалуымыз керек. Тағы бір айта кетерлігі, Алатау аймағында ауданның территориясымен шектесіп жатқан «Ақсу-Жабағылы» мемлекеттік табиғи қорығының өзінде өсімдіктің 6 000-нан астам түрі тіркелген. Бұл – біздің баға жетпес байлығымыз!
Нұржан Манасұлы,
журналист,
Жуалы ауданы
Электронды денсаулық паспорты елге тиімді
Ұқсас жаңалықтар
Танымал корей жүзімі «Шайн Мускат» қауіпті ме? — Зерттеу нәтижелері
- авторAR-AY
- 21 қараша, 2024